1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №28 (16214)   11 сәуір, сейсенбі 2017
11 сәуір 2017
«Пейiштен» безген бейбақ

– Әбден құтырайын деген екенсің. «Семіздікті қой ғана көтереді» дегеннің керін келтірдің. Менің дәулетімнің арқасында шалқып жүргенің ойда жоқ, тағы көзіме шөп салғың келеді. Шіркіннің көңілдесшілін қарай гөр! Алматыда қаңғып жүрген жеріңнен сені адам қылған мен едім ғой. Менің арқамда Астананың қақ төрінде пент-хауста тұрып, астыңа «Лексус» мініп, әбден жаның тынышталған соң, менің ақшаммен жезөкшелерді жарылқағың келе ме? Көрер ем бәлем әуселеңді, ана Қадишаның байы құсап, жаныңды жеп, жүйкеңді тоздырып, екі-үш жерде өліп-талып жұмыс істеп, қаланың бір шетінен келесі шетіне автобуспен, жаяу-жалпы салпылдап ит боп жүрсең...
– Менен бұрынғы төрт бірдей байыңның алды-артына қарамай безіп кететін жөні бар екен. Сендей топас қатынмен өтіп жатқан қайран өмірім! Осы кеткенім – кеткен. Сен алдымен Қадишадай болып ал, саған қарағанда ол – адам. Ипотекада жүрсе де, қаланың ескі бұрышында тұрса да, олар екеумізден әлдеқайда бақытты. Сенімен салғыласамын деп жүйкемнен жүйке қалмайтын болды. Қит етсе өстіп шыға келесің! Ешкімге қырындамасам да, қанымды ішесің жала жауып!
Маратбай киім-кешек, бірлі-жарым кітап-құралдарын арқалап лифтімен жертөлеге түсті де, паркингте тұрған көлігін оталдырды. Ызаға булыққан көңілі әлі де байыз таппай отыр.
Раушанмен осыдан 15 жыл бұрын Алматыда танысып, жарты жылдан соң Астанаға келген. Ол тұста Маратбай алғашқы әйелімен ажырасып, салт бас, сабау қамшы, салпақтап жүрген болатын. Шынын айтқанда, тұрақтайтын жері де болған жоқ. Бірде туыс-туғандарының үйін паналаса, келесі күні дос-жарандарының үйіне қона кетеді. Жұмыстан соң әлдебір досымен бас қосып, бірлі-жарым шөлмекті босата отырып әңгіме-дүкен құрады. Бөтелкелес болған достарының бірінің үйіне барып түней салады.
Сөйтіп жүргенде осы Раушанмен кездейсоқ танысқан. Жалақы түскен күн еді. Жігіттерге хабарласып, біреулерді серік етпек болып еді, сәті түспеді. Қашқақтағанның бәрін «қатынынан қорқатын әлсіз немелер» деп сөгіп, жағалай бір сыбап алып, Медеу жақтағы мейрамханалардың біріне жалғыз келген. Жайғасып отыра бергені сол еді, жасы отызға жете қоймаған бір әйел ішке кірді. Ол да жалғыз екен. Жан-жағына қарап біраз тұрды да, оңашалау үстелге барып жайғасты. Бірден ас мәзіріне үңілгеніне қарағанда, ешкімді күтпегені айдан анық. Маратбай орнынан тұрып қасына барды:
– Кеш жарық, қарындас!
– Сәлеметсіз бе!
– Айыпқа бұйырмаңыз. Егер біреуді күтпеген болсаңыз, танысып-білісіп, бірге отырсақ қайтеді?
Әйел Маратбайды басынан аяғына дейін шолып бір қарап шығып:
– Несі бар, сөйтсек сөйтейік, – деді.
– Онда ана жақтағы оңаша кабинаға жайғасайық. Мен сізді қонақ етейін.
– Сіздей джентельмен қиылып тұрса қалай бас тартайын, – деп батыл жауап қатқанына қарағанда оның кәрі қыз емес, есік көрген келіншек екендігі бірден аңғарылып тұрды. «Дәу де болса жесір қатындардың бірі боларсың-ау» деп ойлап үлгерді.
Раушан ашық-жарқын жан болып шықты. Танысаф келе ештеңесін жасырмады. Бір емес, төрт рет тұрмыста болғанын, күйеулерінің ешбірімен дәм-тұзы жараспағанын жайып салды. «Өмірде не болмайды, онда тұрған не бар» деп қойып, Маратбай да өзінің жай-күйін баяндады. Негізі, екеуі өзара жақсы тіл табысып кеткендей болды. Қарама-қарсы отырып тамақтанып алған соң, ішімдікке кіріскен сәтте Маратбай орнынан тұрып, әйелмен қатарласа жайғасты. Екі беті алаулаған Раушан бүкіл денесімен оған жабысып сүйене қалғанда, ыстық жалын шарпығандай күйге еніп кетті...
Раушанның үйіне қалай жеткені есінде жоқ. Бір қараса, екеуі оның жатын бөлмесінде ләззат сезімге рақаттана батып жатыр екен. Сол күннен бастап екеуі бірге тұра бастаған. Раушан біршама ауқатты болып шықты. Мемлекеттік қызметтегі білдей шенеунік әрі өзінің жеке үй-жайы да бар. Оның сыртында бұрынғы күйеулерінің бірде-бірінен де бала сүймегені Маратбай үшін қосымша қиындық тудырмайтын аса қолайлы жағдай еді.
Екеуі некесін қидырған соң, көп ұзамай үкіметтік ұйымдар Сарыарқа төріне көше бастағанда бұлар да алғашқылардың қатарында Астанаға қоныс аударып келді.
Раушан Маратбайдың ойлағанынан да асып түсетін, әсірепысық қатын болып шықты. Бір жақсысы, өзінің өткен өмірінен ештеңесін жасырып қалмай, бәрін ақтарып салды. Бәлкім, өзім басын ашып алмасам, ертеңгі күні өзгенің аузынан естиді деп топшылаған шығар. Онысы да жөн енді.
Раушанның өткен-кеткенін естігенде төрт күйеуден ажырасқаны баланың ойыны іспетті көрініп қалды. Жеңіл жүрістің көкесін көрсетіп, көзіне көк шыбын үймелетіп-ақ баққан екен. Айтуынша, оқу бітіре салып жерлес көкесінің арқасында ірі мекемеге қызметке орналасқан. Қолына енді ғана диплом алған жас маманның түсіне де кірмейтін қызмет орны. Бірақ қанша жерден оқуды қызыл дипломмен бітірсе де, білім мен тәжірибенің арасы жер мен көктей екеніне Раушан сол сәтте көз жеткізеді. Қанша тыраштанса да, еш нәтиже шығара алмады. Жұмысының бәрі жоғарыға өтпей, кері қайтады.
Осылай өмірден баз кешуге шақ қалған кезінде өзінен жасы үлкен бөлім бастығы күтпеген ұсыныс жасады. Яғни өз жұмысымен қатар, Раушанның міндетін де бірге атқарып тұрмақшы. Бірер жыл солай жалғасса, жас маманның өсіп-өрлеуіне оның пайдасы ұшан-теңіз болмақ. Есесіне Раушан ол қалаған уақытта көңілін көтеріп, сезімін қанағаттандырып тұруы керек. Көнсе осы! Көнбесе, жоғары жаққа дереу қызметтік хат жазып, жұмыстан босатпақшы. Көнбеске амалы қалмайды... Бірақ содан бастап Раушанның тасы өрге домалай бастайды. Бар шаруасын бөлім бастығы тап-тұйнақтай етіп тындырып тастайды. Арасында қаражатпен де қол ұшын береді. Жарты-ақ жылда пәтер әперіп, жатақхананың азапты өмірінен құтқарды. Бір жылдан кейін аты дардай министрлікке жайлы қызметке орналастырды. Онысы Раушанға тіпті қолайлы болды. Ең бастысы, ұжымда ушығып бара жатқан өсек-аяңнан құтылуға мүмкіндік туды. Бөлім бастығымен әуейі болып жүргені оның әйелінің құлағына жетсе, бір күні келіп шашымды жұлып, масқара ете ме де қатты қорқушы еді. Бұл аралықта әлсін-әлсін құрсақ көтеріп қалып, бірнеше рет «жылмағайлау ота» жасатудың арқасында әрең құтылғаны тағы бар. Енді іргені аулақ салу керек деп өзі де ойланыңқырап жүрген. Көктен іздегені жерден табылды.
Маратбайдан бұрын Раушанмен тұрмыс құрған жігіттерінің ең алғашқысы аса көп тұрақтамады. Неке тойынан кейінгі алғашқы түнді өткізген соң-ақ, күрең қабақтанып айға таяу жүрді де, бір күні үн-түнсіз кетті де қалды. Екіншісін ынжықтығы үшін өзі қуып жіберуге мәжбүр болды. Үшіншісі арақтан аузы босамайтын маскүнем біреу. Оған қалай төзсін?!. Төртіншісімен әжептәуір ел бола бастаған еді, қырсық қылғанда, бала көтермей қойды. Раушан үміттендіріп-ақ баққан еді, амал нешік, аяқастынан шиі шығып шатаққа ілікті. Бір топ жігіт бас қосып әңгіме-дүкен құрып отырады да, бәрі өзінше «серіліктерін» айтып мақтанады. Олардың арасында Раушанның алғашқы бөлім бастығы да болған. Әрине, ол да жатып кеп мақтанған, бүкіл хикаясын ақтарған. Намыстанып кеткен «төртінші» Раушанның аты-жөнін естігенде өзін-өзі ұстай алмай, әлгі бөлім бастығын қан-жоса ғып тепкілеп тастаған. Үйге келіп алып та қырғын салады. Раушанды ұрып-соғып, балағаттап, ертеңінде біржолата қарасын батырады. Қабырғасы сынып, екі көзі бұлаудай боп ісіп, Раушан екі апта бойы емханада жатып шығады.
Сол оқиғадан кейін Раушан әлдебіреу сөз салып көңіл білдірсе, өзінің өткен тарихын түгін қалдырмай ашық айтып барып некелесуге бел байлаған. Сол себептен де Маратбайға сырын ашқан соң былай деген:
– Көнсең осы. Көнбесең, есік анау. Мен осындай адаммын.
– Раушан, айналайын! Сыр жасырмағаның маған сенгенің шығар. Мен сенің өткеніңді қазбалап, онымен есеп айырыспаймын. Тек енді опасыздық жасамасаң болғаны.
Мұнысы нағыз ер-азаматтың сөзіндей көрініп, өзін түсінгені үшін Раушан да оны жақсы көріп кеткен. Осылайша бас қосқан екеуі алғашқы он жылда бақытты өмір сүрді. Раушанның пысықтығының арқасында елордада пәтерден пәтер тудырып, олардың бәрін жалға беріп, ақшаның астында қалды. Молшылықтың игілігін бір кісідей көрді. Батыс Еуропаның түсінде де көрмеген өркениетті елдерін аралады. Раушан бір қыз туып берді. Өмірдің біраз теперішін көрген жан үшін бұл таптырмайтын жұбаныш еді.
Уақыт, шіркін, бәрін үйлестіруші ұлы күш қой. Ендігі жерде Раушан да әйел ретінде некелі күйеуінен өзгеге қажеті болмай қалған. Көңіл үшін болса да, «көріктісің» деп қошемет айта салатындардың өзі жоғалған. Басшы атаулының көбі білімді, талапшыл жастармен алмастырылған. Қабілет-қарымы жетпегендерді ит қосып қууға да бар. Жаңа заманның әділ талабына төтеп бере алмаған Раушан министрлікте өткен кезекті бір тазарту жүргенде жұмыстан шығып қалған. Оған өкінген де жоқ. Мемлекеттік қызметтің арқасында кезінде қалтасынан бір тиын шығармай үкіметтен алған, Алматы мен Астанадағы төрт пәтерді үш еселеп көбейтті. Қазір елдегі анау-мынау байлардың қолы жете бермейтін пент-хауста тұрып жатыр. Бас-аяғы он бір пәтердің бәрін жалға беріп тастағандықтан, бұл үйге ақша өз аяғымен келеді.
Бірақ соңғы бес жылда ерлі-зайыпты екеуі дағарадай үйі тұрмақ, кең дүниеге сыймай жанжалдасатын болып кетті. Даудың көбі Раушанның шектен тыс қызғаншақтығынан туындап жатады. Маратбай анау айтқандай ышқыры бос жігіт емес. Раушанмен отасқан он бес жылда бір рет те қия басып көрген жоқ. Соған қарамастан, аман-сәлем алысқан, күлімсіреп сөйлескен әйел атаулыдан өлердей қызғанып, жүйкесін жұқартатынын қайтерсің! Сірә, «өзі шошқа өзгені ит деп ойлардың» кері шығар. Осыны ойлағанда зығырданы қайнап кететіні бар.
Жарайды, онысын қойшы! Заты әйел ғой, қызғана берсін-ақ. Байыған сайын сараңдығы сұмдық болып барады. Сыйласып жүрген талай дос-жарандарға тіл тигізіп, көңілін қалдырды. Әйелінің осындай жағымсыз қылықтарының салдарынан ол талай достарынан алыстап қалды. Осылайша кең сарайдай пент-хаусқа сыймаған Маратбай қаланың шеткері жағында орналасқан көнетоз жатақханадан бір бөлме алып жайғасты.
Түнделетіп келіп жатып қалған. Оянса, бөлменің іші жап-жарық. Сағатқа қараса тал түс. «Ойбай, жұмыс!» деп орнынан атып тұрды да, сенбі екені есіне түсіп қайтадан жантайды. Жатақханаға келгелі ұйқысы түзелген. Төсекке басы тисе болды, қор ете түседі. Түнімен тұяқ серіппей ұйықтайды. Бұрынғыдай емес, қан қысымы да көтерілуін қойыпты. Ал шай-тамақты өзі дайындап ішіп-жеуге ол бұрыннан дағдыланған. Раушанның қолынан он бес жылда бір рет те дәмді тамақ ішіп көрмепті. Үй қызметшісі дайындаған ас-сумен күнелтіп келді. Бірақ ешқашан тұшынып тамақтанған емес. Анда-санда достарының үйлеріне қонаққа барғанда ғана рақаттанып бір қаужаңдайды. Әсіресе, Қадишаның істеген тамақтарын айтсаңшы. Дәмі тіл үйіреді. Соны айтамын деп Раушанның екі апта бойғы ызыңынан зорға құтылғаны бар. Қайсыбірін ойлай берсін. Маратбай бәрін ұмытып, жаңаша өмірге кірісіп кетті.
Ендігі қалған өмірін осы жатақхананың бір бөлмесінде тыныш қана өткізбекші. Өмірінде екі рет бас құрады. Алғашқысынан тұрмыстың тапшылығынан ажырасты. Ол әйелі «жалақың аз, ештеңеге жетпейді» деп құлақ етін жейтін. Соңғысы ақшаның құлына айналып, «күйеуім» деуден гөрі «мүлкім» деп қарауы басым болып кеткен соң, одан да құтылуға тура келді.
Ажырасу жайындағы арызын қараған соттың: «Ортақ дүние-мүлікті тең бөлуге қалай қарайсыз?» – деген сауалына Маратбай: «Ештеңе алмаймын. Көлігім өзімде қалса болды», – деп қысқа ғана қайырған болатын.
Оның бүгінгі тірлігін ерлік санайтындар да бар. Бірақ көпшілік «пейіштен безген бейбақ» деп аяғаны да, айыптағаны да белгісіз, біртүрлі атап кеткен...

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
akhmet-tore@mail.ru | 16 сәуір 2017 18:53
Тартымды. Жалықтырмады. Ой салатын əңгіме.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар