1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №21 (16207)   14 наурыз, сейсенбі 2017
14 наурыз 2017
Бауыржан ҚАПТАҒАЙ: ӨНЕРДЕ ШЫНДЫҚ ПЕН ЖАЛҒАНДЫҚ ҚАТАР ЖҮРЕДІ

Театр – өмірдің өзі. Сан мың бояу астасқан сахна – актердің өнердегі өзгеше мекені, аяулы орны. Ол мекенде де көзге көрінбес күрестер, мылтықсыз майдан жүріп жатады. Бірақ соңында соның бәрінен актердің шын өнері ғана қалықтап аспанға шығады. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағаймен болған әңгімеде өнердегі өмірдің қилы қырлары сөз болып, бүгінгі театр өнерінің жайы айтылды.

– Ә дегенде мынандай бір сауал. Өнердің шындығы деген не? Ұзақ жылғы актерлік қызметіңізде өнердің шындығын немесе жалғандығын көрген кезіңіз болды ма?
– Бұл өте ауыр сұрақ. Өнерде жүрген соң көзің бар көресің, жаның бар сезесің, санаң бар салмақтайсың. Өнерде шындықпен бірге жалған дүние қатар жүретініне менің көзім жетеді. Соны көріп жүріп кейде басқа бір дүниеге кеткің келетін кездер де болады... Бұл – театрды кемсіту, жамандау емес. Бірақ ол болған, бар, болады да. Неге? Мысалы, біз театрға келгенде роль алу үшін ұзақ жүретінбіз. Сол жалтаңбайлық әлі де жалғасып келе жатыр. Ал біреулер барады да, рольді сұрап алады. Мұндай әрекет кейбіреулердің қолынан келмейді. Келмейтіні – ондай іс оның ар-ұятына, намысына тиетін нәрсе. Берген рольді ойнайсың, бермегеніне «жарайды» дейсің. Бұны қазып айта берсең, біреулерге тілің тиіп кетуі де мүмкін.
Актерге қажетті дауыс, ішкі қуат, пластика қатарлы дүниелер біреуде бар, біреуде жоқ. Менің өзім де жарытып басты рольдерді ойнаған жоқпын. Азды-көпті біраз рольдерде ойнадым. Шынымды айтсам, мен өзімнің басты ролімді әлі күтіп жүрмін. Алпыстың үшіне келсем де, фор-
мамды сақтап, сол сәтті күтумен келемін. Әрине, уақыт өткен сайын әр таяды. Қазір бізге ешкім Қозының ролін бермейді.
Бір мысал айтайын. Бізбен оқыған бір қыз болды. Театрға да бірге қабылдандық. Ол үшін талай найза көтердік. Міне, сол қызға басты рольдер көбірек бұйырды. Алайда оның қалай ойнағаны, кейіпкерін қандай дәрежеде алып шыққаны жайлы қазір ешкім де білмейді. Сол сықылды негізгі рольдерге бірер адамдардан өзгелердің бармауы актердің аяғын тұсайды, өзін көрсетуге мүмкіндік ала алмайды. Сонда басқа актерлер не істейді? Білесіз бе, олар да өскісі, өнгісі келеді. Бұл – театрдың мәселесі. Ал киноның да осындай дүниелерге кеткен кезі болды. Біреудің жиенін, біреудің құдашасын әкеп түсіреді кейде. Содан келеді де, кино жасандылыққа ұрынады. Көрерменін тартпайды, шаң басып тартпада жатады.
– Өмірдің шындығы өнерді қожыратып, оны жалғандыққа ұрындырып жіберген жоқ па?
– Мұнда бір үлкен мәселе бар. Тұрмыстық реализм деген болады, білесің. Ол – актердің өмірден көрген-білгенін, байқағанын бойына сіңіруі, өмірді сахнаға алып келуі. Бірақ сахнаның заңы бар ғой. Соның бірі – сөзді айта білу, жеткізу, оны іштен қозғай білу. Мәселен, кинода сахнадағыдай ойнасаң, олар түңіліп кетуі мүмкін. Бірақ киноға да кейде сахна тілі қажет болады.
Өмірдің шындығын, қарапайымдылығын бойға сіңіріп, сахна дәстүріне, талабына ыңғайлап алу шығу актерге қашанда керек. Мысалы, Серке Қожамқұлов бастаған театр негізін қалаған актерлер оқымаған адамдар. Бірақ олар өмірден үйреніп, соны сахна дәстүріне, тәртібіне салып, көрерменге шынайылықпен жеткізе білді. Бұл – нағыз дарындылық. Қазір оқыған, дипломы барлардың өзі сахна заңын білмей жатады. Ал сахна үшін өмір шындығы – ол қойма іспетті. Сол қоймадан қажетті дүниені актер үнемі алып отырады. Сондықтан өмір шындығы өнерді қожыратпайды, қайта өсіреді дер едім. Осы театрдың өзінде қаншама образ жүр. Біз, актерлер, бір-бірімізден талмай үйренуіміз керек. Мәселен, біреудің ішкі пластикасы мен сыртқы пластикасы қабысып жатады, ойыны тамаша шығады. Қызығасың әрі ақырын үйрене бастайсың. Талант – ашу, ашылу деген сөз және еңбек, еңбек, еңбек.

ТЕАТРДЫҢ МОТОРЫ – РЕЖИССЕР
– «Өнерде шындықпен бірге жалған дүние қатар жүретініне менің көзім жетеді. Соны көріп жүріп кейде басқа бір дүниеге кеткің келетін кездер де болады...» Осы сөзіңіздегі кетіп қалғыңыз келетін басқа бір дүние – ол қандай дүние?
– Оның бәрін айта берсең жексұрын болып көрінесің. Талай адамды көрдік...
– Алға шықпауыңыздың бір себебі иілер жерде иілмей, қисаятын жерде қисаймаған сәттеріңізден болды-ау деп ойламайсыз ба?
– Жоқ, олай ойламаймын. Театрдың моторы режиссер ғой.
– Сонда сізді актер ретінде ашатын режиссер болмады ма?
– Неге болмасын, болған шығар... Бәлкім, өзім де көп нәрседен сүрінген шығармын, қателескен шығармын... Әйтпесе ол менің бірбеткейлігім емес. Өзімді білем ғой, қарадүрсін адам емеспін: сақтығым да, ақкөңілділігім де, балалығым да бар болуы керек. Сонда бұл неден дейсің ғой? Бұл немқұрайдылықтан ба деймін. Уақытында роль ала алмаған соң, ол шығармашылық адамының ішіне түседі, ішінен жей бастайды. Ал өмір өтіп жатыр... Егер маған актерді шын танитын адам сенде дауыс, дикция, пластика жоқ десе, мен ойланар едім. Басқа жаққа кетер едім. Бұл шын сөзім. Ауыз толтырып айтатын роль ойнамаған соң ынтаң қайтады, қайраққа түспеген пышақтай бола бастайсың. Мына боймен, мына дауыспен неге мен болмасқа?!.
– Бірақ әлі де болмай жатыр ғой сол...
– ...
– Сіз актер ретінде өнерді жасаушысыз. Әрі өнердегі билік бар. Осы тұрғыдан келгенде өнердегі биліктің сізге кедергі жасаған кездері болды ма?
– Шынымды айтсам, 70 пайыз өзім кінәлі болсам, 30 пайыз өнердегі билік кінәлі. Басымды кессе, кесіп алсын. Алатын нәрсені алу керек еді... Қызғанбай ойнату керек еді... Берші деп айта алмадым. Өздері біліп бермеді, ұсынбады. Өмір өтті осылай... Кезінде актерлердің орнына ойнау арқылы Құнанбайды, Қодарды, Сәкенді ойнап қалдым, әйтеуір. Оның бәрі қазір жоқ қой. Қазір басқа заман. Жаңа драматургия келді. Ендігі айтарым, осындай қатынас жастарға болмаса екен деймін. «Өзімдікі роль алады, өзгенікі ту ұстайды» деген келмесе. Рольді алаламай беру керек. Егер актер берілген рольді шығара алмай жатса, ол өзі-ақ сырғып кетеді.
«Хозяева» деген фильмге түстім. Фильмді барып көріп, «мен мұнда неғып жүрмін?» деп ойға қалдым. Бірақ мен киноактер емес, театр актерімін ғой.
– «Хозяева» фильміне көңіліңіз толмай ма сонда?
– Фильмдегі өз ойыныма көңілім толмады. Ал фильмнің идеясы жақсы-ақ қой.
– Бірақ енді өнер деген сол емес пе? Өз өнеріңе өз көңілің қоңылтақсып тұру дейді ғой.
– Сол шығар. Бұл бұрыннан келе жатқан қағида ғой. Осы сөзді көп айта берудің қажеті жоқ сықылды. Мәселен, сол алғашқы әсерден кейін «Хозяева» фильмін көрген біраз уақыттан соң, «менде де мынадай дүние бар екен» деп көңілім өсіп қалды. Бірақ мен бәрібір театр актерімін. Ал театрдың қозғаушы күші – режиссер. Егер режиссер мықты болса, ол ортанқол актерлердің өзін жан-жақты ашып жарқыратады.
Раушан Әуезбаева деген актриса болды. Д.Исабековтің «Әпкесінде» кішкентай ғана эпизодтық рольді ойнады. Сол кісінің кішкентай ролін көрген кезімде таңғалдым. Өмір-бақи пірім сол кісі болды. Біздің қазіргі студенттерге жетпейтін нәрсе – театрға келмейді. Театрға әр келген сайын бір нәрсе үйреніп қайтасың. Менен үйренбей-ақ қойсын, театрда басқа да мықты актерлер толып жүр ғой, солардың әр қимылын, сөз саптасын, сөйлеу мәнерін тоқып алса дейсің.
Тағы бір байқағаным, біз, актерлер, образды бірқалыпты көреді екенбіз. Содан ақсап жатамыз. Ал ол әр образ бір сахнада әртүрлі күйге түседі: өкінеді, қуанады, мұңаяды, ашуланады т.с.с.

БӘРІ ЖАЛТАҢБАЙ!
– Актер сахнада өз бойындағы барлық сезімдерді ашып, жақсылы-жаманды қасиеттерін де салып ойнайды. Актер бойындағы осы мінездер мен сезімдер шымылдық жабылған соң да толықтай көрініс тауып жататын сықылды. Яғни шымылдық тек көрермен үшін жабылады. Ал актер үшін шымылдық ешқашан жабылмайтындай...
– Дұрыс айтасың. Біреулер образ жасадық дейді. Сахнада ойнайды. Бір апта образда жүрген адамдарды да көргенмін. Бұл – жасандылық.
– Театрды осы жерден бір шиыра тұрып, киноға келейікші...
– Менің түсіп жүрген дүниелерімді кино деп айта алмаймын. Көбіне телехикаялар ғана. Бірақ неге біз Бразилия, Түркия, Ресей телехикаяларына қызығамыз, қараймыз. Өйткені оларда ойын мәнері бөлек.
Қазір жас режиссерлер келе жатыр. Жаңағы өзің айтып отырған «Хозяева» фильмінің режиссері – Әділхан Ержанов. Ол өте талантты. Өсіп келе жатқан көптеген жас режиссерлер бар. Олардың барлығы қазақ киносының тарихын жақсы біледі. Басты артықшылықтары – жаңашыл көзқарастарында. Олардың фильмдері бастапқыда жұртқа ұнамауы мүмкін. Мысалы, «Хозяеваны» «Арман» кинотеатрынан көрсеткенде мен шыға салып қаштым. Енді мынаны қараңыз, балама ұнамаған, ал келініме ұнаған. Сол секілді әр адамға әрқалай әсер еткен. Театрда да біраз адамға ұнапты.
Мен, негізі, өзім түскен фильмдерді көре бермеймін. Кейде көзімнің қиығымен қараймын да, ыңғайсызданып қаламын. Бір сөзбен айтқанда, қазақ кинематографиясында жаңа режиссерлердің қалыптасуы жүріп жатыр.
– Біз өзіміз айта алмай жүрген, батылымыз жетпей жүр-ген дүниелерді өнер – кино арқылы жеткізіп жүрміз, ол – өнердің ішкі қарсылығы дегенге қосыласыз ба?
– Қосыламын.
– Сіз Т.Әбдіктің «Ұлы мен ұры» спектаклінде Ұлы ролін ойнадыңыз. Осы қойылым бүгінгі өмір шындығын бере алған ба?
– Егер біз Төлен ағаның жазғанын қысқартпай, сөздерін түгел айтып шыққан болсақ, бұл спектакль жүрер ме еді, жүрмес пе еді, білмеймін. Бұл спектакльде мені актерлік ойын емес, пьесаның сөзі қинады, қорықтым...
– Осы спектакльдегі роліңіз сіздің ішкі шындығыңызбен астаса ма?
– Астасуы керек. Бірақ айта алмаймын... Бәрі жалтаңбай! Патриоттықтары ішкі үрей мен қорқынышты бүркеген маска ғана...

НАҒЫЗ ОЙНАЙТЫН ШАҒЫМ ҚАЗІРГІ ШАҚ ПА ДЕП ТЕ ОЙЛАЙМЫН
– Соңғы жылдары актер ретінде сізге сұраныс артып келеді. Театрда да, кинода да. Бұл ұзақ жылғы еңбегіңіздің жемісі ғой...
– Төккен тердің өтеуі болса керек. Десе де, көп театрлардан байқалған бір нәрсе: ол – басты рольдердің ойналуы өзгеріп барады. Бұрын басты рольді ойнаушылар спектакльдегі әріптестерімен сахнада тығыз қарым-қатынаста бірін-бірі толықтырып, қойылымның мазмұнын ашуға бәрі де жанын салатын. Қазір басты рольді ойнаушы актерлер жанындағы серіктес актерлерді ұмытып, бір өзі ойнап кететін әдет пайда болды. Осыдан қатты сақтану керек шығар деп ойлаймын. Өйткені қазір театр өзгерді. Ойнау мәнері өзгерді.
– Сіз сахнада ойнайсыз ба, өмір сүресіз бе?
– Егер берілген рольді түсінбесең, оны зерттеп бойыңа сіңірмесең, ойнауға барасың. Және актердің пластикасына да көп нәрсе байланысты.
Сосын соңғы кезде кинодағы ойын мәнерін сахнаға алып келуге құлшыныстар байқалады. Бірақ сахнаның өз заңдылығы бар.
Актердің ойынының шынайылығы мен жасандылығының көрінетін жері – кіші зал. Кіші залда ойнауға құмармын. Неге? Себебі көрерменге әр қимылың, әрекетің анық әрі боямасыз көрініп тұрады. Бұл дегенің – актердің өзін жетілдіруі үшін таптырмайтын дүние.
– Сахнада еркіндікке жете алдыңыз ба?
– Жоқ, ол өте қиын нәрсе. Жетпіс пайыз болатын шығар, егер сахналас серіктесің мықты болса. Актердің сахнадағы еркіндігі ол – сөздің, ойдың, ойын мәнерінің еркіндігі. Жүз пайыз сондай еркіндік болады деу қиын.
– Ал осы мемлекеттік атақ-дәрежеге ұсынуда, беруде әділетсіздіктер бар ма?
– Бар деп ойлаймын. Мәселен, театрдың қара нары атанған – Төлеубек Аралбай. Театрға Төлеубектің сіңірген еңбегін жасы да, кәрісі де – бәрі біледі, мойындайды. Ол кісінің «еңбек сіңірген артист» деген атағы бар. Ал Төлеубектей театрға еңбек еткен адам кемде-кем. Енді сол кісіге «еңбек сіңірген қайраткер» атағын қимаймыз ба сонда?! Ал «еңбек сіңірген қайраткер» атағын алғандар жеңілдіктерін пайдаланып, игілігін көріп отырады. Мысалы, кейбір адамдарда «халық артисі» деген атаққа қоса, «еңбек сіңірген қайраткер» атағы да бар. Неге, сөйтіп, Төлеубек Аралбайға «еңбек сіңірген қайраткер» атағын бермеске?!
– Осындай әділетсіздіктер көп пе?
– Көп болған соң айтып отырмын ғой. Әйтпесе Төлеубек өзін-өзі қорғай алмайтын жігіт деймісің... Оның сондай атақты алуға еңбегі сіңді ғой. Театрдың айлығы белгілі. Оған емделесің бе, тіршілігіңе жаратасың ба – қалай тартсаң да жетпейді.
– Зейнеткерлік жас тосқауыл болмай ма?
– Алпыс үшке келген соң заң бойынша зейнетке шығуың керек. Театрға қалдырса қаласың, қалдырмаса жылайсың да кетесің. Не істейсің енді. Ал арман деген көп... Нағыз ойнайтын шағым қазіргі шақ па деп те ойлаймын.
– Мәселен, қандай рольдерді ойнағыңыз келеді?
– (күлді) Ой, ол бір ұзын тізім ғой. Қомақты, айтар ойы бар, әлеуметтік драмалар жазылатын болса, үлкен рольдерді неге ойнамасқа?!
– Осы жерден әңгімемізді шиырсақ, аға. Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет.


Әңгімелескен Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар