1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №31 (16217)   20 сәуір, бейсенбі 2017
20 сәуір 2017
Түк бітірмесе, терминком бізге не керек?!

Тіл тағдыры термин тағдырымен тығыз байланысты. Өкінішке қарай, біз осы мәселеге өте салғырт, немқұрайды қарап отырмыз және оның дәлелін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Жақында біздің терминком мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен күнделікті қолданыста қазақша баламасына ауыстырылған біраз сөзді қайта қарады. Сөйтіп, бұрын әнұран, күйсандық, субұрқақ, оташы, мұражай, мұрағат, қисын, сазгер, ғаламтор, пайыз, иегер, үдеріс деп айтылып жүрген және құлаққа әжептәуір сіңісті болған сөздердің екінші сыңарларын, яғни гимн, пианино, фонтан, хирург, музей, архив, логика, композитор, интернет, процент, лауреат, процесс деген түрін қайта бекітті.
Осыған орай, «Айқын» газетінде жарияланған бір мақалада: «Бұлар – халықаралық ұғымдар. Олар біздің ақпараттық қоғамға қосылуымызға аса қажет», – деген пікір айтылыпты. Біріншіден, «халықаралық ұғым» деген ұғым жоқ. Барлық халықтардың ұғым-түсініктері бірдей. Оларды «халықаралық сөздер» деп атаса әңгіме басқа. Екіншіден, егер біз аталған ұғымдардың қазақша атауларын қолданатын болсақ, «информациялық қоғамға қосыла алмай» қаламыз ба?! Сөз (атау) – бірінші, (яғни базис немесе негіз), оның мағынасы – екінші (қондырма). Қазақша болсын, ағылшынша болсын, қай сөзге қандай мағынаны (ұғымды) телісең, оның ұғымы да солай болып шығады. Үшіншіден, егер терминком термин ретінде латынша, ағылшынша, грекше, орысша сөздерді бекітіп беріп қана отырса, ондай терминкомның қазақ халқына, қазақ тіліне не керегі бар?! Орыстілділер ондай сөздерді терминкомсыз да солай қолданып келді, алда да солай қолдана береді. Оған көзіміз күнде жетіп жүр. Ал терминком солардың қазақша сыңарларын бекітіп берсе, онда «қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деген үкімет заңының жүзеге асырылуына көмегі тиген болар еді.
Кеңес өкіметі кезінде, яғни 1970-1980 жылдары «қазақ тілінде қанша сөз бар?» деген мәселені анықтау үшін біраз мамандар тер төгіп көрді. Солардың бірі мен болатынмын. Сонда біз қазақша жазылған сол кездегі барлық көркем әдебиеттер мен оқулықтардағы, газет-журналдар мен ғылыми еңбектердегі барша сөздерді әртүрлі тәсілдермен санап көрдік. Нәтижесінде қолданыстағы сөздердің саны 160 мың сөз болып шықты. Соның 100 мыңы орысша, латынша, грекше т.б. екен де, 60 мыңы ғана таза қазақша сөздер екен. Ол кезде қазақ тілі мемлекеттік тіл емес болатын. Сондықтан солай болуы заңды да. Ал қазір ше?! Қазір қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Егер тарихына үңілсек, қазақша термин жасау мәселесі, міне, осындай жағдайдан туындаған болатын. Өйткені дүниежүзіндегі барлық халықтар ұлттық тілін өздері жасап алады. Біз болсақ кірме сөздерді, терминдерді өзіміздің дыбыстық ерекшелігімізге, тіліміздің заңдылығына сай жасап алудың орнына, басқа халықтардың қолданысындағы сөздеріне қосарласа кетеміз. Осы жөн бе?!
Халықаралық сөз дегеніміз не? Шындығына келсек, халықаралық сөздер дегеніміз – латын, грек, ағылшын т.б. Батыс Еуропа халықтарының сөздері. Халықаралық сөздердің ішінде бірде-бір шығыс халықтарының сөздері жоқ. Басқасын былай қойғанда, тек ағылшын тілінің ғана 50 мыңнан астам сөзі халықаралық сөз ретінде қолданылады екен. Егер біз халықаралық сөздерді (терминдерді) қазақшаға аудармай немесе олардың қазақша баламаларын жасамай, сол күйінде алатын болсақ, қазақ халқы бірден 50 мың ағылшын сөзін үйреніп ала қояды екен. Олай болса, «Қазақ дейтін халық бар. Оның ұлттық тілі – қазақ тілі. Қазақ тілі – ҚР-ның мемлекеттік тілі» деп несіне көкезу боламыз?! Босқа әуре болғанша, қазақ тілін тастап, бірден ағылшын не орыс тіліне көше қоялық. Сонда құда да тыныш, құдағи да тыныш болады.

Б.ҚАЛИЕВ
Алматы қаласы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Бәйел | 22 сәуір 2017 11:27
Өте орынды айтылған. Мен де "Егемен Қазақстаннан" Ғалымжан Мелдешов дегеннің "Қылтима ма, балкон ба?" деген мақаласын оқып, өз қарылығымды білдірейін деп жүргем. Байекеңнің мына мақаласы ойымнан дәл шықты. Бәрі дұрыс айтылған. Тек бір айтайын дегенім: "халықаралық сөз" деген де жоқ. Бұл – орыстандыру саясатының санамызды улау үшін әдейі шығарған сөзі. Біздің солай деп ойлап жүрген сөздеріміздің баршасы – орыс тіліне латын-грек тілінен орысшаланып сіңген, қазір нағыз орыстікі болып кеткен сөздер.
samat | 22 сәуір 2017 17:48
кез келген пәрмені бар мекеме басында ұлтжанды адам отырмаса, дүние оңбайды. мен біздің билік басына ылғи қазаққа қарсы қайраткерлерді қалай жинап алатынына таң қаламын. жаңа сөз халықтың көңілінен шықпаса қолданысқа енбейтінін сол кереметтер қалай түсінбейді. тезірек латын әрпін енгізсек, қарсылардан құтылып қалар едік.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар