1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 40 (16226) 18 мамыр, бейсенбі 2017
18 мамыр 2017
Қабірде қауышқан қос дарын

Ада Лавлейс. Өмірден озғаннан кейін, 100 жылдан соң ғана әлемдегі тұңғыш бағдарлама жасаушы екені мойындалған әйел. Бір кездері математика «ерлердің ісі» болған заманда Ада компьютер ғылымына (кейінірек информатика аталған) қызығушылық танытады. Әдетте Лондонда жоғарғы тап өкілдерінің қыздары көңілді балдарда билеуді армандаса, бойжеткен Ада ұшатын аппарат құрастыруды мақсат еткен. Оның жұмбақ өмірін Стивен Вольфрамның «А.Лавлейс ғұмырбаянына шолу» еңбегінен оқуға болады.
 

ҚАУІПТІ ӨНЕР
Ада Лавлейс 1815 жылы 15 желтоқсанда дүниеге келген. Ол – ақын Джордж Байронның жалғыз қызы. Байрон ақ некелі жары Анна Изабелла жөнінде: «Ол сондай көрікті әйел. Философ әрі математик», – деп күнделігінде жазғандай, оның көз тартар сұлулығы ақынның жүрегін жаулайды. Бірақ, өкінішке қарай, бірер жылдан соң олардың шаңырағы шайқалып, қос ғашық айырылысады. Ал Ада – аса дарынды ақын мен талантты математик ару махаббатының тұмары секілді.
Жалғызбасты ана қызын «қауіпті ақындық өнерден» барынша алыстатып өсірді. Тыйым салды. Себебі нәзікжанды қыз балаға бұл жолдың соншалықты ауыр болатынын ана жүрегі сезген-ді. Көркіне ақылы сай Ада күн өткен сайын білімге құмарта түседі. Бәрін білгісі келгенімен, бәріне ұнағысы келмеді. Сұлулығына сұқтанғандардан өзге, бәрін білетін «данышпандар» да сұңғыла арудың сұрақтарына жауап таппай тосылатын. Оның үстіне ол әйгілі Байронның қызы ғой! Текпен ғана берілетін асыл қасиеттерді арқалаған Ада ару қатарластарымен философиялық тұрғыда сырласа алмайтынын сезгенде өзінің ерте есейгенін ұқты. Оның от секілді болмысының айналасында келіп, қаншама «көбелек» қанатын күйдірді десеңізші. Он екі жасында бөлмесіне жасырынып алып әлдене жазатынын байқаған анасы қатты ашуланады. Расымен де, «Таза мінсіз асыл тас, Су түбінде жатпайды» екен. Бірақ Ада параққа әкесі секілді өлең емес, математикалық формулалармен қатар, ұшатын аппараттың нобайын сызғанын анасына көрсетеді. Аданы жырдың жауһары емес, есеп әлемінің тұңғиығы тереңге тартып кетіпті... Анасы Анна Изабелла қызының басынан сипап мейірін төгеді. Сол күннен бастап Аданың бөлмесін «Ежелгі грек мифтерінен» бастап, Блез Паскаль, Исаак Ньютонның еңбектері мекен етті. Сол кітаптар арқылы құлашын кең жайған жеткіншек қиял қанатында қалықтайды.


САЙТАНМЕН КЕЛІСІМ
Ұлылардың ғұмырбаянын оқып отырсаңыз, «жынмен келісімшартқа отыру» немесе «қара күшке ерік беру» деген құбылысты жиі кездестіруге болады. Яғни талантын сайтанға сатып, келісімге келген кемеңгерлер де тарихта кездеседі. Ада Лавлейс жөнінде замандастарының «оның періште бейнесімен шайқасқа түскен сайтандікіндей ақылы бар» деген мазмұнда пікірлері де бар. Ал өзі: «Қара күшпен ант етем, 10 жыл өтпей-ақ мен өмір көкжиегіндегі ең тылсым құбылыстардың шырынынан дәм тататын боламын. Менің нәзік болмысымда нендей құдірет барын әлі ешкім білмейді», – дейді. Оның жан дүниесінде, расымен де, адам айтса нанғысыз алапат сезімдер тасып жатты. Математикаға қызығушылығы санасында мистикамен, эзотерикамен арпалысып, ешкімде жоқ ерек қабілетке жұптасты.
Он жеті жастағы Ада технологиялық көрмеде Кембридж профессоры, математик Чарльз Бэббиджбен танысады. Ғалым көрмеде өзінің жаңа туындысын, яғни арнайы жүйе арқылы жұмыс істейтін, әлемдегі тұңғыш есептегіш машинасын таныстырады. Аданың қызығушылығы мен қабілетін бір көргеннен-ақ байқаған Бэббидж оған Луиса Менебрдің есеп машинасы жайлы француз тілінде жазылған кітабын аударуға тапсырма береді. Тоғыз ай бойы кітапты ағылшын тіліне аударған жас ғалым үшін бұл үлкен тәжірибе болды. Теориялық тұрғыдан маңызды ой түйген Ада: «Мен періштемін бе, әлде сайтанмын ба? Мен бар жанымды салып, өзімді аямастан сайтандай жұмыс істеудемін. Бернулли кестесін сізге қалайда ұсынамын», – деп Чарльз Бэббиджге хат жолдады. Келесі хатында Бернулли кестесінің алгоритмін жасап, ұстазына жіберген Ада сол сәттен бастап математика тарихында мәңгіге қалатынын сезді ме екен?! Өйткені бұл жер бетіндегі ең алғашқы компьютер бағдарламасы болатын. Алгоритм бойынша алдымен «жұмыс үстеліндегі ұяшықтар», екіншісі тригонометриялық функция арқылы орындалатын операция (Ада мұны «цикл» деп атады) және Бернулли кестесі бойынша есеп іске асады. Сөйтіп, бір ғасыр бұрын, бүгінгі компьютерлер әлі пайда болмаған 1843 жылы Ада Лавлейстің құрастыруымен математик Бэббидждің машинасы дүниеге келді. Ол бір минутта 60-тан астам есепті бірден есептей алатын мүмкіндікке ие еді. Чарльз Бэббидж бойының қысқалығына қарап Аданы кішкентай перизатқа теңейтін. Мінезінде міні жоқ, нәзік әрі қайсар шәкіртін жақсы көрген ұстазы 20 жыл бойы оған деген сезімін білдіре алмаған күйі іштен тынып, өмірден озды. Үнсіз сүюге де болады екен және ол мәңгілікке ұласады.


АЙТЫЛМАҒАН ӘКЕ СЫРЫ
Ана сүтімен берілген есепке құмарлық ақынның қызына тән сезімталдықты, қызуқандылықты жеңе алмағаны ақиқат. Байрон жалғызына жан тебірентер бірнеше жырларын арнағанына кітабы куә. Ақынның інісіне жазған хатында: «...Ол өте зерек деседі. Ақындық – құдірет болып есептелмес, оның алдындағы қарызыңды өтеу қымбатқа түседі. Мен осыны жақсы білгендіктен, перзентіме мұндай ауыр ғұмырды қимаймын. Тәңір қызыма бар игілікті тарту етсін, тек өлеңді емес. Аданың бойында ақындық дарын жоқ деп үміттенемін...» – деп әке жүрегіндегі алаңды жасырмайды.
Маған Ада Лавлейс әлемнің жұмбағын, ал әлем Аданың жұмбағын шеше алмағандай көрінеді. Таланттарды тағдыры ешқашан аяған емес, аямайды да. Сәттілік серігі болған тылсым болмыс иесінің әрбір жетістігі денсаулығының нашарлауына ықпал етті. Бірнеше ай бойы «жаман» аурумен ауырған Ада айналасындағы құбылыстарға қызықпайтын күйге түсіп, 1852 жылы 37 жасында өмірден озды. Ноттингемпширде Байронмен қатар жерленді. Сөйтіп, өмір бойы бір-бірінен алыс жүрген қос таланттың басын қабір қосты. Бір қызығы, әкесі Байрон да 36 жастан асқанда қайтыс болған екен. Олардың қабіріне келушілер ұлы ақынның және болашаққа басқаша көзқараспен қарай білген дарынды әйелдің рухына бас иеді.
Әлемдегі ең тұңғыш бағдарлама жасаушының әйел екеніне сену қиын. Бірақ бұл – аксиома. Әйгілі Ада Лавлейстің құрметіне 1980 жылы АҚШ-тың компьютер мамандары көпқырлы тілдік программалардың бірін «АДА» деп атады. Оксфорд университеті өткен жылы Лавлейстің туғанына 200 жыл толуына орай симпозиум өткізіп, онда әйел-программистің еңбектеріне қатысты ғылыми зерттеулер жүргізілді. Сонымен қатар Америкада екі қалаға және Оклахомада колледжге аты берілді.
«Қап түбінде жата ма, болаттың асыл сынығы» демекші, Ада – талантты ақын Байронның қызы ғана емес, бар ғаламға әйгілі әйел.

Әлия ІҢКӘРБЕК

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар