1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №56 (16242)   13 шілде, бейсенбі 2017
13 шілде 2017
Мәдениетке қайырымдылық...

БИЗНЕСТІҢ ҚАЛЫПТЫ ШАРАСЫНА АЙНАЛУЫ ҚАЖЕТ
Рухани сала мен оның талантты өкілдері қай заманда да, қай елде де қамқорлыққа зәру. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ қоғамындағы мәдениет пен бизнестің ортақ тіл табыса алатын күні бола ма? Олардың өзара тиімді әрекет етуі мүмкін бе? Егер мүмкін болса, дәл қазіргі уақытта оған не кедергі?


Негізі, мәдениет пен бизнестің арасындағы байланысты жолға қою мәселесі әр кезде, әр елде де болған. Әсіресе биліктің руханият саласына деген ықыласы азайып, жанашырлығы кеміген кезеңдерде Еуропа мемлекеттерінің де осы күйді бастан кешіргені белгілі. Әйтсе де олардың өкіметі қандай жағдайда да мәдениеттің дамуына ықпал етуден сырттаған жоқ. Тек нарық жағдайында мүлде қорғансыз болып қалған аталмыш салаға қатысты тиісті міндеттемелер қабылдады. Соның бірі – мәдениетке қолдау көрсетуші бизнес өкілдеріне артықшылықтар беріп, нақты жеңілдіктермен қамтамасыз ету мәселесі. Мысалы, Францияда мәдениет пен бизнестің қарым-қатынасындағы ілгерілеушілік меценаттық туралы бір ғана заңның қабылдануы нәтижесінде жүзеге асқан. Өйткені аталмыш заң арқылы руханият өкілдеріне қолдау көрсетушілерге салықтық жеңілдіктер беріп қана қоймай, қайырымдылық әрекеттері үшін оларға мемлекет есебінен сыйлықтар тағайындау шаралары жан-жақты қарастырылған. Сол сияқты Ұлыбританияда да мәдениет пен бизнестің қарым-қатынасын заңдастыру мақсатында салықтық ынталандырулар мен басқа да түрлі демеушілік жобалар ойластырылған. Соның ішінде, мәселен, қажетті қаржының бір бөлігі демеушінің қалтасынан шықса, екінші бөлігін мемлекеттің өзі сала отырып, мәдени жобаның мүмкіндігін мейлінше арттыратын ағылшындық тиімді бағдарламаның маңызы ерекше зор.
Өзгелер үшін әлдеқашан қалыпты өмір үрдісіне айналған өркениетке қанша ұмтылғанымызбен, «қырық күндік кемдігіміз» бәрібір қай тұстан да көрініп тұрады. Содан да болар, меценаттық туралы арнайы заң қабылдамақ түгіл, біз тіпті осы ұғымның мағынасын жете түсініп те үлгермеген сияқтымыз. Еліміздегі қалталы азаматтардың мәдениетке мойын бұра бастауы нәтижесінде соңғы жылдарда «Алаш», «Дарабоз», «Алтын қалам» сияқты үлкенді-кішілі сыйлықтардың тағайындала бастағаны рас. Бірақ демеушілердің көпшілігі азды-көпті жасаған жақсылықтарын жарқыратып көрсетіп, дабыра қылуға құмар. Ол – ол ма, тіпті мектепке бір компьютер алып берген де – меценат, бір ауылға мектеп салдырып берген де – меценат. Ал ол қаржы оған қайдан келді, бұл қандай ниеттен туындаған шара?.. Ол жағы беймәлім. Сол себепті де қоғам мен атымтайжомарттардың арақатынасын реттеп отыратын арнаулы заң қалайда қажет.
Бұл онсыз да түсінікті. Жалпы, «мәдениет пен бизнестің қарым-қатынасын реттеуге не кедергі болып отыр?» дегенге келсек, мұнда бірнеше басты «тежегіштер» бар. Соның бірі де бірегейі – бизнес өкілдерінің мәдени жобаларға қызығушылығының жоқтығы. Әрине, бұл жердегі әңгіме кез келген компания жылт етіп көрінуді өзіне мәртебе тұтатын ірі акциялар жөнінде емес, өнерге, әдебиетке, мәдени мұраларға қатысты, яғни жұртшылыққа аса қажетті, бірақ жүзеге асыруға ешкім құлықты болмай жүрген әлдебір жобалар туралы болып отыр. Ондай жобаларға қаржы салу бизнесмендер үшін ақшаны желге шашумен пара-пар. Әйтпесе ауыл-ауылда небір таланттар жүр. Алматыда, Астанада өтіп жататын ірілі-ұсақты өнер байқауларына қатысуға немесе талабын ұштап, арнайы білім алуға, өнерін жетілдіруге кез келгенінің мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан да ірі бизнес иелерінің республикалық, халықаралық фестивальдер мен өнер сайыстарына демеушілік етуге ғана құмартпай, жер-жердегі таланттарға, халық театрларына, мәдениет мекемелеріне қайырымдылық жасауға тырысуына болатын еді ғой. Мұндай әрекеттер елімізде әзірге некен-саяқ. Өйткені мәдениетті қолдау деген нәрсе бізде «әлеуметтік-жауапты бизнес» ұғымынан тыс жатыр. Мәдениетке мемлекеттік тұрғыда басым мән берілмейінше, ондай ұғымның қалыптаса қоюы да екіталай.
Өкінішке қарай, демеушілік дегенді біз «мәдениеттің бизнеске қол жаюы» деп түсінеміз. Және тап осы түсінік түптің-түбінде кез келген бастаманы бесігінде тұншықтыруға себепкер болады.
Негізі, меценаттықты «екіжақты баю» деп қарастырған абзал. Яғни мәдениеттен ақша аямаған адам өзі де рухани жағынан өседі, кемелденеді. Өнерге жай адам емес, оның бағасын білген, қадіріне жеткен адам ғана нағыз жанашыр болады. Сондай-ақ көзбояушылық үшін істелген бір реттік шара емес, ұлт мәдениетінің болашағына алаңдау мен өнер адамын жаңа жетістіктерге жігерлендіру мақсатынан туындаған ізгілікті іс қана шын мәнісінде қайырлы...

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті