1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №69 (16255)   31 тамыз, бейсенбі 2017
31 тамыз 2017
Рамазан СТАМҒАЗИЕВ: Қанның ішіндегі қазақи код – мәңгілік нәрсе

− Рамазан аға, әңгімемізді дәл қазір сізді мазалап жүрген сауалдарға жауаптан бастайықшы...
− Дәл қазіргі уақытта мені ойландырып жүрген жайт өте көп. Соның ішінде «ойлағанымдай болмай қалады-ау» деген үрейге толы дүние емес, керісінше, көңіл марқайтар қуанышты сәт алдан қол бұлғап тұрған секілді. Киелі сахна төрінен халқыма ән арнағаныма да 30 жыл болған екен. Байқатпай зымырап өткен уақыт бізге бағынбайды екен. «Елу жылда ел жаңа» демекші, мерейлі 50 жасқа келдік.
− Өнерпаздар шеберліктің шыңына шыққанда өнерін халқымен бөлісуге асығады. Сахнаға шығу үшін белгілі бір жасқа толу, мерейтойды күту қажет емес секілді...
− Өзің айтқандай, адам белгілі бір белестерді бағындырып, асулардан асқан соң ғана нәтижелі, өнімді жұмысын өзгелерге көрсетуге құмартады. Бірақ шығармашылық адамының жан дүниесінде, өне бойында толассыз дайындық, үздіксіз еңбек процесі тоқтамайды. Өнердің өзі тірі ағза секілді. Сүйікті тыңдармандармен жүз көрісіп, пікір алмасып, арада өткен жылдарда бос жүрмегеніңді танытып, әсем әндердің тұсауын кескенге не жетсін?! Өнерпаз үшін осыдан асқан бақыт бар ма, сірә?!
− Елу жылдық мерейтойыңыздың аясындағы жеке жоспарларыңызбен бөліссеңіз...
− Жақында оқу жылы басталады. Ұлту екеуміз еліміздің түкпір-түкпіріндегі шәкірттерімнің басын қосып, биылғы жылдың 21 қазанында, Республика сарайында «Күзгі әуен» атты есептік концертімізді өткізуге дайындалып жатырмыз.
− Бұл концерт бұрынғылардан несімен ерекшеленбек?
− Біз осыған дейінгі концерттерде «Құрманғазы», «Отырар сазы» секілді оркестрлік ұжымдармен де, ансамбльдермен де сахнаға шығып көрдік. Енді осы күзде болатын концерттің форматы мүлде басқаша болмақ.
− Ол әзірге құпия ма?
− Иә, солай деуге де болады (күліп). Бірақ осы күнге дейін айтып жүрген әндерді басқа қырынан, басқаша көзқараспен қайта орындағым келеді. Дуэттер де айтылады.
− Ұстаздық жолда да өнімді еңбек етіп жүргеніңіз мәлім. Қандай қуанышты жаңалықтарыңыз бар?
− 2016-2017 жылдардың еншісінде екі кітабым жарық көрді. Алғашқысы – «Назқоңыр» деп аталатын үлкен хрестоматия. Бұл кітаптың басты ерекшелігі − 310 ән нотаға түсіріліп, халық әні, халық композиторлары әрі кейінгі кезеңдегі композиторлардың әндерімен толықты. Тағы бір айта кетерлік жаңалық – бұрын танылмаған әндер, яғни Жетісу өлкесінің Хантәңірі аймағындағы авторлардың әндерін енгіздік.
− Қиындықтар болды ма? Мүлде ұмытылуға шақ қалған әндер қатарында кімдердікі бар?
− Көдек ақынның әндері, әйгілі Шалтабайдың, Ырыскелді бабамыздың, Қапездің біраз әндерін қостық. Бұл өткеннің ауыр жүгін арқалаған, болашаққа аманат ретінде қалатын хрестоматияны дәулескер күйші Мұрат Әбуғазы екеуміз бірлесіп құрастырдық.
− Ал екінші кітаптың мазмұны қандай?
− Екіншісі «Домбырамен ән айту мектебі» деген атпен жарық көрді. Жалпы, қарт демей, жас демей, өнерсүйер, әнқұмар жандардың домбыраны оңай үйренуіне арналған кіріспе кітап. Бұл кітап 5 сыныпқа бөлінген бағдарламасы мен түрлі тапсырмаларымен ерекшеленеді. Әншінің сахнада өзін-өзі ұстауы, тіл тазалығы, сахна мәдениеті, домбыраның шертістері секілді көптеген ірілі-ұсақты детальдарға тоқталдым. Яғни тек қана ән әлемі емес, жан-жақты ізденістің, көрген-түйгенімнің жемісі десем де болады. Бұл кітаптан ұстаздықтың, байсалдылықтың нышаны байқалады.
− Байқауымша, соңыңыздан ерген іні-бауырларыңызға ағалық қамқорлығыңыз ерекше. Екі жыл сайын Райымбек ауданына, Хантәңірі баурайына арнайы барып, талантты жас өрендерге құрық салып, өнерімен дараланғандарға тура жол көрсетіп келесіз...
− Сөзіңнің жаны бар. Әр екі жыл сайын елге барып, талапты жастарды сүзгіден өткізіп жүрмін. Биыл, міне, алтыншы жыл. Көсемі мен шешені, ақыны мен батыры төс қағыстырған қастерлі өлкеден дарындылар шықпауы мүмкін емес қой. Талай мықтының табанының ізі қалған жолдарды артқа қалдырып, арманына асыққан текті ұрпақтың саны көп. «Ел іші – алтын бесік» деп бекер айтылмаса керек. Сұрастырғанда көпшілік білмеуі мүмкін, ал әділ байқаулар ұйымдастыру арқылы шын тұлпардың шабысын анықтауға болады. Сондай шаралар арқылы сүт бетіне шыққан қаймақтай көптеген шәкірттерім өркен жайды. Бұл мен үшін зор бақыт. Олардың алды бүгінгі таңда Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжін тәмамдап, ары қарай білімдерін академияда жалғастыруда. Екінің бірі мұндай нәтижеге жете алмайды.
− Іріктеуден өтіп, сынға төтеп бергендердің бәрі шыңды бағындыра ала ма?
− Барлық қырынан 100 пайыз мінсіз адам жоқ қой. Кейбірінің сахна шеберлігі, орындауы, бәрі тыңғылықты болғанымен, музыканы есту, сезіну жағынан кемшіліктер болады. Ал енді біріне сәл шеберлік жетіспей қалуы мүмкін. Бұл бақ пен баптың қатар келуін талап ететін өнер. Биыл Қаратаудан, Ақтөбе аймағынан, Оңтүстік Қазақстаннан көптеген талантты жастар келді. Бұл балалардың бәрі ауылдың табиғатымен етене байланыста болып, ата-әжесінің тәрбиесін бойға сіңіріп, топырақтың киесін сезінген балалар. Қазақи ұғым қалыптастырып, кең далада көсіліп жүріп, «асфальтқа табанын қыздырмаған» ауылдың балалары өнерге ерекше құмар.
− Аға, менің қатарластарым өз ішінен бірнеше топқа бөлінетінді шығарды. Дәстүрлі әнді мүлде тыңдамайтын, басқа бағыттағы әндерге құмар, өзге елдің сәніне әуес жастар өсіп келеді...
– Бұл қазақтың басынан не өтпеді?! Ойды да көрген қазақ, қырды да көрген қазақ. Қолдағы барын, сәнді қаласын тартып алған талай қаскөйлердің ызасынан аман жүрген елміз біз. Қазақ бәрінен айырылса да, бір дүниеден айырылған жоқ. Ол – өнер, дәстүрлі өнер. Осы қазақ «Елім-ай» деп қазақша жылады ғой. Орыс басып алғанда да, орыстың әнін айтқан жоқ. Менің ойымша, қанның ішіндегі қазақи код – мәңгілік нәрсе. Ұлттық бояуы қанық дүниелерге бүгінгі күні аз көңіл бөлінсе де, ұлтжанды жандар жоқ деп айтуға аузым бармайды. Дәстүрлі өнер, қастерлі сөз ешқашан өлмек емес. Жастардың жат бағыттарға құмартуы бір сәттік күй. Ал шын өнер мәңгі жасайды.
− Дәстүріміздің ошағына айналған «Алатау» театры олқылықтың орнын толтыра ала ма?
– «Алатау» – менің Алатауым, сенің Алатауың, біздің Алатауымыз. Дәстүрді демеп, қолынан келгенін аямаған Алматы қаласының әкімі Б.Байбек мырзаға алғысымыз шексіз. Себебі «Алатау» театрында түрлі фестивальдер, қолөнер көрмелері, ұлттық шаралар өтіп жатыр. Қазаққа қатыстының бәрі сол жерден табылады. Тіпті қазақ өнерін сүйіп, танығысы келетін шетелдік қонақтарымызды еш ойланбастан сонда апаруға болады.
− Соңғы уақытта кімнің кітабын оқып жатырсыз?
− Қазақтың біртуар ақындары, жазушылары баршылық. Абай мен Мұқағалиды айналып өте алмаймыз. Іздегеніңді солардан табасың. Соңғы екі ай көлемінде Аманжол Әлтаевтың кітабын оқып жүрмін.
− Сіздің репертуарыңыздағы әндердің көпшілігі Тұрсынжан Шапайдыкі. Мұның қандай сыры бар?
− Тұрсынжан ағам екі жүз ән шығарса, соның барлығын менің орындауым мақсат емес шығар. Ол кісінің әндері өте ұнайды. Тұрсынжан ағаның басқа әншілерге де берген әндері бар. Соларды басқаша қып орындасам деп іштей ойлап жүр ем, ағам келісті. Енді алдағы концертке сол әндерді әзірлеп жатырмыз. Бірақ ол әндер бұрын халыққа ұсынылған.
− Тұрсынжан ағаймен таныстығыңызды тарқатып айтып беріңізші...
− Менің ән қоржынымдағы Тұрсынжан ағаның алғашқы әні − «Арман» әні болатын. Онда мен президент оркестрінде әнші едім. Бір күні концерттің алдында қарбалас сәтте Бекболат Тілеухан: «Мына бір әнді тыңдашы, керемет!» − деп ұсынды. Уақыт тығыз болса да, ән құлағымда қалып қойды. Астанадағы концерт бітіп, Алматыға келдік. Бекболат екеуміз көрші тұрдық. Құлағымда қалып қойған әнді іздей бастадым. Сөйтсем, Тұрсынжан ағамның әні екен. Ол кісіні сырттай білгеніммен, жақын таныстығым жоқ еді. Бекболаттан нөмірін алып хабарласып, үйіне іздеп бардым. Мені ол кісіге сол ән жетелеп барды. Әнді жазып алып, үйге келген бетте бірнеше қайтара орындап, сол жылдамдықпен бір аптаның ішінде «Арман» әні менің орындауымда жарық көрді. Тез арада өз тыңдарманын тауып, бұл әннің жұлдызы жарқырай түсті. Дәстүрлі әннің көшінде жүрген мені осы ән үшін жаратпағандар да табылды. Ұнатып, жалғасын табуына шабыт берген тыңдармандар да көп болды.
− Сөйтіп, тыңдармандарыңыз екіге бөлінді ме?
− Иә. Біз түлкіге бүркітті салып қойып, олжасы қалай болар екен деп бақылап отырған құсбегі секілді әнді тыңдарманға аттандырып, артын бағып отырамыз ғой. Бірақ бастапқыда қарсы болғандар кейіннен кешірім сұрады.
− Әр әннің тағдыры болады ғой. «Дариға-дәурен» қалай жазылды?
− «Дариға-дәурен» алғашқы «Арман» әнінің жалғасындай, ізін суытпай дүниеге келді. Н.Айтұлы өлеңін, Т.Шапай әнін жазды. Әлі есімде, екі ағам шығармашылық тандеммен әнді жазып болады да, сағаттың қанша екеніне қарамай мені шақырады. Түннің ортасында үшеуміз әнді терідей илеп, талқыға саламыз. Осылайша бірнеше күн жүрдік. Өлеңі дайын болған сәтте мен жаттап алып орындаймын. Бірақ өлең жолдары көп өзгеріске ұшырап, ертесіне дейін жаттағаным басқаша боп шыға келеді. Ақыры авторлар бір тоқтамға келді, әнді шынымен аяқтап, енді өзгертпеуге серт берді. Сөйтіп, жеңгеміз дастархан жайып, жаңа әннің дүниеге келуін атап өттік.
− Демек, әннің ғұмырлы болуы қалай дүниеге келгеніне де байланысты екен ғой. Осыған дейін мыңдаған әндер шықса да, «Дариға-дәурен» әлі тыңдарманын жоғалтқан жоқ...
− Иә. Бұл ән 2000 жылдары жарық көрді. Ол кезде Заманбек ағамыздың көзі тірі. «Жаңа ғасырға − жаңа ән» атты республикалық байқау жарияланды. Сол байқауға да қатысып, жаңа заманның шымылдығын аштық. Әннің ғұмырлы болуы тыңдарманға да байланысты.
− Әңгімеңізге рақмет. Ғұмырлы әндеріңіз көп болғай!

Әңгімелескен Әлия ІҢКӘРБЕК

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар