1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №61 (16247) 3 тамыз, бейсенбі 2017
3 тамыз 2017
«Санйо» – қазақтың ұлттық ойыны һәм «брэнді!..»

(жасырын «спорт» түрі туралы әпсана)
Үмбетбай Уайдин ағаға арналады

Әр ұлттың өзі мойындауға құлықсыз, бірақ жалпақ жаһан білетін спецификалы, өзіне ғана тән бір кінәраты болады деген постулат бар. Мәселен, орыс билігі ықылым заманнан бері ұлттық апат, сор есебінде «русская водканы», яғни қазақ қоғамына да әбден сіңісті болған ақ арақты алдымен ауызға алады. Орыс қоғамындағы жаппай маскүнемдікті жою мақсатында Ресей билігі небір амал-айлаға амалсыз барып жүр. Оның ең соңғысы біздің есімізде «Горбачев реформасы» түрінде қалды. Жүзімдіктер жаппай оталып, арақ-шарап өндірісі барынша қысқартылды. Бірақ одан да нәтиже шыққан жоқ. Орыстар ықылым заманнан бауыр басқан «атасының асын» ішуді бұрынғыша жалғастыра берді. Тіпті одан да күшейтіп жібергені аңғарылған...
Жалпы, сөз арасында айта кетуге тиіспіз. Орыс қоғамын орыс арағынан бөліп қарастыру мүмкін емес. Ол да өмірдің шындығы. Орыс адамы оразасын арақпен ашып, сонымен өмір сүреді. Арақ ішіп алып еңбектенеді, арақ ішіп алып соғысады. Әрі сол соғыстың бәрінде дерлік жеңіске жетеді.
Американдарда «орыстардың ақылмен жасаған екі-ақ нәрсесі бар. Оның біріншісі – Калашников автоматы, екіншісі – ақ арақ» деген әдемі қисын сақталған. Оны да жоққа шығара алмаймыз. Себебі Калашников автоматы да, орыстың ақ арағы да әлемге билік жүргізуін бұрынғысынша жалғастырып келеді. Қазір «дүниежүзінде 50 миллионнан астам тіркелмеген Калашников автоматы бар» деген деректер айтылады.
Ал ақ арақтың құдіреті бұрынғысынан да күшейіп, өршіп тұрғанын көзбен көріп отырмыз.
Дегенмен орыс билігі, зиялы қауымы осы ақ арақты ұлттық дегредацияның басты себебі санайды. Алайда, амал не, қанға сіңісті болып қалған нәрсеоңайлықпен кете қоймайтыны рас та тәрізді. Сондай «қанға сіңісті болып қалған» кінәратты дағдының қазақта да болуы мүмкін ғой деп ойлануымыз да қисынды.
Соңғы кезде кейбір сарабы мол зиялы орталарда бүгінде дамушы мемлекеттер қатарында жүрген «қазақтың соры мен кінәраты не?» деген тақырыпта әңгіме көтеріліп қалып жүргенін көріп жүрміз.
Біреу «қазақтың соры – сыбайлас жемқорлық» десе, енді біреуі «жүзшілдік, рушылдық» дегенді айтады. Ал енді біреудің аузы мүлдем басқаша қисаяды. «Қазақтың этникалық соры – «санйо!..» дейді ондайлар.
Оу, сонда қазақы құлаққа түрпідей тиетін бұл нендей керемет деп ойлауыңыз да кәдік қой? Оны да айта кетуге мәжбүрміз. Себебі «санйоның» не екенін білгіңіз келіп, шыдамыңыз сарқылып отырғанын біз жақсы түсінеміз.
Ой-хой, несін айтасың, «санйо» дегеніңіз...
«Санйо» дегеніңіз бе?
Оны әлемдегі джи-джитсу, бразилиялық оригиналды күрес сияқты ұлттық спорт түрлерімен салыстыру әсте «санйоның» мәртебесі мен адам ағзасына тигізер әсерін әлсірету һәм бағаламау болып табылмақ сияқты, ағайын!..
Неге десеңіз, «санйо» – қазақтың әлем мойындаған боксы сияқты, қауқары барлар шамасы жеткенше «ұлық мәртебеге» жетіп жүрген кәсіп. Яғни біреу «чемпион», енді біреу «вице-чемпион». Әрі сол «чемпиондардың» дені – қалталылар.
Біздің нені тұспалдап отырғанымызды білесіз бе? Сізді де қинамай-ақ қойдық. Әлбетте, «санйо» – қазақы түсінікке жат сөз. Қайсыбір ортаңқол әдебиетшілердің интригалы ниетімен оның түсінігін оқырманды жетелеу үшін баянымыздың соңына қалдырсақ та болар еді. Алайда қазақ қоғамы үшін шипалы тәлімі болар деген үмітпен (жылдам түсінсең – жылдам қабылдайсың) «сөзжұмбақтың шешімін» ұқтыра кетуді жөн көріп отырмыз.
Осы «санйо» сөзін соңынан басына қарай оқысаңыз, мәселенің мәнісін бірден түсінесіз. Әрі оның «дәстүрлі ұлттық ойын» деңгейіндегі «ұлық мәртебесіне» шындықты қадірлесеңіз, келіспеуіңіз де екіталай. Себебі ол – бүгінгі қазақ қоғамында бар, тіпті белең алған құбылыс һәм кінәрат.
Әлбетте, «санйоны» ұлттық ойын деңгейінде көрсету пиғылының екінің біріне жақпауы да мүмкін. Дегенмен бүгінгі өмірдің ақиқаты біздің бұл пікірімізді толықтай дәлелдеп тұрғанға ұқсайды...
Әрине, «санйо» қазір айбары әлемді мойындатып отырған қазақша күреске шендесе қоймас. Дегенмен біреу киімшең күреседі, енді біреу тыржалаңаш күреседі дегендей... қимылды қозғалыстың бір-бірінен айырмасы қандай?! Бірақ қазіргі қоғамдағы тарауы, жайылуы жөнінен «санйо» «Қазақстан барысынан» да кем түспейді деп ойлаймыз. Әрі оны бүгінгі амалды тіршілік нақты ақиқаттармен дәлелдеп те отыр. Оның нәтижесі де белгілі. Тастанды бала, жетімдер, қордаланған алимент т.б. Бәрінен бұрын – онсыз да жұтаң бюджет шығыны.Міне, орыс қоғамын аздырған ақ арақ сияқты қазақ қоғамының да береке-құтын қашырып тұрған солақай құбылыстың қоғамға тигізіп отырған кінәраты осындай.
«Санйоның» басты құралы һәм әдісі мен тетігі – доллар һәм байлық» дейді білетіндер. Бүгінгі артифактизм жағдайында ол да шындыққа сәйкесіп тұр. Әлбетте, өкінішке қарай...
Кеңестік дәуірде «тоқал» деген біреудің құлағына майдай жағатын, енді біреудің ішкенін ірің, жегенін желім ететін сөзді қисса-жырлардан ғана еститінбіз. Ал қазір тоқалыңыз – бүгінгі қоғамымыздың белді өкілі, заңды кастасы іспетті. Нақтырақ айтқанда, ақша тіршілік мәселесінде біреу тоқал болып күнін көріп жүр, енді біреу «нахал» болып күнін көріп жүр. Жақында тіпті әлдебір жиында «меймансыз жай болмайды, тоқалсыз бай болмайды» деген су жаңа мәтелді де естіп айран-асыр болдық.
Күні бүгін «тоқал деген нахал шықты ғой...» деп қан жылайды сарықарын бәйбіше. Тоқалыңыз байшыкеш үшін базар болғанымен, әлбетте, бәйбіше үшін тажал.
Осы тұста «еркек қылық пен еркек құлық» деген анықтамалардың көрініс беруі де заңды. Қылық пен құлық деген материялардың айырмасын түсіндіріп жатуды артық санадық. Дегенмен сөз ыңғайына қарай құлық пен қылыққа байланысты мына бір жайтты айта кетуді парыз санап отырмыз.
Былтыр Ресей теледидары күн сайын Қиыр Шығыстағы зообақтардың біріндегі Тимур теке мен ұрғашы жолбарыс арасындағы достық (бәлкім, түйсікті сезім) туралы күнделікті хабар беріп тұрды.
Жолбарысқа күнделікті жеуі үшін бір ешкі не бір теке беріп тұрады екен. Ешкі байғұсты сол жерде түте-түтесін шығарып жеп қоятын ұрғашы жолбарыс торына кіргізілген Тимур текені жеудің орнына ұзақ уақыт иіскелеп, аймалап, жалап... тұрып алыпты.
Борша-боршасын шығарып жеп қоюдың орнына оны еркелетіп, әбден есіртіпті. Теке, яғни «козел» – орыс түсінігінде жағымсыз персонаж. Сондықтан келіншектердің құлағына – алтын сырға, «жалпы, текелерді есіртуге болмайды» деп бір қоялық...
Орыс журналистерінің де таппайтыны жоқ. Бұл ақиқатты көрген олар «шын махаббат деген, міне – осы!..» деп жалпақ жаһанға жар салған. Сөйтіп, Тимур теке мен ұрғашы жолбарыстың құштарлығын жарты жалпақ жаһан жарты ай бойы тамашалады. Еркек қылық пен еркек құлық деген дәл осы жерден көрініс береді. Әбден көзі үйреніп, көңілі жайланған Тимур теке күндердің бір күні құлығы оянып... ұрғашы жолбарысты ешкі деп қалады ғой, құдай ұрғанда...
Мұндайды күтпесе керек, ұрғашы жолбарыс әлгі еркексымақты сол жерде өлімші қылып талап, быт-шытын шығарады. Тимур текені зообақ қызметкерлері ажалдан әзер арашалап қалыпты. Әйтпесе қаһарлы жолбарыстың асқазанынан бір-ақ шығар түрі бар екен...
Ең соңғы сәтте біз текенің ақ дәкеге шандылып, емханада жатқанын көрдік. Баяғы еркек құлық та, қылық та ізім-қайым жоқ. «Мә... мә...» деген өлімсіреген даусы ғана естіледі байғұстың...
Сөз ыңғайына қарай тағы да бір жайтты айтпай кетуге болмайды. Кейде қайсыбір тараптардан біз әңгіме етіп отырған кінәратты құбылысты ынталандыру, қолдау әрекеттері бар сияқты болып көрінетіні де өтірік емес.
Алдыңғы жылы қалалық газеттің тапсырмасымен мегаполистегі жарнама қателерін іздеп жүріп тексергеніміз бар. Саин көшесінің «атағы» дүркіреп тұрған заман болатын. Атақты партизан атындағы көшемен жарнамаларға көз салып қойып, жүріп келе жатырмыз. Әр ағаштың түбінен қазақтың амалсыздан теріс жолға түскен «партизан» қыздарының басы қылтияды.
Жылт-жылт...
Жылп-жылп...
Қылт-сылт...
«Ойпырмай, бұл неткен заман болды?!..» деп қынжылып келе жатқанымызда, тура Саин көшесінің бір жақ қапталынан екінші шетіне дейін тартылған ғажайып жарнамаға көзіміз түскені ғой.
Әуелде өз көзімізге өзіміз сенбей қалғанымыз да рас. Себебі сол кезде атағы дүркіреп тұрған Саин көшесіндегі жарнама да жағаны ұстатардай еді.
...Әр ағаштың түбінен «партизан» қыздардың бастары қылтиып, көңілді күпті ғып келе жатқаны тағы бар...
Әлгі жарнаманы оқығанда есі шыққан жүргізушінің көлігін ағашқа соғып ала жаздағаны. Жеңілтек қыздар мекені Саин көшесіндегі жарнамаға аюдай әріптермен «БӘРІНЕ БЕРЕМІЗ!..» деген жазу жазылыпты. Әлбетте, оны біреуге біреу бірдеңе береді екен-ау деп түсіндік. Пендеауи көңілде «оу, ол сонда не болды екен?» деген сауалдың да жатуы заңды.
Әрине, мұндайда күнәһар пенденің басына алдымен ең жаман ойдың келетіні де белгілі.
«Мәссаған, ендігі жарнамаламағанымыз осы еді!» деп қынжылып, бірінші жарнаманы есімізден шығара алмай келе жатқанымызда одан кейінгі жарнаманың тіптен есті шығарғаны. Онда «КЕРЕМЕТ РАХАТҚА БӨЛЕНЕСІҢ!..» деп жазылыпты.
– Мәс-саған!..
Ал үшінші жарнама тіптен масқара еді. Онда «БІР РЕТ – АЗ...» деп жазылыпты.
Ал, саған, керек болса?!
«Бір рет аз...»
Жылайсың ба, күлесің бе?..
Әлбетте, мұндайда пенденің ойына алдымен жаман нәрсенің келетінін айттық. Дегенмен, ақиқатында, бар гәп жарнама мәтінінің түсініксіздігінде екен. Саин көшесіне ілінген «Бәріне береміз!..» деген бірінші жарнама әлдебір банктің халыққа жаппай несие беретіні туралы жарнамасы екен. Ал екіншісі әлдебір массаж кабинетінікі көрінеді. Бірақ жарнамада нақтылық болмаған.
Дегенмен ол да – болған, бастан өткен жайт. Ал біздің сол кездегі күмәнімізде қандай қисын бар еді?
Шынтуайтына келгенде, біздің де орашолақ жарнаманы жаңсақ түсінуіміз, оны басқаша қабылдауымыз әбден заңды болатын. Себебі сол кезде Саин көшесіндегі «дүрбелең», шынында да, қазақ этносының болашағына қауіпті тенденция болатын.
Міне, біз көтеріп отырған мәселенің соңғы дәуірдегі қазақ қоғамындағы жаңғырықтары осындай. Кінәратты кемшіліктің бүгін-ертең тоқтар түрі және байқалмайды. Ауылдан келген бейкүнә қыз қаладан жұмыс таба алмағандықтан амалсыз теріс жолмен жан бағуға мәжбүр. «Бар гәп осы жұмыссыздықта» дейді білетіндер.
Демек, жасасын қазақтың жұмыссыздық пен қалталы байларға тәуелділіктен бұрынғыдан да күшейе түскен дәстүрлі ойыны – «санйо!..»
Мына қалпында нарық ықпалындағы, жұмыссыздары күпінің битінше құжынаған қазақ қоғамының таяудағы болашақта «санйодан» әлемде «ең дамыған елдердің» ондығына кіруі ғажап емес-ау, өзі...
Памфлеттің авторы: «санйодан» халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанудан үміткер, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері Өмірзақ Мұқай.

P.S. Баянның қисынына орай, қазақ болғандықтан... біз де өзімізге осындай «халықаралық дәрежедегі» мәртебе беруге мәжбүр болдық. Күлесіз бе, күлмейсіз бе? Бізді жақсы білетіндердің оған «қайдағы?!..» деп наразылық танытарын да білеміз.
Десек те, келісу де, келіспеу де өз еркіңізде. Дегенмен оңаша жерде... бәрінен бұрын өзіңіздің де... өзіңіздің де осынау «ғажайып спорт түрінен қандай мәртебеге лайықты екеніңіз» туралы ойланып көруіңізді қалар едік, ағайын...
Бәлкім, сіздің де (өзіңізді... айтамыз) «санйо» спортының сегізінші өркениет тарихындағы ең ұлы кемеңгері болуыңыз да мүмкін ғой...

 

МАҚАЛАҒА ОРАЙ АНЕКДОТ:
Бір ауданда әлдебір арызқой бір мекеме басшысының үстінен арыз жазады. «Жемқор, рушыл, «санйомен» айналысады-мыс...» дейді. Әлгі басшының ісін аудандық партия комитетінің бюросында қарайды. Бюро мүшелерінің біреуі қазақша шала түсінетін орыс әйелі екен. Бюро үстінде қаралаушының қазақша айтқан бүкіл сөзін түсінгенімен, «санйоны» ұқпаған әлгі орыс әйел қасындағы қазақ жігітінен «что такое санйо?» деп сұрайды.
Сонда әлгі қу жігіт: «А-а, это – казахская национальная игра...» деп жауап беріпті. Орыс әйел: «Типа көкпар?!» деп сұрайды. Сонда әлгі жігіттің берген жауабы: «Нет, типа «қыз қуу...» болыпты.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар