1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №30 (16216)   18 сәуір, сейсенбі 2017
18 сәуір 2017
Батырларды бағаламау – ұрпаққа сын

Егемендік алғалы ой-санамызға елеулі өзгерістердің енгені дау тудырмаса керек. Бұрынғы тарихи-мәдени құбылыстар жаңаша сөз болып, өзгеше бағалана бастады. Бірақ сол жаңа пікірлердің барлығы бірдей шындық, ақиқат деуге келе бермейді. Тарихи іс-әрекеті «ревизияға» ұшыраған тұлғалардың бірі – Аманкелді Иманов. Көзі тірісінде «батыр» атанған Аманкелдіні бүгінгі «жаңалық» қуғандар теріс бағалап, іс-әрекеттерін жоққа шығарғысы келеді. Сонда олардың сүйенері бір ғана қоғамдық формацияның өзгерісі болғаны ма? Тарих ғылымы әрбір тұлғаны өз кезеңіне қойып бағалауды ұсынады. Олай болса, Аманкелдіге бүгінгі саясат мінбесінен баға берушілерге жол болсын! Біреулердің көзі мен көкірегі қатар ашылып, М.Шоқайдың бір ғасыр бұрын Аманкелді туралы айтқан сөзін жалаулатып, газет-журнал беттерінде қайта жариялап, «біз мақтап келген батыр осындай екен» деп ұрандатуда. Сонда ел қолдап, соңына ерген батырдың бағасын жүрдім-бардым айтыла салған бір ауыз сөзге тірегеніміз бе?

Революция идеясын арғын мен қыпшақтардың арасындағы тартыс деп түсінгендердің қатарында Аманкелді ғана емес, С.Сейфуллин т.б. да бар. Өзінің атышулы «Тар жол, тайғақ кешу» романында Сәкен: «Уақытша үкімет тарапынан Торғай уәлаятына комиссар болып тағайындалған Әлихан Бөкейханов Торғай халқына көтерілісті тоқтатып, бейбіт өмірге қайтып оралуға шақырды... Ахмет пен Мирякуб арғын руынан болуы себепті Торғай өңіріндегі арғындар олардың сөздеріне құлақ асты да, қыпшақтан шығып «хан» сайланған Әбдіғапар мен Аманкелдіні тыңдамады. Нәтижесінде кеше ғана орыс отаршыларына қарсы бірге соғысқан Торғай қазақтары енді қыпшақ пен арғын болып екіге жарылды», – деп, М.Шоқайдың пікірін қайталаған.
Жалпы, кеңестік саясаттың қас жауы М.Шоқайдың бір кездері революция идеясына қызмет істеген Аманкелдіге берген бағасын тарихи танымның соңғы сөзі деуге болмайды. Ресейде В.И.Чапаевты сөгіп жатқан ешкім жоқ, ал біз Аманкелді Имановқа теріс баға беруді бастап кеттік. Оның бәрі Аманкелді тұлғасын бағалаудың төрт құбыласы тең толымды өлшемі бола алмайтыны да белгілі.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске өзгеше баға берушілердің сүйенетін мәліметтері қайсы? Байқап қарасақ, Аманкелдінің бар «кінәсі» Алаш партиясының өкілдеріне қарсы болғандығында секілді. Кейде Алаш ардагерлерін ақтау ісі кеңес қайраткерлерін даттау арқылы жүзеге асырылып жатқаны да байқалып қалады. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сияқты Алаш ардагерлерінің іс-әрекеттері Аманкелді заманымен сабақтас десек, батырдың мерт болуына олардың ықпалы болған жоқ деп айту да қиын. Сол жылдардағы баспасөз материалдарында Аманкелдіні өлтірудің себептері біршама айқын көрсетілген. Мысалы, С.Асфендияров өзінің «Национально-освободительное восстание 1916 года в Казахстане» (1936) атты кітабында: «Летом 1919 года Амангельды, будучи тургайским уездным комиссаром, был расстрелян алашордынцами (Дулатовым, К.Токтабаевым). Отряд Дулатова обманным путем, выражая полную готовность перейти на сторону советов, проник в Тургай, где совершил контрреволюционный переворот и захватил Амангельды», – деп жазған.
Тағы бір тұсында көтерілісті суреттеп: «Амангельды во главе своего отряда врывается в город, несмотря на встречный пулеметный огонь. Завязывается бой. Сподвижник Амангельды, Кейки, убивает начальника городской дружины Курбатова. Город был сожжен со всех сторон. Однако восставшим не удалось взять крепость с ее гарнизоном. Бой длился с 4 утра до трех с половиной часов дня. Положение Тургая оставалось критическим, на его выручку царские власти спешно бросают военные силы...
Вследствие агитации алашордынцев Байтурсынова, Дулатова, Беремжанова (бывший мирового судьи и члена 2-й госдумы) – все они были их рода Аргын – аргынцы изъявляют покорность. Избранный «хан» Касым сдает захваченные при нападении на почву 40 тысяч рублей казенных денег»,– деген мәліметтер келтіреді.
Аманкелді өліміне қатысты деректер Әліби Жангелдин жазбаларынан да табылады. «Областной комиссар Временного правительства алашордынец А.Букейхан продолжал держать в степи карательные отряды, продолжал вести борьбу с джигитами Амангельды Иманова», – деп жазған Ә.Жангелдинді Петроградтағы жұмысшы-шаруалар депутаттарының кеңесі Торғай өлкесіне жіберіп, уақытша үкіметтен жазалау отрядын алып кетуді талап еткен. Бірақ Ә.Бөкейхан ол тапсырманы орындамаған. «Комиссар Временного правительства по Тургайской области А.Букейханов арестовал меня и посадил в тюрьму, из которой я освободился через два месяца по настоянию Петроградского Совета», – дейді автор.
Алашорда қайраткерлері «Қазақ» газетінің 1916 жылғы 11 тамыздағы (№192) нөмірінде қазақ халқына үндеу жариялағанын айтып: «Букейханов, Байтурсынов и Дулатов, чтобы еще раз подтвердить свои верноподданническую позицию в отношнении к царизму писали: «Мы боремся за выполнение приказа царя». Таков наш путь», – деп жазғанын келтіреді. Олардың халықты патшалық Ресейдің жұмысқа адам алуына көнуге шақырғаны анық.
С.Брайнин мен Н.Тимофеевтің «Амангельды Иманов – вождь восстания 1916 года в Казахстане» (1936) атты кітабынан: «18 мая Букейханов доносил в Министерство внутренних дел: «Абдулгафар, Амангельды, не желая принять участие в совешании, выехали из Тургая. Успокоение уезда требует ареста их. Из-за них я держу в уезде четыре сотни казаков. Прошу вашего разрешения арестовать Амангельды и Абдулгафара» (ЦАОР, ф.404, 15, ч.8, 2 отд., 1917г., л.61-62), – деген жолдарды оқимыз. Одан әрі: «Комиссар временного правительства по Тургайской области, лидер партии «Алаш» Алихан Букейханов делает все, чтобы расправиться с участниками восстания 1916 года и их вождем – Амангельды Имановым...
В середине апреля 1917 года Букейханов просил уже Министерство внутренних дел прислать в его распоряжение воинский отряд для направления его против повстанцев 1916 года. 27 апреля 1917 года Министерство внутренних дел сообщило Букейханову, что его просьба «сообщено военному министру» (КазЦАУ, ф.Тур. Обл.Пр., д№12, л.5), – деген мәліметтер келтірілген.
Сонда Аманкелдінің «кінәсі» не? Елді патшалық Ресейге қарсы көтеріліске бастап, уақытша үкіметті мойындамағанында ма? Әлде Алаш қайраткерлерімен араздығында ма? Егер, жоғарыда айтып өткеніміздей, кемшілігін қызылдарға қызмет істегенінен іздейтін болсақ, онда кеңес заманының Буденный, Чапаев сияқты барлық қайраткерлерін қайта бағалау қажет болады. Ол қаншалықты дұрыс, қаншалықты бұрыс?
Бүгінгі баспасөзде бірыңғай қараланып жүрген қоғам қайраткерлерінің бірі – Әліби Жанкелдин. Әсілі, өткен тариxты бүгінгі саяси ұғым-түсінік тұрғысынан бағалаудың берері шамалы. Оның үстіне бізде бір қайраткерді мақтап, екіншісін даттайтын тәсіл үстемдік құруда. Баспасөз бетіндегі тариxи материалдар осыны аңғартады. Дұрысында, олардың қызметі мен көзқарастары өз кезеңіне қойылып, диалектикалық тұрғыдан таразылануға тиіс. Жалпы, өткенді мансұқтаудан гөрі қайшылығын, себеп-салдарын көрсеткен пайдалырақ. Тариxи тұлғалардың жеке басын тұқыртудан бұл әлдеқайда дұрыс танымдық тәсіл. Әрбір қайраткер сол тұстағы саяси жүйе, қоғам аясында бағалануы шарт. Патшалық Ресейге қызмет істегендерді, кеңес заманында қызмет атқарған тұлғаларды егемендік дәуір талаптарымен бағалау жөн емес.
Мысалы, Әліби Жангелдинді сыпыра даттайтын мамандар Тұрар Рысқұловты неге жатып кеп мақтайды? Екеуі де қызыл саясатқа сеніп, басшылық қызметте болды емес пе? Дала комиссары ретінде «Степнов» деген фамилия алған да шығар, бірақ төлқұжаты бойынша Әліби Жангелдин болып тариxқа енген жоқ па? Осы ақпараттан ілік іздеуден не ұтамыз? «Ленин», «Сталин», «Горький» революциялық символикаға толы атаулар болса, «Степнов» соның далалық бір көрінісі болғанын ұғудың қиын болғаны ма? Оны «сатқындық», «шоқынғандық» деп бір ғасыр бұрын айтылған пікірді қайта жаңғыртып, ушықтырудың не қажеті бар? Онда Рысқұловтың Ресей совнаркомындағы қызметі неге аталмайды? Әлиxан Бөкейxанның массон ұйымына мүше болғанын неге ескермейміз? Жоғарыдағы «шоқынған» деген бағаны мұның екеуіне де қаз қалпында қолдануға болар еді ғой.
Осы тұста мына шындықты да ұмыта береміз: Қазақ елі осыдан бір ғасыр бұрын кадет партиясының мүшесі, уақытша үкіметке қызмет істеген Әлиxан, Аxмет, Міржақып емес, Аманкелдінің соңынан ергені де шындық емес пе? Бұл – Алаш қайраткерлерінің еңбегін кемсіту емес, кейбір тариxи фактілерге ой жіберіп, назар аудару.
Жалпы, бізде кешегі тариxи тұлғаларды бүгінгі ұлт мүддесі, ұлттық идея тұрғысынан бағалау басым. Әрбір саяси қайраткер өзінің іс-әрекеттері ғана емес, баспасөз бетіндегі ой-идеяларымен де бағалануы керек. Байқап отырсақ, олар бірде ру, бірде аймақ, өлке туралы, бірде бүкіл түркі әлемі, тіпті Еуропа елдері туралы толғанып, xалықаралық деңгейге көтерілген. Демек, тұлға бағалауда олардың әлеуеті мұқият ескерілуі шарт.
Қазақ халқының әр кезеңдегі қоғам қайраткерлеріне саяси-тарихи баға беру ісіне жауапкершілікпен қарап, өткінші ағымның ізінде кетпелік. Аманкелді Имановтың да, Әліби Жанкелдиннің де қазақ тарихынан ойып алатын өз орындары бар. Қалай болғанда да тұлғатану ісін диалектикалық арнада өрбітіп, жетістігі мен кемшілігін қатар қарастырғанымыз абзал. Бұл сөзіміздің жоғарыда аталған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов т.б. да қатысы бар.
Ерлік – мәңгілік құбылыс. Басын өлімге тігіп ерлік жасаған батырларды қай заманда да мансұқтауға болмайды. Жаңа буын солардың іс-әрекеттеріне қарап жетіліп, елін, жерін қорғауға дайын болады.


Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЙ, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетініңпрофессоры, филология ғылымының докторы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Қос Танай | 19 сәуір 2017 00:03
Пікір орынды. Бір азаматты еске алу кешінде өзін саясат мансабында жоғары деңгейде ұстанған аға буын өкілі: "Міржақып еңбектерін аса құрметтеп, ол қазақтың данасы, көсемі Ұлт-азаттық мерекесінде жоғары тұру қажет, Аманкелді кеңес үкіметінің қолдан жасаған батыры, білімі жоқ, барымташы болған" деген ыңғасыздау әңгімені ықыластана айтып отыр. әңгімені бөлуге тура келді. Автордың ойы дұрыс. Тарих - сабақ. Ұрпақтың миын шірітпеу керек. Ешкімде ғұлама бола алмайды, оны халық жасайды ағайын.
Айдай ақиқат | 19 сәуір 2017 18:47
Шындығына келсек, Аманкелді Иманов әке-шешеден ерте айрылып, жетім қалады. Күн көру үшін байларға жалданып, малын бағады. Атақты ұры болған. Жазалаушы әскерлерге қарсы қол бастағаны рас. Ахмет пен Міржақыпты арғындардың үкіметін құрушы адамдар деп түсінген. Большевиктерді қыпшақ руының жанашырлары деп бағалаған. 1919 жылы алашордашылар оны атып өлтіріп, басын кесіп тастаған. Кеңес үкіметі Аманкелдіні батыр деп насихаттады. Шындығын айтар болсақ, Кейкі нағыз батыр болған.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар