1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №78 (16264 3 қазан, сейсенбі 2017
3 қазан 2017
Діл діңгегін сусындатқан...

Жақында «Жібек жолы» баспасынан қоғам және мемлекет қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің «Ділім» атты кітабы жарыққа шықты. Мұнда автордың әр жылдардағы мақалалары, түрлі басылымдарға берген сұхбаттары, халықаралық және республикалық симпозиум-конференцияларда жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері, айтқан ой-пікірлері берілген.

Кітаптағы арнайы жүйемен топтастырылған мақалалар мен сұхбаттарында автор еліміздегі қоғамдық, саяси және әлеуметтік мәселелер, мәдени және әдеби үдерістер, қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайлар, жаһандану процесінің жай-күйі мен маңызды жақтары жайында оқырманды елең еткізетін тың ой-пікір білдіреді. Олардың негізгі мазмұнын автордың: «Тілден де, діннен де айырылып қала жаздап, қайта оралған кездеріміз болды, әлі де кездеседі. Ал ділден ше?! Одан айырылу мүлдем мүмкін емес, тек сол діл саулығы, діл тазалығы, діл беріктігі арқылы ғана жеке тұлға, дербес ұлт, тәуелсіз мемлекет ретінде сақталып қалдық», – деген тұжырымынан айқын аңғаруға болады.
Кітаптың кіріспе бөліміндегі «Энкидиада», «Үш арыс», «Қайнар көз» атты мақалаларда қаламгер адамзат баласының даму тарихы, ондағы екі стихия – көшпелілік пен отырықшылықтың бірлігі мен қарама-қайшылығы, оның қазақ даласындағы көрінісі, көшпелілер әлемі, оның жалпыадамзаттық дамудағы рөлі мен орны, түркі халқының, қазақтардың тереңнен тамыр тартатын мәдениеті туралы пәлсафалық тұрғыда ой түйеді. Жалпы, бұл үш іргелі мақала кітап лейтмотиві іспетті. Өйткені оларға арқау болған ой-пайымдар мен тұжырымдар кітаптың өн бойына өзек болып өріліп отырады.
Кітаптың «Айналайын, ақ бұлақ» атты бірінші бөлімінде автор әкесі Мұхтар Әуезов пен анасы Фатиманың өмірі, олардан алған тәлім-тағылымы, бір шаңырақтың астында тәрбиеленген бауырлары, өз ұрпақтары жайында әңгімелейді. Әуезов әлемінің әлі де толыққанды зерттелмегеніне назар аударады. «Әлем кіндігі» бөлімінде қазақ зиялыларының тоталитарлық мемлекеттегі тағдыры, «пайғамбарлар дәуірі» және біздің дініміздегі кейбір ерекшеліктер, тәңіршілдік қағидасы, «Алатаудан – Алтайға» деген кітап керуенімен сапары, қазақтың мәдени өміріндегі қожалар миссиясы туралы ой толғайды. «Жол көрмек», «Садақтың ұшқан оғындай...», «Жеті қырдан астың ба?», «Жоғарыдан ағатын өзендерді біл!», «Еңку-еңку жер шалмай» бөлімдерінде халқымыздың мәдениеті мен өнері, тілі, тәуелсіздік, ұлттық рух пен ұлттық мүдде мәселелері, еларалық саясаттағы ұстаным, шығыс тарихы, араб-түркі және қытай-қазақ қарым-қатынастары, бұл орайда шешімін табуы тиіс проблемалар жан-жақты әрі өткір қозғалады. «Жайсаң да жүр жаныңда» бөлімінде өзі пікірлес, мұраттас болған А.Сүлейменов, Г.Бельгер, И.Қарақұлов, Д.Исабеков сынды қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті өкілдері туралы сыр шертеді.
Жинақ автордың «Тамшы, бұлақ!» деген жүрекжарды эссесімен қорытындыланады. Дана Конфуцийдің білімге апарар үш жол ретінде ойланыстарды, толғаныстарды, тәжірибені атағанын еске алып, өзінің өмір бойы осы үлкен жолдың үш тармағымен де жүріп келе жатқанын, бұл жолына әділ және діл ұстанымдарын бағдаршам ететінін айтады. Егер еліне, ұлтына тамшыдай болса да себі тисе, ділінің арқасы екенін тебірене мойындайды, бойына осы қасиетті дарытқан ұлттық тамырына ризашылығын былай деп білдіреді: «...үлкен Жолдың айрығында тұрып, Ділімнің діңгегін сусындатқан Ақ Бұлағымнан тамшылап аққан сафтай таза суының әрбір тамшысынан Айналайын дегім келеді».

Балжан ХАБДИНА
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар