1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №20 (16206)   10 наурыз, жұма 2017
10 наурыз 2017
Майталман актрисаның мерейтойы жүрдім-бардым өтуге тиіс пе еді?..

Ғасырмен құрдас Айша апай­дың бүкіл саналы ғұмыры қазақ театрымен тығыз байланысты. Киелі табалдырықты он бес жасында аттаған Айша Төкебайқызы сол бойы табан аудармастан сексен жыл қазақ өнеріне қызмет етті.
Жастығына қарамастан, ә дегеннен-ақ басты образдарды сомдаған ол ең алғаш «Еңлік-Кебектегі» Еңлік ролімен танылды, «Отеллодағы» Дездемона бейнесін кейіптеу бақыты да қазақ актрисаларының ішінде ең бірінші Айшаға бұйырды. «Ол кезде Қалибек Қуанышбаев, Серағаң, Елубай аға, Күләш, Қаныбек, Құрманбек – бәрі драма әртісі болатын. Мені сол кісілер тәрбиеледі», – дейді өзі. Айтуынша, Күләш Байсейітова­ның қамқорлығын көп көріпті. Алдыңғы буын аға-апалары мен замандас әріптестері, көңілінде өшпес із қалдырған тұтас бір дәуір туралы Айша апайдың айтары көп. Солардың бір парасы төмендегідей сыр болып өрілді...

ЕШКІМ «ҚОЙШЫ ОСЫЛАРДЫ» ДЕГЕН ЖОҚ
– Күләштің бір қасиеті – үйретуден жалықпайтын еді, – дейді актриса, – Күләштан басқасы «мына қыздың шашына бола алды ма» деп, мені менсінбегендей сыңай танытатын, мен болсам, «әйтеуір, әртіс болсам болды» деп үндемей құтылатынмын.
Ұлы тұлғалардың көзін көрдік. Сәкен, Ілияс, Бейімбет ағалар пьесаларын әкелетін. Талқылау болғанда жас әртістерге «кетпеңдер, отырыңдар, сендер көрулерің керек, сөздің мағынасын, астарын ұққандарың жөн» деп бізді солай тәрбиеледі. Ешқайсысы да «өй, қойшы осыларды» деген жоқ.
Сұлтан деген керемет билейтін бір әртіс болды. Өзінің табиғи таланты ғой, әйтпесе ешқандай мектеп көрмеген. Сол екеуміз Сәкен ағаның бір пьесасында биледік. Қайсыбір жылы Бейімбет аға киіз үй тігіп, осы Алматыда курортта жатты. Шәкен «Бейімбет ағаға амандасып шығайық» деп, театрдың бір топ жастарын алып барды. Сонда Бейімбет аға: «Кетпеңдер, қазан қайнап жатыр», – деп жібермей, қонақ қып қайтарды.
«Ұлы адам қарапайым болып келеді» дегенге мен өзімнің алдымдағы сол аға-апаларыма қарап көз жеткіздім. Барлығы да жастарды жақсы көретін. Күләш: «Сахнаға шыққанда киіміңді жөндей берме, етегіңді ұстама, көрерменге қарама, ұялма», – деп бәрін үйрететін. Серке аға да «былай сөйле», «былай айт» деп дыбыстың анық, ашық шығуына, дұрыс айтылуына мән беретін. 17 жасымда «Отеллода» Дездемонаны ойнадым. Қапан Отелло болды.
Алматыдан 1947 жылы кеттім. Шымкент театрының актрисасы жүктілікке байланысты демалысқа шығып, соның орнына «Достық пен махаббатта» басты рольде ойнауға 1 айға шақырған. Содан үгіттеп, ақыры қалдырды. Бірақ қалғаныма ешқандай өкінбеймін. Оңтүстіктің халқы ашық-жарқын, ерекше бауырмал. Ұжымымыз да сондай тату-тәтті, ұйымшыл еді. Көптеген талантты әртістер болды. Әбен Мұхамедияров деген мықты актер бар еді, киноға түскен. Жұмат Шаниннің әйелі, баласы, інісі – бәрі Шымкентте болды. Қайран сол жақсылар, бәрі өмірде жоқ қазір...


95-КЕ КЕЛГЕНШЕ САХНАДА ЖҮРДІМ
Алматыға келген сайын Қалибек ағаның үйіне баратынмын. Мені жақсы көретін, әсіресе Қазия апай. 1958 жылы Шымкент театры Алматыға 4 спектакльмен келді. Қалибектің үйі бүкіл ұжымды қонақ қып шақырды. Содан Қазия апай «қонақүйде мазаң кетеді, демала алмайсың, үйде жат» деп мені жібермей алып қалды. Ертесіне шайпай беріп, «енді бар, спектакліңе дайындал» деп шығарып салды. Өзі оқымаған, үй шаруасындағы адам. Бірақ сол кісінің әртіске қалай жаны ашитынын көріп қайран қалғаным бар.
Қапан Бадыровтың әйелі орыс еді, бізге орыс тілінен сабақ беретін. Алматыға келсем, Қаллекидің, сосын Қапанның үйіне баратынмын амандасуға. Бәрі «қалайсың», «қалай жүріп жатырсың» деп жандары қалмайтын. Сондай қарапайым, жаны жайсаң адамдар еді. Біз болсақ, жаспыз. «Өнер-өнер» деп жүрдік. Барлық мақсат-мұратымыз да, арман-ойымыз да тек қана театрмен байланысты болды. Содан 42 жасымда «халық әртісі» деген атаққа ие болдым. Осы жетістікке жетуіме де сол үлкен кісілердің шарапаты көп тиді. Қайда жүрсек те, қайда барсақ та, маңдайымызға жел болып тимей, еркелететін, кішкентай жақсылығымыздың өзіне шын қуанып, шын тілеулес болатын.
Шымкентке ауысқан кезім. Онда Күләш қайтыс болып кеткен. Құрманбек аға: «Айша, Күләш апаң болса жоқ. Құдайға шүкір, сенің даусың да, бойың да бар, көріксіз де емессің. Опера театрына ауыс, Қыз Жібекті ойна», – деді. Мен ойланып-ойланып: «Жоқ, аға, мен драманы жақсы көремін», – дедім. Өйткені драмада жасқа шектеу жоқ. Тіпті қартайып бара жатсаң, кемпірдің ролін ойнайсың. Ал операда көп болса 60-қа дейін жүресің, ары қарай демалысқа кетуіңе тура келеді.
Өз басым кез келген рольді, мейлі ол орыс болсын, мейлі грек, татар, өзбек, қай ұлттың образы болса да, бәрін жақсы көріп, шын ниетіммен ойнадым. Ешқайсысынан бас тартқан емеспін. 95-ке келгенше сахнада жүрдім. Әскер Құлданов пен Райымбек Сейтметов Шымкентке келіп, Ш.Айтматов пен М.Шахановтың пьесасын қойды. Ақырғы ойнаған мықты ролім сол болды.

ОТАСУҒА НИЕТТЕНГЕНДЕР БОЛДЫ
Көбінесе ел арасына, шалғай ауылдар мен аудандарға іс-сапармен шығып тұрдым. Сол кезде бір ерекше образ, характер көріп қалсам, «осыны сахнада көрсетуге болады» деп бәрін жадыма түйіп жүретін едім. Ашаршылық жылдарында Ташкентте бір қыс тұрдық. Көршіміз өзбек еді. «Бармайсың, әртіс болмайсың» деп қызын театрға жібермейтін. Бір қойылымда сол кісінің характерін алдым. Одан бөлек, көшеде де «кім қалай жүреді, жастардың мінезқұлқы қалай?» деп бақылап жүретін әдетім болды. Мысалы, «Отеллода» ойнағанда жекеменшік үйде тұратынбыз. Күнде көшеден бір орыс қыз өтетін. Шашы қысқа, сүйкімді қыз. Сол қашан өтеді екен деп қақпаның алдына шығып отыратынмын. Өткен кезінде жүрісін, түрін көріп, содан біраз нәрсе алғаным бар.
Өмірде де, өнерде де ешкіммен араз да, бақталас та болған емеспін. Сәбира Майқановамен жақсы араластық, бірге киноға баратынбыз. Сән ательесіне баратын кісі көп болатын. Сонда әжем кезекке тұрып, екеумізге бірдей көйлекке тапсырыс беретін.
Негізі, мені нағашы атам мен әжем баққан. Анамның қандай екенін де білмеймін. Ол кісі кішкентай кезімде қайтыс болып кетіпті. Әжем: «Өзіңнен үлкен ағаңды көр де, анамды көрдім дей бер. Ол шешеңе тартқан, сен әкеңе тартқансың», – дейтін. Әжем мені ғана емес, менің қызымды да бақты. Соғысқа кеткенде де, іссапарға шыққанда да сол кісіге тастап қойып алаңсыз жүре беретінмін. Атам Алматыда қайтыс болды. Шымкент театрына ауысқанда әжемді соғысқа кеткен жалғыз ұлынан қалған екі немересімен бірге өзіммен ала кеттім. Шымкентте бірге тұрдық, екі баланы да оқыттым. Екеуі де жақсы азамат болып өсті.
Қызымның әкесі соғыстан кейін қайтыс болған. Одан кейін тұрмыс құрғанды қаламадым. Отасуға ниеттенгендер болды, бірақ «театрды таста» деді, ал мен оған көнгем жоқ. Жастайымнан ойнаған, тер төккен жерім. Өмірім сахнамен астасып кеткен ғой, қалай қиям оны?! Құдайға шүкір, жалғыз емеспін ғой дедім. Тек жұмысты ойладым. Тапқан-таянғанымның бәрін жақындарыма жұмсадым.

ӨМІРГЕ ӨКПЕМ ЖОҚ
Күйеу балам – қырғыз. Қызым екеуі Мәскеуде оқып жүріп танысқан. Қарсы болғам жоқ. «Жақсы адам болса, бар» дедім. Айгүлдің қырғызға тұрмысқа шыққанын естігенде сіңлім: «Қырғызы несі, қазақ табылмап па?» – деп таңғалған. Бір айдан кейін өзі телефон соғып тұр: «Ойбай, менің қызым тәжікке тиіп кетті», – деп. Әбден күлдік. Сосын «қой, ол да мұсылман ғой» деп басу айттық. Құдайға шүкір, ол күйеу баламыз да жаман емес. Қазір шетелдердің бірінде елшілікте жұмыс істейді. Үш қызы бар, үшеуі де қазаққа тұрмысқа шықты.
Өзім біраз жылдан бері Бішкекте күйеу балам мен қызымның қолында тұрамын, немере, шөберелерім бар. Балаларым алақанына салып күтіп отыр. Күйеу балам өте жақсы адам. Өзі профессор, жоғары оқу орнында сабақ береді, өзі қазақша концерттерді жақсы көреді. Осындай күйеу баламның болғанына шүкір.
Бішкекте керемет курорт бар. Шымкенттен, Жамбылдан, Алматыдан әртістер келгенде әуелі біздің үйге түседі. Қайтарда да үйге қонып, сосын кетеді. Солардың келгенін жақсы көремін.
Бәріне тәубе. Өмірге өкпем жоқ, балаларыма да, әріптестеріме де ризамын.


ТҮЙІН

Өткен жексенбіде Айша апай өзінің кіндік қаны тамған, өнердегі тұсауы кесілген ару Алматыға келіп қайтты. Қазақтың сахна өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген майталман актрисаның 100 жылдық мерейтойы М.Әуезов театрында аталып өтті. Үлкенді-кішілі лауазымды тұлғалардың құттықтауы жолданды. Жаңадан құрылған Қазақстан театрлары ассоциациясы атынан 1,5 млн теңге табыс етілді. Өзінің кемел жасына сай үлкен жүрегімен Айша апай бәріне риза кейіп танытты, алғысын жаудырып, батасын берумен болды.
Дей тұрғанмен де, көрермен ретінде бізде бір ой қалды. Аталған кеш бір ғасырды артқа тастап, оның сексен жылын сахнада өткізген майталман актрисаның мерейлі жолын, өнердегі қайталанбас үлгісін көпшілік назарына неге толыққанды ұсына алмады? Жарайды, деректі фильм түсірмейақ қойсын, бірақ ойнаған спектакльдерінен, бірегей рольдерінен тым болмаса слайд дайындауға болмас па еді? Қатары сиреді демесек, күні кеше онымен иықтаса еңбек еткен замандастары, өкшелес әріптестері әлі де бар. Мерейтойға соларды да шақырып, бір ауыз жылы лебіз, естеліктерін тыңдауға не кедергі болды? Шүйкедей ғана қарияның жалғыз өзін далиған сахнаның бір шетіне шошайтып отырғызып қойып, ортада – орыс, кәріс, неміс, ұйғыр театрлары ұжымының құттықтау жолдағаны қаншалықты жарасымды?..
Шындығында, Айша Абдуллинаның 100 жылдық мерейтойына арналған кеш деген аты болмаса, бұл шараның жаңадан құрылған Қазақстан театрлары ассоциациясының тұсаукесері болып шыққаны анық. Әрине, бола берсін, оған ешкімнің дауы жоқ. Дегенмен қазақ театрына тұтас ғұмырын арнаған Айша апайдың мерейтойы жетім қыздың тойындай шала-шарпы ұйымдастырылуға, жүрдім-бардым өтуге тиіс пе еді?!


Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар