1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №30 (16216)   18 сәуір, сейсенбі 2017
18 сәуір 2017
Жауыздық және жалғыздық

Күлпаш бүгін күні бойы торығып жүрді. Жүрегі құрғыр өз-өзінен алабұртып, көңілі жадырамай-ақ қойды. Әлдене сықыр етсе үйге біреу кіріп келетіндей елеңдеумен болды. Не істеп, не тындырғанын білмейді. Сөйтіп жүріп ымырт та үйірілді.
Түннің біраз уақыты өтсе де, кірпігі айқаспаған. Терезені тамшылар сабады. Артынша найзағай шартылдап, көк күмбезін ирек-ирек жойқын от-жасын тілгілеп өтті. Найзағай оты зеңгір аспанды ғана емес, Күлпаштың да жүрегін тілгілеп өткендей болды. Келіншек шәйі көрпесін қымтана түскенімен, денесі жылымады. Жастығының суланып қалғанын сезінді. Сол бойы көз жасына ерік берді. Құдай-ау, неден басталып еді өзі?
Онда да осындай жаз еді. Сол жылы жауын мол түсті. Соның әсері ме, жусан, изен, бидайық, шашыратқы, киікоты, таңқурай, бақбақ гүлі бірімен-бірі жарыса өсіп, самал желмен ырғалғанда әдемі сурет кескіндейтін. Жастар жиналып қырға шыққан осындай шаттықты күннің бірінде Мақсат пен Күлпаш танысып, табысқан-ды. Содан былай Мақсат Күлпашты еркелетіп, «қыр гүлі» деп атаушы еді.
Шіркін Күлпаш! Қыр гүлі десе қыр гүлі еді-ау! Сұңғақ бойлы, аршын төсті, құлын мүсінді сұлуға сұқтанушыларда есеп жоқ-ты. Құрықтыға ілдірмей, азат құлындай асыр салып жүргенде осы жігіттің жанарына тұсауланды да қалды. Өзі де білмейді. Бұл не деген құдірет? Әйтпесе соңынан небір мықтылардың балалары жүгірді емес пе? Байлығын көрсетті, барлығын танытты. Күлпаштың жүрегі селт еткен жоқ. Ешбірін кеудесінен итермеді де. Жанына тым жақындатпады да. Сондықтан үміттері үзілмеген жігіттер ойда жоқта бәсекелес табыла кеткенде төбелеріне тосыннан жай түскендей болысты. Мықтысынғандары Мақсатқа «кіммен ойнап жүрсің өзі?» дегендей сес көрсетіп қоюды ұмытқан жоқ. Бірақ Мақсат олардың ешқайсысынан да қыңбады. Қайта ерегісе түскендей, кеш болса Күлпашты күтіп алып, барқыт түнде екеуі саябақтарда сырласуды жиілетті.
Мейрамхананың бірінен жеңіл тамақтанып, екеуі қолтықтасқан бойы көшеде алаңсыз келе жатқан. Кенет қарсы алдарына «Джип» келіп тоқтай қалды. Іле есіктер сарт-сұрт ашылып, төрт жігіт шыға келді де, Мақсатты аяусыз соққының астына алды. Күлпаш не істерін білмей, аяқ-қолы дірілдеп, тоңған адамша қалтырады.
– Ұрмаңдаршы оны. Жіберіңдерші! – деп жалынғаннан басқа қолынан не келер еді бойжеткеннің. Кенет бір жігіт қолынан шап беріп өзіне қарай жұлқа тартқанда, Күлпаш шыңғырып жіберді.
– Жап аузыңды! Енді дауыс шығарсаң, кеңірдегіңді жұлып аламын. Бұдан былай сені мына өлексемен көрсем, айтпады деме, өлтіремін. Ал, енді тұр да, машинаға мін. Үйіңе жеткізіп саламыз, – деген қаһарлы дауыстан селк етіп басын көтерсе, қарсы алдында күжірейіп Қаппар тұр.
Толған айдай толықсыған қыздан дәмелінің бірі осы Қаппар болатын. Өзі бір дөкейдің ұлы. Күн сайын мейрамханадан шықпайды. Үріп ішіп, шайқап төгеді. Бірақ қыз ыңғай танытпаған. Ендігісі мынау.
– Жоқ, мені жеткізіп салмай-ақ қой. Өзім қайтамын, – деді қыз.
– Мына сұмырайға қайтып оралсаң, айтпады деме, осының кейпін киесің. Одан да бізбен үйіне жетіп ал, – деді Қаппар.
– Рахмет! Жаяу-ақ жетемін.
– Онда неге тұрсың? Бар, кете бер!
– Енді сен «Мақсатты ұрмаймын» деп уәде берші.
– Е, мынаны аяп тұр екенсің ғой. Жігіттер тағы тепкілемесін десең, бізбен бірге жүр. Әйтпесе...
Қандарын ішіне тартып, сұрланып тұрған мына қарақшыларды осы арадан ертерек әкетпесе, бүк түсіп жатқан Мақсатты бұлар әлі де азаптай берерін сезіп, Күлпаш амалсыз көлікке барып отырды.
– Саған осы керек! – деп бір сотқар онсыз да ес-түссіз жатқан жаралы жігітті ыңқ еткізіп бір тепті де, көлікке мінді.
– Өлтірдіңдер ғой, өңшең қанішерлер! Мен ертең сендердің үстеріңнен полицияға шағымданамын, – деп Күлпаш ағыл-тегіл жылады.
– Сенің полицияңнан қорқып едік, – деп есер жігіттер арсыздықпен қарқ-қарқ күлді.
Сол күні ол Қаппардың босағасын аттады. Қатулы қабақтардан қашып құтылу мүмкін емес-ті. Ары мен жаны бірдей жаншылған Күлпаш түнімен тағдырына лағынет айтып шықты. Қуғыншы боп келген ағасы мен жеңгесі «мынадай бас айналдырар бақтан ешқашан да айырылмау керектігін» мың сан қайталап, келген іздерімен кері қайтты. Екі көзі бұлаудай болған Күлпаш жат босағада өксіп қалды.
Содан қайтып Мақсатты көрген жоқ. Оның не өлі, не тірі екенін білу Күлпашқа мұң болды. Әрине, Қаппардан сұраса өлердей таяқ жейтінін біледі. Сыртпен байланысу да қиын. Күйеуі ұялы телефонын келген күні-ақ тас-талқан еткен. «Тым болмаса бір рет тілдессем екен» дейді жұлым-жұлым жаралы жүрегі.
Тойдан кейін Күлпаш күйеуіне:
– Мен енді сенің заңды келіншегіңмін ғой. Қайда кетемін? Маған жұмыс тауып бер. Алған білімім текке кетпесін, – деген.
– Отыр үйде, менің әйелім жұмыс істеуге тиіс емес, – деп тістенді озбыр күйеуі.
Осымен әңгіме біткен. Бұл тақырыпқа бұдан былай әңгіме қозғаудың пайдасы жоқтығын ұққан келіншек қатты күйзелді. Бірде Қаппарды құттықтап үйге бір топ жолдастары келді. Күлпаш олардың арасынан Мақсатты тепкілеген екі-үш жігітті танып қалды. Араққа тойып алған жігіттер көп кешікпей-ақ даудырай бастады.
– Ана сүмелек сол жатқаннан оянбай кетті, – деп қалды бірі.
– Сендердің тепкілегендеріңді полициядағылар білмеді ме? – деп сұрады тақырбасты біреу.
– Әкей тұрғанда бізден кім күдіктенеді? – деп Қаппар қарқ-қарқ күлді. Жиналғандар жапа-тармағай осы күлкіге қосылды.
«Сүйгенімді өлтірген сұмырайдың қойнына қалай жатамын? Одан кек алуым керек» деп тістенді келіншек. Сол түні Қаппар өлгенше арақ ішіп келіп төсегіне ес-түссіз құлаған. Күлпаштың да күткені осы еді. Күндізден әкеліп тығып қойған асхана пышағын қор-қор етіп ұйықтап жатқан күйеуінің жүрегіне бойлата сұғып жіберді.
– Мақсатымның кегін қайтардым. Өзіңе де сол керек! – деп қан-қан пышақты лақтырып жіберді де, киімдерін жинастырып сыртқа беттеді.
...Ұзаққа созылған сот процесі Күлпашты ақтап шықты. Бірақ оның қаралы көңілі қанша құлшынса да жадырамай қойды. «Қай кінәмнан осыншама азап таптым?» деп жанын қоярға жер таппады. Мақсаттың жоқтығы, кек аламын деп қолын қанға малғаны, жанды жегідей жейтін жалғыздық жап-жас келіншектің жан-жағынан матап, тыпыр еткізбей байлап тастады. Ол енді еш нәрсе де ойланғысы келген жоқ. Жауын астында егіліп жылап, қолында арқан-ажал жыланша ирелеңдеп бара жатқан оны ешкім де елеген жоқ. Жауыздықты жеңемін деп жан азабын арқалаған жабырқаулы мұңлық жалғыздық деген жалмауыз дерт жамап алды. Енді, міне, сол жалғыздық оны өз еркінен тыс ырықсыз әлдебір тұңғиық түнекке жетелеп келеді. Өне бойын өксік қысып, жалын ата күрсінген ол «қарғыс атсын!» деп шыңғырып жіберді. Көрсоқыр заманға, әлде өзінің тұрлаусыз тағдырына налыды ма екен? Осы кезде бүкіл дүниені түршіктіре, көк зеңгірдің көбесін сөгіп жіберердей шатыр-шұтыр найзағай ойнады...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар