1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №31 (16217)   20 сәуір, бейсенбі 2017
20 сәуір 2017
Рухани жаңғыру неге көш соңында жүр?

Біз өзімізді тәуелсіз мемлекетпіз деп санаймыз, бірақ тәуелсіздік – саяси, экономикалық, рухани сияқты үш саладан тұратынына онша көңіл бөле бермейміз. Мемлекет толыққанды тәуелсіз ел болуы үшін осы үш саланы қатар дамытуымыз керек. Ал Қазақстан билігі осы кезге дейін «әуелі – экономика, сонан соң – саясат» деген принципті ұстанып, ширек ғасыр бойы экономика мен саясатқа көңіл бөліп (оны қалай іске асырып келгені бөлек әңгіме), рухани тәуелсіздікке онша көңіл бөлген жоқ. Соның салдарынан осы мемлекетті құрушы титулды ұлт болып саналатын қазақ халқының ұлттық мүддесін «Қазақстан – көпұлтты мемлекет» деген жалған қағидаға сүйеніп, оны осында өмір сүретін 130 диаспора мүддесінің қатарына қосып қойды. Сол себепті қазақ халқының рухани құндылықтары – тілі, діні, салт-дәстүрі сол бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегі интернационалдық идеологияның «барлық ұлт тең құқылы» деген принципін ұстанып, осы кезге дейін еш өзгеріссіз қалып отыр. Ал, шынын айтқанда, бұл қате принцип болатын, себебі Қазақстанда өмір сүретін диаспоралардың басқа жерде ұлттық мемлекеттері бар және олардың тілі, діні, салт-дәстүрі сол өздерінің Отанында қорғалып, дамып жатты. Қазақтардың тарихи Отаны – Қазақстан, сондықтан олардың рухани құндылықтары өз Отанында ешқандай кедергісіз қорғалып, дамуы тиіс.
Біздің билік болса осы кезге дейін «ұлтаралық достық пен татулықты сақтауымыз керек» деп, Қазақстандағы мемлекет құрушы титулды қазақ ұлты мен диаспоралардың құқығын теңестіріп, қазақ мүддесінің дамуына кедергі жасап келді. Соның салдарынан Қазақстанның тәуелсіздік алып, өз алдына егеменді ел болғанына 25 жыл болса да, осы кезге дейін қазақ халқының мәселесі проблемаға айналып, әлі күнге дейін әділ шешімін таппай келеді.
Бұған жүздеген, мыңдаған дәлел-дерек келтіруге болады. Себебі бұл мәселелер жөнінде ақпарат құралдарында талай рет айтылып та, жазылып та келді. Бірақ билік осы кезге дейін оған онша көңіл бөлген жоқ.
Әрине, бұл проблемалардың объективті және субъективті себептері бар екені рас.
Бірінші, бұрын Қазақстанға қожа болып, үстемдігін жүргізген Ресейдің ықпалы әлі күнге дейін күшінде. Қазақстандағы қоғамдық сананы қалыптастыратын ақпарат құралдарының 80-90 пайызына солар қожа болып отыр.
Екінші, Қазақстан тәуелсіздігін алып, егеменді ел болғаннан кейін билік басына сол бұрынғы метрополияға қызмет еткен, көбі орысша оқып, қала мәдениетінде тәрбиеленген, қазақ тілінен, мәдениетінен, салт-дәстүрінен мақұрым қалған шенеуніктер келген болатын. Олар тек билікке ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның бар байлығына да ие болып қалды. Олар қазақтың ұлттық мүддесін қорғап, ұлттық құндылықтарын дамытуға келгенде асқан самарқаулық танытып отыр, себебі олардың ұлттық санасы ассимиляцияға ұшырап, мәңгүрттенген болатын.
Үшінші, қазақ халқы бірнеше ғасыр Ресей империясының боданы болуына байланысты ұлттық болмысын әлсіретіп алған болатын. Оның үстіне коммунистік партия Кеңес Одағын мекендеген ұсақ ұлттардың ұлттық санасын жойып, бәрін орыстандыру саясатын жүргізді. Соның салдарынан қазақ халқының бір бөлігі ассимиляцияға ұшырап, қазір қазақ ұлты қазақтілді және орыстілді болып екі топқа бөлініп отыр.
Қазіргі қазақ қоғамының жағдайы осындай болып тұрғанда ойламаған жерден президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласы шықты. Онда ол: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», – дейді. Өте дұрыс пікір. Бірақ мұның түсініксіз жері, рухани жаңғырудың қажеттілігі неге саяси және экономикалық жаңғырудың соңында жүруге тиіс?
Біз үш ғасыр бойы Ресейдің боданы болып, халқымыздың тең жартысына жуығы ана тілінен, ата салтынан ажырап мәңгүрттенгенін біле тұра, рухани жаңғыруымызды ширек ғасыр кешіктіріп отырмыз. Тәуелсіздігімізді алғаннан бері бір ұрпақ өсіп-жетілді және қазір қалада өскен жастардың көбі ұлттық болмыстан хабарсыз, мәңгүрт. Яғни бұл – егеменді елімізде болашақтың иесі болар бір ұрпақты жоғалттық деген сөз.
Біз сияқты отар болған басқа елдер тәуелсіздігін алғаннан кейін бірінші кезекте ұлттың рухын жақсарту үшін отарсыздандыру саясатын жүргізеді. Ондағы басты мақсат бодандық кезінде әлсіретіп алған ұлттың санасын оятып, құндылықтарды сақтап, ұлттың мүддесін қорғау еді.
Қазақтың «ештен кеш жақсы» дегеніндей, президент «рухани жаңғыруды» қолға алған екен, олай болса, ендігі міндет – осы идеяны қалай іске асыруға болады деген сауалға жауап іздеу қажет.
Рухани және материалдық байлықты осы елде өмір сүретін халық жасайды. Ендеше, біз бірінші кезекте осы елде қоғам құрып отырған әрбір субъектілердің мүддесін зерттеп, солардың қажетін қанағаттандыру үшін бәріне ортақ идея тауып, соны іске асыруға атсалысуымыз керек.
Меніңше, қоғамды қалыптастыратын субъектілерге титулды ұлтты, діни қауымдастықтарды, әлеуметтік топтарды, жеке адамдарды жатқызуға болады. Әрине, осы айтылған субъектілердің мүдделері әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ олар бір қоғамда, бір мемлекетте өмір сүретін болғандықтан, олардың бәріне ортақ бір идеология болуы керек және олар сол идеологияның айналасына бірігіп, соны іске асыруға ұмтылуы тиіс. Сонда ғана ол қоғамда түсіністік пен әділеттілік орнап, адамдар бақытты өмір сүретін болады.
Әрине, мұндай қоғамда мемлекет құрушы титулды ұлттың мүддесі басты рөл атқаруы тиіс. Ал ондай мүдде қандай болуы керек? Меніңше, титулды ұлттың мүддесіне – тәуелсіздігіміздің нығаюын, жеріміздің тұтастығын, тіліміздің дамуын, дініміздің сақталуын, салт-дәстүріміздің өркендеуін жатқызуға болады. Мұндай принциптер барлық қоғамдағы мемлекет құрушы ұлттың халықаралық қағидаға сай құқығы болып есептелінеді.
Президент Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласында Қазақстандағы мемлекет құрушы қазақ ұлтының мүддесіне сай келетін бәсекелестікке қабілетті, ұлттық бірегейлікті сақтау; білімнің салтанат құруы; эволюциялық даму; латын әліппесіне көшу сияқты бірнеше мәселені көтерген екен. Ендігі міндет – президенттің осы айтқандарын сөзден іске қалай асыруға болады деген сұрақ болмақ.
Назарбаев өзінің мақаласында: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңестіріп, иық түйістіру мүмкін емес», – деген сөздерді, меніңше, қазақтың бұрынғы тұрмыс-тіршілігіне байланысты мінезіне қалыптасқан бірін-бірі көреалмаушылық, бақталастық, жағымпаздық сияқты кемшіліктеріне қарата айтылған сөз сияқты көрінеді. Шынында, қазіргі заманда бұрынғыша рушылдыққа, жершілдікке бөлінбей, тұтас ұлт болып қалыптасуымыз үшін бірінші кезекте ұлттық санамызды қалыптастырып, рухани құндылықтарымызды жаңғыртып, ұлттық мүддемізді қорғай білуіміз керек. Сонда ғана озық елдер қатарына қосыламыз.
Біздің басты кемшілігіміз – сөз жүзінде жақсы идеялар айтылады, соны іске асыруға келгенде ауызбіршілігі мен жігері жетіспей, оны бос сөзге айналдырып жібереді. Мысалы, қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып жарияланғанына 30 жылға жуық уақыт өтті. Содан бері тіл туралы жазылған мақала мен кітапта есеп жоқ, бірақ қазіргі мемлекеттік тіліміздің жағдайы сол бұрынғы бодандық заманындағы кейпінен айырмашылығы шамалы. Президенттің айтуынша, қазір қазақ тілінің дамуына қарсы келетін бірде-бір адам жоқ. Олай болса, өзінің тәуелсіз Отанында мемлекеттік тіл болып саналатын қазақ тілі неге дамымайды? Ақордадағы, үкіметтегі, парламенттегі жиындар неге бастан-аяқ мемлекеттік тілде өтпейді?
Назарбаевтың мақаласында 2025 жылға дейін қазақ тілін латын әрпіне көшіру керектігі айтылған. Бұл – қажеттіліктен туындаған, әбден толғағы жеткен мәселе. Бірақ кейбір адамдар бұл идеяны қолдамай, қарсы пікір айтулары да мүмкін. Себебі біздің қоғамда бүгінгі күнге дейін қазақтың ұлттық мүддесі мен құндылықтары туралы ортақ пікір қалыптаспаған. Соның салдарынан қазақ мүддесі туралы сөз бола қалса, әркім өз пікірін айтып, ортақ бір шешімге келе алмай, оны дау-дамайға айналдырып жібереміз. Бұл көріністен қазақтың ұлттық санасының бүгінгі күнге дейін әлі толық қалыптасып болмағанын көруге болады.
Осы сөзімізге дәлел болатын тағы бір дерек «Жас Алаш» газетіндегі «Қазақ ұлтшылдығы қандай болуы керек?» (13.04.2017) деген мақаланы мысалға келтіруге болады.
Онда қазіргі қазақ ұлтшылдары ұлттық мүддені қорғауға келгенде «құр ашу, мешел ойлар, көзге түсуге құмарлық, халықшыл болып көріну» сияқты жалған атаққа әуес деген мағынада берілген. Амал не, бұл сөздердің шындыққа жақын екенін мойындауға тура келеді. Себебі тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасыр бойы қазақтың ұлттық мүддесін қорғау жөнінде іс жүзінде теория жағынан дәлелденген әртүрлі пікір айтамыз да, жай халыққа түсінікті, ұлттық идеология жасауға келгенде дәрменсіздік танытамыз.
«Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес», – деген президент сөзін басшылыққа алып, қазақы болмысымызды нығайтып, рухани құндылығымызды жаңғыртып, ұлтымыздың болашақ тағдырына сеніммен қарап, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді дамытып, қоғамымызда салауатты өмір салтының салтанат құруы үшін еңбек етуіміз керек.

Ермек МҰҚАНҒАЛИЕВ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар