1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №61 (16247) 3 тамыз, бейсенбі 2017
3 тамыз 2017
«Сүйер ұлың болса, сен сүй...»

Шығыс өңірдің қойнауына құт қонып, баурайына бақ дарыған бір мекені – Тарбағатай ауданы. Осы ауданның орталығы – Ақсуаттың кіреберісіндегі Екпін ауылында көргеннің көзі сүйсініп, естігеннің есінде жүретін «Туған жерге туыңды тік!» атты халықаралық ақындар айтысы өтті. Алдымен атап өтер жайт, осы өңірдің тумасы, бір кездері тәуекел деп Алматыға тартып кеткен Тұрсын Тастекеев пен ұлы Дулат арада бірнеше жыл өткенде туған ауылының еңсесін көтеруге ден қойыпты. Тоғыз жыл бұрын Екпінге Құлбай ата мешітін, бірер жыл бұрын аудан орталығына Ақсуат мешітін салып берген Тастекеевтер әулеті енді ауылдастарына қажетті тағы да бірнеше мәселені шешіп беріпті. Яғни жас кәсіпкер Дулат Тастекеев 15 млн теңге көлеміндегі жеке қаражатына 1700 метр асфальт жол салған. Ал Айдарбек би атындағы футбол алаңын пайдалануға бергені ауыл балалары үшін асыға күткен қуаныш болды. Сонымен бірге 500 дана таралыммен шыққан «Тарихқа толы Тарбағатай» атты альманахтың ІІ томы жұрт қолына тиді. Бұл құнды еңбекте Ақсуат пен Ақжар аймағында болып өткен тарихи оқиғалар, адамдар тағдыры және туған жерден түлеп ұшқан таланттар молынан қамтылыпты. Дулат Тұрсынұлы кейінгі ұрпаққа керекті дүниені жарыққа шығаруды алдағы жылы да жалғастырмақ көрінеді.
Түс ауа алыс-жақыннан келген халық ашық аспан астында өтетін «Туған жерге туыңды тік!» атты халықаралық айтысты көруге ағылды. Биылғы жылы екі рет шымылдығын түрген ұлттық өнеріміздің сайысына бақ сынауға келген 12 ақынның қай-қайсысы да осал емес. Соның ішінде Р.Зайытов, А.Шұғатаев, Р.Қайыртай, Ж.Мусина, Ә.Ережеқызын көріп көз қуанды. Айтыстың шымылдығын ашқан Жүрсін Ерман шалғайдағы Ақсуатта халықаралық айтыстың өткізілуіне себепкер болған Тастекеевтер әулетіне ризашылығын білдірді. Айтпақшы, осы айтыста елді елең еткізген бір жаңалықтың куәсі болдық. Айтыс жүлделерінен бөлек, Тастекеевтер әулеті атынан бір ақынға «Ақсуат айтысы» атты арнайы стипендия тағайындалыпты. Осы стипендияның иегері атанған 12 ақынның бірі ай сайын 200 мың теңге көлемінде қаражат алып тұратын болады. Сөз жоқ, бұл – бұған дейінгі өткен айтыстардың ешқайсысында болмаған ерекшелік.
Сөз сайысын шымкенттік Қалижан Білдашев пен Моңғолиядағы қандастарымыздың атынан келген Шұғайып Сезімхан бастады. Қалижанның былтыр келіп бас жүлдені қанжығасына байлап қайтқанын сөзіне арқау еткен Шұғайып аудан әкімі Д.Оразбаевтың оңтүстіктен екендігін меңзеп, «әкім көкесіне сеніп тағы келгенін» айтып бір түйреп өтті. Шындығында, Шұғайыптың сөз саптауы Қалижанға қарағанда шұрайлы тілі мен қиыннан қиыстыра білетін тапқырлығымен озық көрінді. Неге екенін, Қалижан биыл, расында да, әкім «ағасын» арқаланып келгендіктен бе, қарсыласына қарымды қарсылық көрсете алмады. Оның үстіне былтырғы айтыста бас жүлде алғаннан кейін оңтүстік өңірден басқа ақын жіберілгені дұрыс еді. Дегенмен де қазылар алқасы (төрағасы – Е.Жаппасұлы) екеуіне де тең ұпай берді.
Бұдан кейінгі сөз сайысы Жансая мен Рүстемнің арасында жалғасты. Екі құрдастың әдемі әзілге толы айтысы көпшіліктің көңілінен шықты. Келесі кезекте «тау мен тау соғысқандай» деп Жүрсін ақын атап өткендей, Ринат пен Аспанбектің арасындағы айтыс басталып қоя бергеннен көпшіліктің ысқырығы мен қолпашы бір сәт те толастамады. Екі мықты да бірін-бірі мойындайтынын көрсете отырып, қоғам шындығын, заман құбылыстарын лайықты деңгейде көтере білді.
Әрине, бір мақала аясында айтысты түгел баяндап шығу мүмкін емес. Бірақ та Қытайдағы қандастарымыздың атынан келген Ж.Бердібекұлы мен қызылордалық М.Ниязовтың сөз қағысулары да шынайы шықты. «Желкесіне жендеттің оғы төніп тұрса да, айтысқа қатысуға барын салған» (Мұхтардың сөзі) Жарқынбекті қандай еркелік көрсетсе де, көтеруге әзірлігін білдірген Мұхтардың бауырмалдығы сүйсінтті.
Шілденің шыжыған ыстығына қарамастан, күн ұясына батқанша қарасы тарқамаған жұртшылықтың айтыс қорытындысын тамашалайтын сәті де келіп жетті. Қазылар алқасының ұйғарымы бойынша айтыс басталар алдында атап өткен Тастекеевтер әулетінің стипендиясы Қ.Білдашев пен Ш.Сезімханға тең бөлініп берілді. Енді екі ақын да ай сайын 100 мың теңге көлемінде стипендия алып отырмақ. 300 мың теңге көлеміндегі арнайы жүлде М.Ниязов пен А.Шұғатаевқа бұйырса, 500 мың теңге көлеміндегі 3-орынға Ж.Бердібекұлы (ҚХР) лайық деп танылды. Екінші орын биігіне (750 мың теңге) оралдық Ж.Мусина көтерілді. 1 000 000 теңгелік 1-орын айтыстың азулы ақыны Ринатқа табыс етілді. Ал көпшілік сілтідей тынып, 2 000 000 теңге тігілген бас жүлдеге лайықты ақын кім боларын күткенде Рүстем Қайыртайдың бағы жанып, аты аспандап шыға келді. Тағы бір атап өтер жайт, Ринат ширек финалда Мұхтар ақынға ат мінгізетінін атап өткен болатын. Сол атты қазылар алқасының мүшесі, белгілі бизнес өкілі ретінде де танымал Н.Әпсәләмов өз демеушілігімен Ринаттың атынан М.Ниязовқа арнайы табыс етті.
Осылай елдік пен ерлік, ірілік пен бірлік бір-бірімен тамаша үйлесім тапқан айтулы шараның да шымылдығы жабылды. Халықаралық айтыстың қорытынды сәтінде Жүрсін Ерман Ақсуаттағы айтыстың бұған дейін Алматы мен Астанада өткізілген сөз сайыстарымен иық теңестіре алатындай ұйымдастырылғанын атап өтті. Амандық болса алдағы жылы Тастекеевтер әулеті осындағы тағылымды ісін тағы да жалғастыратын болады. Айтпақшы, дәулет дарыған әулет тарапынан ауылдастарына бұл жолы 40 млн теңге көлемінде демеушілік көрсетілгенін атап өткеніміз жөн. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» деген Абай хакімнің сөзі осындайда істерден айтылса керек.
 

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар