1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №62 (16248)   8 тамыз, сейсенбі 2017
8 тамыз 2017
Опера падишасы

Паваротти – Доминго – Каррерас... Бұл – әлемдік операдағы ұлы үштік. Осы қатарға Андреа Бочелли қосылды. Анығында, тыңдарман өзі қосты.
O sole mio, Vivo per lei, Caruso, Besame mucho, Time to say goodbye әндерімен әлемге әйгілі итальян теноры 1958 жылы Италияның Тоскана аймағында орналасқан Ладжатико фермасында дүниеге келген талант иесі операны әндей орындап, жай әнді опера дәрежесіне көтерген әнші. АҚШ-тың үш президенті, Рим папасы және шын өнерді бағалай білетін тыңдарман оның ерекше дарынын жоғары бағалайды.

Андреа Бочелли «Тыныштықтың әуені» атты автобиографиялық кітабында: «Құдай мені ішкі күйімді, жан сезімімді шығару үшін дауыспен марапаттады деп ойлаймын. Сәттілік – бір сәттік жеңіс. Оған иек артуға мүлде болмайды. Өмірде одан да басқа маңызды сәттер көп.Үйге келіп, есікті жауып, жанұяммен тамақтанғанда олар маған бар мейірімін, қамқорлығын береді. Ал мен үйге дауысымды ғана алып келемін. Сондықтан мен күн сайын дауысымды жоғалтпау үшін жаттығуым керек», – деп ағынан жарылған.
Андреа алты жасында фортепианоны, кейінірек флейта мен саксофонды меңгереді. Отбасында ешкімнің әнге құмарлығы жоқ, бірақ Андреа ауырып жатқанда түрлі классикалық пластинкаларды қосып, анасы сеньора Эди оны «музыкалық терапиямен» емдейді. Ештеңеден хабары жоқ сәби әсем әуен тыңдағанда тынышталады екен.
Бала кезінен-ақ көзінің көруі нашарлап, 30-ға жуық операциядан аман қалған Бочелли 12 жасында футбол добы басына тиіп, ауыр соққының әсерінен жарық дүниені көре алмай қалады. Басқа біреу болса өзінің «бақытсыздығы» үшін өмір бойы бас көтермей кетер ме еді, кім білсін?! Бірақ бала Андреаны шыңынан құлатпаған бір ғана күш – әнді шексіз сүюі, оған деген ыстық махаббат болатын. Қос жанары ғаламды көрмесе де, ол бүгінде есте қалар ерек дауысы арқылы қазіргі опера мен поп-музыканың падишасына айналды. Ол – классикалық әндер мен поп стиліндегі әндерді қос бұрымдай қатар өре білген бірден-бір талант.

СОТ ЗАЛЫ НЕМЕСЕ САХНА ТӨРІ
«Алдымен білімің болсын. Одан кейін кім болсаң да, өзің білесің» деп, әншілікті кәсіп көрмейтін көзқарас қазақта да, басқа ұлтта да бар екені мәлім. Әкесінің осындай шешімімен Андреа мектепті тәмамдаған соң, Пиза университетінің заң факультетіне түседі. Сонда да ән айтуын тоқтатпай, жоғары оқу орнынан қорғаушы дипломын алып шығады. Уақыт өткен сайын асыл арманына ұмтылған Андреа сүйікті опералық арияларын орындауға бет бұрады. Бала кезінен пір тұтып өскен Франко Кореллимен бір қалада тұрып жатқанын білген ол әйгілі тенорды өзі іздеп барып танысады. Корелли оның даусындағы ерекше бояуды, табиғи сұлулықты байқап, өзіне шәкірт етеді. Осы сәттен бастап Андреаға болашақтың есігі ашыла бастағандай еді. Пизаның сот залы жас қорғаушыны сол күннен бастап көрген жоқ.
Бұл күнде концертіне 20 мың тыңдарман жиналатын, әлемге танымал Андреа 1993 жылы Сан-Ремо фестиваліне Mare calmo della sera әнімен қатысып, үздік атанады. Сол жылы алғашқы альбомы жарық көрген тенор осы арқылы Еуропа терезесін қақты.
Оны ешкім жатырқаған жоқ, тіпті де жатсынбады. Себебі адам жанының тылсым пернелерін басып, жүрегінен орын табатын дауыс Андреаға ғана тән еді. Ол орта тап өкілдері мен операның арасында алтын көпір орнатты.

ТЕКТІ ТАҚЫМЫНДАҒЫ ТҰЛПАР
Тағдыр Бочеллиге тамаша дауыспен қатар, сәттілікпен астасқан өмір жолын тарту етті. Көзінің көрмейтініне қарамастан, шаңғы теуіп, спортпен айналысады. «Ер қанаты – ат» демекші, Андреа – тұлпар баптап, атқа мінуді жаны сүйетін тектілердің сынығы. Концерттеріне бірер күн қалғанда ат үстінде әрлі-берлі шауып, шабыттанатын көрінеді. «Бірақ атқа мінбес бұрын, оның мен сияқты зағип емес екеніне көз жеткізуім керек. Сонда ғана сенімді жүремін», – дейді ол. Италияның көлік жүргізушілері мен жол ережелеріне сенетіні сонша – велосипедпен жол жиегінде еркін серуендейтіні де бар.
Талантты адамның барлық істе талантты болуы аса сирек кездесетін құбылыс. Ал Бочелли әнді «құлақтан кіріп, бойды алардай» етіп орындап қана қоймай, өмірге деген өзіндік көзқарасымен, есте қаларлық ойларымен және қарабайыр емес қарапайымдылығымен таңдандырады. «Тыныштықтың әуені» атты кітабын өзінен бұрынғы кемеңгерлердің терең ойына сүйене отырып әуенмен егіз жаралған өз өмірін баяндайды.
Өзін дарындымын деп есептемейтін хас талант үшін бұрындары ән салу – өзіне берілген жаза іспетті көрінген екен. Яғни үйіне келген қонақтар алдында, мектептегі түрлі кештерде өзге балалар ойнап жүргенде Андреа «жазаланып», бар қызықтан құр қалады екен.

Андреа Бочелли айтады:
– Меніңше, өмірді мәнді етіп сүрудің құпиясы – қалағаныңды істеуде емес, істеген ісіңді жақсы көруде.
Мен атақты болғанға дейін сыншылар мен туралы керемет пікірлер білдіретін. Ал белгілі бір шығармашылық шыңын бағындырған соң мен жайлы жағымсыз пікірлер айтыла бастады. Мен өзіме қатысты әр пікірді мұқият оқуға тырысамын. Уақыт өзі елегінен өткізеді. Бірер жылдан соң тарихта мен қалам ба, әлде сол «сыншылар» қала ма, ол да беймәлім.
Мен өзімді Италиядан басқа елдің перзенті ретінде көре алмаймын. Операның Италияда, дәлірек айтсам Тосканада, дүниеге келгені баршаға мәлім. Менің туған жерімде. Әр ұлттың өз мақтаныштары болады. Сол секілді мен де Данте мен Леонардоның топырағынан екендігімді мақтан етем.
Мен үшін бақыт – тыңдармандарым сыйлаған махаббат.

Әлия ІҢКӘРБЕК

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар