1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №29 (16215) 13 сәуір, бейсенбі 2017
13 сәуір 2017
«Айта берсін!» деп отыра бере ме?

Қазіргі телехабарлардың тақырып аясы тарылып, әртістердің жүрген-тұрғаны мен «концерттерінен» басқа көрсетері жоқ болып бара жатқаны баспасөз бетінде жиі қозғалып жүр. Ең өкініштісі, қанша айтылса да, оң өзгеріс байқалар емес.
Әсіресе, жастарымыз батысқа еліктеп, ұлттық тәрбиенің үрдісінен адаса жаздап, даңғаза жарнаманың насихаты құтырып тұрған қазіргі қым-қуыт заманда ақпарат құралдарының ішіндегі тиімдісі де, беделдісі де, ел назарына жедел жететіні де телехабарлар екені рас. Алайда сол көк жәшікте ұлттық тәрбие мен ел болашағы, өткен тарих, бүгінгі түйткілді жағдайлар туралы хабарлар азайып барады. Бар болса да, саусақпен санарлық қана. Қайсы телеарнаны қоссаң да, елді қытықтап күлдіріп ақша табуға тырысқан, тақырып аясы тым тар, отбасы-ошақ қасындағы «әзіл-оспақ», арзан әуенді «концерттер», «шоулар». Әлгіден жалығып келесі арнаны қарасаң, бірде асаба, енді бірде әнші, тағы бірде тележүргізуші боп жүрген «өнерпаз» ініміз бен қарындасымыздың жаңадан салдырған ақ сарайдай үйін, мініп жүрген қымбат автокөлігін, киімдерін қайда және қанша мың долларға тіккізетінін, шетелдің қайсысында демалғанын жіпке тізгендей көрсетіп жатқаны... Одан қалса, әне бір әнші мен мына бір әнші арасындағы кикілжің. Ана әртістің қашан ажырасқаны, әлгі мен мынаның не үшін соттасып жатқаны, жерге сыймай бара жатқан «жұлдыздардың» жүргені мен тұрғаны, күлгені мен жылағаны... Бәрі-бәрі бүге-шігесіне дейін айтылып, эфирден түспейтін болды. Бұл не үшін және кім үшін керек?!
Ұлты мен ұрпағының қамын жеп, сол жолда қалам қарымымен қыруар іс тындырған Ж.Молдағалиев, Ә.Нұрпейісов, Ш.Мұртаза, М.Мағауин мен М.Шахановтар, өзі өлсе де, артында асыл сөздері қалған Ә.Кекілбаев, М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, К.Смайылов, А.Сүлейменов, С.Әшімбаев, Б.Мұқаи секілді ірі тұлғалар жайлы хабарлар неге берілмейді!?.
Кемеңгерлік пен ел алдында адал өмір сүрудің айқын көрінісі іспетті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың мұражай-үйін телеарналардан көрсетсе, жауапты қызметтегі тектілік, ынсап, азамат арының тазалығы дегеннің не екенін бүгінгі обырлар ұқпаса да, жас ұрпаққа сабақ болар еді ғой. Сондай хабарларды беруге не кедергі?..
«Телеарналар қалың көрермендердің есебінен байыған пысықай әртістердің малайы болып кеткен бе?» деген ой келеді кейде. Артық айтсақ, Алла өзі кешсін. Елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтайтын кешегі С.Әшімбаев жүргізген «Қарыз бен парыз», «Жүректен қозғайық», С.Оразалинов эфирге шығарған Ғабит пен Ғабиден, Сәбит секілді ірі тұлғалардың ұлт пен ұрпақ, адам мен заман жайлы хабарлары, А.Сейдімбековтің Ж.Кәрменовпен сырласа отырып қазақ мәдениетінің арғы-бергі тарихы, әннің қадірі мен ұлттың намысы жайлы айшықты ой қозғайтыны сияқты бағдарламалар бүгін жоқтың қасы. Кезінде «Қазақстан-1» ұлттық телеарнасында Қасым Аманжолов жүргізген «Шынның жүзі» хабарында белгілі тұлғалардың аузымен айтылған елдік, ұлттық мәселелер қазір ұмыт қалды. Сол Қасым секілді ұлтының намысы үшін барын салатын жігіттер телеарналардан неге шеттетіледі?! Көрермен көпшілікке тележүргізушілердің сыртқы сымбаты ғана емес, ұлтжандылығы, терең білімі, орынды ой-пікірі қымбат.
Қазынаның ақшасын қымқырып, бірінен кейін бірі сотталып жатқан ашкөз шенеуніктердің, мемлекет қаржысын шетел асырған қашқын алаяқтардың қылмысын ашатындай зерделі зерттеу жүргізіп, өзгелерге ой саларлық хабарлар беруге болар еді. Одан бөлек, ұлт пен ұрпақ, тіл мен мәдениет мәселелері, «елім» деп шеттен келіп, кейде баспанадан, енді бірде орыс тілін білмегендіктен жұмыссыз қалып қиналып жүрген оралмандар жағдайы, шалғай ауылдардағы ауызсу мен жол мәселесі, аудандар мен қалалардың кешегі және бүгінгі келбеті, болашағы, жастар проблемасы, елді алаң ғып отырған жер мәселесі, жұмыссыздық, кәсіпкерлерді қолдау, ауыл спорты, ойы жеткен жерге қолы жетпей жүрген фермерлер өмірі, экология, демография, атбегілік пен құсбегілік, ұлттық өнер, мәдениет тақырыптарының да жан-жақты көрініс тауып жатқанын көрмедік.
«Айта берсін!» деп қойып, әртістер жайлы өсек-аяңды эфирге алып шығу не үшін және кімнің құрметі үшін керек? Осы мәселе жайлы белгілі қаламгер, ұлтжанды азамат Марат Тоқашбаев та кезінде орынды пікір айтты. Оның ойларын толық қуаттап, қолдауға әбден болады. Көпшіліктің орынды ой-пікіріне телеарна басшылары кеш те болса көңіл аударғаны жөн. Әлде «Айта берсін!» деп отыра бере ме?..
Жалпы, БАҚ ең алдымен елдің, ұлт пен ұрпақтың, бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптарын қамтуға тырысуы керек десек, бізде қазір осы жағы кемшін соғып жатыр. Қатардағы көрермен ретінде айтқан достық рәуіштегі бұл пікірімізге замандас әріптестерім мен осы салада басшылық тізгінін ұстап отырған іні-қарындастарым шамдана қоймас деп ойлаймын. Керісінше, «Шынында да, телехабарлар неге көрермен көңілінен шықпай отыр?» деген сауалға жауап іздеп, ізденіспен ілгерілеуге ұмтылса, сөзіміздің желге ұшпағаны...

Айтақын ӘБДІҚАЛ,
Ақын
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Қонақ | 13 сәуір 2017 15:59
Әй Айтақын Әбдіқал не болса соны жазып, кімге керек?
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар