1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Шешенстандағы қираған халыққа қол ұшын созған біздің ағайындар. Грозныйдың төріндегі көпқабатты зәулім үйдің құрылысына қаржыны да берген қазақтар. Сол үшін де Рамзан Қадыровтың қолынан алғас алған Иманғали Тасмағанбетовтің күйеу баласы Кеңес Рақышев. Дәл сол марапаттау кезінде ақкөңіл, дархан қазақ жігіті шешенстанның «Терек» футбол клубына автобус, өзінің астында мініп жүрген ұшағын сыйлап және Грозныйдағы аурухананың құрылысын толық көтеретінін айта кетті. Бұл қайдан тасыған байлық, қай көңілден кеткен кеңшілік екенін біле алмадық.
Автор: alaman.kz, 19.06.2010 ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №22 (16208)   16 наурыз, бейсенбі 2017
16 наурыз 2017
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ: ТҮБІМІЗГЕ ТӘУБЕ ЖЕТЕ МЕ ДЕП ҚОРҚАМЫН

Бұл сұхбатта ақын, қоғам қайраткері Серік Тұрғынбекұлы ауыр сынның астында қалған білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті кінәлай алмайтынын, зиялы қауымның жасықтығын және Алаш жолын оңалта алмай тұрған жайымызды баяндайды.
– Бүгінде қазақ қоғамын қатты толғандырып тұрған мәселенің бірі – білім мәселесі. Әсіресе, бұл салаға Ерлан Сағадиев мырза басшылық жасағаннан бері тіптен қойыртпақтанып кетті. Әліппеміз келмеске кетіп, ұлттық тіл, тарих, шығыстану, түркология секілді салаларға темір кісен салынды деп шулап жатырмыз. Білім майталмандары президенттің атына үшбу хат жолдап, Сағадиевтің қызметтен кетуін талап етті. Осы азаматтардың арасында сіздің де атыңыз аталып, қарсылық үндеуде қолыңыз жүр деп естіп жатырмыз...
– Жақында мемлекеттік тілге қатысты бір хатқа қол қойдым. Өйткені тіл – ұлттың жаны. Барымыз да, бағымыз да сол деуге болады. Бүгінде өмір бойы азаттық аңсап келген халықтың тілінен басқа ештеңесі қалмады деуге болады. Асты-үсті байлыққа толы жері өзгенің меншігіне өтіп, халықтың өзі өзекке тебіліп отыр. Сол себепті конституциялық реформаға қазақ тіліне ерекше мәртебе беріп, Ата заңымыздағы орыс тілі ресми тіл деген сүреңсіз тіркесті алып тастауға еш ойланбастан қолымды қойдым.
Ал министр Сағадиевке қарсы хатқа қол қойған жоқпын. «Қолыңызды қойыңыз» деп келсе, қояр едім. Бірақ бір нәрсені естен шығармау керек. Бұл – бір ғана министрдің емес, жалпы жүйенің қателігі. Жалпы, білім саласының әу бастан, Тәуелсіздік алған алғашқы тұстан-ақ басынан дау арылған емес. Қаншама басшы ауысты. Дені түзу еш нәрсе жасалған жоқ. Бәрі бүлдіріп кетіп жатады. Ешқайсысы өзіне дейінгі отырған министрдің қателігін түзете алған жоқ. Жаңа бірдеңе ойлап табудан аса алмады. Ешбір даярлықсыз қолға алған бастамалары аяқсыз қалғанын білесіз. Келген бойда не бір атышулы реформаларға ауыз салады. Бірақ қайсысы нәтиже берді?
Қайталап айтамын, әу бастан негізі дұрыс қаланбаған дүние бұл. Мұның арты, әрине, апатқа апарып соғады. Соқтырып та жатыр. Барлық кінәні бір адамнан көру дұрыс емес. Ешқайсысы жақсы атпен кеткен жоқ. «Неге олай дегізіп отыр. Артында кім тұр?» деп тамырына үңіліп көрдік пе? Әрине, жоқ. Ешкім жоғары жақтың рұқсатынсыз ештеңе істей алмайды. Бұйрықпен жасалады барлығы. Өз басым Сағадиевті кінәлай алмаймын. Бірақ білім саласының былыққа батқаны қабырғамды қайыстырады. Қазақ – жады өте мықты халық. Айлап айтылатын жырларды әп-сәтте жаттап алатын халықтың ұрпағы қажет деп тапса ешбір министрдің қамшылауынсыз-ақ кез келген тілді үйреніп алады. Ешкімге қарамайды. Біреулер қытай тілін қосақтап отыр. Оның қажеті не? Керек болса, қытай тілін өздерінен де жақсы меңгеріп алуымызға шамамыз жетеді. Алайда Сағадиев қана емес, басшылардың барлығы өткенге көз жүгіртіп, өзіне дейінгі қателіктерді саралай алмады. Еліміз тәуелсіздік алған кезде басқа ұлттар «қазақ жеке ел болды, тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алып жатыр, тілін үйренбесек далада қаламыз» деп ана тілімізге мән бере бастады. Жаппай көше бастады. Осы үрдісті алып кете алмадық. Кезең-кезеңімен енгізу керек деп шыға келдік. Бүгінде бұл «данышпандықтың» арты топалаңға ұласып отыр. Басқа ешқандай қарсылығым жоқ. Тағы қандай сұрағың бар?
– Сонда қолыңызды сыртыңыздан «ұрып» жіберген болды ғой?
– Әбден мүмкін. Бұған дейін сыртымнан қол қойып жіберген жайттар болды. Алайда барлығы халық үшін, болашақ үшін қажетті дүние болған соң үндеген жоқпын.
– Соңғы уақыттары келелі сөз, кесек-кесек әрекет күтетін ел ағалары жалтақтық танытып жататыны азаймай тұр. Бүгін қол қойып жіберіп, ертеңінде «қателесіппін» немесе «сыртымнан қойып жіберіпті» деп жыламсырап қалатынына талай мәрте куә болдық. Зиялы қауым неге жалтақ? Кімнен қорқады?
– Оны қол қойған азаматтардың жеке басының әлсіздігі деп есептеймін. Қол қойған екенсің, көтеруің керек. Барлығына бірдей топырақ шашуға болмайды. Ашкөзденіп отырған биліктің ынсабын оятып, құлқынын жабуға тырысып жатқандар аз емес. Алайда олардың сөзі кәдеге аспайды. Бұлар неге шуылдап кетті? Шамасы, бір қателік жасап жатқан шығармыз. Қайта қарап көрейік демейді. Батырып айтқанын жау көріп, жеке шақырып тезге салып жатады. Бұл зиялы қауымның әлі де тәуелсіз емес екендігін көрсетеді. Батырып айтатын азаматтар көп. Алайда айта алмайды. Көбі қысымға ұшырап жатыр. Қазір осындай бір заман болып тұр.
– «Мен үшін ең басты тақырып Тәуелсіздік болса, одан кейінгі айшықты тақырыбым – Алаш» деп жиі айтасыз. Биыл сол Алашорда өкіметінің 100 жылдық мерейтойы. Осы мерейтойды лайықты түрде атап өте аламыз ба? Қалай ойлаймыз?
– Әй, қайдам. Жыл сайын тойланатын Тәуелсіздік күнінің өзін өз деңгейінде алып кете алмай жүрміз ғой, Жаңа жылдың тасасында қалып жатады. Тек өткен жылы ғана атқамінерлер Тәуелсіздік күніне дейін шырша тікпей бір ерлік жасады. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының өзі кереметтей өтті дей алмаймын. Өңірлік деңгейден асқан жоқ, расын айтқанда. Жалпы халық болып сезіне алмадық.
Алаш тойы – Тәуелсіздік мейрамынан, Қазақ хандығының 550 жылдығынан кейінгі кең көлемде аталып өтілетін мереке. Амал не, әлі ескерусіз тұр. Алаш қозғалысы бұл бүтіндей бір жүйеге қарсы тұрып, қазақтың болашағы үшін еңбек етіп, адам айтқысыз азаппен құлатылған өкімет. Алаш арыстары Жапон мемлекетінің жолын таңдады. «Қазақтың әрбір тасы халықтың кеудесіне түйме болып тағылып, әрбір малдың жүні үстіне киім болып киілуі тиіс» деген ұстаным ұстанды. Алаш арыстары мұның барлығын ойдан алған жоқ. Сол кездегі қазақтың мәдениеті жапоннан кем емес еді. Сол кездегі халық мәдениет пен даму жолын алып кетуге толықтай дайын еді. Мәдениеті мен әдебиеті, фольклоры дайын болды. «Үлкеннің алдын кесіп өтпе», «Ешкімнің ала жібін аттама!», «Әке тұрып ұл сөйлегеннен без» деп білуден артық қандай мәдениет бар!? Сол дәуірде халқымыздың болмысы ерекше, батырлығы, ақындығы секілді атрибуттардың барлығы бар еді. Соны сезген орыс жендеттері сұмдық саясат жасап, бізді барынша езіп бақты. Алаш арыстары осы жолда барынша күресті. Қаншама азап шексе де, алған бетінен таймады. Ақтық демі «алашым», «қазағым» деп үзілді. Соны сезіне алмай отырмыз. Алаш мерейтойы да құлқынның қамынан аспай қала ма деп қорқамын. Өйткені қазақтың Алла берген көсемі, Отан үшін отқа түскен қайраткері Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын күллі ЮНЕСКО болып тойлап өткенде қазақтың атқамінерлері атап өтуге жарамады.
– Алаш арыстарына арналған аллея салынуы тиіс. «Астанада мәдени орта қалыптасқан жоқ, әлі де болса рухани жұтаңдықта жүрміз» деп үзбей айтып келе жатырсыз. Бұл ұсынысыңыздан нәтиже шығатын түрі бар ма?
– Астанаға алғаш келген кезде «Астанада Алаш арыстарына арналған ескерткіш жоқ» деп мақала жазған едім. Оны алып барған жерлерім баспады. Мұрағатымда жатыр. Содан бері ондаған жылдың жүзі болды. Астанада Алаш арыстарына арналған бірде-бір ескерткіштің жоқтығы ұят. Қала күні қарсаңында сый жасаудан өзара бәсекеге түсетін әкімдер Алаш арыстарына арнап ескерткіш орнатса, тіптен елордада Алаш арыстары атындағы аллея болса да артық етпес еді деп талай айттық.
Есілдің жағасында Кенесарының ескерткіші тұр. Абайға орнатылған ескерткіш те көңіл көншітетіндей. Тәуелсіздік монументі, Керей мен Жәнібектің ескерткіштері неге тұрады! Бөгенбай батырдың ескерткіші Астана айбынын асырып тұр. «Астана Есілдің бойы, Ақмола жерінде болса» деген ойды алғаш Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов арман етіп, көтеріп кеткен дүние болатын. Кейіннен Сәкен Сейфуллин де қазақ елінің астанасы туралы талас-тартыста осы жерді көздегені белгілі. Одан кейін осы пікірді Совет Одағы кезінде Қаныш Сәтбаев жалғастырды. «Астанаға лайық бірден-бір мекен – Ақмола облысы» деп айтып кеткен. Сөйтіп келіп орнаған Астанада Алаш арыстарына арналған бірде-бір ескерткіштің жоқтығы жаныма қатты батады.
– Астананы айтпағанда, мәдени ордамыз дейтін Алматыда да Алаш арыстарына елеулі ескерткіш жоқ қой...
– Біздің шенеуніктер жауырды жаба тоқып үйреніп алған. Материалдық қажеттілікті ғана ойлайды. Халықтың мұрасы мен рухани байлық дегенді білмейтін де шығар көбісі. Әсіресе, Алаш деген сөзге келгенде мүлдем керең болып қалады. Алматыда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мұражай бар. Қалай ашылды – әлі солай тұр. Жөндеу көрмеген. Не штаты жоқ. Мемлекеттік деңгейдегі мәртебе де берілмеген. Иманғали Тасмағамбетов вице-премьер кезінде «мұражайдың мәртебесін көтереміз, мемлекеттік статус беру керек» деп еді. Оның өзін елші қылып жіберді.
Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіров те солай. Қазақта Бейімбеттен асқан жазушы жоқ. Керек болса, Чеховтың деңгейіндегі классик жазушы. Қостанайда мұражайы болса артықтық етпес еді. Балташ Тұрсымбаев билікте жүрген тұсында күшпен 100 жылдығын өткізді. Ауылын жөндеп, жол салынды. Балташ кеткен соң бұл жұмыстар да аяқсыз қалды. Бейімбет туған аудан халықты қынадай қырған Таран деген қаніпезер революционердің атымен аталады. Әлі күнге дейін аудан атауын Бейімбет Майлин деп ауыстыра алмай отырмыз. Айтудың өзі ұят. Мағжаннан асқан ақын жоқ еді. Ол да ескерусіз қалып отыр.
Тәуелсіздік – кешегі халықтың асқақ арманы, Алаш арыстарының идеясы. Ендеше, сол дүниемізді аяқасты етуге еш қақымыз жоқ. Тәуелсіздік күнін тойлағанда ең алдымен Абылайдың арманы, кешегі Кенесары көтерілісі, Алаш арыстарының мұраты, Желтоқсан рухы мұндалап тұруы тиіс қой.
Алаш арыстары ұсынған жолды таңдап барымызды бағалап, байлығымызды өзіміз пайдалана білгенде дамыған Еуропа елдерінің алдында тұрар ма едік?! Бізде дабыра сөз ғана. Ұлттық негізін ұстанған мемлекеттер озып жатыр. Біз тірі жүргенімізге тәубе деп отырмыз. Түбінде осы тәубе түбімізге жете ме деп қорқамын.
– Әңгімеңізге рахмет.


Сұхбаттасқан Бүркіт НҰРАСЫЛ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Қазақ үні | 17 наурыз 2017 14:35
"Біз тірі жүргенімізге тәубе деп отырмыз. Түбінде осы тәубе түбімізге жете ме деп қорқамын" !!! Міне, ел зиялысының аузымен, қазіргі қоғам сипатына, биліктің ұстанған тәртібіне берілген бағасы! Тағы не қосып айтуға болады, ұлт тағдыры таразыға салынғанда, елді билеген "үрей-қорқыныштан" арылу мүмкін бе??
13 | 19 наурыз 2017 11:28
Бұл сөзді марқұм Бельгер баяғыда ескерткен.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар