1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №59 (16245) 27 шілде, бейсенбі 2017
27 шілде 2017
БЕРЕЛ: Қазақша «уақыт машинасы»

Бәлкім, сор, бәлкім, бақ, тағдыры қазаққа архив емес, фольклор берді. Фольклорыңыз – қолмен ұстайтын конкретика емес, абстракциялы ұғым. Сөйтіп, қазақ этносы өткенін біліп, өшкенін жаңғырту үшін қиссалары мен ауызекі әпсаналарға құлақ түріп, тарихтың терең қатпарларынан тың тыңдауға мәжбүр. Себебі қолда тарихи артифакт та, дерек те жоқ.
Тарих тылсымынан Қорқыт қобызының зарлы да заһарлы әуезі естіледі. Ауыз әдебиеті мәтінінен Едігенің қайқы қылышының темір дулығаға соғылған сыңғырын естиміз.
Есік обаларының да «Алтын адам» сауытынан өзге, берер нақты дерегі жоқ. Қала берді, сақ дәуірінен қалған теңдессіз жәдігерлерді де біз этноспецификалық емес, еуроцентристік тұрғыда ғана түсініп, зерделеуді дағдыға айналдырдық.
Сөз арасында айта кету парыз, еуроцентристік ұғым демекші, басқаны айтпағанда, бүгінгі ғылымның өзінің де «сақ қорғандары» түрінде қисындалып жүрген Есіктегі төбелердің этимологиясының өзінен де кешірілмес қателік жіберіп отыр деуге негіз бар.
Алдымен, дұрысы «қорған ба?», «оба ма?» дегенге келейік.
Соңғы кезең жастарының «қорған» сөзін түсінгенімен, «оба ма?» деген сұрақ райындағы тіркесті АҚШ-тың күні кешегі президенті Барак Обама деп қабылдайтынына әсте күмән жоқ бізде...
Орыстар топырақ үймені «курган» дейді. Орысша ұғымдағы «сакские курганы» сөзі содан шыққан. Қырымда «Мамаев курган» деген жота бар. Кәдімгі Алтын Орданың айбынды қолбасшысы, біздің түсінікке «өлдің, Мамай, қор болдың» түрінде енген тарихи Мамай.
Бірақ бұл жерде тас қабырғалы қамал түгіл, қарапайым бекіністің ізі де жоқ. Есесіне тау төбе болып үйілген көмбе, яғни байырғы қазақы түсінікте «оба» делінетін үйме ғана бар.
Қазіргі тарихшыларымыз бен археологтарымыз «оба» этнонимін білмегендіктен, орысша «курганның» ыңғайымен тарихи көмбелерді «қорған», яғни «сақ қорғандары» деп қате айдарлап жүргенін айта кетуді парыз санаймыз. Дұрысы – «сақ қорғандары» емес, «сақ обалары».
Міне, еуроцентристік түсініктің зардапты әсері дегеніміз осы. Жә, архивің, тарихыңды дәлелдеуге септесетін деректі жәдігерің жоқ екен, этнобрэндіңді жалпақ жаһанға паш ету үшін ауызекі қисындарға, дерегі жоқ абстракциялық қисса-жырға ғана арқа сүйейді екенсің, сонда басты постулаты артифакт болып табылатын (әлбетте, ол өткенді дәлелдеудің басты тетігі ғой...) археологияңнан не бар сонда?

***
Осыдан отыз жыл бұрын қызылжарлық беймәлім мұғалім, тарихшы В.Ф.Зайберт Көкшетаудағы Айыртау өңірінен осыдан 53 ғасыр бұрын өмір сүрген көшпелі өркениет ізін тауып, оны нақты археологиялық деректер арқылы дәлелдеп әлемге танылды.
Соның арқасында В.Зайберт – бүгінде әлем танып, мойындалған ғалым, Берлин Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі.
Зайберттің арқасында бүгінде ғарышты игеріп отырған адамзаттың сегізінші өркениетінде «алғашқы жылдамдықтың тетігі» саналатын салт атқа міну жетістігінің тұңғыш рет қазақ жерінде жүзеге асқаны дәлелденді.
Ол да нақты археологиялық деректер арқылы дәлелденген этнобрэндтің бір мақтанышы.
Ұрпағына нақты деректер емес, фольклор ғана қалдырды деп отырған ата-бабаның біз арқа сүйейтін санаулы деректі материалының бірі – қонысы һәм тұрағы. Сондай қоныстың бірі – Шығыс Қазақстандағы Берел жазығынан табылған «Патшалар алқабы».
«Патшалар алқабы» деген анықтама ғылымға бұрыннан да таңсық емес. Мысырдағы Гиза жазығында да осы аттас алқап бар. Хеопстан бастап, Рамзеске дейінгі, одан кейінгі құдіретті перғауындардың пирамидалары да сонда.
Ал қазақша «Патшалар алқабына» келсек, одан жеті метр тереңдіктен патша әйелдің біршама жақсы сақталған мумиясымен қоса, жеті бірдей құрбандық жылқысының сүйегі табылып отыр.
Соңғы кезде Қазақстан археологтары осынау теңдессіз қазынаны көпшілік назарына ұсыну үшін Берелдегі патшалар алқабын музеификациялауды қолға алды.
Басқаша айтқанда, тарихи, археологиялық жәдігер шыны саркофагпен қоршалып, жұрт назарына ұсынылмақ. Жергілікті әкімшілік оған 40 млн теңге ақша бөлді.
Археологтардың айтуынша, Берел обаларындағы материалдар маңызы жөнінен Шлиман тапқан Троядан әсте кем емес көрінеді. Атап айтқанда, № 1, 10, 11 және 36-шы обаларға сақ қоғамының әміршілері жерленген. Ата-бабамыздың өз әміршілерінің мүрдесін ұзақ сақталатындай етіп жерлеу методикасы да таңғалдырады.
Атап айтқанда, олар мүрдені бальзамдау өнерін жетік білген және әміршілерін мәңгілік мұздақты аймақта жерлеген.
Көптеген ғалымдар «сақ патшаларын жерлеуге неліктен Берел алқабы таңдалды?» деген сауал төңірегінде бас қатыруда. Алдымен айтарымыз – аймақ өте көрікті жерде тұр. Оның үстіне іргедегі Бұқтырманың суынан анау-мынау емес, бақандай елу метр жоғарыда. Яғни су жетпейді деген сөз.

***
Берелде, негізінен, патша әулеті жерленген делінеді. Нақтырақ айтқанда, №11 обаға патшаның өзі, қасына ханшасы жерленген. Екеуінен де алтынды киімдер, алтынды жіптер қалдығы табылып отыр.
Өкінішке қарай, бұл обалар да сонау ықылым заманның өзінде тоналыпты. Сондай-ақ патшайыммен бірге жерленген жеті жылқының бәрі де айғыр. Онда да үлкен сыр жатқан сияқты.
Осы жерде «құрбандық жылқыларының саны неге жетеу?» деген сауалдың тууы да қисынды. Соған байланысты сан алуан пікірлер айтылуда. «Жеті» саны қазақы түсінікте киелі саналады. Осының өзі-ақ жерленген марқұмдардың біздің аталарымыз екенін толық дәлелдеп тұр деуге негіз болады.
Мүрдемен бірге жерленген құмыраларға ең жақын ат патшаныкі саналады. Оған алтынмен зерленген бетперде кигізіліпті. Бетпердеде қораздың суреті бар. Сақ қоғамында қораздың өзіндік культі болғаны аңғарылады. Археологтардың айтуынша, тарихи жәдігер толық реконструкцияланған кезде көп нәрсе белгілі болмақ. «Алдымен осы төңіректі мекендеген ежелгі заман адамдарының кісі жерлеу дәстүрі толықтай ашылуға тиіс» деген болжамдар айтылуда.
Жалпы, Берелдегі сақ обаларын тек қана қазақ даласының брэндтік мақтанышы деуге болмайды. Мұндай өңірлер бүкіл адамзат өркениетінің мәдени мұрасы болып саналады.
Қазір Берелде қазақ археологтарымен бірге, жапондар, орыстар, түріктер жұмыс істеп жатыр.
Бұл жерде көміртектік тәсілмен табылған жәдігерді мерзімдеуге тоқтала кету парыз. Бұл орайда, көршіміз орыстардың өзгелерден оқ бойы алда тұрғанын айта кету керек.
Оны орыс археологиясының мамандары бас-аяғы бір жылдық ауытқумен ғана дәлелдей алады. Ал ол дегеніңіз – үлкен жетістік.
Осы тәсілдің арқасында археологтарымыздың соңғы кезде қазған обасының негізгі көмбеден 5-20 жыл кейін үйілгені белгілі болып отыр. Оның да көміртектік талдауының нәтижесі сәл кейінірек белгілі болады деп күтілуде.
Ғажабы сонда – Берел алқабын мекендеген өркениет өкілдері тек қана жылқы өсірумен айналыспаған. Сондай-ақ олар металл балқытуды, металлургияны, тігіншілікті де жақсы білген. Жалпы, шаруашылықты көпсалалы, кешенді райда жүргізген.
Дегенмен шетелдік археологтар аймақты мекендеген ежелгі тұрғындардың негізінен көшпенділер болғанын нақты деректермен дәлелдеп отыр. Оған қоса, мұнда кеншілер де өмір сүрген. Металл балқытып, одан қару-жарақ, түрлі әшекейлер жасаған.
Берелден табылған ат әбзелдерінде қытай өркениетінің ізі байқалады. Соған қарағанда берелдік сақтар қытайлармен тығыз байланыста болғанға ұқсайды. Атап айтқанда, Берелден табылған ат әбзелдерінің Қытайдың атақты «терракот сарбаздарымен» ұқсастығы айқын аңғарылады.
Қазір қазақстандық археологтар осы бір теңдессіз тарихи жәдігерді мұражайға айналдыру ісін қолға алып отыр. Басқаша айтқанда, Берелдегі белгілі обалар қазылып, беті шынымен қапталмақ. Оны жыл бойы туристердің келіп тамашалауына мүмкіндік берілмек.

***
Бұл жерде мәселенің экономикалық жағына да көңіл бөлуге тиіспіз. Бұған дейін табыс көзі тек ғана макроэкономика деп түсінетін қазақ билігі туризмнен түсетін табыстың да ұшан-теңіз екенін енді түсіне бастаған сияқты. Атап айтқанда, туризмі қатты дамыған Испанияның мемлекеттік бюджетінің 62 пайызы осы туризмнен түсетінін ескерсек, мәселенің экономикалық сипаты өз-өзінен түсінікті болады деп ойлаймыз.
Қазір ғалымдар бас сүйектің шашыраған сынықтарын жинастырып, зертханалық жағдайда патшайым әйелдің тірі кезіндегі келбетін қалпына келтіру ісімен айналысып жатыр. Жергілікті басшылық та обаны музеификациялауға құлық танытып отырғанын айта кетуге тиіспіз.
Жәдігерлерді шынымен қаптау қазба жұмыстары аяқталмаса да басталып кетті. Бұған дейін ұлттық археология ілімінде мұндай үрдіс болған емес. Осыдан бастап адамзат өркениеті тарихында өлшеусіз ізі бар отандық брэндімізді туристермен қоса, Қазақстанның өз тұрғындары да тамашалай алмақ. Сол арқылы ата-бабамыздың ежелгі дүниетанымы болашақ ұрпаққа да жалғаспақ деген қуанышты болжамдар айтылуда.

***
Ал енді аталмыш археологиялық жәдігердің бүгінгі қазаққа қаншалықты қатысы бар дегенге келейік. Атақты обаның жанында ерте түркілік қорымдар жатыр. Одан арғы қорымдардың тарихы тіптен тереңге кетеді. Дегенмен солардың бәрінен қазақ ізін аңғару, байқау, түсіну қиын емес.
Ғалымдарымыздың қазіргі жүргізіп жатқан жұмыстары этномәдени дамудың көптеген сауалды мәселелеріне жауап береді деп күтілуде. Басты тетік мәдени-тарихи процестердің бүгінгі этноспен жалғастығында.
Қалай десек те, қазбалардан скиф-сақ дәуірінің айқын ізі байқалады.
Қазір жергілікті әкімшілік тарихи жәдігердің брэндтік мәртебесін пайдаланып, экономикаға қосымша қаржы түсіру жағын қарастыруда. Осы орайда, Берелде киіз үй формасындағы қонақүй салынуда. Әлбетте, ондағы жиһаздау тәсілінде де қазақы реңк басым болмақ.
Берелде қазақ ғалымдарымен бірге, көптеген шетелдік палеогенетиктер жұмыс істеуде.
Қазақ археологтары теңдессіз жәдігердің сырын ашу үшін оларды арнайы шақыртты.
Жалпы, мұндай тәсіл, яғни зерттеу жұмыстарына шетелдің жетекші мамандарын тарту әлемдік археологияда ежелден бар тәсіл.
Мәселен, Мысырдағы атақты Хеопс пирамидасын қазған кезде де солай болған.
Қорыта келгенде айтпағымыз, Берелден табылған бүгінгі құнды да тарихи оба жәдігерлерінің Қазақстанның ұлттық брэндіне айналмақ түрі аңғарылады.

***
«Уақыт машинасы» туралы жиі естиміз. Қазіргі үш деңгейлі уақыт өлшемінің ауқымына сыймайтын бұл ұғым – әлбетте, абстракциялы материя. Дегенмен адамзаттың өткенін білуге деген құлқы қашанда үлкен болған. Оның қазақ этносына да қатысы бар.
Берелдегі тарихи маңызы Троямен бірдей делінетін өркениет ізінің де бізді ата-баба рухымен қауыштырудың тетігі екеніне дау жоқ. Бұрын ондай жәдігерді тек арнаулы адамдар ғана көре алатын. Ал енді бағалы археологиялық қазбаны музеификациялаудың арқасында өткен дәуірдің жәдігерімен кез келген мақсаткер адам таныса алмақ.
Басқаша айтқанда, таяудағы болашақта Берел нағыз қазақша «уақыт машинасына» айналғалы отыр.
 

Өмірзақ МҰҚАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар