1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №20 (16206)   10 наурыз, жұма 2017
10 наурыз 2017
«Ішім ауырады...»

ТОМИРИС ҚАЗАҚ ПА?
Қазақ тарихына қатысты дау көп. Әсіресе, БАҚ бетінде әлдебір тарихи тұлға төңірегінде немесе тарихи уақиға жайында айтысып-тартысып, қызыл кеңірдек болып дауласып жататын ағайын көп-ақ. Бір қызығы, ондай даукестерді тіпті тарихи дерек те тоқтата алмайды. Қандай деректі көлденең тартып, бұлтартпас айғақ көрсетсеңіз де, өз айтқанынан танбайды сабаздар.
Мысалы, Шыңғыс ханды алайық. «Шыңғыс хан – қазақ», «жоқ, қазақ емес» деп тартысқан екі тараптың айтысы ұзақ жылдардан бері бір толастаған емес. Қаған хақындағы дау арагідік басылғандай болады да, қайта қызады.
Ал бүгінгі саясаттағы тарихтың рөлі тіпті қызық. Ә дегенде мемлекеттік тарихты 1991 жылдан бастап бермен қарай тарқатты. Сөйтіп, мәз болып жүргенімізде Путин бәрін бұзды. «Селигер-2014» жастар форумы кезінде Ресей президенті Путин: «Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған», – деді. Бұл сөз ел ішіне лезде таралып, қоғамда қызу талқыланды. Ақыры билік мемлекет тарихы 1991 жылдан да әріде жатқанын мойындап, Қазақ хандығының 550 жылдығын ресми түрде мерекеледі.
Тойға орай, президент Н.Назарбаевтың мақаласы да жарық көрді. Президент «Тарих – кім-кімнен де жоғары тұрған ұғым» деген тақырыптағы мақаласында: «Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған қазақ», – деп жазған еді.
Бірақ 22 ақпанда президент Ұлттық Ғылым академиясының жалпы жиналысының салтанатты сессиясында сөйлеген сөзінде бүй деді: «Кейде анау тарихқа, «Томирис қазақ екен», «Шыңғыс хан қазақ екен» дегенде менің ішім ауырады. Біздің басқа айтатын сөзіміз жоқ па? Басымызды артқа бұрып, алға қарай қалай жүреміз? Алға қарайтын кез келді».
Шыңғыс хан, жарайды, ал Томирис ше? Жоғарыдағы мақалада «Бүгінгі қазақ халқы – көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы» делінген. Ал Томирис Сақ патшайымы екені тарихтан белгілі жайт.
Президенттің сөзіне қарамастан, кинорежиссер Ақан Сатаев өткенде Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, Томирис туралы тарихи фильм түсіретінін жария етті. Кинорежиссер Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген отырысында: «Осы жылы біз Мәдениет министрлігімен бірлесіп «Тұмар» тарихи фильмін түсіруді бастағалы отырмыз. Тұмар патшайым – әлемдік тарихтың барысына ықпал еткен тұлға. Кинопрокатымыздың географиясын кеңейту үшін мұндай жобаларды жасау керек деп санаймын. Себебі бұл елдің халықаралық имиджінің қалыптасуына оң әсер етеді», – деді.
Міне, қарап тұрсаңыз, саясаттағы тарих қайшылыққа толы. Алайда ол кино өнеріне кедергі бола алмайтын сықылды.


Таңатар Таған

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар