1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №48 (16234)   15 маусым, бейсенбі 2017
15 маусым 2017
«Жанымның шыңырауында жатыр қайғы...»

Ақын Аянның алқалауымен 1978 жылы «Лениншіл жас» газетіне қызметке келдім. Әдебиет және өнер бөлімінде жарты несібелі тілшімін. Бөлім бастығы Аян Нысаналин бір бума оқушы хаттарын алдыма тастай салды. «Бекен Әбдіразақовқа апарып бер» болды айтқаны. Анықтамалыққа қарап жіберіп, алдымдағы ақ телефонмен тілдесіп алып, буманы қолтығыма қысып, «ақын үйі, қайдасың?» деп жорта жөнелдім.
...Бекен ақын газет оқырмандарының өлеңдерін жай қорыта салмай, шолу, талдау мақала етіп жазды. Ұмытпасам, мақаласына «Айдатармын сені Дрезденге!» деп тақырып қойған еді. Бекен әлгі өлеңді ала отырып «Ақынталап баланың «Айдатармын сені Дрезденге!» дегені несі? Шамасы, біздің жастарымыздың дүниетанымы тар, оқымайды, ізденбейді. Әйтпесе Дрезден түрме болған қала емес. Бейнелеу өнерінің тамаша туындыларын соғыс жылдары, алмағайып заманда сақтап қалған Дрезден!» – деп біраз сын айтыпты. Поэтикалық мәселелер қамтылыпты. Жол көрсете отырып сынайтын, сынай отырып жол көрсететін сол әп-әдемі сын мақаланы жастар газетіне жарияладық. Бекен ақынмен танысуым осылай, газет тапсырмасымен барып, үйінде болған сәттен басталып еді.
Әңгімелесе келе аңғарғаным, Бекең – жастай оқығаны да, көңіліне тоқығаны да көп, алғыр ақын, пайымды сыншы, қазақ поэзиясында өзіндік орны бар үлкен ақын. Кейбір ақындар секілді дүмеп көп жазбады. Есесіне хас суретшідей бояуын босқа шашпай, өмір құбылыстарын анық танып, бояуы айқын ақық өлеңдер жазды. Жазған өлең-жырын кейбір замандастары секілді газет-журнал редакцияларына ала жүгірмейтін. Әбден пісіріп алып барып ұсынатын. Жауапкершілік қандай десеңізші! Міне, қолыма «Арыста қалған арман бар» деп аталатын жаңа жыр жинағын алып отырмын. Ақын өмірден өткен соң, жары Қазына архивін ақтарып жинақтаған дүниелер еніпті. Ақынның аманат сөзіндей. Сыңғырлаған әдемі өлеңдер. Алғысөзін «Арыстың арыс ақыны» деп көрнекті жазушымыз Дулат Исабеков жазыпты. Сол алғысөзде бір деталь бар. Дулат Исабеков «Жазушы» баспасында директор болып қызметте отырғанда ақын ағасының кітабын шығармақ болып өлеңдерін сұратады. Ақын қолжазбаны қолтықтап баспаға алып келеді. Аз уақыттан соң баспа директоры «өндіріске жіберейік» деп іздетсе, қолжазба ізім-қайым жоқ... Сөйтсе, Бекең: «Ширатамын. Шығарған соң классикалық кітап шығару керек», – деп қолжазбасын қайыра алып кетіпті. Міне, ақын жауапкершілігі деген қандай!
...Оқып отырмын. Көзімді жауһар жырлардан алар емеспін, өзімді бала кезде бастан кешкен, көзбен көрген өмір суреттерінен ажырата алар емеспін. Ақын өлеңдерінің дені өзі бала кезде жағасында суына шомылып, құмына аунап өскен Арыс өзені туралы. Арыс – басын Алатаудан алатын шағын өзен. Алайда суы мөлдіреп ағатын сұлу өзен. «Қыздың бұрымындай» деп жатады ақын. Сол рас. Арыс – өмірдегі өзен ғана емес, ақын қиялындағы сұлулық әлемі. Ақын Бекен үшін Арыс – бүкіл шығармашылығының алтын құндағы десе болады.
Баспасөз бетінен тәуір материал оқыса, Бекен ағамыз телефонмен пікірін айтады. Нашар материал оқыса, оны да аямай сынап жатқаны телефонмен. Оның да себебі бар: Бекең – жастар газетінің бір кездегі қызметкері, бүгінгі жанашыры. Бас редактор Сейдахмет Бердіқұловпен көңілі жақын. Ұмытпасам, ол кезде Тәкен Әлімқұлов Мәскеуде қазақ әдебиеті бойынша кеңесші. Бекеңнің ақындығын қапысыз бағалайтын Тәкең өлеңдерін орыс тіліне аудартайын деген оймен мәскеулік бір аудармашы ақынмен алдын ала келісіп, Бекен інісін шақыртады. Бекең барады. Өлеңдерін аударуға құмбыл орыс ақынымен (атын ұмыттым) сөйлесе келе, Бекең «нілдей бұзылады». «Тәке-ау, мынауың азды-көпті өлең жаза алатын ақын. Бірақ аударманың иісі мұрнына бармайды. Бұл түрімен менің өлеңімді аудармайды, өзі жазып шықпақшы. Ондай аудармашының маған көк тиынға керегі жоқ», – дейді. Сөйтіп, келген ізімен Алматысына кері қайтады. Міне, ақындық табиғат! Содан өле-өлгенше өлеңдерін орыс тіліне аудартамын деп тыраштанбады. Чемоданға қазы-қартасын салып, табанынан тозып Мәскеу бармады, Алматыға келген орыс ақынына қазақ салтымен бас тартып, басын имеді. «Өлеңімді қазақ оқырманы оқыса, ұрыспаса, өз халқымның көңілінен шықсам жетеді», – дейтін еді жүзіне сұраулы кейіппен қараған бізге.
Бірде ол телефонмен «кешке үйге кел» деді. Бардым. Әңгіме-дүкен құрдық. Менің қай жанрды таңдағанымды сұрады. «Шамасы, сыншы болмақсың. Ол үшін мінез болуы керек. Сыншы бедел сағаламауы керек. Сыншы қандай жағдайда да мәселеге шығарма арқылы келіп, басын кесіп алса да, шындығын айтуы керек. Шығарма талдағанда бірсарындылықтан қалай құтылуға болады? Біздің сыншылардың еңбектері неге оқылмайды? Әдеби сын материалдарын көркем шығармадай көркем етіп жазуға неге болмасын?» Екеуара әңгімеміз осындай бір пайдалы кеңеске құрылды. Орнымнан көтерілген менің қолыма бір бума қағаз берді. «Оқып көр. Өмірден қыршын кеткен талантты сыншының бар тағдыры жатыр осы қағаздарда!» – деді. Пәтеріме келіп, әрі ақтарамын, бері ақтарамын. Ұйқым қашты. Расында, ол күнделік, сұлба, ішкі шер дерлік жазбалар сыншы Қалжан Нұрмахановтың ауыр тағдырын алақаныма салды. Ол – Шыңғыс Айтматовтың жаңа көріне бастаған кезі. М.Әуезов үлкен үмітпен «Литературная газета» бетінде тұсауын кесетін, Луи Арагон «дүниедегі ғажап махаббат жыры» деп бағалаған «Жәмилә» жаңа жарық көрген. Әуелгі «Овон» (Әуен) аталатын шығарманы қазақша «Жәмилә» атап сөйлеткен, драматургиялық нұсқасын жасап («Аңсаған менің әнімсің»), сахнаға жол салған, Шыңғыс Айтматовты «Лениншіл жас» редакциясына алып келіп кездестіріп жүрген – сол Қалжан Нұрмаханов Сұмдық әсерге бөлендім. Ұйықтамай оқып, таңға дейін кірпігіме ши тіреп отырып «Парасат поэзиясы» аталатын көлемді мақала жазып шықтым. Ол «Лениншіл жас» газетінің екі нөмірінде («Лениншіл жас», 21-23 шілде, 1979 ж.) жарық көрді. Жаңа жаза бастаған маған тәп-тәуір абырой әкелді. Сағи Жиенбаев арнайы телефон шалып алғысын айтты. Жұмекен Нәжімеденов «Мектеп» баспасына, кабинетіне шақырып танысты. «Қалжанның жанына үңіліп, оқырманыңды үңілдіріп, айтқан ойымен бірге айтуға тиісті ойына дейін барлап жазыпсың, парлап жазыпсың...», «Ол бізге аға, аға ғана емес, ұстаз еді, айналайын». Ұлы ақын Жұмекен түйдектеп сөйледі... Шығармашылық жастар жақсы көретін, әдеби ортаның білімдар рухани қазығы секілді жан болған екен Қалжан марқұм. Өкініші – шығыстың ақ таңындай жалындап жанып шығып, туған Қызылордасының тал түсіндей лапылдап өртеніп өмірден ерте кете барған. Қазына жеңгем жылап телефондады. Бақсам, Қалжан Нұрмаханов Қазына жеңгемнің туған ағасы екен.
«Парасат поэзиясы» аталатын мақалам мені ақын Бекен Әбдіразақов шаңырағымен тіпті жақындастырып, бауырластырып жіберді.
Ұлы Әуезов үмітті жас ақындар қатарында атаған Бекен Әбдіразақов стилист жазушымыз Тәкен Әлімқұлов, ғажап ақын Қуандық Шаңғытбаев, ұйғырдың ірі жазушысы Хизмет Абдуллинді аға тұтты, Мұқағали Мақатаев, Әнуарбек Дүйсембиев, Сағи Жиенбаев, Оспанхан Әубәкіров, Жайсаңбек Молдағалиев, Есенжол Домбаевпен арадағы бірер жылға қарамай керемет дос болды. «Ақ көңілді, адал дос, армандас әріптесім – Бекенім!» деп Мұқағали ақын Бекенді жанындай жақсы көретін. Ақпа-төкпе Ғафу ақын «Бекеш» деп еркелететін үнемі. Төлеген Айбергенов, Жүсіп Қыдыров, өзге де ақын-жазушылардың жары Қазына жеңгемнің шуақты көңілінің арқасында Бекең үйімен жиі араласты.
Бірде атақты ақын Ғафу Қайырбеков бастаған бір қауым Бекен ағаның үйінде қонақта болдық. Дастарханды Ғафу аға басқарды. Бекен ағаны «Бекеш», «Бекеш» деп еркелетумен болды Ғафаң. Дастарханда мұндай шешен сөйлейтін, көсем көсілетін кісіні бірінші көруім. Бір байқағаным, Ғафаң да, ақын жолдастары да Бекеннің ақындығын жоғары бағалайды екен. Оның сағындырып барып жарық көріп жататын жыр жинақтарына Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекхожин, Қуандық Шаңғытбаев сынды сындарлы ақындарымыздың арнайы рецензия жазып, ағымдағы баспасөзде байсалды пікір айту сырын да осы ыңғайдан іздеймін. Расында, ол философиялық ойға ден қойғыш ақындарымыздың бірі болатын. Дүниенің шолақтығын ойлы да орамды айтар еді ақын.
Көз жұмғасын тіршілігің бір-ақ пұл,
Келіп-кетер жер – уақытша тұрақ бұл.
Әттең, мәңгі өлмейтұғын өмірдің,
Көзіндей боп Күн секілді шырақ тұр.

Күн сөнбейді, сен сөнесің жалғанда,
Аһ ұрасың ойлап, еске алғанда.
Өшкен гүл де көктем туса жанады,
Тәнің сенің нәр боп оған қалғанда.

Амалың не, табиғаттың заңына,
Құлақ түрер кім жаныңның зарына?
Тіршілікте түзу жүріп өттім деп,
Жұбанасың, жүгінесің арыңа!

Әттең, шіркін, талтаңдап-ақ жүрсең де,
Дүниеден кетеріңді білсең де,
Бір-ақ күнгі қызығыңа малданып,
Қаласың-ау мәңгі өлместей алданып! – секілді өлеңдерден өз өмірін дүние жалғанмен қапысыз байланыстырып, өзі өлсе де, өлеңім өлмесе екен деп алас ұратын ойшыл ақынды көреміз.
Бекен аға бірде драматургияға бет бұрды. «Қал қалай, доктор?» Пьеса мықты шықты. Заманауи тақырып. «Доктор» деп алғаныммен, шығармаға Қалжан Нұрмахановтың тағдырын арқау еттім», – дейтін өзі. Қалжанға дос, Бекенге аға – қазақтың ғажап ақыны Қуандық Шаңғытбаев пьесаны мақтап, жетістігін әдемі жеткізе айтты. Өзі де пьеса жазған ақын. Драматургияның табиғатын жете түсініп әңгімеледі. Сөзінің соңында: «Сен не жазсаң да, мықты жазасың. Бірақ сенде ұдайы еңбектену жоқ», – деді сынап. Тақырыбы тың, орындалуы үздік шығарма Бекен ақынды шығармашылық жаңа биіктерге жетелесе керек еді. Неге екенін, бірақ, Бекен Әбдіразақов сол бір пьесадан кейін қайтып драматургияға қол артпады.
1986 жыл. Азаттық аңсаған Желтоқсан. Ұзамай ақын мақам-сазы дүниеден түңіліңкі өлеңдер жаза бастады. Желкемсіз тымық қоғамды сынады. «Адамды ардақтамайтын қоғам – құнсыз қоғам» деп отыратын еді. Азаттық аңсаған шерушілерді «бұзақылар», «нашақорлар» деп, оларды жазалауды талап еткен алдыңғы ағаларына, қатарластарына өлердей ренжіді. Желтоқсан оқиғасы 1937 жылдың шерін қозғады... 1937 жылы нақақтан атылып кеткен әкесін сағынып поэма жазды. Шығармада бір кілтипан бар. Ақынның әкесін көрсеткен өзінің бір көкесі, ұстап берген жақын нағашысы болып шығады. Өмірдегі шындықтың қалай болғанын білмеймін, бірақ осы бір эпизод ақындық көркемдік жинақтауда «қазақты 1937 жылы құртқан басқа емес, өзді-өзі» деген ой айтар еді. Шерді шер қозғаған, ойды ой қозғаған поэтикалық ассоциация!
Коммунистік қоғам төңкеріліп түсті. «Мызғымайтын одақ» ыдырап тынды. Ескі күйреді, жаңа жасалып бітпеді. Ақын жүрек – қоғамдағы бар ауыртпашылықты алдымен сезетін, өз жүрегінен өткізетін, жамиғат үшін жарыла қуанып, жамиғат үшін мұң кешетін адам. Өтпелі кезең аталған сарыөзекте қазақ ақын-жазушыларының бірінен кейін бірі, төбеден құлаған торғайдай топ-топ етіп құлап, бақилыққа мерзімінен бұрын аттанып кеткенін өз басым кезең ауыртпашылығын көтере алмаудан деп түсінемін. Соның бірі – Бекен ақын. Айналасындағы достары – Жайсаңбек, Оспанхан, Тәкен, Хизмет, Сырбай... бірінен кейін бірінің кетуі Бекеннің жанына батты. Ол күйрек өлеңдер, елжіреген естелік-өлеңдер жазды. Ақын терең-терең күрсіністі хал кешті. Романтикалық өр рух шөкті. Өмірді құлшына сүйіп жүрген ақын енді келіп өлімді мойындай бастады.
Желбіреп шымылдығым шақырмайды,
Жанымның шыңырауында жатыр қайғы.
Жалғыздық атты жылан буып алып,
Сусынды удан өзге татырмайды.

Сәт сайын солқылдатып меңдегенде,
Қарадай қаным қаңсып шөлдегенде,
Кемиді өмір жасым өксікпенен,
Бір емес, мың ғасырға кем дегенде,
Не қалды бұ дүниеде өлмегенде!.. – деп өлең жазыпты бірде. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Көңілімізді мұң буды... Ұзамай ақын көз жұмды.
Жұмыр жерде өлмес пенде бар деймісің?! Бірақ шынайы дарындар ұзағырақ өмір сүріп, ұлтымызға шыншыл жырларын көбірек ұсынса дейсің ғой баяғы. Бекен ақынды аз жазды, көп жазды деп жату артық. Өзін күте бермейтін ақын өлеңін өмірінен артық күтті. Атына лайық, дарын қуатына сай өлең қалдырды соңына. Ол өлеңдер ақын атын алда да алып жүретін, ақын есімін елдің есіне дәйім салып жүретін болады.
Әдеби сында ашылмаған аралдайын, Дулат Исабеков айтқандай, «арыс ақын» Бекен Әбдіразақов менің жастар басылымына қызметке келгенде тауып, жақын танысқан, кейін шығармашылық жолда табысқан жақсы аға, жан байлығым екен деп ойлаймын осы күні...

Құлбек ЕРГӨБЕК
Түркістан

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар