1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №60 (16246)   1 тамыз, сейсенбі 2017
1 тамыз 2017
Тұрсын ЖҰРТБАЙ: АЛАШ ИДЕЯСЫ БАЛА КҮНІМНЕН СҮЙЕГІМЕ СІҢГЕН

Алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» деп аталатын үш кітаптан тұратын іргелі зерттеу монографиясы – тарихшылар мен оқырмандар тарапынан аса жоғары бағаланып, әлі күнге қолдан түспей, ел ішінде іздеп жүріп оқылатын тарихи еңбек. Тұрсын Құдагелдіұлымен Алаш қозғалысы тарихын зерттеудегі шоқтығы биік осынау еңбектің жазылу тарихынан басталған сұхбат автордың Алаш тақырыбына келу жайына қарай ойыса өрбіді.

– Алаш тақырыбын зерттеуге қалай келдіңіз? Не ілік болды?
– «Ұраным – Алаш!..» зерттеуінің үш кітабын жазып бітіргеннен кейін соңғы сөз жазу керек болды. Содан Алаш идеясын кім, қашан маған сіңірді, Алаш тақырыбына қалай келдім деп ойландым. Ойлана келе, Алаш идеясы, Алаш тақырыбы әке әңгімесі мен ұстазым Жәңгір Исайынованың тәлімінен бастау алып, сүйегіме сіңген екен. Әкем 1918 жылы көкек айының 20-25 күндері аралығында Ахмет Байтұрсынұлының хатын Алаш әскерінің командирі Садық Аманжолов пен Отыншы Әлжановқа жеткізіп берген. Ол кезде әкем 16 жаста екен. Бала кезімізде Амангелді Иманов туралы өлеңдер жаттап жатқанымызды көріп, қатты ашуланып, «ол барымташы адам, Ахаңа жамандық істеген» дейтін еді. Біз баламыз, әкеміздің сөзіне күліп, «Торғай қайда, Семей қайда? Ол жаққа қалай барып жүрсіз, қайдан білесіз?» дейтін едік. Сонда әкем «мен Ахаңның хатын жеткізгенмін» деп айтатын. Кейін әкемнің Ахмет Байтұрсынұлының хатын тасығаны белгілі болып, әкем Құдагелді 1932-33 жылдары Алматыда түрмеде жатты. Ол кісі Ахаң туралы әңгіме айтылса, сүйінішпен тыңдайтын. Әлдебіреу «олар Алаш қой» десе қаһарланып, қатты-қатты сөйлеп, орнынан тұрып кететін.
Бала кезімізде біздің ауылда, Абай ауданында Абайды, Әуезовті білмесең, оңды бала деп есептемейтін. Сөйтіп, 7-класта оқып жүргенде «Абай жолындағы» жағымсыз кейіпкер – Әзімхан жөнінде еркін шығарма жаздым. Әзімханның өз сөзіне, атқамінерлердің мінездемесіне қарағанда, ол бүкіл қазақтың қамын ойлайды. Ал авторлық мәтінде және Абайға сөз ауысқанда, оны кекете жөнеледі. Бұл қалай? «Әуезов Әзімхан образын дұрыс жазбаған ба, бұл кім?» деп әдебиет үйірмесін жүргізетін Ақлима мұғалімге сұрақ қоймаймын ба? Ол кісі дүрсе қоя берді. Шындығында, Әуезовке күдіктене қарайтын мен кіммін? Жасып қалдым. Талқыға қатысып отырған сынып жетекшісі, Жәңгір мұғалімнің жолдасы, математикадан сабақ беретін Төкен Ғабдуллин ағай оңашалап: «Ол туралы білгің келсе, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуін» оқы. Содан Әзімханды тауып аласың», – деді. Сонымен, Сәкеннің кітабын оқып кеп жіберсем, жаңағы Әзімхан – Әлихан Бөкейханов болып шықты. Енді «Тар жол, тайғақ кешу» жөнінде шығарма жаздым. «Сейфуллин Алашты дұрыс көрсетпеген, Әлихан – қазақтың қамын ойлаған азамат. Демек, Әуезов өз кітабында Әзімхан образын дұрыс бермеген», – деп мысал да келтірдім. Әлгіні класс, одан мектеп үйірмесі болып талқылады. Жәңгір мұғалім демалысқа кеткен-ді. Орнындағы апайға бұл көзқарас жақпады. Ақыры осындай шығарма жазғаным үшін ата-аналар жиналысына салып, «Әзімхан бейнесі арқылы Әлиханды дәріптеді» деп шешім қабылдап, мені мектептен шығарып жіберді. Мектеп директоры Серікқазы Мейірханов пен Жәңгір мұғалім демалыстан қайтып келген соң бәрі де қалпына келтірілді. Міне, Алаш тақырыбына келуімнің бастауы балалық шағымда-ақ осылайша басталып кетіпті. Кейін университетке оқуға түскен соң ұстазымыз Рымғали Нұрғалиев С.Бегалиннің, С.Машақовтың, Ж.Елебековтің үйіндегі М.Дулатовтың «Оян, қазақ!», Ж.Аймауытовтың «Жан жүйесі», Мағжанның «Өлеңдері» сияқты кітаптарды алып келіп, үйінен шығармай оқытты. Қазақ баспасөзінің тарихынан бізге қазақ журналистикасының «ақ бас бурасы», кафедра меңгерушісі, профессор Қайыржан Бекхожин дәріс берді. Күзде, дәлірек айтсам, қазан айының ортасында Қайыржан ұстазым шақырып алып: «Әй, бала, сен айтқанды тыңдайсың ба? Өзің маған шәкірт болғың келе ме? Өлеңді Сырбай мен Қалижан да жазады», – деді. «О не дегеніңіз», – деймін. «Мен саған бір сыр айтамын. Келіссең де, келіспесең де тісіңнен шығармайсың. Мен ұзақ жылдар бойы өзіме сенімді шәкірт іздеп жүр едім. Уақыт келіп қалды, көзім саған түсіп тұр. Менің айтқанымды істейсің бе?» «Істеймін», – дедім. «Онда үш шартым бар: бірінші – осы айтылған сөз осы жерде қалады, екінші – тура менің айтқан тапсырмамды ғана орындайсың, үшінші – одан алған біліміңді, оның нәтижесін қашан сол мәселе анықталғанша ешкімге, ешқашанда білдірмейсің», – деді. Уәде бердім. «Жоқ, дұрыстап ойлан. Алашты білесің ғой? Сол туралы», – деді. «Әрине, білемін». «Менің саған тапсырмам мынау – мен ғана емес, бүкіл қазақ қарыздар Ахаң – Ахмет, Жахаң – Міржақып, Әлекең – Әлихан секілді аяулы азаматтар менің ұстаздарым болған еді. Солардың парызын өтейін деп әр жылдары екі шәкірт дайындап едім. Біреуінен ештеңе шықпады. Екіншісі ауылға кетіп қалды. Енді саған таңдауым түсіп тұр. Мен саған олардың еңбектерімен қайдан, қалай танысудың жолын көрсетемін. Күндердің бір күнінде ол кісілердің де заманы туады, сол шақта сен дайын болуың керек. Оқып болғаннан кейін өзіме емтихан тапсырасың»,– деді. Сөйтсем, ол кісі бізді іш тартып, сырттай қай бағытта кетіп бара жатқанымызды аңдап жүреді екен ғой. Сөйтіп, архивте Алаш азаматтарының деректерін іздестіріп, көшірме жасап, көп күндерді өткіздік. Содан жиған білім бойға сыймай, Жазушылар одағындағы Мұхтар Мағауинге барып, алаштанудан дәріс оқығым кеп кеткені. Тыңдап болып, бар болғаны: «Жалпы бағытың дұрыс екен», – дегенде қоңылтақсып-ақ қалдым. Соны білгендей Алаштың арғы тегінен бастап, өзіне тән мақтанышпен ытырыла жөнелгенде, шаң қауып қалдым. Бұл білгенім, кіріспе емес, жай ғана бағыт алу екенін түсіндім. Енді түбегейлеп отырмасам да, аптасына бір-екі рет кітапхананың сирек қорына бас сұғып тұрдым.
– Ал Алаш қайраткерлерін ақтау ісіне қалай араластыңыз?
– Сөз басында Қайыржан Бекқожин мені Алаш тақырыбына бағыттады деп айттым ғой. Сол ұстазымның аманатын орындау, шындығында да, маған бұйырыпты. Алаш туралы Қайрекеңнің маған аманаттап кеткенінен құлағдар болса керек, Олжас Сүлейменов мені шақырып алып: «Жә, Байтұрсынов пен Бөкейхановтарды ақтайтын кез келді. Сен білесің ғой, сол туралы пленумға мәселе қой. Өзіміздің ақсақалдармен сөйлес, солар сөйлесін. Сондай-ақ сен қазір Айтмұхамедовке бар. Жоғарғы соттағыларға «Алашорда» мен ол кісілердің шығармасы туралы мәлімет бер. Жасыма. Құжаттардың бәрі өтірік куәлікке құрылған. Жер-жерден хат ұйымдастыр», – деді. Сөйтіп, 1988 жылы қаңтар айында Олжас бізді сол кездегі жоғарғы соттың төрағасы Тамаз Айтмұхамедовке жіберіп: «Міне, күні туды олардың. Ұстазыңның үмітін ақтайтын кез келді. Алаш қайраткерлерін ақтауымыз керек. Сен солардың тергеу ісімен танысып шығып, әдеби эксперт бол»,– деді. Күрделі кездің қиын үкімдеріне қол қойып жүрген жоғарғы соттың төрағасы: «Біздің ұлтымызға жаны ашымайды дейсіңдер ме? Дайындалып келген үкімге қол қоямыз. Біз қоймасақ, басқаға қойдыртады. Олжас жіберсе – саған сенемін. Алаш қайраткерлерінің тергеу ісін қарап жатырмыз. Онымен жоғарғы соттың мүшесі Қазыхан Кенжебаев айналысып отыр. Сонымен бірігіп өзіңе керекті деректермен таныс. Бізге де кеңес бер», – деді. Қазыхан екеуміздің қатар оқығанымызды және оның келіншегі Гүлнар Сейітбекқызы менің әйелім Әмина Сейітқызының кластасы екенін білген соң: «Ендеше, күнде таңертең сағат оннан бастап келіп менің бөлмеме отыр. Сағат үште босат. Қалғанын Қазыхан ұйымдастырады»,– деді. Сөйтіп, 1988 жылы көкек айында «Алашорданың» 14 мүшесінің азаматтығы ақталып, О.Сүлейменовтің атынан Г.Колбинге Қ.Кенжебаев дайындаған бір жарым беттік хат жолданды. Сол кезде Өзбекәлі Жәнібеков хатшы болып келе қалды да, 4 қарашада бас прокурордың ресми қарсылығы жасалып, академик Ж.Әбділдин бастатқан үкімет комиссиясы құрылып, іс қайырымен аяқталды. Сөйтіп, әулие Қайрекеңнің – Алаш ардагерлерінің алдындағы, менің – Қайрекеңнің алдындағы парызым өтеліп, ұлт көсемдері ақталды. «Ұраным – Алаш!..» атты кітабымдағы тергеу деректері сонда жинақталды. Ал 1989 жылы сәуір айында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) мұрағатына ресми рұқсат алып, онда екі жыл бойы Алаш ісіне қатысты материалдармен таныстым. 1991-1992 және 1997 жылдары құпия мұрағаттағы тергеу ісімен қайтадан тиянақты түрде танысуға мүмкіндік алдым. Алайда өмірі мен қайраткерлігі беймәлім арыстардың түрмедегі жауаптары мен хаттамаларындағы кейбір «көрсетінділер мен айыптаулар» ел арасындағы қатардағы оқырмандарға түсінбестік тудырмас үшін 20 жылдай уақыт жабық сақтауға тура келді. Қазір олардың өмірі мен қызметтері, жазған еңбектері туралы зерттеулер жарияланып, жалпы қауымның тарихи және өмірлік шындықты, жалған айыптаулар мен жаланы ажырата алатындай мүмкіндігі туған сәтте бұл деректерді оқырман назарына ұсындым. Сөйтіп, «Ұраным – Алаш!..» монографиялық зерттеу кітабы 7-8 жылда жазылды.
– Осы тұста мұрағатта танысқан деректеріңіз туралы айта кетсеңіз.
– Екi жарым жыл Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң мұрағатында отырып, бұрын да дайындығымның барына қарамастан, тағы 15 жыл бойы зерттегенде де көп күдiктiң бетi толық ашылмады. Соған қарағанда жыл сайын кейiнге ысырылып келген бұл тергеу iсi әлі де жалғастыруды және арнайы зерттеудi қажет етеді. Сондықтан мен тек желiсi анық, басы ашық деректердi ғана назарға алдым.
Жиынтығы 14 томнан тұратын, әрқайсысы бір-бірімен сабақтас үш тергеу ісінің сұрақ-жауап құжаттары сот хаттамасындағы тіркелген реті бойынша кітапқа берілді. Сол арқылы тергеу ісі қашан және қалай басталды, кімге қандай айып тағылып, қай күні ұсталды, сұрақ-жауаптар қалай жүргізілді және 72 адамның (бір адам қашып кетіп мерт болған) айыбы бір-бірімен қалай байланыстырылды, тергеу барысында кім өзін-өзі қалай ұстады немесе алдыңғы жауаптарына қарама-қайшы қандай көрсетінді жасады, қандай арандатулар мен қысым жүргізілді, жалған үкім қалай шығарылды деген сияқты көптеген ашық та астарлы шетін сұрақтарға жауап бере отырып, жазалау саясатына негізделген кеңестік тергеу жүйесінің ішкі құрылымын толық ашуды мақсат еттім. Мыңдаған беттерді қамтитын тергеу ісінде біреуіне қойылған сұрақ 71 адамға түгелдей қайталанып қойылған, ал оған берілген жауаптар да 71 рет, тіпті одан да көп тәптіштеледі. Ең қиыны – бір мәселе туралы 71 адамның берген жауабы бір-біріне ұқсамайды. Бір жауапты екінші жауап жоққа шығарады, үшінші жауап растайды, төртінші жауап мүлдем басқа жорамал ұсынады, бесінші жауап ашықтан-ашық жала жабуға құрылған. Ал жауаптардың мазмұны жинақталып баяндалған «Айыптау қорытындысы» олардың бәрін қылмыскер етіп шығарған. Оған қарап бұл жауаптардың қайсысы тарихи шындық, қайсысы жала екендігін қазіргі оқырмандар да, тіпті саясаткерлер мен тарихшылардың өздері де анық ажырата алмайтыны анық. Соның бәрін жүйелеуге, аражігін ашуға, індете зерттеуге көп уақыт кетті.
– Кітап шыққаннан кейін қалай қабылданды?
– «Ұраным – Алаш!..» зерттеу монографиясының бірінші кітабы 2009 жылы шықты. Ешкім үндеген жоқ. Екінші, үшінші кітап шыққан соң барып ел-жұрт айта бастады. Ал Алаш ісін зерттеп жүрген тарихшы ғалымдардан өте жоғары баға естідім.
«Ұраным – Алаш!..» зерттеу монографиясының жазылу барысында мұрағат материалдарын тереңдетіп, жан-жақты зерттей келе біртұтас Алаш идеясының бес принципін негіздедім. Олар кітапқа енді. Осы бес принцип тарихшылар мен әдебиетшілердің арасында айналымға тез еніп, ежелден келе жатқан тұжырымдай айтылып, жазылып жүр. Мен тарихшылар мен әдебиетшілердің бес принципті қостағанына риза боламын. Демек, менің зерттеуім, негіздемем дұрыс болған.
– Монографияда оған дейін Алаш тақырыбында шыққан зерттеу кітаптарда кездеспейтін тағы қандай деректер, тұжырымдар бар?
– Алаш тақырыбы қазір де зерттеліп жатыр. Бірақ көбі бір кезде жария болған дүниелерді қайталаумен ғана шектеліп келеді. Ал іргелі тарихи зерттеулер жасап, еңбек жазған – Кеңес Нұрпейісов, Мәмбет Қойгелдиев, Сұлтан Хан Аққұлұлы және Дина Аманжолова. Бұдан бөлек, белгілі бір мәселені зерттеген тарихшылар да бар. Жалпы, Алашты зерттеуде, концепциялық тұрғыдан алғанда, Алаш тақырыбында М.Қойгелдиевтей тереңдеп кеткен ешкім жоқ.
– Алаш тақырыбына сонау мектепте жүргенде-ақ үйір болып, кейін табандап 20 жыл зерттедіңіз. Сол еңбегіңіз «Ұраным – Алаш!..» болып жарық көрді. Осы кітапқа енбей қалған қандай да бір деректер бар ма?
– Бұл үш кітап түрмедегі көрсетінділердің шындығы мен өтірігін ашып, соны әшкерелеуге арналған. Кітапта бір-ақ сөйлеммен айтылған, бірақ арнайы бір кітапқа жүк боларлық дүниелер көп. Мен өз зерттеуімде Алаштың бір қырын ғана нысанаға алдым. Алаш тақырыбы болса мың сан қырлы. Және оған тереңдеп бару керек. Мысалы, Алаш әйелдері тарихының өзі көз жасың сорғалап отырып оқитын кітапқа арқау бола алады. Әзірге өзім қырық әйелдің тарихын жазып қойдым. Ал олардың көзқарастары жеке-жеке зерттелсе, бір-бір кітап болады. Сондықтан біз Алашты тануға, түсінуге есік ашып бердік. Алашты тереңдетіп, әр қырын ашып зерттеу алда деп ойлаймын.
– Алаш тақырыбындағы зерттеу еңбектер қазіргі қоғамда қаншалықты бағаланып жатыр деп ойлайсыз?
– Оны нақты айта алмаймын. Қарапайым оқырмандар хабарласып, қызыға оқып, сұрап жатады. Мысалы, осыдан үш күн бұрын Көкшетаудан Шабдан деген орманшы келіп, «ақсақалдар сұратып жатыр» деп 30 кітабымды алып кетті. Басқа аймақтардан да хабарласып, қайдан табамыз, қалай аламыз деп сұрап жататын оқырман көп.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

Қажығали Мұхаметқалиев, жазушы: БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫНЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ 

– Жазушының бейнеті мен зейнеті үнемі қабыса бермейді. Кейде бейнеттеніп атқарған ісінің сапасы да көңілден шықпай, еңбегі еш кетуі мүмкін. Біз оны көркемдік талап деңгейі деп атап жүрміз ғой. Бұл тұрғыдан алғанда Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық жолы – бейнет пен зейнеттің жолы. Қазіргі алпыстың ішін алқымдағандардың ішіндегі еңбекқоры да және қаламының қуаты таймағаны да – осы Тұрсын. «Ұраным – Алаш!..» сияқты жанрлық тұлғасы мен мазмұны мәнді деректі туынды қазақ әдебиетінде кездеспейтінін несіне жасырамыз. Асылық айтты демеңіздер, Алаш ардагерлерінің қиямет-қайыммен тең көрген азабына арналған «Ұраным – Алаштан!..» асқан шығарма әзірше жоқ. Мүмкін, түптің түбінде дүниеге келуі мүмкін. Оған уақыт пен бейнет іздеген Тұрсын сияқты жазушы керек. Мен 80-жылдары осы Алаш тақырыбын шығармашылық ауанына айналдырған Тұрсыннан басқа жазушыны білмеймін. Бұл үштағанның тақырыбының тереңдігі, деректері мен зеректелуі, мәселені қойып, ойды дамыта білуі, адамның тағдырын ұлттың тағдырымен астастыра білуі маған өте ұнайды. Кезінде «Бесігіңді түзе!..» атты еңбегінде, сонау 80-жылдардың ортасында, Алаш пен Алаш қозғалысы туралы пікір білдіргені, сол үшін талқыға да түскені есімде. 1922-1937 жылдар аралығындағы кеңестік идеологиялық қысым мен саяси жазалау, ұлт зиялыларын қудалау мен қуғын-сүргінге ұшырату, ұлттық сана мен құндылықтарды жою бағытына арналған тұқым үзу (геноцидтік) мен халықтың жадын өшіру, әдебиеті мен мәдениетін рухсыздандыру тұрғысында «Алаш» партиясы мен «Алашорда» өкіметі басшылары мен мүшелерінің (жиыны 71 адам) үстінен жүргізілген тергеу істерінің негізінде жазылған Т.Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты үш томдық (2008, 2011, 2012) іргелі зерттеу еңбегі арқылы біртұтас Алаш идеясының тұжырымдамасын жасағанын да білеміз. Сондықтан да мен бұл шығарма жоғары марапатқа әбден лайық деп ойлаймын.

Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын: АЛАШ ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ АСА ҚҰНДЫ ЕҢБЕК
– Мемлекеттік сыйлық – рухани өмірімізде елеулі із қалдырған, жазушының шығармашылық өмірінің кезеңдік ізденісін ғана емес, оның творчестволық жолының қорытындысы болатын шығармаға берілген баға іспетті. Қазір жер-жерде әдебиеттің барлық жанрындағы жетістікті туындылар талқыға салынып, талдаудан да, таңдаудан да өтуде. Бұл ретте бүгінгі әдеби ағымның белді жауынгер әрі танымдық жанрына айналып отырған деректі прозаны да назарға алғанымыз дұрыс және әділеттілік болады. Бұл өзі тәуелсіздігіміздің рухани тарихы мен шежіресін көрсететін, тиянақты еңбекті талап ететін жанр. Осы орайдан алғанда қазіргі белді де белсенді жазушымыздың бірі Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты үштағаны қоғам мүшелерінің ерекше назарын аударып отыр. Мұндай деректі әрі ауқымды туындының қазақ әдебиетінде көрініс бермегеніне де біраз жылдар болды. Жазушының бұл шығармасы, өзінің атынан-ақ көрініп тұрғандай, ұлтымыздың рухани өмірінен ерекше орын алатын, ұзақ жылдар бойы халқымыздың арманды бейнесіне айналған Алаш ардагерлерінің жанкешті тағдырына арналған. Бұл Тұрсын Жұртбайдың өмірлік тақырыбының бірі әрі жиырма жыл бойы тарықпай, жалықпай жинаған деректерінің негізінде өмірге келген, жазылуының өзі он жылға созылған қияметті еңбегі. Сонау 80-жылдардың қиын кезеңінде қауіпсіздік комитетінің архивінде тәуекелді күй кешіп, саусағына мүйіз біткенше көшірген, көз майын тауысқан тақырыбы. Алаш ардагерлерінің 1927-1930 жылдардағы, одан кейін 1937-1938 жылдардағы жазықсыз түрмеге жабылып, алды атылып, арты итжеккенге айдалған, онда да ажал тырнағынан құтылмай, ақыры қаза тапқан құрбандарымыздың тағдыры, олардың түрмедегі тергеулері мен тергеушілердің, жалпы, кеңестік жазалау саясатының қысымына ұшыраған қиналыстары мен армандары, Қазақ елінің тәуелсіздігі жолындағы көрген азапты қияметі барынша шынайы әрі нақты деректермен, түрмедегі жауаптары мен хаттары арқылы нақты көрсетілген. «Ұраным – Алаш!..» туралы татымды да тартымды пікірлерді қазақ қоғамының барлық қыртысындағы мүшелерінің аузынан естідік. Алаш қозғалысына 100 жыл толады. Қазақ қоғамындағы аса маңызды оқиғалардың бірі. Сондықтан да Алаш тақырыбындағы аса құнды бұл еңбек өзінің лайықты бағасын алуы тиіс.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар