1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №31 (16217)   20 сәуір, бейсенбі 2017
20 сәуір 2017
Жалғызымсың, қайтейін, Қазақстан...

ФАРИЗА АПАМ
Қабанбайдай қаусырып жаһан-көкті,
Көк найзаны жастанып жатам депті.
Алай-түлей ғасырдың ашуындай
Ақ түтекке оранып апам кетті.

Желге қарсы тұра алмай қамыс құрлы,
Назаланды мына жұрт, намыс қылды.
«Қарындастан айырылған жаман екен»,
Екі көзі мөлтілдеп Әбіш тұрды.

Құла қырдың жатырсың бөктерінде,
Өкпе қысқан өңірдің өкпегінде.
Апекем-ай, сыртымнан құлып салып,
Үйде жалғыз қалдырып кеткенің не?

Қолға үйреткен қозыдай көгенінде,
Көп ініңнің мұңы бар өлеңімде.
Тамды айнала жүгірген байғұс бала,
Таппай жүрсін апасын дегенің бе?

Бұлғақ жырдың борышы – қыл мойында,
Бұрқап өткен жылдарың тұрды ойымда.
Светқали аңырап Ақшұқырда,
Еңіреймін мен болсам Сыр бойында.

Өрлігіңді жыр етсем, кеңдігіңді,
Жұқарғандай қайғым да кемді-күнгі.
Қамшы үйірсе,
«Апама айтамын!» деп,
Қорқытамыз, апыр-ай, енді кімді?

ЕСЕНИННІҢ «ҚАРА КИІМДІ АДАМЫ»
Шындық қайда?
Шындығыңнан кетті мән,
Зәресі ұшып зұлымдықтың сұсынан.
Аман өтіп кетсем екен деп тұрам,
Түрмелер мен молалардың тұсынан.

Ақиқатты айтамын деп жыр қылып,
Талай талант торға түсті табанда,
Айна алдында галстукке қылғынып,
Суицидке дайын тұрған қоғамда.

Заман туды, амал туды сондай бір,
Сезгеніңді айта алмайтын сыналап.
Бір көлеңке қыр соңымнан қалмай жүр,
Бұрыштардан сыңар көзбен сығалап.

Мойындатып, тағар ма еді мың айып,
Кіре алмай жүр көмейіме қатпарлы.
Баспалдақта отырады мұңайып,
Ашып оқып маған келген хаттарды.

Құлақ түріп әңгімеге кей, бөтен,
Қаттап қояр, құпиялап сүргішпен.
Ес-үнімді тұншықтырсам дей ме екен,
Есігімді өріп тастап кірпішпен.

Жә, тоқтайын... делебеме дым бүркіп,
Мынау өзі көлеңке емес, әй, тегін.
Мойнымдағы галстукке қылғынтып,
Салақтатып асып кетсе, қайтемін?

***
Мен бір сорлы басынан базары ұшқан,
Кім ұғады жанымды наза қысқан?
Гога Ашкенази мен Мешкейұлын
Төбесінде ойнатқан Қазақстан!

Сертің қайда сөз беріп, сөз алысқан,
Ата Заңды ақтарсам... тозаң ұшқан!
Ертісбаев ернін жыбырлатса,
Еріп кете бересің, Қазақстан!

Бабалардың бағып тұр көзі алыстан,
Балалардың сиқы анау... боза құсқан.
Өзім көріп келемін өз күнімді,
Өзегімнен теппеші, Қазақстан!

Қаңырайды – қырылмай қазаны ыстан,
Аңырайды Жаңаөзен қаза құшқан!
Қыр соңымнан қуалап атқаның не,
Көзіне «қос көрінген» Қазақстан?!

Жезқазғанның түрін көр... бозарысқан,
Кимге ескерткіш құярмыз таза мыстан?
Көктен шұға жауғанда, бізге ұлтарақ
Бұйырмаған басым-ай, Қазақстан!

Өзі ақиық еді ғой, өзі арыстан,
Мейманасын төкті ме мазақ ұстам?
Теледидар алдында Тоқтарымды
Тізерлетіп сөйлеттің, Қазақстан!

Сенгендердің сұрын-ай сазарысқан!
«Қазақстан, – дейді олар, – ғажапстан!»
Екі ұртыңа толтырып көпірікті,
Өтірікті соғасың, Қазақстан!

Жаздан жылу, кетіп тұр маза қыстан,
Кім ұғады жанымды наза қысқан?...
Жовтистердей қарғанып отырар ем,
Жалғызымсың, қайтейін, Қазақстан...

ҰЛЫҚБЕК ОРДЕН АЛҒАНДА
Ақындықтың айы туды оңынан!
Ақ сарайға кіріп кеп,
Әбіш аға Кекілбайдың қолынан
Орден алды Есдәулетов Ұлықбек.

Жазығым не – ерте жылап, кеш күлсем,
Зұлмат күнде төрге оздырып жаманын?!
...Ақындарды атады деп естуші ем,
Ақыл-есің кірген екен, заманым!

Атыстардан аман қалған біз ғана!
Жолымыз да, қолымыз да – мүбәрак.
Жендет жылдар қарайтындай қызғана
Маңдайдағы тесіктерден сығалап.

Уақыт шіркін қыстап, жасқап ала ма,
Қарыспаймыз кеудемізге кек түйіп.
Біздерге арнап анау баспаханада
Жатпайды ешкім қорғасыннан оқ құйып.

Шүкір, шүкір, заманымыз түзелді,
Өткеніңе салауат де, бұл күнім!
Ордендермен бүтіндейміз біз енді,
Оқтар тескен кеудеміздің жыртығын.

Бағымызды тауып құтты қоныстан,
Туған жердің топырағында гүлдейміз.
Қиналғанда қатын алып орыстан
Мәскеу жақта қашып-пысып жүрмейміз.

Қыран жылдар, қатарыңа қосыңдар,
Қамықпайын, көкіректі құса ғып.
Өкіметтен орден алған досым бар,
Енді мені мазаламас «ҮШ ӘРІП».

Уа, бауырым, сынығымыз асылдың,
Ойымыз да, бойымыз да жетілді.
Біздің жылдар – жаңа туған ғасырдың
Жұтылмайтын жаңғырығы секілді.

Арқауымыз – гөзал бақыт, гөзал мұң,
Айнымайық ақиқаттың жолынан.
Аңдаусызда бізді көрген ажалдың,
Айбалтасы түсіп кетсін қолынан!

ТРОЯ
Арзан сөзге құлағыңды түріп көп,
«Астымдағы – алдырмайтын күлік» деп,
Айға қарап айқай салып тұрасың,
Ағаш атпен Трояға кіріп кеп!

Айналаға әміріңді жүргізіп,
Ақылды боп көріну де – бір қызық!
Анда-санда сынайды екен бұл өмір,
Азаматты ағаш атқа мінгізіп.

Құзырыңда – құлақкесті қауымың,
Ахиллестей әуелеп тұр әуірің!
Әлпетіңнен кім екенің көрінді,
Әкім болмай жүр екенсің, бауырым!

Ел-жұртының ертеңіне – ер кепіл,
Ессіз даңқтың дақпыртына сенбе құр!
Өңменімнен өтіп кеткен сөздерің,
Өзіңді іздеп табады рас...
Көр де тұр!

Жат болмай-ақ... жыртып тындық жағаны,
Сен аман бол, Қапшағайдың қағаны.
Ағаш атпен кіре алмайсың тарихқа,
Тарихта тек Троялар қалады!

ДАРИЯ
Алтын басың дауға қалып,
Ағайынның арасында,
Ай астында аунап ағып,
Алысқа ұзап барасың ба?

Қилы-қилы заман кешкен,
Кең даламның тақыр-шөлі.
Қанаттас ел жағаңда өскен,
Қақтап сауып жатыр сені.

Сіңіріңнен созыла алмай,
Сары қамыс-зарды тыңдап,
Жамыраған қозылардай,
Жармаларың қалды құрғап.

Кірпігімнен төгілесің,
Қауметің жоқ бұрқап аққан.
Анашымдай көрінесің,
Аштан өлген қылтамақтан.

Әкімияттың тұғырынан
Көзді алдайды қайым шағың: –
Жардай атан жұмырынан
Жұқпай өткен жайын шаһым.

Күйреген соң нар қамысы,
Ырылдайды ыңыранып,
Сырдың соңғы жолбарысы
Көкірегіме кіріп алып.

Мен де отырмын ыңыранып,
Өшкен үміт. Өлі маңай...
Қусам ба екен құрық алып,
«Көксарайды» бері қарай...

***
...күндейсің бе көктегі айды,
тілдейсің бе – оттама!
ақындарды соттамайды,
өлтіреді тек қана;
көр-лақатты қалғып құшып,
күзетіңдер мүрдесін –
құлпытастан қарғып түсіп,
қашып кетіп жүрмесін...

ҚЫЗҚАРАҒАЙ
Қызқарағай дегенде, қызқарағай,
Кең Алтайдан тауып ем іздеп оңай.
Кәрі еменнің қойнына тығылғанша,
Келбетіңді бұрсаңшы бізге қарай.

Көздің құртын оятып сымдай көрік,
Ындынымды басамын, ымдай беріп...
Кәрі еменнің бұтағы шайқалғанда,
Қылқаныңнан қалдың ба жұрдай болып.

Тұрсам деп ем қасыңда тең шынардай,
Жабырқаған жанымды көрші, қандай?
Бұқтырманың басында қор болдық-ау,
Сен биіктен түсе алмай... мен шыға алмай!

Шәкизада ӘБДІКӘРІМОВ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар