1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №48 (16234)   15 маусым, бейсенбі 2017
15 маусым 2017
«Ана тілім – қаным мен жанымда»

Мамыр айында Түркияның Гиресун қаласына жолымыз түсіп, жергілікті университет ұйымдастырған халықаралық конференцияға қатыстық. Шара барысында сол оқу орнында оқитын қазақ студенттері іздеп келіп, бізбен еркін әңгіме құрды. Гиресун университетінің І курс студенті Наргиза Тәмпенова ақтөбелік екен. Орыстілді ортада өскені көрініп тұр, дегенмен қазақша барын салып сөйлеп, түрік жерінде де қазақтың ұлттық келбетін танытып жүргенін сүйсіне айтты. Гиресун университетінде оқитын қазақ қыздары би үйірмесінде қазақ биін билеп, Қазақстанның Тәуелсіздік күнінде, басқа да айтулы мерекелік шараларда жұрт назарына ұсынып жүреді екен. Елге оралған соң «айшылық алыс жердегі» Наргизадан «жылдам хабар алып», оның ана тілін білуіне қатысты пікірін естуге асықтық.
– Біз отбасында екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде сөйлесеміз, – дейді Наргиза Асқарқызы. – Менің анам – қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Иә, мен мектепті орыс тілінде тәмамдадым. Түркияға келген соң түрік тілін үйренуге ден қойдық та, мен қазақ тілін ептеп ұмыта бастадым. Ешкіммен ана тілімде сөйлеспегесін солай болған шығар. Бір жылдан соң елге келіп, отбасымызбен бірден әжемізге бардық. Әжемнің «қалың қалай?» дегеніне «жақсы» деп қана жауап бере алғаныма өзім қысылдым, екеуміз де күліп жібердік. Сол кезде басыма «әр қазақ өзінің түбін тану үшін қазақша білуге тиіс екен ғой» деген ой келді.
Мектепті бітірген соң шетелде білім алғым келді. Мен Түркияны таңдадым. Анкараға келіп, бір жыл бойы түрік тілін үйренумен болдым. Мысалы, мен ағылшын тілін жақсы білетін болсам да, Түркияда түрік тілін білмей өмір сүру мүмкін емес. Оның үстіне сабағым да түрік тілінде болғандықтан, осы тілді толық үйренбей тұрып диплом алу жайлы ойланбай-ақ қоюға да болады.
Қазақ тілі мен түрік тілі бір-біріне қатты ұқсайды. Алғашқы жылы түріктермен сөйлескенде кей сөздерді шатастырып алатынмын. Қазір бәрі керісінше. Елге келсем, қазақша сөйлейтін жерде аузыма түрік сөздері келе береді. Ең қызығы, үйге келген соң қазақтілді ортада мен бір ғажайыптың күшімен бірер минуттың ішінде қазақша сөйлеп кетемін. Қайда жүрсем де, сыртта қанша уақыт оқысам да, ана тілімді ұмытуым мүмкін емес. Ол біздің қанымызда. Ана тілін білуге бәріміз міндеттіміз. «Қазақша білесің бе?» деген сұраққа мақтанышпен «иә» деп жауап берудің өзі не тұрады!
Сөз соңында өзім қатарлы жастарға айтқым келетіні – қазақ тілін білейік, оны заман тіліне айналдырайық. Ал басқа тілді толық үйрену үшін, сол тілде шығатын кітаптарды оқып, музыканы тыңдау үшін тілдік орта қажет. Өз тілімізді құрметтейік, өзгенің тілін үйренейік. Қазіргі дәуір – жан-жақты жастардың заманы.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар