1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №19 (16205) 7 наурыз, сейсенбі 2017
7 наурыз 2017
Өнер ме, тауар ма?

Өнер – өмірмен жатырлас. Ал «кино – монтаждалған өмір, өмір – монтаждалмаған кино» деген қарапайым қағида кино өнерінің табиғатын аша түседі. Дегенмен өмірді монтаждап, киноға – өнерге айналдыру қиынның қиыны. Қазіргі қазақ киносы десе, көз алдымызға сыннан көз ашпай, датталып жатқан картиналар елестейді. Неге еген сауал көлденең тұра қалады. Көрерменді тыңдасаң, қазіргі кинолар бүгінгі біздің өмірмен қабыспайды, жасандылық басым», режиссерді сөйлетсең, «бұл – өнер. Оны жұрттың бәрі жақсы көріп, түсінуі міндет емес» дейді. Әрине, әр режиссер өз кинотуындысын өнерге балайды. Бірақ үлкен экранға шығып жатқан кинокартиналардың бәрі өнер десек, қиянат болар еді. Мәселен, «Келинка – Сабинка» (Н.Адамбаев), «Рэкетир 1,2» (А.Сатаев), «Гламур – для дур» (А.Ұзабаев), «Келинка тоже человек» (А.Ұзабаев), осы қатарлы фильмдерді кино танитын адам өнерге жатқызбайды. Біздің ойымызды белгілі кинорежиссер Дәрежан Өмірбаевтың М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған «Бүгінгі жастар киносының жаңа сипаты: бағыттар мен ізденістер» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстелде айтқан сөздері қуаттай түседі.

Дәрежан Өмірбаев, режиссер:
– Біз қашып құтылмайтын бір дүниелер бар. Шатаспас үшін сол нәрселердің басын ашып, түсініп алайық. Кино деген атпен көрініс тауып отырған екі нәрсе бар. Ол – кино және кино өнері. Қазір бұл екеуін байланыстырып тұрған ортақ дүние жоқтың қасы.
Кино бизнес ретінде әлдеқашан киім-кешек, азық-түлік секілді тауарға айналған. Сөйтіп, кинотеатрлар ірі сауда ойын-сауық орталықтарына орналасты. Бұл – бүгінгі заман шындығы. Сондықтан оған тауар деп қана қарауымыз керек. Одан өнер іздеп әуре болмаңыз. Ал кино өнері шығар-шықпас жаны бар, шалажансар күйде.
Кино өнері өлім аузында жатса, демек, біз бен сіз көріп, көбіне сынап, арагідік мақтап жүрген фильмдердің дені тауарға айналған кино. Яғни касса жинау үшін түсірілген айтары жоқ, арзанқол дүниелер. Рас, мысалы, «Келинка – Сабинка» мол табыс тапқан кино. Ал ол көрерменге не берді? Бір сәттік күлкі сыйлады. Бір серпілтті. Сонымен болды. «Гламур – для дур» да солай. Ал осы фильмдерден бүгінгі қоғамды, замандас бейнесін, ойын, болмысын көре алдық па? Жоқ. Өйткені ол фильмдердің шынайы өмірмен байланысы өте аз. Әдемі, кейде тіпті сәтті түсірілген кадрлардың жиынтығы іспетті. Бүгінгі үлкен экрандарда жүріп жатқан фильмдер де КВН деңгейінде, сондай талғам мен өренің «өнері». Адамбаев та, Ұзабаев та КВН-нан өсіп шыққан. Кино олар үшін бизнес, тауар. Әлбетте, кино түсіріп, оны тұтынушыға өткізе алғаны үшін оларды кінәлауға болмайды. Ол кинолардың өтімділігі – қоғамның ішкі рухани сұранысының деңгейінің көрсеткіші болса керек. Көпшілікке арналған жеңіл киноның бұдан кейін де айы оңынан туып, айдарынан жел есе береді. Бірақ өтімділікті ұстап тұру қиынға соғады. Себебі шетелдік кино бизнесте Қазақстан кинонарығына кіріп, мызғымастай орнығып алған. Демек, киноны тауар есепті ұсынушыларға тақырыптық, мазмұндық, көркемдік жағынан ізденуге және оны іске асыруға тура келеді.
Жарайды, кино бизнес солай болды делік. Ал кино өнері қайтпек? Қазақстандағы кино өнеріне жан бітіретін әзірше жалғыз жол бар. Ол – авторлық кино. Дәл осы авторлық кино ел ішінде көрсетілмегенімен, халықаралық кинофестивальдерде жүлде алып, кино мамандарының жақсы бағасын алып жүр. Мұндай кинотуындылардың қатарына «Асланның хикаясы» (Э.Байғазин), «Хозяева» (Ә.Ержанов), «Өліара» (Е.Ескендір) фильмдерін жатқызуға болады. Бұл режиссерлердің бәрі де жастар. Яғни кино өнерінің болашағы тікелей жас режиссерлерге байланысты деген сөз. Бұған қысқаметражды фильмдерді қоссақ, кино өнеріне деген талпыныстың күшті екенін көруге болады. Өз философиясы, авторлық ойы, өмірді кино тілінде бере алған ондаған қысқаметражды фильмдер бір жыл көлемінде жарыққа шығып жатады. Олардың көп бөлігі оқу орындарының кинорежиссурада оқып жатқан студенттердің еңбегі. Алайда кино өнерінің алғашқы сатысында тұрған бұл толқынға қуатты қолдау болмаса, онда өнерге деген талпыныс қысқаметражды фильммен ғана шектеледі.

Гүлнәр Әбікеева, киносыншы:
– Жастарда кино өнеріне деген ынта зор. Бірақ кино түсіру және оны фестивальдерге алып шығу өте қиын. Сондықтан жастар киносын қолдау мақсатында мемлекеттік дәрежеде жүйелі бір бағдарлама болғаны дұрыс. Мәселен, Франциядағы сияқты дебюттық фильмдерге мемлекет ақша бөледі. Сөйтіп, жақсы сценарийдің негізінде жас режиссер мүмкіндік алады. Министрлік пен «Қазақфильм» бірлесіп бірнеше қысқаметражды фильм түсіртіп жатқаны жақсы-ақ, бірақ ол тым аз.
Киносыншы айтып отырған мемлекеттік қолдауды тарихи және билік саясатын насихаттау мақсатындағы ұлтаралық мазмұндағы фильмдер мен Президент Н.Назарбаев туралы кинолар көріп отыр. Ал бүгінгі өмір шындықтарын алға тартып қана қоймай, режиссердің авторлық ойын, көзқарасын көрсететін фильмдер фестивальдерді аралап жүр. Ол фильмдердің елге қашан оралатыны, яғни ел ішіне прокатқа шығу-шықпауы белгісіз. Демек, ішкі цензурадан ада, өмірді бар бояуымен көре алатын әрі оны кино өнеріне айналдыра алатын жас режиссерлерге қолдау көрсетіліп, олардың фильмдері фестивальдерден ел экранына оралғанша тауарға айналған киноны тұтына тұруымызға тура келеді...

Таңатар Таған
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Бек | 9 наурыз 2017 01:56
Ой кере кеткен заман-ай десейшi? Өз ұлтының ар мен намысына қарсы шапқан езжүректер! Езжүрек болмасаңдар қазақтың келiнiн, ауылын мазақ қып, өздерiң қатын боп киiнiп сахнаға шықпас едiңдер ғой. Қазақ мәдениетiне жауша шапқан миссионерлер, өздерiне айтқызсаң өнердiң жолында жүрген "жанашырмын" деп көкидi. Әй дейтiн әже жоқ, бiлгендерiн iстеп жатыр. КВН де ойнағандардың күндерi озды, өнер "қайраткерлерiң" тойда тамада боп "нанын тауып" жүр әйтеуiр, соған риза. Қаптаған әншi. Менен басқасының бәрi әншi, бәрi әртiс. Тоқтатын кiм бар? Жүгенсiз кеттiк.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар