1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №71 (16257) 7 қыркүйек, бейсенбі 2017
7 қыркүйек 2017
Есенин сүйген Айседора

Айседора Дункан... Италияда «модерн» би жанрының негізін қалаушы, мың бұрала билей жөнелгенде әлем таңдай қаққан қайталанбас дарын иесі. Оның өмірі Бразилия сериалдарының сценарийі секілді: трагедияға толы сәттер мен өмірге, өнерге деген шексіз махаббат, селдей сезім, ақындар мен суретшілер, ғұмырдың жарқын естеліктері...
Болашақ биші дүниеге келе салысымен тағдырының жағасына жармасады. Немесе, керісінше, тағдыр оның... Екі жасында өртке оранған үйінен жәрдемшілердің көмегімен терезе арқылы сыртқа шығарылып, өлім аузынан аман қалған Айседора үшін өмір шын мәнісінде күреске толы болды. Ол сахна төрінде ұзын, қызыл шарфпен от ұшқынының образына жиі енетін. «Қызыл шарф»... Айседора ғұмырына ақыры сор болып байланды...
Он үш жасында мектепті «қажетсіз» санап, тек музыка және би өнеріне ден қояды. Өмірін өнерге арнаған өнерпаздың бұл қадамы үлкен ерлікке пара-пар. Небары 18 жасында жарты әлемді мойындатып үлгерген Айседора бидегі кейбір қимыл-қозғалыстарды грек мүсіндерінен, фронтон, барельеф, құмыралардағы суреттерден алғанын байқаймыз. Мендельсон, Бетховен, Моцарт, Шопен, Вагнер және Чайковскийдің музыкасына билер қойғандығы – оның философия, психология, музыка және сурет өнерінен де хабардар болғанының дәлелі.


«ҒАШЫҚТЫҢ ТІЛІ – ТІЛСІЗ ТІЛ»
Мәскеуден би мектебін ашқан Айседора Сергей Есенинмен танысады. Екеуі де мықты. Бірі – әлемге әйгілі биші, бірі – өлеңі өмірінің өзегіне айналған ақын. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» екенінің тағы бір жарқын үлгісі – осы махаббат. Себебі ағылшын тілінен екі-үш-ақ сөз білетін Есенин қызға бір көргеннен ғашық болады. Ал Айседора оны көріп, «алтын бас» (золотая голова), «періште» дегеннен басқа сөз айта алмапты. Есениннің толқынды сары шашын меңзесе керек. Алғашында аудармашы арқылы тілдескен ғашықтардың сезімі үдей түскен. Олар бір-бірін «Изадора» және «Езенин» деп атайды.
Өзгелер ән шырқайды, сурет салады, сөйлейді, армандайды. Ал Айседора соның бәрін биге қосады. Оның шеберлігі – шынайылығында.
«Сергей маған өлеңдерін оқыды. Сөзін түсінбесем де, мен сол жырдан таңғажайып әуен тыңдадым», – дейді Айседора.
Өмір өліммен жалғасатыны секілді махаббаттың да шегі, соңы болады. Оның да мерзімі бар. Лаулаған сезім бір күні сөнеді екен. Есенин мен Айседора дастанына да нүкте қойылыпты, бірақ Айседора үстел үстіне, қабырғаға, аппақ параққа, барлық жерге ерін далабымен «Есенин – періште» деп жазғаны, ал Сергейдің оған арналған жырлары – мәңгілік махаббаттың белгісі.
Таланттардың тағдыр-талайы трагедиямен аяқталуы заңды құбылыс секілді. Жұмбақ өлім. Тылсым ғұмыр. Айседора өміріне сор болып байланған қызыл шарф: бала кездегі «қызыл жалынмен» арпалыс... Бұл – оның соңғы демі үзілер сәт еді. Күздің қоңыр кешінде өзінің сүйікті қызыл мойынорауышын орап, автомобильге отырған Айседора дәл осы күні өмірмен қош айтысатынын білген жоқ. Машина қозғалған кезде қызыл шарф көлік доңғалағына оралып қалып, «тұншықтыра» бастайды. Міне, осылай құралай-ғұмыр соңғы демін алады.
Өмірді еркін сүргісі келетіндер неліктен онымен күресте осынша тұншығады екен?.. Жауабын дөп басып айту қиынға соққан сауалдардың бірі һәм бірегейі осы.

Әлия ІҢКӘРБЕК
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар