1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 40 (16226) 18 мамыр, бейсенбі 2017
18 мамыр 2017
Маман құт

1840 жылы қазақ жерін зерттеген атақты орыс генералы Броневский: «Қазақтың «бай» деген ұғымы орыстың «богатый» деген сөзінің баламасы емес. Бай болу үшін атағынан ат үркетін үлкен тұлға болу керек. Материалдық игіліктерге иелік етумен бірге, ақыл-ойы толысқан адам болуы керек», – дейді. Расында, қазақтың байлары тек малға бай болған емес, олардың көпшілігі елге өркениет әкелген. Солардың бірі жинаған мал-мүлкімен ұлтының даму жолына қызмет еткен – Жетісудағы Маман Қалқабайұлының зәузаты. Мамания мектебін ашқан, Алаш әскеріне ат берген, ұлт әдебиетінің дамуына, баспасөзге қамқорлық еткен бұл әулеттің қазақ үшін атқарған әр ісін бүгінгі ұрпақ білуге тиіс.
 

МАМАНИЯ МЕКТЕБІ
Қазақ даласындағы тұңғыш мектепті 1841 жылы Жәңгір хан ашқан екен. Содан соң 1864 жылы 8 қаңтарда Ыбырай Алтынсарин Торғай даласында мектеп ашты. Ал атақты Маман қажы іргетасын қалаған Жетісудағы Мамания мектебі 1899 жылы салынды. Ел арасында «Маман құт» деп атанған ол бірнеше жыл бойы Қапал уезінің төбе биі болған. Алғаш Ақсу бекетінің оңтүстік жағында Сүттіген деген жерге қалашық салдырған. Үлкен баласы Тұрысбек, соның ізін ала бере басқа да ұрпақтары біртіндеп онда бес-алты бөлмелі, төбесі көк қаңылтырмен жабылған ағаш үй тұрғызады. Жеміс ағаштарын, тал-терек, қараағаш отырғызады. Қараағаш аталған осы елді мекенде 1899 жылы Тұрысбек үш кластық мектеп үйін салдырады. Онда шәкірттер дін-шариғат, әптиек сүрелерін оқып үйренеді. Алғашында екі татар молдасы ұстаздық еткен мектеп бірте-бірте керегесін кеңейтеді. 1905 жылы Маманның баласы Арасан болысының биі Сейітбаттал қажы мектепті үлкейтіп, сегіз сыныптық білім ошағына айналдырады. Жалпы, мектепті Маманның Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл деген балалары және Тәңірберген, Құдайберген деген немерелері 25 жыл бойы өз қаржыларымен ұстаған. Балаларға білім тегін беріліп қана қоймай, сондай-ақ олардың киімі мен ішіп-жемі түгел мектеп қаражатынан болды. Мұнда 60 балаға арналған интернат, қыздардың тігін шеберханасы, монша жұмыс істеді. Мектепте математика, физика, география, орыс тілі, араб тілі пәндері оқытылды. Құран сабақтары берілді. Бір қызығы, Маманның балалары мұғалімдерге жалақыны өз қалталарынан төлеп, оларға тіпті үй де салып берген. Үздік шәкірттерді Петербор, Орынбор, Уфа қалаларында стипендияларын төлеп, оқытып шығарған. Мамания мектебі шәкірттерінің арасында Ілияс Жансүгіров, Мұхаметжан Тынышбаев, Біләл Сүлеев, «Алаш» партиясының бағдарламасы мен жарғысын алғаш жазған Барлыбек Сырттановтар болды.

17 МҰҒАЛІМ, 200 ШӘКІРТ
1913-1914 жылдардағы деректерде Мамания мектебінде 17 мұғалім, 200 шәкірт болғаны айтылады. Бір атап айтарлығы, бұл мектептің ұстаздары ерекше таңдалып алынды. Бұған Түркия, Қазан, Уфа, Семей, Орынбордан келіп, 4-5 жылға келісімшарт жасап, дәріс берген 16-17 мұғалімнің іс-әрекеті дәлел. Солардың бірі – Жәңгір ханның арнайы стипендиясымен Каирдағы Мысыр университетінің заң факультетіне оқуға түскен бөкейлік Ғабдолғазиз Мұсағалиев. 1909 жылы университетті үздік бітірген ол Жетісу даласында тұңғыш ашылған мектепке келіп, ұстаздық еткен. Сегіз тілді меңгерген Ғабдолғазиз Қараағаштағы мектептің оқу-тәрбие жұмысын жақсы жолға қойды. Сондай-ақ Уфадан арнайы шақырылған Мұхаметқали Есенгелдіұлы мен оның зайыбы Фатима ханым, атақты әнші Майра Уәлиқызы, Стамбулдан діни жоғары семинарияны бітірген Файызрахман Жиһандаров, Мұстақым Малдыбаев, Мейірман Ермектасов тәрізді ұстаздар аз уақыттың ішінде мектептің даңқын бүкіл қазақ даласына әйгіледі.
Игілікті істі қолға алған Маман ұрпағын Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы зор құрмет тұтқан. 1912 жылға дейін қазақтың төл әліпбиі болмағаны, парсы, араб, татар жазуларын пайдаланғаны белгілі. Өзге ұлт сөздерінің қазақтың тілдік қорына араласа бастағанын аңдаған Ахмет Байтұрсынұлы араб таңбаларын қазақ тілінің заңдылықтарына бейімдеп тұңғыш әліпби жасады және оны Маманияда оқығандардың бәрі пайдаланды.

МЕКТЕПТІҢ АЛҒАШҚЫ ТҮЛЕКТЕРІ
Біләл Сүлейұлы, Әбубәкір Жайшыбекұлы, Ыбырайым Маманұлы, Ілияс Жансүгіров, Әйсейіт Бағрамұлы, Мейірман Ермектасұлы, Бейсенбай Кедесұлы сияқты шәкірттер Маманиядан білім алып, көрнекті тұлғаға айналды. Мамания мектебін бітірген түлектер басқа қалалардағы оқу орындарына еркін түсе алған. Нақты айтсақ, Біләл Сүлеев Орынбордағы мұғалімдер семинариясын бітірсе, Ілияс Жансүгіров мұғалімдер даярлайтын курстан соң, Мәскеудегі журналистер институтына түскен. Бейсенбай Келесов, Мейірман Ермектасов, Әйсейіт Бағрамов мектептен соң Уфада білімдерін жетілдірген. Маман ұрпағы Ыбырайым Қазминпросты, Смағұл, Бибінұр САГУ-дың медициналық факультетін, Мұхаметрахым Тимирязев ауылшаруашылық академиясын, Бидахмет, Досмұхаметтер Алматыдан гимназия бітіріп, репрессияға ұшырағанша жауапты қызметтер атқарған.

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ «НОБЕЛЬ» СЫЙЛЫҒЫ
1915 жылғы «Айқап» журналының №7-8 санында: «…Құдайға шүкір, біздің қазақ арасындағы ғылымның қадірін білуші, дәулетін ғылым жолына жұмсаушы байларымыз бар екен. Альфред Нобель жолымен Есенқұл бай Маманов жүріп отыр. Роман жазған адамға ақшалай бәйге тігіп отыр, жазылған романдарды білгірлердің сынына беріп отыр. Есенқұл байдан үлгі алмақ, оның салған жолымен жүрмек – қазақтың басқа байларының міндеті» деген мақала бар. Мақалада есімі аталған Есенқұл – Маман Тұрысбек әулетінің кенжесі. Ол романға бәйгені «Айқаптағы» мақаладан екі жыл бұрын, яғни 1913 жылы жариялаған. Бұл жайлы «Қазақ» газетінде Есенқұлдың өзі: «1913 жылдың декабрь жұлдызында, бір жұманың ішінде бірі бес жасар, бірі екі жасар Әнуарбек пен Ниязбек есімді екі балам дүниеден қайтты. Мен сол сүйікті балаларымның көзіндей көрерлік бір кітаптың шығуын тілеймін. Соның үшін осы жылғы ноябрь басына дейін таза қазақ тілінде және таза қазақ тұрмысынан роман жазушылардың бәйгесіне 2000 сом ақша тігемін. Жазушылар бірнеше кісі болса, олардың жазғандарын өзім белгілеген 3-4 кісілік бір комиссияның сынына беремін. Бәйге сол комиссия жақсы деп ұнатқан роман иесіне беріледі», – деген. («Қазақ» газеті, №52, 1914 жыл, 28 февраль). Қазақ әдебиетінде қылаң берген бұл тосын құбылысты қазақтың зиялы қауымы терең түсініп, ерекше бағалаған. Тұңғыш роман байқауынан жеңіске жетіп, әдеби жүлдеге Сұлтанмахмұт Торайғырдың «Қамар сұлуы» мен Тайыр Жомартбайдың «Қыз көрелік» романы ие болған. Ал бәйгеге түскен романдарға Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхаметжан Сералин, Райымжан Мәрсеков, Шәкәрім Құдайбердиев, Жақып Ақбаев, Нарманбет Орманбетов, Нұрғали Құлжановтар баға берген. Жүлде қоры, негізінен, 2000 сом болған. Ол қазіргі ақша жүйесімен есептегенде 33 миллион теңгенің шамасында екен. Әдебиетке, ұлтқа жанашыр Есенқұлдың өзі ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамында болған саяси-әлеуметтік қозғалыстардың бел ортасынан табылған көзі ашық азамат болды. Ол қазақтың көшін алға сүйреген Әлихан Бөкейханұлы, Мұхамеджан Сералин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы тәрізді ұлт қайраткерлерімен қоян-қолтық араласып, Алаш қайраткерлерін қай жағынан болса да қолдап отырған.

«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІН ҚОРҒАҒАН
1916 жылы қаржылық қиындықтарға ұшыраған «Қазақ» газетін тағы да Маман ұрпағы қорғайды. 1916 жылғы 31 наурыздағы мақалада газетке демеушілік жасаған Тәңірберген қажы Тұрысбеков 429 сом, Есенқұл қажы 100 сом, Ғайнижамал Есенқұл қажы жамағаты 100 сом, Айтмұханбет Тұрысбеков 100 сом, Қожахмет Маманов 50 сом, Баймұханбет Тұрысбеков 50 сом, Құдайберген Тұрысбеков 20 сом және басқалардың көмегін атап көрсетіп, барлығы 1274 сом 40 тиын жиналғанын жариялайды.

Түйін
Алайда, ең өкініштісі, туған еліне жақсылық істеуді мұрат тұтқан Маман ұрпағының мал-мүлкі 1928 жылы тәркіленіп, өздері Оралға, Орынборға жер аударылған. Олардың сондағы кінәсі – Алашқа жәрдемдескені, қолда барын халық игілігіне жұмсағаны...

Мәриям ӘБСАТТАР

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Қобыланды | 19 мамыр 2017 08:14
Қазақта асыл тек деп осындай кісілерді айтқан. Бұл кісілердің және ұрпақтарының өмірі туралы кеңірек жазып, елге таратуларыңызды сұраймын
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар