1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №31 (16217)   20 сәуір, бейсенбі 2017
20 сәуір 2017
«Қазақ дүниемен емес, жанымен байыса...»

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясындағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қанат Ахметов жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінде шаруа қым-қуыт. 1990 жылы құрылған ұжым қазақ композиторларының танымал туындыларын әлемдік тыңдармандар назарына іліктірді. Ұжымда музыка әлеміне кеңінен таныс музыканттар мен талантты жастар жұмыс істейді. Қазіргі заманда үрмелі аспапшылардың табысы қалай? Жалақылары жеткілікті ме? Басқа әншілер, музыканттар секілді олар да той бизнесімен айналыса ма? Үрмелі аспаптарды тыңдауға кімдердің ықыласы жоғары? Осы сұрақтарды оркестр мүшесі, кларнетші Айдос АСҚАРҰЛЫНА көлденең тарттық.
– Бала күнімнен осы салада ізденіп келемін, – дейді Айдос. – Анам үйде ән айтатын, мен де қосыла шырқайтынмын. Кейін ата-анам даусымды тексертіп, Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебіне берді. Сол жерде виолончель сыныбынан бастадым. Кейін ойлана келе, үрмелі аспаптар сыныбына, кларнетке ауыстым. Бұл адаспай басқан қадамым болды. Еңбек пен ізденістің нәтижесінде мектеп бітіретін кезде республикалық байқаудың жеңімпазы болдым. Осы жеңісім Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсуіме жол ашты.
2007 жылы бірінші курс оқып жүргенде Қанат Ахметов кларнетші екі жігітті арнайы дайындық кезінде тыңдап, бірден оркестр құрамына қабылдады. Соның бірі болғаныма қатты қуандым. Оркестрімізде өте талантты азаматтар жетерлік. Жас ерекшелігіміз әртүрлі. Басты талап – жоғары деңгейде ойнау. Жыл сайын конкурстар өтіп тұрады. Өз деңгейін төмендетіп алған адам оркестрден шеттеп қалуы мүмкін. Көптеген бітірушілер, консерваторияда білім алып жүрген азаматтар бақ сынап жатады. Үздіктер құрамға алынады. Ал репертуарымыз өте бай. Қазақ музыка өнеріндегі айтулы туындыларды да, шетелдік классиканы да орындаймыз. Оркестр 200-ден астам концерттік бағдарлама дайындады. «Елдер мен құрлықтарды аралағанда», «Маусым қонағы», жастарға арналған «Айналамыздағы музыка» бағдарламаларын, Қазақстан композиторларының авторлық концерттерін және т.б. тыңдарман назарына ұсындық. Отандық композиторлардың 30-ға тарта партитурасы Еуропа елдерінің баспаларында жарық көрді.
Бізде дайындық күнде өтеді. Аптасына алты күн, төрт сағаттық дайындық болады. Сонымен қатар әріптестеріміздің арасында ұстаздық қызмет атқаратындар да бар. Бірақ дайындықтан кешігуге, жауапсыздық танытуға болмайды. Ол жағы қатаң қадағаланады. Кездескен қиындықтарға шыдамай, жүктелген талапты ауырсынып немесе белгілі бір жағдайларға байланысты өз еркімен кетіп қалатындар да жоқ емес. Дегенмен біздің орынға қызығушылар да, жас таланттар да көп. Сондықтан біреу бас тартқан орын – өзгелерге үлкен олжа.
Жалпы, Қазақстандағы үрмелі аспаптар оркестрлерінде осы уақытқа дейін қыз балалар жағы басымдық көрсеткен емес. Себебі бұл сала төзім мен жігерді талап етеді. Әр саланың өз қиындығы бар. Біз алып жатқан аз жалақымен ұстаздар, дәрігерлер де күн көріп жатыр. Сол сияқты біз де өз әліміз келгенше еңбектеніп жүрміз. Айына екі-үш рет және мереке сайын концерт береміз. Әкімшіліктің концерттеріне де жиі барып тұрамыз. Республика сарайында және Опера театрында өтетін концерттерден де қалыс қалған кезіміз жоқ. Өз тыңдармандарымыз көп, олардың қатары жыл сайын толығып келеді. Әскери бөлімдерде де өнер көрсетеміз. Бос уақытта қосымша кәсіппен айналысуға болады. Арасында жеке тойға шығуға болады. Тапсырыстар болып жатса, тойға шықпайсың деген шектеу жоқ. Ең бастысы, өз саламызға деген құрметіміз зор. Біз осы жолды өзіміз таңдадық және оған еш өкінішіміз жоқ. Өнеріміз арқылы ел атын асқақтатып жүрміз, сол көңілімізге зор медет.
Шетелдерге шығып өнер көрсетіп тұрамыз. Шақыртулар жиі келіп жатады. Тайвань, Германия, Англия т.б. елдерде көптеген тыңдармандарымыз бар. Біз барған сайын ерекше ықыласпен қарсы алады. Қазір көптеген шақыртулар жауапсыз қалып жатыр. Себебі оның барлығы мемлекеттен бөлінетін қаражатқа байланысты. Жақында Қытайдан шақырту келді, бара алмадық. Оркестрімізді басқа елдерден байқауға және фестивальға шақырғанда мемлекетіміз қолдаса нұр үстіне нұр болар еді.
Қазақстанда өнер өз деңгейінде бағаланбайды. Ол рас. Көпшілікке белгілі ғой, шығармашылық жұмыс ешқашан өз деңгейінде еленбейді. Десек те, осының өзін қанағат етеміз. Тыңдармандарымыз бар, келіп көрген жан «енді келіп тұрамыз, концерттеріңізді асыға күтеміз» деп жатады. Әңгіме халық санасында болып тұр. Біздің халық рухани баю жағын, өзін-өзі нұрландыру жолын іздемейді. Тойдың уақытша дүние екенін ұғындыра алмай келеміз. Өнерді паш ететін қажырлы еңбектің, мол ізденістің нәтижесін көріп, үлкен ғибрат алуға талпынбайтыны қынжылтады. Өнерге тек той деңгейімен қарамау керек, өзге елдер бұл тұрғыда бізден біршама озық. Біздің өнерімізде жалғандық жоқ, бәрі шынайы. Ақпараттық жағынан да қолдаулар керек. Мерзімді басылымдарда, телеарналар мен радиоларда жарнама жасалып тұрса жөн болар еді.
Өзім тартып жүрген кларнетті Франциядан алдырдым. Көпшілігіміз шетелден алдырамыз. Филармониямыз да алып бере алады. Бірақ тартатын аспап сапалы болуын көздесең, өзің тапсырыс беріп алдыртқан жөн.
Мен өзіме спортшы ретінде қараймын. Адам күнделікті шынығып тұруы керек, әрдайым ізденісте жүруі керек. Сонымен қатар ортаға да байланысты. Айналаңды қоршаған жандардың тигізер әсері мол. Қанат ағайдың бізге қояр талабына ризамын. Сол талаптың арқасында үлкен жетістіктерге жетіп, елеулі шыңдарды бағындырып келеміз.
Қайырылымдылық концерттерінен де қалмауға тырысамыз. Соңғы рет қарттар үйіне барып концерт қойып қайттық.
Тыңдармандарға «ең бастысы, денсаулықтарыңызға үлкен мән беріп, ауырмай жүріңіздер» дегім келеді. Оқу мен ізденістен, өздеріңізді дамытудан шаршамаңыздар. 5-ші және 9 мамыр күндері Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында өтетін концертімізге келіңіздер. Ата-бабамыз бен болашақ ұрпақ алдында жүзіміз жарық, ісіміз ірі болсын.

Жазып алған Жанерке АХМЕТ, ҚазҰУ-дың ІІ курс студенті

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар