1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №62 (16248)   8 тамыз, сейсенбі 2017
8 тамыз 2017
Арманда кеткен ақын

Мырзашөлде халқына жыр дариясынан інжу-маржан шашқан Мұса деген ақынның болғанын естуші едік. Енді арманда кеткен ақынын қазағым біле жүрсін деп Мұса Жұманазарұлының ататегін, өмірбаянын баяндайық.
Халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап жүрген мұғалім Сержан Құлдырақұлы ауылдасы С.Жұманазаровтан Мұса ақынның бір өлеңін жазып алады.
Бізден екі ат жоғалды,
Қойшылар қойға мінген ат.
Мінгендіктен күйген ат.
Жүргенін біреу көріпті,
Кербұлақтың кенінен.
Аспапты бірақ, сұрадық,
Қызылқұмның белінен, – деп ақын жырларын төкпелей жөнелген ауылдасы: «Есімде қалғаны осы. Мұны Қызылқұм базарының қақпасына жазулы тұрған жерінен оқығанмын. Бұл ақынның аты жоғалған кісіге шығарып берген жоқтау өлеңі екен. Өлең тілінің шұрайлылығынан ба, санамда жатталып қалыпты», – деп өткен күннің өнегесіндей әңгімесін тәмамдапты. Ақын мұрасын санасында сақтап жүрген көнекөз қариялардың жантайып қалуы ғажап еместігін ойлағанда қатты қиналатынбыз. Содан бастап ақын жырын іздестіре түстік. Кездескен қарттардың көбі: «Ол кісінің шығармаларын Қ.Әйтпенов сақтап жүр», – дегенді айтты.

МҰСА МЕН ҚАЙЫПНАЗАРДЫҢ ДОСТЫҒЫ

Мұса Жұманазарұлы тәңір сыйлаған ақындық өнерінің арқасында көптеген белгілі адамдармен дәм-тұздас болған. Мақтаарал ауданының 30-жылдардағы 1-хатшысы, жазықсыз жазаланған Беляковпен, оңтүстік өңіріне танымал тұлғалар У.Бейсенбаев және Ж.Қасымовпен арадағы сыйластық-достығы өз алдында бөлек әңгіме. Одан бөлек, Мұса ақын сыйлас, достық қарым-қатынаста болған кісі – Қайыпназар Әйтпенов. Екеуінің достығы сонау 1930 жылдардың басынан басталды. Мұса ақын 1932-44 жылдары Мақтаарал ауданының «Қызыл таң» колхозында тұрған. Дәл осы тұста ол өнерімен жарқырап көрінсе, Қ.Әйтпенов аудандық милиция бастығы болып дәуірлеп тұрған. Қайекең қайда жүрсе де, Мұса ақынның өнерін жоғары бағалап, шексіз сүйіспеншілігін аңғартқан.
– Мұса төкпе ақын еді ғой, – дейді Қ.Әйтпенов. – Қандай бір өлең жазса да, маған әкеліп: «Мына өлеңнің ішінен бір қылмыс шығып қала ма?» – деп оқытып алатын. Қайда жүрсе де НКВД-нің бақылауында болды. Екі баласы әскерден оралмады. Өмірінің соңы қиын болды. Көп шығармаларын («Мекер әйел») өз аузынан жазып алдым. Ал «Мұңды – Сейіл» дастанын бір кісінің қолында жүрген жерінен алдым. Шариғат жайлы «40 парыз» деген өлеңі мен бір топ термесін Құтбай ақын алды да, қайтармай қойды. Артынша Құтбай қайтыс болды. Іздеттім, бірақ табылмады...
Ал 1937 жылдың зобалаңында Мұса ақын қудалауға түсіп, үш жылдай Қырғызстанды паналауына тура келеді. Бірақ осы қырғыннан жоғарыда айтылған ықпалды замандастарының шарапаты арқасында аман қалады. 1944 жылы кіндік қаны тамған Шардара ауданына (бұрынғы Қызылқұм) көшіп келсе де, НКВД-нің бақылауынан құтылмаған. Бірнеше тексеріс, қайта өріс тапқан қырғыннан Қ.Әйтпеновтің тікелей септігі арқасында аман қалған.
Содан бастап Қайыпназар мен Мұсаның өле-өлгенше жұптары жазылмаған.
1962 жылы М.Жұманазарұлы қайтыс болғанда Қайекең адал достығын байқатып, оны өз қолымен арулап қойды. Ақынның өз қолымен жазылған азын-аулақ шығармаларын сақтап әрі ел аузындағы дүниелерін жинап, бүгінгі күнге жеткізді.

АҚЫННЫҢ СӨНГЕН ҮМІТІ
Көңілін мұңға бөлеп, өмірін өкінішке айналдырған бір арман қайбір тіршілік иесінде жоқ дейсіз. Алла тағала пендесінің төрт құбыласын сай етіп жарата қоймаған. Біреуі – байлыққа қолы жетпей арманда болса, бірі – бір перзенттің жоғынан арманда. Арманы биік адамның тартар қайғысы да шексіз. Аталған ұғымның бірі – болашаққа, келер күнге деген іңкәрлік мақсаты болса, екіншісі – орындалмаған арманның көңілде мұңға айналуы. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы Мұса Жұманазарұлының арманы екіншісіне сайса керек. Ол – ақынның соңында жолын жалғастырар тұяғының қалмауы. Оның осы арманы өмірінің соңғы жылдардағы асыл мұраларынан, шығармашылығынан орын алды және артында перзент қалмауы қара қобыздай күңіренуіне әкелді. Сыр бойына төкпе ақындығымен кең танылған Мұса ақын бір өлеңінде:
Құдайым берді өнер мен сананы да,
Тоғыз перзент берсе де Алла тағалам,
Есебін өзі тапты аларында, – деп күңіренеді.
Демек, бұл жолдардан оның тоғыз перзенті болғанын аңғарамыз. Мұса Жұманазарұлының қыздай үйленген бәйбішесі Жүзім ертерек қайтыс болғандықтан, артында ұрпақ қалмаған. Оның артынша ақынға ағасы Жақыптың әйелі Жадыраны әмеңгерлік салтымен қосады. Жақып – әкесі Жұманазардың ең кенже інісі. Ол кісіден бір ұл, бір қыз көреді. Қыз жас күнінде шетінеген. Ал ұлы Рияз соғыс жылдары әскерге аттанып, хабарсыз кеткен. Жұрттың айтуынша, Рияз әкесінің жолын қуып, мәдениет бөлімінде біраз жыл қызмет істепті. Өзі асқан күйші әрі ақын болыпты. Ақынның өлең, термелерін қағаз бетіне түсірген осы ұлы көрінеді. Сырнай, мандолин, домбыраның құлағында ойнағанда жұрт тамсана таңдай қаққан екен. Амал не, Рияз өмірден ерте кетті. Тым болмаса ұрпағы да қалмады.
20-жылдары ақынға тағы да әмеңгерлік салтымен Исаның әйелі Ұғыл жеңгесін қосады. Иса – Жұманазардың ағасы Жұматайдың баласы. Осы жұбайынан Гүлстан, Башарат, Фазилат есімді қыздары, Әбиболла, Халиолла, Иниятолла деген ұлдары болады. Оған қоса, яғни есеп бойынша бір перзент болуға тиіс. Ол – белгісіз. Енді осы алты баланың тағдырына көшелік.
30-жылдары қазақ тарихында үлкен нәубет болды. Осы жағдай ақынға да зардабын тигізбей қоймады. Қудалауға түсіп, атамекені Ұзын Ата маңынан көшіп, Славянка (қазіргі Мырзакент) түбіндегі ағайындарына барады. Сонда оның он бестей қойы, қарақасқа аты, жаңа киіз үйі болған. 1932 жылы көктемде Ұзын Атаға қалжырап оралғанда баласынан Әбиболла, қызынан Гүлстан, Башарат қана аман қалыпты, басқалары сол жақта қайтыс болған. Алайда оның тартар қиыншылықтары әлі алда екен. Туысқан ағасы Ахмет қамауға алынды, өзі қудалауға түсті. Осы себепті 1933-1944 жылдары Славянкадағы ағайындарын паналады. Енді ақынның жалғыз үміті Әбиболла мен Рияз еді. Соларды аман сақтау үшін дәм-тұз тартқан жаққа бет түзеді. Әбиболла асқан суретші болыпты. Мектепте оқып жүргенде ол қағаз ақшаны қолдан жасап әкесіне көрсетіпті. Құдды ақшадан айнымайтын жасанды дүниені көрген әкесі шошып кетіп:
– Енді мұндай іспен айналыспа, – деп тыйым салыпты. Баласы да:
– Әке, тек сізге көрсетуге жасап едім, – деп жасанды ақшаны жыртып тастапты. Оған қоса, бұл баласының басқа да өнер туындылары дүниеге келіпті. Осындай дарынды ұл 1942 жылы он сегіз жасында Отан қорғауға аттанады да, 1944 жылы қаза тапқандығы жөнінде «қара қағаз» келеді. Бірақ Мұса ақын үміт күте жырлайды:
Өлгенін көзіммен көрмеген соң,
Үміткермін бір күн кеп қала ма деп.
Өлгенше пенде күдер үзбейді екен,
Жарығым өшкен қайта жана ма деп!
Ал үлкен қызы Гүлстан арабша сауаты бар, өте көркем жан екен. 1939 жылы Оңал деген жігітке тұрмысқа шығып, 1941 жылы әкесінің қолында ауырып қайтыс болды. Башарат есімді қызы болса қауыншы руының Әбдіәшім деген жігітіне тұрмысқа шыққан, Ащыкөлде отырған. 1951 жылы жаздың аяғында ауырып, артынша о дүниелік болған. Әке-шешесі барып, артында қалған Қызболғанды алып қайтады. Оны бойжеткен соң әкесі Әбдіәшім алып кетеді. Кейін тұрмысқа бергенде ол да қазаланыпты. Ұл-қыздарының тағдыры осылай қайғылы аяқталған соң, Мұса Жұманазарұлының өмірі өкінішке, мұңлы арманға ұласты. Перзентсіз өмірдің мәні кеткендіктен:
Құлайтын қу ағаштай болып тұрмын,
Тамыры шіріп, бұтағы көгермеген,
немесе:
Қартайып жасым жетті жетпіс беске,
Ержетіп, арман бар ма балаң өссе.
Керуендей жүгін буған боп отырмын,
Кетуге дайындалып ажал жетсе, – деп үміт үзе күңіренеді.
Оның бұл халін көрген Қайыпназар досы 1950 жылдардың соңында оған Ақбибі (Бүбіш) есімді әйелді қосады. Ақын онымен дүниеден өткенше бірге тұрады. Одан ұрпақ болмаған. Өмірден ұрпақсыз өтіп бара жатқанына күңіренген ақынның:
Аяғым сайға тимей бара жатыр,
Білмеймін, құр алақан қаламын ба?
«Күшті десең Құдайға сыйын» деген,
Бір Алланың өзіне саламын да, – дегенінен оның көңілін мұңға, өмірін өкінішке бастаған арманды байқау қиын емес...

Сержан ҚҰЛДЫРАҚҰЛЫ
Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ
Мақтаарал ауданы
Оңтүстік Қазақстан облысы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар