1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №71 (16257) 7 қыркүйек, бейсенбі 2017
7 қыркүйек 2017
Өнері өрістемеген елдің болашағы бұлыңғыр

Адамның абзалдығы атақпен, мансаппен, ақшамен емес, оның көркемдікті көре білумен, әдемілікті сезіне алумен, жаныңдағының қуанышына қуанып, қайғысына ортақтаса алумен байқалады. Бұл ерекше қасиет ең алдымен өнер, мәдениет қызметкерлеріне тән десек артық айтпаған болармыз. Өнер – ұлт мәдениетінің мәйегі ретінде мемлекеттік деңгейде қажетсінетін, ортақ мұраға қосар үлесі мен тәрбиелік мәні зор, мейлінше бай халықтық қазына. Өнері өрістемеген елдің болашағы бұлыңғыр.
Тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық алдымен осы мәдениет саласына соққы болып тигені әлі ұмытылған жоқ. Оңтайландырудың құрығы алдымен ауылдағы мәдениет мекемелеріне, кітапхана мен клубтарға түсті. Дегенмен осындай қиын-қыстау кезеңде ауылдағы мәдениет ошағының отын өшірмей, қайта оны дамыта түскен жандардың еңбегі, расында да, мақтауға тұрарлық емес пе?! Сондай жандардың бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданындағы Жамбыл ауылдық клубының меңгерушісі қызметін табан аудармастан 32 жылдан бері атқарып келе жатқан Нұрғали Жалбиев.
Білім мен өнерді тірек еткен адамгершілігі жоғары, асқан еңбекқорлығымен бақытын тапқан Жалбиевтер әулетінің тамыры тереңде. Әкелері Меңтай ақсақал бар саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз болды. Көпжылғы қажырлы еңбегінің нәтижесінде ауыл-аймаққа сыйлы, беделді, абыройлы азамат атанды. «Халық ағарту ісінің үздігі» болды. Көптеген мемлекеттік наградалармен, мақтау қағаздарымен марапатталды. Ол кісі тәрбиелеген шәкірттер бүгінде тәуелсіз еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет атқарып келеді. Оның ішінде белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбаев, ақиық ақын Сатыбалды Дулати, елімізге белгілі меценат Ақжол Асқаров, бүгінде марқұм болған ақын, қоғам қайраткері Қуаныш Төлеметов, белгілі өнер жұлдыздары Гүлнәр Сиқымбаева, Байғали Есенәлиев, көзіқарақты журналист Серікқали Жексенбаев және өзгелер. Меңтай ақсақалдың үлкен ұлы Қуаныш та ғұмырын жастарды өнерге баулуға бағыштап келеді. Көп жылдардан бері аудандық музыка мектебінің директоры. Дарынды шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық өнер байқауларында топ жарып жүр. Жалбиевтер жанұялық ансамблі бүгінде облысқа, елімізге танымал өнер ұжымы. Нұрғали Жалбиев 1985 жылдан бері Жамбыл ауылдық клубына меңгерушілік етіп келеді. Кешегі өтпелі кезеңдегі жаппай жекешелендіру науқанында қоғам мүлкі «ұстағанның қолыңда, тістегеннің аузыңда» кетіп жатқан аласапыран кезеңде осы мекемені қызғыштай қорғап, талан-таражға түсірмей аман алып қалды. Салынғалы бері жөндеу көрмеген клубты демеушілер тауып жөндетті. Мұнда талай аудандық, облыстық деңгейдегі тәлімді, тағылымды мәдени көпшілік іс-шаралар өткізіліп келеді. Даңқты жерлестері: ақын Сатыбалды Дулати, белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбаев, сондай-ақ ақиық ақын-драматург Исрайл Сапарбай мен ауыл тұрғындарының кездесу кештері жиі-жиі өткізіліп тұрады. Мәдениет қызметкерлерінің білім-білігін, тәжірибелерін жетілдіру мақсатындағы аудандық көшпелі семинар-кеңестердің біразы осында ұйымдастырылуда. Көптеген ауыл өнерпаздары аудандық, облыстық байқауларда жүлдегер атанып келеді. Мәдениет мекемесі жуырда өткен «Ауылға айрықша назар аударайық!» атты облыстық байқауда жүлдегер атанып, ауылдық мәдениет мекемелерінің мерейін асқақтатты. Тәуелсіздігіміздің 22 жылдығында мекеме «Жыл үздігі» атанды. Бұдан өзге де жетістіктері жетерлік.
– Әрине, қазіргі ауыл клубтарының проблемалар да жоқ емес. Барлық клубтарға тән кемшіліктің бірі – жергілікті жердегі өзге мекемелермен байланыстың аздығы. Біз көбінесе жастармен, мектеп оқушыларымен жұмыс істейміз де, халықтың өзге ересек буындарымен, әсіресе зейнеткерлер мен ардагерлерімізді ұмыт қалдырамыз. Өмір көрген, түйгені бар, ілгені бар, тәжірибесі мол, ұлағатты ардагерлер көп, сол кісілерді де клуб жұмыстарына кеңінен тартсақ нұр үстіне нұр болар еді. Өлең жазатын, ән айтатын шығармашыл әжелеріміз де баршылық, небір қолөнер шеберлері бар, ежелгі жыр-дастандарымызды жатқа білетін құймақұлақ ағаларымыз да баршылық. «Ел іші – өнер кеніші» деген ұлағатты сөз осындайдан қалса керек-ті. Ең үлкен кемшілігіміздің бірі – өткізіліп жатқан іс-шараларымызды жарнамалай алмаймыз, насихат жағы кемшін, – дейді Нұрғалидың өзі.
Жалпы алғанда, ұлт өнерінің жарық жұлдыздары атанған Нұрлан Өнербаев, Байғали Есенәлиев, Алтынай Жорабаева, Болат Бөкенов, Гүлзат Дәуірбекова, сондай-ақ кескіндеме өнерінің шеберлері – әлемдік деңгейдегі Т.Тоғысбаев, Е.Төлепбай, Қ.Тыныбеков сынды өнер майталмандарына үлкен өнерге жолдама берген Төлеби аудандық мәдениет бөлімі қашаннан облыс аумағында өнер атаулының барлық жанрынан алда, үздіктер қатарында келе жатыр. Өткен жылдарды айтпағанның өзінде, 2017 жылдың алты айында аудан өнерпаздары облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардан үш бас жүлде, екі І орын, бір ІІІ орын, екі номинациямен марапатталды.

Бағдат ҚАЛДЫБАЙ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар