1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №70 (16256)   5 қыркүйек, сейсенбі 2017
5 қыркүйек 2017
Дәстүрлі өнер дидарындағы дақ

«Ұлтты өлтірмейтін – оның төлтума мәдениеті ғана».
Ақселеу СЕЙДІМБЕК

Қазақ пен домбыраны бөліп-жармай, бір анадан туған егіз ұлдай көретін елміз. Қазақтың бүкіл арғы-бергі даму тарихын домбыра пернесінен іздейміз. «Нағыз қазақ – домбыра» дегенге имандай сенеміз. Домбыраның көмейінен төгілген күй мен әуендер тұтас бір халықтың мәдени-рухани келбетін көрсетумен қатар, салт-дәстүріміздің даралығын айқындап тұрады. Бірақ кейінгі кезде қазақ пен домбыраның арасы алшақтап кеткенін көзіміз көріп жүр.
Бұлай күрсініп отыруымыздың себебі де жоқ емес. Айталық, дәстүрлі інжу-маржан әндеріміз әдіре қалмағанмен, ескерілмей, еленбей, құдіретті күйлеріміз көлеңкеде қалып, көмескіленіп барады. Дәстүрлі өнерден теледидар деген магнат-монстр мүлдем теріс айналды. Эстрадаға жеке-дара, дәстүрлі ән мен күйлерге шекеден қарайды. Онда да анда-санда. Теледидар талғамсыз тобырдың ұясына ұқсайды. Қалқып алатын құнды дүниелер некен-саяқ. Шоу мен шудан босамайды. Арзан сөз, әсерсіз әуен, жабайы күлкі, ашық-шашық көріністерден көз сүрінеді. Той-думандарға домбыраны жолатпайды. Ең өкініштісі, «Мен қауіп еткеннен айтамын» (М.Мөңкеұлы) демекші, дәстүрлі ән мен күйден қол үзіп барамыз. Құдай сақтасын, мүлдем көз жазып қалмасақ болғаны. Қазақтың бәрі эстрадашыл болып кеткен жоқ. Дәстүрлі әндерді сүйіп тыңдайтын, күй балқып, рахаттанатын, ләззат алатын, мәдениетіміздің мәйегі деп білетіндер өте көп. Енді сол талғампаз жұрттың талабын табанға тастағанымыз қайбір оңған тірлік дерсіз. Рухани қазыналарды таңдауға халық қатыспайды, қалың бұқара тұтынушы функциясын атқарып жүре береді. Көпшіліктің талғамын қанағаттандырмайтын өнерді жұртшылыққа зорлап таңылуын қиянат демей көріңіз.
Өткенде бала-шағамызбен дастархан төңірегінде жайма-шуақ әңгіме өрбітіп отырып теледидарды қосып қалсақ, әлдебір мерекелік концерттік бағдарлама беріліп жатыр екен. Талантты әнші бауырымыз Ерлан Рысқалиев Біржан сал атамыздың бір әнін құбылтып, құйқылжытып, әуелетіп, айқайға басып жатыр. Намазға ұйыған жамағаттай бәріміз тым-тырыс бола қалдық. Тіпті үш жасар немереміз де үн шығармай тыңдап қалыпты. Ән аяқталды. Біржан салдың өзіндей, Ақан серінің көзіндей Ерлан әнші тағы бір ән айтса ғой деп Құдайдан тіледік. Жоқ, артынша «жұлдыз» әншілердің бірі жұлқынып шыға келді. «Құлақтан кіріп, бойды алған» әнге айызымыз қанбады. Амал нешік, концерттік бағдарламалардың бәрінде дәстүрлі ән мен күйге орын қалдырмайды, қалдырса да бірер әнмен шектеледі. Бұл өгей ұлға көрсетілген «құрметтей» көрінеді. Саны көп, сапасы күмән тудыратын телеканалдар ұлттың қамын күйттегеннен гөрі жеке мүдделерін бәрінен биік қойып, пайдакүнем болып алған. Эстрада «жұлдыздарына» сұраныс көп. Дәстүрлі әншілерді қайтсін. Насихаттауға намыстанады. Әттең-ай, «қолда барда алтынның қадірі жоқ».
Дәстүрлі ән мен күйлеріміз – қазақтың жан тазалығын, биік рухын, дара мәдениетін, өткен тарихын, қилы тағдырын, сұлу табиғатын, тектілігін, талантын көрсететін көркем өнер, асыл қазынамыз. «Боқтағаның қай ағаш?» деп Қашаған жырау айтқандай, үкілі домбыраның киесінен қорықпағандардан қорқуымыз керек. Қазір эстрада «жұлдыздарының» жолы болып, бағы жанып тұр. Қазақтың аспаны кең ғой, қанша «жұлдыз» болса да сыя береді. Бірақ аспаннан да ұят болар-ау деп ойлап жүрген олар жоқ. Мейлі, солай-ақ болсын делік.
Біздің айтайын дегеніміз, дәстүрлі өнеріміздің дидарына дақ түсіргеніміз – бабаларымыздан ұят, келешек ұрпаққа қиянат. Сондықтан дәстүрлі әндеріміз бен күйлеріміз көк сандықтың төрінен күнделікті түспеуі керек. Бұл тілегімізді ұмытшақтау «Қазақстан» ұлттық арнасы да көңілге бір түйіп қойғаны жөн. «Жақсымызды бетімізге күйе қылып жақпасақ» (Ж.Нәжімеденов), бәлкім, өрелі өнеріміз өгей ұлдың күйін кешпес пе еді?

Махамбет САПАРМҰРАТОВ, білім беру ісінің құрметті қызметкері
Мақтаарал ауданы
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар