1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №70 (16256)   5 қыркүйек, сейсенбі 2017
5 қыркүйек 2017
Қазақ шекарасы қалай заңдасты?

Ресейдегі 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Әлихан Бөкейханов бастаған Алаштың арыстары тәуелсіз қазақ мемлекетін құруға белсене кірісті. Лениннің «Бұрынғы патшалық Ресей империясының бұғауында болған халықтар өз алдына жеке мемлекет болуға және автономиялы республика болып Кеңестер Одағының құрамында қалуға, кейіннен Одақтан шығуға да құқылы» деген идеясы бойынша, 1917-1920 жылдары қазақ зиялылары орталықпен ымырашылдық негізінде Алаш мемлекетін құруға күш салды. «Алаш» партиясы атынан үкімет басшылығына Ә.Бөкейханов, екінші үміткер Ә.Ермеков болды. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жариялануға тыйым салынған «Алаш» поэмасында аталмыш партия мен оның көсемдеріне сипаттама берген. «Алаш» партиясының өкілдері Сібір және Түркістан автономиясы Қазақ-Қырғыз автономиясы, милиция, ұлттық кеңес, оқу-ағарту ісі, қазынашылық, сот, ауыл әкімдігі сияқты мәселелерді көтерген. Осыған орай, «Алаш Орда үкіметі Совнаркоммен байланыс орнатқан. Келіссөздер жүргізген. «Абай» журналының редакторы Жүсіпбек Аймауытов кезінде мынандай тарихи келіссөзді жариялаған. «Қуаныш құтты болсын! Журналымыз басылып қойылғаннан кейін мынандай қуанышты хабар алып, теңдікке, билікке сусаған Алаштың ауылынан қуантқалы журналдың тысына осы хабарды асығып басып отырмыз. 20 март (ескіше) Мәскеудегі Совет өкіметінің басшысы Ленин мен Народный Комиссар Сталиннен Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов атына телеграмма келді. «Әр халықтың өз билігін өзіне береміз» деп шешкен закон жарлығымыз әлі сол қалпында. Айтқанымыз – айтқан. Сіздердің өкілдеріңіз бізге әкеліп тапсырған жалпы қазақ съезінің қаулысын түгелімен қабыл аламыз. Жалғыз-ақ Совет өкіметін таныңыздар. Енді біздің билік береміз деген сөзімізді іске асыру керек. Ол жердегі тұрған әкімшілікпен бірігіп съезд шақырып, автономияны жария қылу жолында болатын комиссия жасаңыздар. Қазақ қамқорлары тезінен комиссиясын жасап, автономиясын жария қылуға асығар деп білеміз. Ендігі бір ниет, бір тілектегі адамдармен ауылдасып, байлаған сөздеріңді білдіріңіз», – деп Ленин, Сталин қол қойған. Қазақ Автономиялық Республикасы 1920 жылы қазан айында жарияланды. Оның алдында қазақ жерінің шет-шегін тұңғыш рет белгілеу үшін Алаш қайраткерлері Ленинге, бірде Сталинге кіре жүріп, 1920 жылдың 24 тамыз күні Қазақстанның ұлттық мемлекеттік территориясын бекіттірген. Осы туралы Әлімхан Ермеков өз естелігінде былай деп жазған: «Мәскеудегі бір ай жұмыс мерзімімде Кирвоенревком мүшелерімен үнемі байланыс жасастым. Автономиялық Республика құрылымы мен оның шекарасын белгілеу туралы нұсқаулар алдым. В.И.Лениннің басшылығымен өткен отырыста Қазақстанның орналасуы туралы баяндама жасадым. Маған дейін Түрік республикасының орналасуы туралы Туркомиссия мүшесі Сафаров ақпарат берді. Ол жер мәселесі жөніндегі реформаны жүзеге асыруды талап етті...»
1920 жылдың тамызы қазақ халқы үшін шын мәніндегі тарихи ай болды. Осы айдың 17-жұлдызында В.И.Лениннің төрағалығымен өткен Совнарком жиынында бірінші рет Автономиялық Қырғыз Совет Республикасы туралы шешім жобасы қаралды.
24 тамызда В.И.Ленин Автономиялық Қырғыз ССР туралы құжатқа қол қойды. 1920 жылдың 26 тамызы күні Қырғыз (Қазақ) Автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөніндегі декрет дүниеге келді.
Бұл айтуға жеңіл болғанымен, қылышынан қан тамған большевик комиссарларға қазақ жерінің шекарасы мен көлемін мойындату Алаш азаматтарына оңай болмаған. Алаш азаматтары Кремльдегі жан беріп, жан алысқан ұзақ тартыстан соң қызыл комиссарларды мойындатып, В.И.Лениннің қолдауымен пролетариат көсемі қабылданған қаулыға қол қойған. Бұл жеке азат ел болуды аңсаған Алаш арыстарының жанқиярлық еңбегінің арқасы еді. Сол тартысы мол алқалы мәжілісте болашақта құрылатын қазақ мемлекетінің шекарасы межеленді.
Негізгі тартыс «Қазақ Автономиясына қай жерлер кіреді?» деген мәселеге келгенде қатты ушыққаны белгілі. Бірақ Алаш арыстары алға қойған мақсатына жеткен. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков қазақ мемлекеті алдындағы тарихи миссиясын осылайша орындап шыққан. Сол кезде бар-жоғы 29 жастағы Әлімхан Ермеков Әлихан мен Ахметтің дем беруінің арқасында азулы топтың алдында қазақ жерінің шекарасы жайында баяндама жасаған. Ол баяндамасында тарихи деректері мен ата-бабаларының мекен еткен, ықылым заманнан иелік еткен қоныстары Астрахань, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самархан, Ферғана облысы мен губернияларын қамтитын, жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ Республикасының құрамына беруді сұраған. Әлімхан Ермеков Томскідегі тау-кен институтын үздік бітірген, қазақтың алғашқы тау-кен инженері, ұлтымыздың алғашқы математик профессоры, орыс, ағылшын, неміс, француз және шығыс халықтарының тілін жетік меңгерген Алаш азаматы болған. Әлімхан Ермеков ел, жер тарихын жақсы білетіндіктен де Ор (Орск), Челябь, Қорған-Құланды даласы, Алтай өлкесі, Ташкент қаласы, Шыршық аудандары ежелден қазақ жері екендігін дәлелдеп, Қазақ автономиясына беруді талап еткен. Тіпті Төле бидің би болып Ташкентті билеуі, Жалаңтөс баһадүрдің Самарқанда әмір болғаны да сөз болған. Қызу айтыс-тартыстан кейін орталық Әлімхан Ермековтің айтқандарына толықтай болмаса да, қосылатындықтарын білдірген.
Бірақ мұны жеңіс деуге ертерек еді. Өйткені ендігі кезекте автономияның аумағы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығу керек болған. 1920 жылы 12 тамыз күні Лениннің төрағалығымен өткен мәжілісте Әлімхан Ермеков барын салған. Өйткені ол исі қазақтың тағдыр-талайы шешілетін кез дәл осы тұс екенін жан дүниесімен сезінген және жағдайды жетік білетіндігін һәм шешендігі арқасында В.И.Ленинді иландыра білген. Өзінің естелігінде Әлімхан Ермеков: «Мәжілісте орнымнан үш тұрып сөз алып, ойымды жеткізумен болдым», – деп жазған. Тіпті Алаш арыстары мәжілісте бетпе-бет келіп, көзбе-көз айтысқаннан кейін қазақтың уысынан шығып бара жатқан Атырау өңірін де қазақ еліне мәңгілік қайтарған. Қызыл комиссарлардың қолдауына ие болған
Сібір ревкомы 1922 жылға дейін солтүстік облыстарды Қазақстанға қоспауға тырысқан. Олар Қостанай және Челябь облыстарын өз иеліктерінде алып қалуға барын салған. Үлкен айтыс-тартыстан кейін Қостанай Қазақстанға, Челябь Сібір ревкомына тиесілі болып шешілген. Әлімхан Әбеуұлы кейін Қазақстанның Алтай шекарасымен Корестеловск даласымен шекара бөлісуде Семей және Ақмола облыстарын Қазақстан құрамына енгізуге қатысқан. Сол жылдың 3 ақпанында Барнауылда Алтай өлкесінің 18 елді мекенін Семей облысының құрамына алып берген.
Ә.Ермеков қазақ жерін біртұтас республика құрамына қайта енгізуде маңызды рөл атқарған. Ол – халқының патриоты, білгірі. Қазақ Автономиясын құру және оның территориясын белгілеу барысының ушығып бара жатқанын сезген Ленин 12, 14, 18, 19 тамыздағы комиссия отырыстарын өзі басқарған. 24 тамызда Ленин «Қаулы дайын. Әлімхан Ермековтің қайта баяндама жасағаны дұрыс, осы бойынша заңдастыру керек» деп шешім шығарады. Осы шешім қабылданып шыққаннан кейінгі сәтті Әлімхан Ермеков өзінің естелігінде былайша жазған: «Өзімнің табысыма масаттанып риза болып шықтым. Ол кезде бар-жоғы 29 жаста едім. Біздің делегация да қолымды алып жатты. Қарасам, Бөкейханов жоқ екен. Бәріміз дәлізге шықтық. Қазақстанның делегация құрамы 15-тей адам болатын. Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. 15-20 минуттан кейін ол кісі де шықты. Әлихан Ленинге бекітілген шекараға тездетіп қол қоюға өтініш етіпті. Ленин орындауға уәде беріпті». Сонымен, Совнаркомның жалпы отырысында бекітілген территорияны Қазақ Автономиясының территориясы деген шешімге қол қойылып, 26 тамыз күні баспасөзде жарияланған.
Міне, содан бастап бүгінгі Қазақстанның территориясы қалыптасты. Біз тәуелсіз мемлекетпіз, тәуелсіз мемлекеттің шекарасы Алаш арыстарының табанды күресі арқасында бекітілді. Өкінішке қарай, кешегі кеңестік тоталитарлық әкімшілдік-әміршілдік заманда, нақтырақ айтқанда алып империяны Хрущев басқарып тұрған кезде, жеріміздің 15 пайызынан айырылып қалдық. Сонда да болса жер көлемі жағынан дүниежүзінде 9-шы орын алатын қуатты, жеріміз қазба байлыққа бай елміз.

Рысбай КӘРІМОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
ХОРШ | 5 қыркүйек 2017 18:35
ХАЛКЫ КЕДЕЙ!!!
Орик актау | 6 қыркүйек 2017 22:56
Казак жерин казир бир киси жекеменшигине айналдырып алдыго сатам деседе ози билетин болып кетти
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар