1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №23 (16209)   18 наурыз, сенбі 2017
19 наурыз 2017
МЫНА КӨКТЕМ

Үзілген тамшы болып ерте көктем,
Жақтауын тереземнің шертеді еппен.
Барады сылқ-сылқ күліп бала бұлақ,
Жып-жылы алтынкүрек еркелеткен.

Қысты ақжем дегендей бір аһ ұр түзде,
Түсіріп жіберді Алла ақырғы ізге.
Қаздар төмен, тырналар биік ұшып,
Лек-легімен оралып жатыр бізге.

Біз дегенім жылы жақ – Қазақстан,
Құстар көкте қанатын жаза ұшқан.
Күн дөңгелеп құлады ұясына,
Аумай қызған бүйірі таза мыстан.

Ауыр-ауыр ойларға баттым да ескі,
Өтіп қыстан аман-сау қатқыл десті,
– Жаңбыр менен сүт иісі аңқып тұрған,
Көк шалғынға көміліп жаттым кешкі.

Тастай бір бүр бетіне қына тепкен,
Қағылмайды араға сына тектен.
Құлақтанып алыста Ай да туды,
Жайлы тиді-ау, сеземін, мына көктем.
Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

АЛМАТЫҒА КӨКТЕМ КЕЛДІ
Алматыға келді тағы гүл-көктем,
Гүл-көктемдер сағындырып жүр көптен.
Еске түсті бозбала кез алаңсыз,
Баяғыда қыздарменен бір кеткен.

Алматыға тағы келді гүл-көктем,
Қызғалдақтар сағындырып жүр көптен.
Қызық күндер қайта оралмас түсті еске,
Біздің жастық шағымызбен бір кеткен.

Иектемей аулақ менен қалшы, мұң,
Қалмай қойдың тазысындай аңшының.
Ағыл-тегіл аспан жақтан нұр жауып,
Мұңлы жаңбыр айт ты маған бар сырын.

Келді, келді, келді, міне, гүл-көктем,
Гүл-көктемдер тебірентіп жүр көптен.
Құлазимын жалғыз үйдей түздегі,
Барлық қызық жастық шақпен бір кеткен.
Қасымхан БЕГМАНОВ

ҚЫЗ-КӨКТЕМ
Ішіп ап мас болғандай жігіт қымыз,
Ақтөбенің көктемі — қылықты қыз!
Қылықты қыз үйден тез шыға қоймас,
Мұны қалай, жігітім, ұмыттыңыз...

Кейде түсіп кете ме, күдігі алға,
Себеп тауып, әйтеуір, құбыларға.
Бірнеше күн қабағын ашпай қойса,
Амал қанша, қызға тән қылық — ол да.

Естілгенде түздің де, құздың да әні,
Көңілдегі ери ме мұздың бәрі?
Жылап қалар әп-сәтте... (Ештеңе етпес,
Жыласа, тазарады қыздың жаны).

Күнге айналып, алқызыл гүлге айналып,
Көңілі бір-ақ сәтте бүрлей қалып.
Бірдеңені іздейді аласұрып,
Нені іздейді, өзі де білмейді анық...

Алқымымда бір ашу тұншығады,
Сезсе ару одан әрі қырсығады...
Білерім, қыз мінезі — өткінші бұлт,
Бұлттан кейін күлімдеп Күн шығады.

...Қос жанары жарқырап шамдай жақұт,
Жүзіне шыққан алау қанды ойнатып.
Үздіктірген, уыздай Көктем-Ару,
Құшағыңа енген сәт қандай бақыт!
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

 

ҒАЖАЙЫП ЕДІ НЕТКЕН БҰЛ
Далама әсем еккен гүл,
Көңілге жарық сепкен нұр,
Ғажайып еді неткен бір,
Көгеріп келген көктем бұл!

Сағынып жеткен көптен бір,
Көкейден күй мен төккен жыр.
Астасып, жайнап көк пен қыр,
Тазарып келген көктем бұл!

Бастауы – тауда көксеңгір.
Сылдырап бұлақ мөп-мөлдір,
Жып-жылы самал ескен бір.
Жаңарып келген көктем бұл!
Алмат ИСӘДІЛ

НАУРЫЗ КЕЛДІ
Наурыз келді деп сүйіншілеген
Көкірегімнен құйылсын өлең.
Көк көйлек киіп көктемді қарсы ап
Қарақат көздер күлімсіреген.

Жүргенде қыстан құрып хәліміз,
Наурыз келді – ұлықтарымыз.
Сая болам деп сыбырлап тұрар
Шаншыған жерге шыбықтарымыз.

Аралап көктем қаланың кешін,
Дүбірлетеді даланың төсін.
Ашқанда көзін асау бұлақтар
Сыңғырлап тұрып ағады сосын.

Болғандай кенет қара түн ғайып,
Шуағы Күннің қанатын жайып
Қара жер қардан сілкініп алып,
Қызғалдаққа бір қалатын байып.

Ысырып тастап тұспалдың бәрін,
Көктемге ғана құштар-ды жаным.
Сайрайтын таңда тереземе кеп,
Сағынып қалдым құстардың да әнін.

Амалсыз қысқа бас ұрған ба едік?!
Аңсарымызды жасырған ба едік?!
Жылылық таппай жабығып жүрген
Сипашы, самал, шашымнан келіп.

Кей-кейде, достым, кейідің бе екен,
Көктем дегенің пейіліңде екен.
Қолына мәңгі қондырыпты оны
Жүрек дейтұғын мейірім-мекен.
Сағыныш НАМАЗШАМОВА

КӨКТЕМ, КҮЗ БЕ, МЕЗГІЛДІҢ ЖОҚ БЕРЕРІ
Көктем дейді... Көңілімде күз менің.
Қарсы алмадым қайтқан құстың тізбегін.
Қанатына хат жазар ем... Жазбаймын.
Бүгін менің санам суық, аз қайғым.

Алыстамыз. Менде – шер де, Сізде – мұң.
Сағынасыз? Сағынбайсыз! (Сағынар...)
Кім бар екен біздің құсни халді ұғар?
Аз дейсіз бе, мына дүние-ғайыпта,

Мен секілді, Сіз секілді, Адасып,
Біз секілді тоғыспаған тағдырлар?
Сыртта жаңбыр... Жасы емес ол аспанның,
Мен де енді жыламаймын. Басқамын.

Көктем, күз бе, мезгілдің жоқ берері,
Қу жаныма бұл өмірден керегі –
Тек Сіз аман болыңызшы, асқарым!
Бақытгүл БАБАШ

МЕН САҒАН АСЫҒАМЫН, КӨКТЕМ
Әр күнiм — бақыт, әр күнiм — бақыт,
Тойымдай,
Армандарыма асыққан менiң ойымды-ай.
Сен жаққа неге елеңдей бердiм, еркелiк,
Бiр жырым бардай нүктесi қалған қойылмай,

Мен саған асығамын, көктем!
Қолтаңбам қалған қағаздарыма көмiлдiм,
Мен елес емес, мен елес емес, өмiрмiн.
Керек еместе кердеңдiктерге толы әлем,

Жауыздықтардан келмеген кезде жеңiлгiм
Мен саған асығамын, көктем!
...Терезелерде, терезелерде өмiр бар.
Перiштелерiм, алақандарға қоныңдар,

Құмсағаттардың соңғы сырылы шығар бұл
Сондықтан адам, сондықтан тату болыңдар.
Мен саған асығамын, көктем!
Бастағы бақтың бағасы қайда деместей...

(Оятқан менi қараторғайлар емес пе, ей?)
Сендегi ырың-жырыңның бәрi, ей, әлем!
Адамға керек еместей.
Мен саған асығамын, көктем!
Мақпал ЖҰМАБАЙ

ҚАРЫНДАС-БҰЛТ
Мен ауылдан кеткен кезде көктем-тін,
Көңіл сонда шыққан еді шектен тым.
Қарындас-бұлт мұңын шағып Алтайға,
Моншақ жасын жүрегіме төккен түн.

Еншісіне бір жылулық тимеген
Қоштасуды о бастан-ақ сүймеп ем.
Ертіс бойлап кетіп бара жаттым мен,
Жел ғана үнсіз бөрте сайда билеген.

Қарындас-бұлт, сені мұңлы демес ем,
Сол түні ауыр күрсініп ең неге сен?!
...Біздің жақтың қалжыңы ащы, айтпақшы,
«Тақпағыңды қойсаш!..» – деді жеңешем.

Көктем еді... Көктем деген шақ қана,
Үнсіз кеткем, кеткенім жоқ мақтана.
Өмір солай алғашқы рет бір шоғын,
Тастай салды жүрек дейтін мақтама.

Ауыл айын еске алам деп қияқты,
Жанарымнан жаһұт күндер жиі ақты.
Кәрі Алтайға мұңын шағып,
Мені ойлап,
Қарындасым жылап тұрған сияқты.
Азамат ТАСҚАРАҰЛЫ

КЕШІРІМ МЕЗГІЛІ
Сайрайды пейіш бақтың құсына ұқсап.
Талдағы кішкентай құс шықылықтап.
Босатып келе жатыр құрсауынан,
Маңайды тұрған аяз қысып ұстап.

Наурыз келіп, ақпаннан өш алуда,
Буырқанып дүние босануда.
Қайың қыздар боянып жасануда,
Қалай ғашық болмайсың жас аруға?

Өрік гүлдеп, ағаштар бүрлегенде,
Жақынымды қуантып үлгерем бе?
Не сыйлаймын анамның мейрамына,
Сүйгеніме ұнаймын, гүл берем де!

Шуағындай көктемгі таң нұрының,
Тапсам деймін көңілін барлығының.
Бұзсам деймін сәтсіздік заңдылығын,
Жетсе деймін осыған бар ғұмырым?

Ешкімнің де жеместен еш үлесін,
Жер бөлуде адамның несібесін.
Ғалам сенің кінәңді кешіргенде,
Сен кешірмей қайтесің, кешіресің!
Ұлан ЫСҚАҚ

ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар