1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №61 (16247) 3 тамыз, бейсенбі 2017
3 тамыз 2017
Сыршыл суреткер

Мен оның әңгімелерін әредік баспасөз беттерінен оқып жүретінмін. Сөзі шұрайлы, ойы тың – жақсы әсер қалдыратын. Бірде «Қазақ әдебиеті» газетінен бүгінгі жастар прозасы жайында «Дөңгелек үстел» сұхбатын оқып отырып, оның бір сөзіне қатты қайран қалғаным. Сырттай танысым: «Осы бір сақалды жазушыны мен ұлы жазушы деп есептемеймін», – депті. Әлем мойындаған Эрнест Хемингуэйді айтады. Мәссаған!

Кеудесіне нан піскен інімді көргім келгені. Ол тұста Думан Рамазан «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істейтін. Талдырмаш, ашаң бойлы сүйкімді жігіт. Болмысты аңғарғыштығын, құбылыс сырына терең бойлай алатынын көрген жерін тесіп, ойып түсетін өткір де ойлы шегір көздері айқын аңғартады екен. Сөз ретінде Хемингуэйді менсінбейтін қазақтың жас ноянын көргім келгенін жасырмадым. Ол езу тарта ақырын жымиды да, «Елорда» баспасынан жарық көрген «Көкжал» атты кітабын қолтаңба қойып сыйлады.
Кітаптың беташары – «Көкжал». Табиғаттың тағысы – қасқыр мен саналысы – адам арасындағы текетірес жайынан өрбиді. Әлемдік әдебиетте талай мықты, Джек Лондон, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов қалам тербеген тақырып. «Қасқыр қолға үйренбейді, оған бас бостандығы қымбат». Сол үшін асыраушының өзін де жарып тастайды. Мұны біз М.Әуезовтің «Көксерегінен» білгенбіз. Мына әңгімеде Елубай қойшы бала-шағасымен жалғыз үй қырда отыр. Кең далаға бәрі сыйған: қасқыр да, адамы мен малы да. Аң аулап еріккен Серікжан мен Қанат қойшы үйінің іргесіндегі Керегетаста қасқырдың апанына түсіп, бес бөлтірігін бірін де қалдырмай алып кетеді. Сол-ақ екен, дала тыныштығының шырқы бұзылады. Қасқыр, адам, мал арасындағы мамыражай бейбіт өмір ойран-асыр болады. Күзетке жарамадың деп Елубай жазықсыз иті Ақтөсті атып тастайды. Ақжолын ұрып өлтіреді. Ұялы қасқырлардың қаншығының көзін жойғанымен, ақырында олардың артында қалған көкжалдың аран тісінен өзі де мерт болады. Осында бәрі аянышты: еріккен аңшысымақтардың қоржынында кеткен, түбінде бәрібір мал болмайтын бес бөлтірік, жазықсыз ажал құшқан қойшының қос иті, қаншық қасқыр, Елубайдың азапты да қорлық өлімі. Бесікте шырылдап бала қалды жетім боп, жалтаңдап жасып әйел қалды жесір боп. Бала мен жардың енді бұдан былайғы пұшайман халі жайында әңгімеде ештеңе айтылмайды, ондай қорытындыны оқушы өзі жасайды. Және сен қасқырды кінәлай алмайсың, адамды да ақтай алмайсың. Тек жаратылыстың тепе-теңдік құндылығы жайында еріксіз ойланасың. Ата-бабамыз табиғатпен «сіз» деп қана сөйлескен. Құдыққа түкірмепті. Өзен-көлге дәрет сындырмапты. Суат алдын таза ұстапты. Ауыл үстін шаңдатпапты. Аңшылықты өнер деп білген. Жандысы мен жансызы бар – бәрі де табиғат аясынан алар өз орнында болған ғой. Бір-бірінің шекарасын құрметтеген. Ал адамға көкірек бітіп табиғатқа «сен» дегелі... Өзендер тартылды, көлдер суалды, ормандар оталды. Тал түсте кара басып, жер-дүнияға сыймай шалқып жатқан Арал теңізінен айырылдық. Кезек Балқашқа келгендей, Қазақстан ауызсудан торығып кезенесі кезеретін кезеңге жетті. Тепе-теңдік адам мен табиғат арасында ғана емес, мемлекеттер, діндер, ұлттар мен адамдар арасындағы да негізгі мәселе ғой. Осының соңғысына қатысты Думан Рамазанның «Жантәсілім» әңгімесі де әсерлі шыққан. Белгілі жайт, балаңды тәрбиелеп өсіресің – қарыз бергенің, әке-шешеңді күтесің – қарызыңды өтегенің. Мен өзім мұны да тепе-теңдікке балаймын. «Жантәсілімде» осы үрдістің бұзылғанын көреміз. Нашақор Айдарбек жоқ ақшаны тауып бермедің деп шешесін буындырып өлтіреді. Жаратылысы жаман бала ма еді? Айту қиын. Өйткені есі кірген кезде өзінің не істеп қойғанын біліп қатты тебіренеді: «Жалғыз ұлың, мен үшін не көрмедің мына қатыгез тағдырдан, мен үшін бәрін тәрк етіп, қу тізеңді құшақтап өтпедің бе?! Иә... Иә... жиырма бес жасыңда жесір қалсаң да, әкемнің жоқтығын білдірген жоқсың... Не қызық көрсеттім... Ештеңе де... Қайта көзің мен көңіліңе күйік болдым-ау...» Жүрегі жоқ, сезімсіз баланың сөзі емес бұл. Бірақ өз шешесін өзі өлтірді ғой. Өйткені ол ауру – нашақор. Нашақорлық та адамның менмендігінен жабысқан кесел. Табиғат заңдылығын мансұқ етуінен. Хандық шаңырағын Шу бойында көтерген қазақ халқы сол жерде қаптап өсетін, адамды есалаң етіп, жасына жеткізбей жер жастандыратын у шөпті білмеді деймісің? Білгенде қандай! Әйтпесе наша, нашақор, апиын т.б ұғымдар да болмас еді ғой. Бұрынғылар ұрпағын алаңғасарлық қадамдар жасаудан тежеп отырды. Олар Құранды қастерлейтін, Құдайдан қорқатын. Қазір адам іштей өзін тежеуден қалды. Нашақор ұлдың өз туған шешесін өлтіруі соның бір мысалы ғана. Айтты-айтпады, нашаның уы, арақтың зәрі, ашкөздік, дүниеқұмарлық, нәпсінің буы сананы аласартып, бәрін жеңіп барады.
«Түске кірген ақбоз ат» – бір қарағанда қарапайым жолжазба секілді. Ал астары сонша кең, қатпарлы да терең. Бүгінгі күн тірлігінің бар болмысы тура айнадағыдай көз алдыңа келеді.
Атом полигонының қасіретінен жеті жасар бала әлі тұсауын кеспеген сәби секілді. Нұрбек үш жылдан бері аты жаман аурудан төсек тартып жатыр. Соңғы демі шығар кезі тақау. Шаған суының беті құжынаған өлі балық. Гүлжан қаршадай екі қыз баласының қамын жеп, шаруа басшысына барып жалғыз сиырына жем-шөп сұрайды. Беті қайтады. Полигон қасіретінен де, бейшараға ауыл басшысының қатыгездігі ауыр соққанын түсінесің. О сорлы өмір бойы тесік өкпе боп осы елдің қара жұмысына жегілді ғой. Енді... артында улап-шулап шиеттей бала-шаға қалды. Ауыл ағасының түрі анау. Олардың енді ешкімге де керегі жоқ. Бұл – «Соңғы дем» атты әңгімесінен алған әсерден туған ойым.
Жалпы, Думан Рамазан кейіпкерлерінің өмір сүріп жатқан ортасы қандай деген сұрақ туады осыдан. Әзірге байқағанымыз, жақсы емес. Басқа әңгімелерінде де тап сондай күйкі өмір. Думанның «Келіндер», «Махаббат мұңы», «Көгершін», «Сен әлі жассың, бауырым» әңгімелерінде адам бойындағы жаман қасиеттердің қатыгез ортада қалай асқындап тұрғаны суреттелген. Автордың көлемі жағынан өте шағын «Сен әлі жассың, бауырым» әңгімесі бүкіл айтпақ ойларының түйіні іспетті. Кейіпкердің жазушы ағасы әріптес досы Жолбарысты кітаптары өтпейтін дүмбілез деп есептейді. Ал әлгінің мерейтойы үстінде «тарлан жазушы, заңғар жазушы, қазақ халқының аяулы ұлдарының бірі» деп аяғын жерге тигізбей көтере мақтайды. Себебі ол ісі түсетін адамы екен. Баспадағы кітаптарының шығу-шықпауы соның қолында тұр. Иә, бұл күнде екі сөйлеу, көлгірсу, жағымпаздық асқынудың соңғы шегіне жеткен. «Сен әлі баласың» дейді. Жоқ, ондайды қазір бала екеш бала да жақсы біледі. Өйткені екіжүзділікті бүгінгі күннің философиясы деуге болады.
Қолыма Думанның тағы бір кітабы – «Жылап аққан тамшылар» түсті. Арада жеті-сегіз жылдай уақыт өткен еді. Таза реалистік мазмұн мен суреттен діни мистикаға, одан қалды, аллегориялық тәсілдерге қарай ойыса бастағаны байқалады. Абайдың «өлеңмен айтқанды түсінбесеңдер, қара сөзбен жеткізіп көрейін» дегені секілді. Сонда темірқазық қып ұстайтыны – адамдық қасиет, адамдық қасиеттің өзегін не құрайды, жерге, елге сүйіспеншілік, халықтық мінез қайдан шығады деген түбегейлі жайттарға үңіледі. Осы ретте кітаптың беташарындағы тарихшылар Ибн Тәңірберді, Лев Гумилев деректеріне сүйене отырып жазған «Ажал келген күн» атты әңгімесінде аңыздық тұлғалар Құтыз, Бейбарыс, Кетбұғыларды тағдыр тезінде тоғыстыра келіп, Кетбұғыға: «Мен елімнің ертеңі мен амандығы үшін қартайған шағымда да ат үстінен түспей жүрмін. Ал сен, Құтыз, қаның қыпшақ болса да, қарғы баулы төбетсің. Атың айтып тұрғандай, қабаған итсің!.. Затың құл болмаса да, атың құл, мәмлүксің – мемлекет құлысың!» –дегізіп, қанша биікке көтерілсең де, жат жұрт үшін еткен еңбектің заялығына назар аударуы тапқырлық, оқырманға ой салады.
Адамның болмысын танып-білуде діннің орны ерек. Кешегі большевиктер басқарған дінсіз қоғамда оған мән берілмеді, тәрк етілді. Үлкенді сыйламау, әйел мен қарындасты қорлау, маскүнемдікпен, нашақорлықпен азғындау сол құдайсыздық кезеңдерден бастау алып, асқынып кеткенін егемендік алып ес жинай бастаған шағымызда анық көріп отырмыз. Діннің Құдай атынан адамға қояр басты талабы – жанымен де, тәнімен де таза болуы ғой. «О дүниедегі кездесу», «Жан», «Алланың әмірі», «Бақсы мен пері», «Ақсақал мен ақ жылан», «Жын» атты әңгімелерінде жазушы жақсылық пен жамандық, мейірім, қайырым, күнә туралы ой толғайды. Бұлар бүгінгі жастарға аса қажет әпсаналар.
Бірде мистикаға, бірде аллегорияға жүгініп жазғандарының ішінде автордың «Арғымақ», «Көш» деген әңгімелері ерекше көзге түседі. «Көш»... басы бұлыңғыр, ешкім ашып айта алмаған, арты тұман, ешкім болжап білмеген өмірдің көші. Көсем алда, жантықтары жанында, шұбырған қара халық артта, көсем оларды Жерұйыққа бастап келеді. Ауық-ауық көсем Малбұқа айқай сап қояды: «Бізді алда жарқын болашақ, нұрлы күн күтіп тұр. Ана бір құз-жартасты биік тауды көрдіңдер ме? Содан асып түссек, ар жағы жәннат бағы!»...
Көсем отырған алтын күймені жантықтары қолдарына көтеріп, тау басынан алып өтеді. Көсем жанында дәлдүріш ақын айқайға басып жыр толғап қояды:
«Жақын қалды арамыз,
Жұмақ-жайға барамыз,
Ол да сіздің арқаңыз!
Асу бермес құз-шыңнан,
Алып өттің елді аман,
Ол да сіздің арқаңыз!
Жер басып тірі жүргеніміз,
Адам боп өмір сүргеніміз,
Бұл да сіздің арқаңыз!..»
Адамзат баласының көші мұндай мысалдарға аса бай ғой, әлі де жалғасып жатыр. Адам ағзаларын қолдан жасайтын уақытты бастан кешіп жатсақ та, өзгерер түрі жоқ. Сол себепті де адам пенденің «тозақ», «жұмақ» деген ұғымдары өзін-өзі алдау, өзін-өзі жұбату үшін ойлап тапқаны ма деп те бір сәт күпірлік ойға беріледі екенсің.
Иә, өтпелі кезеңнің бұқара қара халыққа өте ауыр тигені хақ. Сағы сынды, жасыды, күйзелді. Арақ ішіп азғандар, нашадан масаң болғандар, жезөкшелікті күнкөрістің кәсібі еткендер... Сосын ойламаған жерден байып шыға келгендер... Биік лауазым тұтқасына ғайыптан қолы жеткендер... Олар неге ұлтқа өнеге-үлгі емес? Қаһарман емес?! Өйткені оларды да ел көріп отыр... Алды қашып-пысып шетелдерде қаңғыса, біразы түрмеге қамалды. Сот алдынан кезегін күтіп жүргендер ше?.. Әрине, көш жүре түзеледі. Бәрі жаңарады, жақсарады. Жастар үлгі ететін, әлеумет сыйлайтын, шынайы құрметке бөленген тұлғалар да қалыптасып келеді. Бұйыртса, әдебиет пен өнерден оларды да көрерміз, сүйсінерміз. Қоғамда оған қажетті алғышарттардың бәрі табандылықпен жүзеге асырылып жатыр емес пе?!
«Әдебиет – өмір айнасы» дейміз. Тартымды көркем әңгімелерімен осындай алуан-алуан ойларға жетелегені үшін қаламгер Думан Рамазанға көп оқырманының бірі ретінде алғыстан басқа айтарым жоқ. 

Өтен АХМЕТ, жазушы-драматург
Астана
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар