1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №29 (16215) 13 сәуір, бейсенбі 2017
13 сәуір 2017
Тілдің соры болды ғой телеарналар

Бүгінгідей алмағайып заманда қазақ сияқты саны аз, оның үстіне 300 жылдан астам Ресей империясының құрсауында болып тілі де, діні де адам нанғысыз күйге түскен ұлт ұрпағының санасын, ұлттық болмысын аман сақтап, алға жетелеудің ең қуатты қаруы – телевизия. Кез келген мемлекеттің телеарналары қай тілде көбірек сөйлесе, халқы да, негізінен, сол тілде сөйлеуге ойысқанын байқамай қалады. Қазіргі Қазақстан телеарналары орыс тілінің құрсауынан шықпағандықтан да, қазақ тілі өз елінде өгей күй кешіп отыр. Ұлттық арна саналатын «Қазақстан» ТРК-сына басшы болып Ерлан Қарин келгенде «қазақылығы бар жігіт қой, енді бір мәнісі болар» деп көңілденіңкіреп қалғанбыз. Көп ұзамай осы арнаға бас продюсер болып Нұрлан Қоянбаев деген не журналист, не саясаткер, не тіл маманы емес, әйтеуір, «Түнгі студияға» әр саланың өкілдерін кезекпен шақырып алып арзанқол әзіл айтып отыратын жігіт, ал «Таңшолпанға» тележурналистикаға қырық қайнаса да сорпасы қосылмайтын және әншілігінің өзі де онша «алып бара жатпаған» Гүлнұр Оразымбетова келіпті дегенді естігенде жүрегіміз мұздай болды. Өйткені ұлттық телеарна тізгіні әзілкештер мен әншілерге тисе, ондағы тіліңнің, діліңнің, ұлттық дүниетанымыңның, ұлттық ұрпақ тәрбиесінің не күйге түсерін көкірегіңізде сәл саңылау болса түсіне беріңіз.
Телевизияның қуатты қару болумен қатар, қауіп-қатері де өте зор. Теледидар оны көріп отырған адамның миына, санасына тікелей әсер етеді. Оның журналисі қалай сөйлесе, көрермен де солай сөйлейтін күйге түседі және оны өзі байқамайды. Қазір екінің бірі сөз арасында «...құрайды», «жәнегі», «жанагы», «белгілі болғанындай», «қайда бармасаң да» деп сөйлейтіні де – осы телеарналардағы әрі сауатсыз, не журналистикадан, не әдеби тілден хабары жоқ әнші, КВН-шы, әзілкештердің немесе білім-білігі төмен, жаңалықтарды шатты-бұтты, балдыр-батпақ тілмен баяндап шығатын шалағайлардың кесірінен. Ондайлар сөз атаулының жазылуы мен айтылуының арасында үлкен айырмашылық (орфография, орфоэпия) болатынын да білмейді. Мысалы, «Ақ орда» сөзі айтылғанда –«Ағорда», «көкөніс» сөзін «көгөніс» деу керек болса, олар соны жазылған күйінде «ақорда, көкорда» дейді. Сол сияқты «тамақ жеп жатыр», «тойлап жатыр», «жұмыс істеп жатыр» деп бәрін «жатырға» жатқызып, бүкіл дыбысты түгел айтып жатпай-ақ, «тамақ ішібатыр», «жұмыс істебатыр», «не қыласың?» дегенді «неғыласың» десе еш айыбы жоқ. Түркітектес әзірбайжан, өзбек, татар, қарақалпақ солай сөйлеп-ақ мемлекеттік тілін төрге шығарып, орыстардың өзін әзірбайжанша, өзбекше сөйлетіп қойды. Сол әзірбайжанға да, өзбекке де, қарақалпақ пен татарға да қатысы жоқ Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Орал уәлаяттарының қазақтары да ауызекі тілде сөз ортасында «ж»-ны, («жатырды») айтпай-ақ ұғынысады.
Қазір теледидардың бетін бермейтін әзілкештердің бірі – Тұрсынбек Қабатов. Оның әзілдері әзіл деуге де келіңкіремейді. Әр әзілдің өз салмағы, мән-маңызы, мазмұны болуы керек. Тұрсекеңде ол жоқ. Есесіне бет-ауызды жыбырлату, қыбырлату басым. Мейлі, оның сол деңгейдегі өз көрермендері бар ғой дейікші. Ең жаман жері – осы жігіт сахнада тұрып қажетті де, қажетсіз де жерде орыс сөздерін араластырып қолдана береді.
Мұның бәрі сөз арасында жай айта салған пікіріміз ғана. Бірақ теледидаршылардың төмендегі балдыр-батпағынан көп ұзамай тіліміз құрып бітуі ғажап емес. Әйтпесе мына сөз саптауларды дені сау қазақтың сөз саптауы дей аласыз ба? Қараңызшы:
1. Тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады
2. Өмірге 2000-ыншы сәби сыйлап (25.03.2017, СТВ)
3. Мереке жылылық сыйлады (7.03.2017)
4. Қуаныш сыйлады
5. Дайындық уақыты 3-4 сағатты құрады
6. Келесі жолы сәттілік жолдас болады («Хабар-24», 26-03.2017)
7. Бұзу жұмыстары қызу жүргізілуде (КТК)
8. Оның қалыңдығы 70 см-ды құрайды (Ұлан Нұрахметұлы, КТК, 24.03.2017)
9. Кезекті ер адам із-түзсіз жоғалды (КТК, 15.03.2017)
10. Құбырларды ауыстыру жұмыстары жалғасуда (КТК).
11. Сұранысқа ие сыйлықты сатып жатыр (КТК)
12. Іздеу жұмыстары жалғасын табуда («Қазақстан», 24.03.2017).
13. Бұл шаш үлгісі әйелдер арасында жоғары сұранысқа ие болған («Хабар»)
14. Сұранысқа ие гүлдер («31-арна»)
15. Жүрегі үлпілдей (Бибігүл Жексенбай, «Хабар», «Тұлпар» деген бағдарлама). Жүрек үлпілдейтін мақта ма, әлде құстың жүні немесе ешкінің түбіті ме? Жүрек лүпілдейді ғой.
Соңғы 25 жыл ішінде ана тілімізге орысшадан тәуелсіздік әпермек түгіл, ең бай, ең шұрайлы да шырайлы түркі тілінің бірі – қазақ тілін орысшаның тікелей аудармасына айналдырып, қорлағанымызды жоғарыда біз келтірген сөз саптаулар-ақ дәлелдеп тұр.
Бүгінгі телеарналардың ұлтымыздың ұлттық сана-сезімін, ұлттық рухын оятып, тілін, ділін күшейтудің орнына әнші емес әншілерді, сазгер емес сазгерлерді, не өлең, не қара сөз деуге келмейтін балдыр-батпақ мәтіндерді, көргенсіздікке толы әзілдері көп көрсетілімдерді насихаттайтын қатерлі құралға айналғаны туралы айтылып келе жатқанына талай жылдың жүзі болды. Бірақ соның ешқайсысынан ешқандай нәтиже шыққан емес. Соған қарағанда Қазақстанда қазақтың сөзі желге ұшып, керуенге қарап шәуілдегенмен бірдей болды ма деп те қорқамыз. Бұған ар жағы ақпарат министрлігі, бер жағы «Қазақстан» ұлттық арнасының жауапты қызметіне Н.Қоянбаев сияқты әзілкешті, Г.Оразымбетова сияқты ортақол (ортаңқол емес!) әншіні әкеп қойған басшылар не дер екен?..
 

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар