1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №23 (16209)   18 наурыз, сенбі 2017
19 наурыз 2017
«Неге екенін білмеймін, сол елімді сүйемін»

Серкан ДИНЧТҮРК, Қазақ-түрік білім және зерттеу қауымдастығының төрағасы: АТАЖҰРТТА МАУҚЫМДЫ БАСҚЫМ КЕЛЕДІ
– Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы мыңдаған жылдар бойы бүкіл түркі әлемінің көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланып келе жатқан мереке. Осы мерекенің атажұртымыз Қазақстанда аса бір қуанышпен және кеңінен тойланатынына ешқандай талас жоқ. Біз, Түркиядағы қазақтар да, жыл сайын Наурыз айында шама-шарқымызша әртүрлі іс-шаралар өткізіп, мейрамды тойлаймыз. «Наурыз мейрамын атажұртымыз Қазақстанда, тәуелсіздігіміздің белгісі – көк байрағымыздың астында тойласақ» деген ой көкейді теседі. Осындайда сағыныш сезімі жүректі тербеп, сол сағынышпен Наурыз мейрамын тойлап, атажұртқа барып бір мауқыңды басқың келетіні рас. Қазақстан халқын және әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған барлық қазақтарды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтай отырып, күллі қазақ халқына, сондай-ақ өзге де шетелдегі қандастарымызға бақыт, береке, бірлік, бейбіт өмір тілейміз. Көкте жарқыраған жұлдыз іспетті беделді мемлекетке айналып келе жатқан Қазақстанымыздың көк байрағының көк аспан астында еркін де мәңгілік желбірей беруін тілейміз.

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «Болашақ» стипендиаты: КЕМШІЛІК, ҚАЙШЫЛЫҚПЕН ӨЗГЕШЕМІЗ

– Ұлыбританияда бәрі өзгеше. Және бір қарағанда жақсы жағынан өзгеше. Қалыңды сұрап бәйек болатын жүргізушілер, кезекте алдыңа түспейтін кездейсоқ адамдар, айнып қалсаң ақшаңды қайтаратын сатушылар... Қайда қарасаң күлімдеген көздер, жылы жымиыстар. Өзіңнің шын мәнінде құқықтары мен бостандықтары бар, құрметке лайық азамат екеніңді сезінесің. Таза көшелер, қоқыссыз тротуарлар, кешікпейтін автобустар, бәрі де адам үшін, адамның ыңғайы үшін... Өмір бойы осындай тәртіп пен тазалықта өмір сүргендей жылдам бейімделіп аласың. Бірақ бұл игіліктің бәрі визаңның мерзімі аяқталғанша ғана. Мейлі, көшелері қоқыс, сатушылары ашуланшақ, адамдары ашқарақ, бірақ Қазақстаныңда бәрі де өзіңдікі. «Неге екенін білмеймін, сол елімді сүйемін»... Рас, үлкен үй соқпайтын, толтырып жиһаз қоймайтын, жылтырақ киім алмайтын британдықтарға қарап кейде қызығасың. Бәрі де ақылмен, қажеттіден артық еш нәрсе жоқ. Және сол мезетте той жасау үшін қарызданатын, кредит алып депозитке салатын, ел не дейді деп зорығатын қазағыңның қызық мінездерін еске түсіресің. Біз кемшіліктерімізбен, қайшылықтарымызбен, артықшылықтарымызбен бәрібір өзгешеміз.
Біз, қазақ, көктемнің де қадірін көбірек білеміз. Өйткені қыстан зардап шегіп, табиғатпен күресіп шығамыз. Біз қарттардың қадірін көбірек түсінеміз. Өйткені тамырсыз жаңадан тамырлы дәстүрді көбірек бағалаймыз. Біз астың да қадірін көбірек білеміз. Өйткені ашаршылықтан, соғыстан, «тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен» аман шыққанымыз жадымызда. Біз, қазақ, туған жердің де қадірін көбірек білеміз, өйткені Отаннан айырылып қалудың оп-оңай екенін жақсы түсінеміз.
Шетелде жүргенде картадағы нүкте, Қазақстаныңның тұтастығы, тәуелсіздігі сен үшін бұрынғыдан да қымбаттай түседі. Және сол жерді мекендеген ала-құла, қара орман халқыңның бағасы да күрт артып кетеді. Өйткені жырақта жүргенде жалғыз арқа сүйерің шалғайдағы жұртың екенін түсінесің. Сіз, елдегі кез келген қазақ, мен сізді танымасам да, ешқашан көрмесем, білмесем де, менің сүйенішімсіз. Өйткені бәріңіз жиналып келгенде менің туған халқымды құрайсыз ғой. Ендеше, «әрқайсысы жалғызым», күллі қазақ халқын Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Ұлыстың ұлы күнімен бірге әр қазақтың шаңырағына құт кірсін, кеңшілік, молшылық болсын. Сол молшылықты ысырап қылып алмайтын, ертеңін ойлайтын білім мен прогресс дарысын. Қабырғамыз бекіп, еліміз өсіп-өніп, өркендей берсін деп тілеймін.

Мәриям ХАКІМ, Анкара қаласының тұрғыны: НАУРЫЗКӨЖЕ АШУРЕДЕН ДЕ ТӘТТІ
– Батыс елдерінде туып-өскен қазақтар арасында ұлттық салт-дәстүрлер біздің бала кезімізде мүмкіндігінше еске алынушы еді. Шығыс Түркістан, Алтай, Тарбағатай, Еренқабырға өңірлерінен келіп, Түркияға орналасқан қазақтар елдігін, бірлігін сақтап, салт-дәстүрімізді жоғалтпауға тырысқан үлкендердің кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен мұрасын әлі ұмытпауға тырысады. Сол дәстүрлердің арасында Наурыз мерекесі де бар. Тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезім, кіші әжем Мүлия ас қамдап жатты. Қарасам, бидай сияқты дақылдарды жібітіп жатыр екен. Не екенін сұрап едім, «Наурызкөже пісіреміз. Сен сабақтан келгенше піседі»,– деді. Сол күні сабақтан үйге жетуге қатты асықтым. Түріктердің «ашуре» деген тағамы бар. Өте тәтті. Қазақтың наурызкөжесі одан да дәмді болып шықты. Қазы-қарта, сүр ет салып, ақ қосқан тағам екен. Атам мешіттен қайтқан бүкіл қарияны шақырып, баршасы біздің үйден наурызкөже ішкені есімде. Енді сол Наурыз мейрамын тәуелсіз Қазақ елі еркін тойлайтынына куә болғанымызға да тәубе. Баршаларыңызға Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын, Қазақ елі!

Аягүл МАНТАЙ, жазушы, Мәскеу қаласынан: СОЛ КӨЖЕМЕН МЕЙІРІМ МЕН ЖЫЛЫЛЫҚ ДАРЫП ЖАТАТЫН
– Ресей халықтар достығы университетінде оқып жүрген кезімде жатақханада тұрдым. Ас бөлмесіне кірсем, қазақстандық корей қызы бауырсақ пісіріп жатыр екен. Ертеңіне қазақтардың бір басқосуы болатын еді (бұл іс-шараға мен қонақ ретінде шақырылған болатынмын), соған пісіріп жатыр екен. Қалада өскен корей қызы қазақтың барлық салт-дәстүрін біледі. Сол қыздың кейіннен Наурыз мерекесі қарсаңында бауырсақ пісіріп жатқанын көрдім. «Елде жүргенде Наурыз мерекесінде бауырсақ жеуші едік қой, сол есіме түсіп кетті. Нағыз Наурыз мерекесін сағындым. Мұнда бәрібір елдегідей тойланбайды», – деді.
Рас, Мәскеуде Наурыз мерекесі елдегідей кең көлемде тойланбайды. Мұсылман елдерінің елшілігі өз азаматтарын шақырып, ал халық өзі жиналып, тойлап жатады.
Мәскеуде қырық жылдан бері тұрса да, орысша араластырмай, қазақ тілінде таза сөйлейтін қазақтар бар. Олар қазақтың дәстүрлі мәдениетін де ұмытпаған. Өзім омбылық апалы-сіңлілі екі қазақ қызымен жақын араласамын. Екеуі де қазақ тілінде сөйлей алмайды, бірақ қонақжай, қазақтың барлық салт-дәстүрін біледі. Былтырдан бері екеуі «Наурызды біздің ауылда қарсы алайық. Ондағы қазақтардың Наурыз мерекесін қалай тойлайтынын көресің. Омбының қазақтары Наурыз мерекесін атажұрттағы қазақтардан кем тойламайды» деп жүр.
Былтыр Наурыз мерекесін Мәскеуде оқитын қазақ құрбыларыммен бірге атап өттім. Өзімізше наурызкөже пісірген болдық. Сол сәтте ауылдағы апаларымыз пісіретін наурызкөженің дәмін қатты сағынғанымды түсіндім. Әр үй шама-шарқы келгенше наурызкөже пісіріп апаратын. Бәрін үлкен ыдысқа құйып, араластырып жібергенде нағыз наурызкөже болатын. Сол көжемен бірге бойымызға мейірімділік, жылылық, бауырмалдық дарып жатқандай сезімде болатынмын...


Руслан ЖЕЛДІБАЙ, «Болашақ» стипендиаты: ЕЛДІҢ ТАҒДЫРЫ БІЗГЕ БАЙЛАУЛЫ
– Наурызды тәуелсіздікпен қатар оралған көктем, жаңару мерекесі деп жиі айтамыз. Тәуелсіз елдің ұланы ретінде бүгінде Ұлыбританияның үздік жоғары оқу орындарының бірінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім аламын. Әлбетте, тәуелсіздік алмасақ бұл мүмкіндік менде болар ма еді, кім білсін?! Өз тілімде еркін сөйлеп, ешкімнен қысым көрмей өскен ұрпақтың буыны болғаныма қуанамын. Мұндай бақытты ата-бабамыз аңсады деген сөз жиі айтылғанымен, шын қадірін шетелде жүргенде терең түсінеді екенсің. Өзім әуежайда шекаралық тексерістен өткенде әрдайым көк құжатымдағы «Бұл паспорттың иесі Қазақстан Республикасының қорғауында болады» деген сөздерді ерекше мақтанышпен оқып аламын. Әрине, Ұлыбритания дамыған ел, қоғам, соған ұмтылсақ дейсің, сондай болсақ деп армандайсың, алайда мұнда бәрібір бөтенсің. Тәуелсіздікті алғанмен, оны ұстап тұру, елді өркендету одан да қиын екенін білеміз. Осы тұрғыда еліміздің жастар үшін деп шетелдің үздік оқу орындарында білім алуға қаражат жұмсауы сөзсіз ақталады деп ойлаймын. Өйткені мұнда тек білім алмайсың, сонымен қатар халқының менталитетімен танысасың, қоғамның өзара қарым-қатынасын көресің. Мұның да пайдалы тұстары жетерлік. Ұлан-ғайыр далада азғана халықтың мықты болуы үшін сан да, сапа да аса маңызды. Отанымызда әлі де шешетін өзекті мәселелер баршылық екенін білеміз. Десе де, менің қатарластарымның арасынан талпынысы мен білімі бар, еркін ойлы, ұлттық мүддені терең түсінетін жастарды көргенде сөзсіз ертеңгі елдің болашағына деген сенімім артады. Мұхтар Шаханов ағамыздың «12-3=» деген өлеңінде 3 дегенді көктем, яғни жастар дей келе, мынандай жолдар жазылған еді: «Қараңызшы, тоғыз айдың тағдыры байлаулы тұр үш айға». Осындай көктем, жаңару мерекесінде аталмыш өлең жолдарын жас буын ұмытпасақ деймін. Елдің тағдыры бізге байлаулы тұр. Еліміздің әрбір отбасына бақыт пен береке тілеймін! Мереке құтты болсын!
 

ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Дамир | 19 наурыз 2017 16:32
Аман болыңдар, айналайындар! Сендер елдің болашағы. Әз Наурыз мерекесі құтты болсын!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар