1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №59 (16245) 27 шілде, бейсенбі 2017
27 шілде 2017
Арманы алыс болса да...

Тарих сабағы еді. Қоңырау соғылысымен мұғалім сыныпқа кіріп келді. Бәріміз орнымыздан атып тұрып амандастық. Шәлісін жамылған мұғалім кезекпен үй жұмысын сұрап болып, тақтаға Ә.Бөкейхан, М.Жұмабаев сияқты ХХ ғасыр басындағы қайраткер қаламгерлердің суретін іле бастады. Сыныпта тыныштық орнап, бәріміз суреттерге сұқтана қарап отырдық. Бір кезде артқы жақтан:
– Апай, мұны неге іліп жатырсыз? – деген сұрақ естілді. Көп қылжақ пен орынсыз сұрақты ұнатпайтын мұғалім сұрақтың орынды екенін білдірткендей, байыппен, сабырлы даусымен:
– Бұлар – Алаш ардақтылары, – деп сабағын бастап кетті. Ұстазымызды бәріміз ұйып тыңдап қалдық. Кәдімгі Зере әжесінің әңгімесін тыңдаған Абайдай бәріміз мұғалім сөзін ұғынып, миымызға тоқып алуға тырыстық.
Мұғалім Алаш ардагерлерінің рухани, саяси ерлігі мен еңбегі жайлы тебірене толғады. Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына қарсы тұрған, «Алаш» партиясының ұйымдастырушысы болған Ә.Бөкейханның адамдық, азаматтық болмысын ұстаз әңгімесінен кең ұғындық. Ардақтылардың қазақ үшін қалай жанып-күйгенін, саяси жүйенің бұл кісілерге жасаған опасыздығын апай толық түсіндіріп берді. Осы сабақтан бір ерекше сезім билеп, санамды сан түрлі ойлар мазалап кетті. «Халқым» деп шырылдаған жандардың не жазығы бар еді? Алаш зиялыларының үмітін мына біз – жастар, қазіргі таңда ақтап жүрміз бе?
Әлихан атамыз қазақ қоғамының жағымсыз жақтары мен қара халықты қатыгездікпен қанап жүрген надан молда, болыс пен старшынның, тойымсыз байдың сойылын соғып жүрген екіжүзді ақындардың істеріне налып, шырылдаған еді. «Қырда кім болса да сол молла болады. Азғана оқу білетін қазақ, я қашқын, я ноғай, я сарт, я тәжік. Қай қазақ моллаға нанбайды, ашық күнді жауын қыламын деп тұрған соң...» – деп жазды «Қазақ оязындағы моллалардың баяны» деген мақаласында. Бөкейхан сол замандағы сауатсыздыққа күйінді, халқын оқу-білімге шақырды. «Қазақ ешкімге ақысын жіберіп алмаса екен» деген тілегі бар еді. Бірақ оның тілегін түсініп, ұққандар саусақпен санарлықтай ғана болды.
Ол ешқандай атаққа да, дәрежеге де ұмтылмады. Бар күш-жігерін саяси күреске жұмсады. Кейде ғылыми жұмыстарын еріксіз саяси күрес барысында жазуға тура келді. Ол Семейде сегіз ай түрмеде отырған кезінде де зерттеулерін жүргізген. Кезіндегі құдіретті Қазақ хандығының бірлігі мен күш-қуатынан айырылып, тәуелділікке қалай түскенін егжей-тегжейлі зерделеп, оны газет-журналдарға мақала етіп жазып жіберіп отырды. Қазақтың бірлігі мен тәуелсіздігін сақтай алмауының ең басты себебі – ел тізгінін ұстағандардың осалдығы екенін ашып көрсетті.
Кейде ойыма «неге олар түгел өмірін күреске жұмсады екен?» деген ой келеді. Соның бәрін тастап, неге қарапайым ел қатарлы өмір сүрмеді екен? Соның бәрі өзіне пайдасына қарағанда зиянын көбірек тигізді емес пе? Бірақ олай болмайды. Ол халқы үшін жаралған жан еді. Ешқашан қалауынша, өзінің қара басын ойлап өмір сүрмеді. «Халқым білсе екен, көрсе екен» деген арман-аңсар ең аяғы оны өлімге душар етсе де дегенінен қайтқан жоқ.
Міне, біз – осындай қайтпас жандардың ұрпағымыз. Олар қорғап қалған жердің бағасын білу, кейінгі ұрпаққа дәріптеу – біздің басты мақсатымыз. «Халқым» деп өз өмірін қиған жандардың алдындағы борышымызды өтеуіміз керек. Осы тарих сабағынан кейін өз ұлтыма деген махаббатым артып, Отанымды, жерімді, елімді бағалау қажет екенін түсіндім. Себебі біздің осындай тәуелсіз мемлекетте тұрып, білім алып жатқанымызда Әлихан, Мағжан, Ахмет секілді аталарымыздың жан аямаған үлесі мен еңбегі бар.

Әйгерім ҚАНИ, С.Сейфуллин атындағы №2 орта мектептің оқушысы
Алматы облысы
Талғар ауданы
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар