1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №28 (16214)   11 сәуір, сейсенбі 2017
11 сәуір 2017
Еркін тиді екен деп...

Сонда жауап бере алман мен бейшара,
Сіздерге еркін тиер, ойлап қара.

Абай
Еркін тиді екен деп есіре беруге бола ма? Рас, біз ғасыр мен ғасырдың өліарасында, ұрпақ пен ұрпақтың тоғысуында тұрмыз. Аға ұрпақ қаласын-қаламасын, оларға ұнасын-ұнамасын – жас ұрпақ жаңа дүние жасап жатыр. Өзіне ұнайтын, өз талғамына толатын, өзі құнды деп санайтын әлемін қалыптастыру үстінде. Әдебиетте де солай. Жаңа ғасырдың өз авторы, өз оқырманы, өз кейіпкері бар. Бетінен жарылқасын! Бірақ осының бәрі өткенді жоққа шығарумен, мансұқтаумен жүзеге асуы керек пе? Мына сөздерге қараңыз: («Қазақ әдебиетінен» алынды).
1. «Қашанда болсын әйтеуір Абай көмекке келеді де тұрады» деп қынжылады.
Абайдан көп үзінді келтіргендерге, өз сөзін Абай даналығымен бекіткендерге, жалпы, Абай аты жиі аталғанға жыны келген «жас пері». Тегінде ақын болса өз руын жырлаудан, батыр болса өз руын қорғаудан аса алмаса, ол ұлттық тұлға бола алмаса керек. Абайдың Абайлығы сонда – оның ақыл-ойы, кемеңгерлік кесек түйіндері, хакімдік толғаулары ұлт пен ұлыстан жоғары күллі адамзаттық деңгейде. Тым құрыса Абайдың жағасына жармаспаңдаршы...
2. «Абайды Абай еткен – Әуезов». Осы сөздің соңғы кезде жиі айтылатыны сонша – бала-шағаның аузындағы мәтелге айналыпты. Эпопеядағы кейіпкер Абайдың күллі іс-әрекеті мен мінез-құлқы оның өлеңдерінен, қала берді, көзкөрген көнелер мен шәкірттерінің естелігінен алынып тұр емес пе? Эпопеяға дейін де Абай Абай ретінде танылып қойған. Оған А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханұлы бастаған зиялы қауымның еңбегі куә. Екіншіден, Абай ғұмыр кешкен заман, ол өскен орта – қазақтың қазақ ретіндегі қасиетінің қаймағы бұзылмаған, қадірі кетпеген керемет шағы еді. Әуезов өзі де бүкіл жан-тәнімен, табиғи болмысымен, сезім-түйсігімен, ділімен сол заманды құлай сүйген әрі өзі де сол тектілігі мен тазалығы жоғалмаған дәуірдің асыл сынығы, бөлшегі болатын. Сол үшін де ол барша қаламгерлік қуатын, шабытын, білімі мен қабілетін, жанын, жүрегін, рухани болмысын осы туындыға сарқып берді. Сеніңіз, сенбеңіз – бір ұлылықты жаратқан Алла оның танытушысын да, егізін де өзі жаратады. Бірін-бірі тапсын, бірін-бірі ашсын, бірін-бірі көтерсін деп әкеледі. Мұхтар мен Абай да сондай.
3. «Қазір Кекілбаевты, Әуезовті ешкім оқымайды, мені оқиды», – деп жар салып жатыр бір жазушы бауырым. «Неге?» деп сұрайықшы сол жазушыдан. Әлде сіздің қаламгерлік қабілетіңіз, жазушылық шеберлігіңіз олардан артып тұр ма? Өзіңізді қатар қойып салыстыруға басқа «тең» таппадыңыз ба? Үндемейсіз, ә? Онда себебін біз айтайық: біріншіден, қазіргі сіздің оқырманның өрісі, талғамы, қабілет-қарымы ондай сүбелі, құйқалы, кесек дүниелерді оқуға, сіңіруге, тұшынуға жетпейді. Сондықтан да жеңіл-желпі, жарнамасы көп, бір сәттік қана әсер сыйлайтын дүниелерді оқиды. Ендеше, олардың Әуезовті емес, сізді оқуы әбден мүмкін. Тіпті заңды да...
Екіншіден, қазір танымал болудың төте жолы – өзін-өзі жарнамалау. «Қолы ұзын» қаламгер өз кітабын (әлі өз елі оқымаған) не Түркияда, не Ресейде бастырып әкеледі де, интернетке жібере салады. Ал сосын жас оқырман «шетелге даңқы кеткен» жазушыны оқығысы келмей ме?
Сонда деймін-ау, төбе би болып төрелік айтатындай сол түріктер қазақ әдебиетінің көркемдік көкжиегін қаншалықты біледі екен? Егер әлем оқитын әдебиеттің сапасы үшін сәл қайғыратын түрік болса, «осы біз нені басып жатырмыз» деп сәл ойланар еді-ау... Оларға бәрібір ғой. «Ұялса өздері ұялсын» дейтін шығар.
4. «ХХ ғасыр әдебиетін түгел қайта қарап, сүзгіден өткізіп, орындарын белгілеуіміз керек». ХХ ғасыр – қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Ондағы әрбір туынды замана сұранысынан туған. Тіпті қайта реттеген күннің өзінде ол шығармалардың көркемдігіне ешкім мін таға алмайды. Ал көркем шығарманың басты өлшемі, кредосы – көркемдік. Енді келіп «Ғабит – бірінші, Сәбит – екінші» деп сапқа тұрғызып, аруақты әурелеу қалды ма? Атамыздан қалған ескі шапанды да құрметтеп төрге ілеміз ғой. ХХ ғасыр мұрасы соғұрлым болмай ма? Тиіспейік, құрметпен қарайық. Оларды қазіргі оқырман оқымаса, одан да трагедия жасамайық. Есесіне кезінде оларды оқымаған қазақ болған жоқ. Әр қаламгердің, әр туындының өз оқырманы болады.
Егер әлденені реттеу тіпті қажет болып бара жатса, еліміз егемендік алғаннан бері де қаншама туындылар өмірге келді. Реттейік, талдайық, санайық, орын берейік. Жиырма бес жылдың ішінде қазақ «ақтабан-шұбырындыға» ұшырамаса да, талай психологиялық күйзелісті, өзгерісті бастан кешті. Жеткені қайсы, жоғалтқаны не? Қазақтың 25 жылдағы басынан өткен өзгерісті түгел өз басынан өткеріп, көрсетіп бере алып тұрған кейіпкер-тип бар ма? Бейімбеттің кіп-кішкене әңгімесі, «Қара шелектегі» Айша – типтік кейіпкер. Себебі қазақ тарихындағы ең бір күрделі саналатын колхоздастыру кезеңіндегі күллі қазақ әйелінің ішкі жан дүниесіндегі дүрбелеңін, қарсылығы мен қайшылығын, психологиялық күйзелісін, сергелдеңін, мінез-сипатын бір басына жинақтап тұр. Тура осылай 25 жылдағы өзгерістің қазақ әйелінің өміріне, тұрмысына, психологиясына әкелген өзгерісін бір басына сыйдырып тұрған қазақ әйелінің бейнесі бар ма, жасалды ма? Жүз кәсіпкердің өткен жолын, кешкен тауқыметін бір кәсіпкердің бойына жиып, қазақтың жаңа байының бейнесін жасаңыз – әне, тип деген сол. Тип жасау үшін «Абай, Шұға, Ақбілек жоқ» деп жылаудың қажеті жоқ.
Еліміз тыныш, жұртымыз аман, саясат пен экономика тұрақты болса, нағыз классиканы оқитын, кино мен театрға, опера мен балетке баратын ұрпақ өмірге енді келеді. «Менің оқырманым – ХХІ ғасырда» дегенді неге айтты Мұқағали?!.
Қаламгер бауырлар, өткенге құрметпен қарай отырып өз ғасырымыздың әдебиетін, кейіпкерін жасайық.

Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
сыншы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар