1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №80 (16266) 10 қазан, сейсенбі 2017
10 қазан 2017
Күн шығарда шал бабаның сағым бейнесі көрінеді

Біз бұл сапарға мұқият әзірлендік. Қасымда аудандық музей меңгерушісі Есназар Құрымбаев, оператор-суретші Талғат Доспамбетов інілерім бар. Ел аузында айтылатын аңыз-әңгімелерді жинақтай жүріп, «оның астарында бір шындық бар-ау» деген ой санамыздан кетпей қойды. Түбі жоқ көк көлді, Шал баба бейнесі көрініс беретін құзар шыңды өз көзімізбен көргіміз келді. Қайран құштарлық десеңізші! Талғат екеуміз кездескен сайын бір-бірімізге: «Қашан барамыз?» – деп дегбіріміз қашатын. Бір күні оның да сәті түсті-ау.
Жаздың жайма-шуақ күні. Әсіресе тау бөктері масатыдай құлпырып, ерекше күйге енген. Айнала төңірек алқызыл гүлге тұнып тұр. Сарқыраған тау өзені буырқанған бурадай асау мінез танытып көбіктене ағады. Тау шатқалына ендеп кірген сайын ақтылы қой өргізген мекенжайларды, қазіргіше айтқанда, фазендаларды көресің. Олар тіпті жиі ұшырасады. Яғни ауыл жұрты бақуатты, дастарханы берекелі. Жолбасшымыз – Құмарық ауылының тау шатқалындағы қорықшысы болған (марқұм) Өмірбек Көлбаев. Лақап аты – Шөмек. Әлі сыр алысқан жоқпыз. Көңілін тапсаң, көл көрінеді. Біз де соған бейімделдік.
– Өмеке, әңгіме айтыңыз, жол қысқарсын, – дедім мен.
Ол біраз үнсіз қалды. Өткір көзін құзар шыңдарға тастап ой құшағында келеді. Қырсықтырып аламыз ба деп, біз де үнсіз отырмыз.
– Не айтайын, – деді ол кенеттен, – әкем де қорықшы болған. Шал тауы – құт мекеніміз. Біздің әулетке бұл өлкенің әрбір тасына дейін таныс. Сіздерді адастырмай алып барамын. Оған қам жемеңіздер.
Тағы да үнсіз қалды. Әлден уақытта абалаған иттердің даусынан селк етіп төңірекке көз тастасақ, аумағы әжептеуір мекенге де келіп қалыппыз. Іңір түсе бастаған. Тоқтадық. Бұл Өмірбектің фазендасы екен.
Қашанда қонақжай халықпыз ғой. Өмекеңнің жұбайы Гүлнәр жолсоқты болып келсе де, шаршағанын білдірмей дастархан қамына кірісті. Ас әзірленіп, тамақтанып біткенше жатар орынға дейін әр нәрсенің басын шалғанымыз болмаса, біз күткендей қызықты әңгіме қозғала қойған жоқ.
Таңертең ерте тұратын болғандықтан, тауға шығатын киімдерімізді дайындап жатып қалдық. Ұйқы келер емес. «Көк көлдің қандай құпиясы бар? Қысы-жазы қалайша не тартылмай, не тасымай бір деңгейде тұрады? Мұның құпиясын білер ме едік» деймін дөңбекшіп. Ойыма Шал баба туралы аңыз оралды.
Мың жылдан аса Шал баба есімімен Шал тауы атанған Алатаудың биіктегі басы қарлы, құзар шың. Қуаңшылық кезде ел-жұрт Аллаға жалбарынып құдайы тамақ берсе, Шал тауының басына бұлт үйіріледі екен. Артынша нөсерлетіп жаңбыр жауып, Жер-Ана нәр алып, шаруаның маңдайы жазылып, қуанышқа бөленетін болған. Шал суы өзені – Қыдыр қонып, бақ дарыған жер.
– Шал бабамыз үйсін дәуірінде биік құзды мекендеп, құстың тілін, киіктің үнін, таутекенің сырын білген деседі. Аңызға қарағанда, Шал баба өте желаяқ, ұшқыр, құралайды көзге атқан мерген болған дейді. Құланды құрықтап, бұғыны бұғаулап мінген деген аңыз бар. Аю, жолбарыс, қабылан, таутеке Шал бабаның сиқырлы даусына елтіп, селт етпей тұрып қалады екен. Өзі әулие, көріпкел, табиғаттың тылсым құпиясын Алланың құдіретімен сезіп отыратын болған. Сондықтан бұл қасиетті мекен Шал тауы атанған деп жүз жасаған шежіреші Сәрсенбай атамыз айтып отырушы еді, – деп, сыр шертеді сол ауылда кіндік қаны тамған азамат, ел шежіресіне көңіл бөліп, оны жинап жүретін әрі тарихшы, әрі композитор Дүйсен Бықыбаев.
Таудың бір бетінде күн шығарда Шал бабаның сағым бейнесі көрінеді екен.
Аңызда айтылған осы бір тылсым құпияны білгім келіп көз ілмедім. Бәріміз таң бозара оянып, тауға қарай бет алдық. Шал бабаның бейнесі көрінетін құзар шыңға қарама-қарсы келіп дамыл таптық. Төменде күн ыстық болса да, биік таудың таңғы салқыны денемізді тітіркентіп, сергітіп жіберді. Айнала құлаққа ұрған танадай тыныштық. Сұлу көрініске тамсанбай тұра алмайсың. Табиғат тылсымы жаныңды баурап алғандай. Күн ұясынан көтерілгенде биік шыңдар ерекше күйге еніп, таңдай қақтырады. Біздің көзіміз тау шыңында. Күн көтеріліп келеді.
– О, тоба! Тоба! – дедім мен күбірлеп. Өйткені сағымданып адам бейнесі көріне бастаған еді.
– Талғат, бол тез, тез! Түсіріп қал! – дедім мен аптығып.
Қозғалатын Талғат жоқ. Аузы ашылып кетіпті. Тілі байланып қалғандай үн қатпайды. Тек басын шайқай береді. Ғажайып көрініс сәлден соң көзден ғайып болды. Мен ренжіп Талғатқа ұрсып жүрмін. Ол болса:
– Түсіруге сескендім, қорықтым, – дейді.
Ата-бабамыздан ырымшыл ұрпақпыз ғой. Талғаттыкі дұрыс та шығар. Ләм деген жоқпын. Бірақ ғажайып көріністі түсіре алмай қалған өкінішім басылар емес.
– О, құдірет! Құдірет! Осындай да ғажайып болады екен ғой, – деп өкінішімді басқандай болдым. «Аңыз түбінде шындық бар екен ғой» деген ой түйдім.
Екінші бір аңызда былай дейді: бағзы заманда Көкдөнен атты жігіт ерекше қабілеті мен қайырымдылығының арқасында ел аузына ілігіп, халықтың ризашылығы мен рақымына бөленіп жүреді екен. Соғыс, қантөгістен қажыған халқының жоғын жоқтап, әкесіз қалған ұлдарына рухани қуат беріп, ағалық қамқорлығымен жанына жылу бола біліпті. Сондай жаны жайсаң, қайырымды жігіт өзі де уыздай жас, пәк екен. Осы жастық желігі мен риясыз көңілі оны да махаббат сезімінің алдына әкеліп, жігерін құм, көңілін кермек етіпті.
Ол былай болған екен. Көкдөнен жігіт Тарты жерінің қалың қамысының арасынан жабайы қабан атуға барады. Сол жолы 14-15 жастағы бозбаланың сол аяғының қақпанға қысылып қалғанын көріп, көмекке ұмтылыпты. Бірақ жарақатын ауырсына ыңырсыған жігіттің бөркі ысырылып шешілгенде, оның шашы жайылып, бозбаланың жігіт емес, қыз екенін көріп таң-тамаша қалады. Біраздан соң торсықты қыз ерніне апара бергенде, кірпіктері сәл қимылдап, көзін ашады. Қыз жүзінен шексіз ризалық байқаған жігіт еріксіз жымияды. Бір кезде оқыстан «қорс» еткен дыбысқа екеуі де жалт қарағанда, өздеріне құйғыта шауып келе жатқан қабанды көреді. Жігіт қызды тастай беріп, өзі ұшып тұрып хайуанға қарсы ұмтылады.
Қынабынан суырып алған өткір қанжарын бар күшімен қабанның жүрек тұсына сұғып алады. Айқас ұзаққа созылмайды. Бір кезде екеуі де жерге гүрс етіп құлайды. Қыз бар қайратын бойына жиып, сүйретіліп жігіттің жанына келеді. Жігіт ес-түссіз еді. Қанша мезгіл болғаны белгісіз, бір кезде Көкдөнен басын сүйеп, аузына сусын тамызып отырған арудың жылы алақаны мен бетіне тамған ыстық жасынан есін жияды. Әлгінде ғана өзі құтқарған бейбақ арудың енді өзіне демеу болып отырғанына қайран қалған жігіт езу тартады.
Бірі иығынан, бірі аяғынан жараланған екі жастың бір-бірін ұнатып қалғанына көгілдір аспан мен ұлан-ғайыр дала ғана куәгер болады. Ауылына оралған Көкдөнен жігіт ендігі жерде жатса да, тұрса да Көгершін аруды ұмыта алмайды. Бар ерік-жігері мен жүрегінің әміріне сүйенген Көкдөнен ел ағасы, ру басы Шал бабаға келіп, өз жайынан хабар береді. Шал бабадан Көгершін арудың жөнін сұрайды.
Біраз үндемей, сағым даладағы қаңғып бара жатқан қаңбаққа көзін қадаған қария: «Бойжеткен – Барақ батырдың қызы. Әкесі асқан жаужүрек, көңілі түскенге көлдей қасиетті кісі еді. Түнеукүнгі соғыста қаза тапты. Алайда бұл таңдауың – адасу, райыңнан қайт! Қазақ жеті атасына дейін қыз алыспаған. Қайт райдан, балам, қайт!» – дейді.
Үміт пен үрей арқалаған Көкдөнен Көгершін аруға сол кеште жолығып, арманының қаңбақтай қаңғып кеткенін айтады. Қыз да болса ақыл парасатымен, жаужүректігімен жігітке пара-пар Көгершін ару өз махаббатын тұншықтыра тұрып: «Тағдыр бізге бірге болуды жазбаса да, бауыр болып сыйласуды жазған екен, ендігі жерде аға деп сыйлап өтер ардағымсың! Байламымыз осы болсын!» – депті.
Міне, бүгінгі алмағайып заманның өткелінде тұрып, талай ұятты оқиғалардың куәгері болып, ұрпақ тәрбиесі мәселесінде «әттеген-ай» деген тұстарымызды зерделеп, Шал бабаның өсиетін алған Көкдөнен жігіт пен Көгершін арудың ақылы мен қайраты сабақ болса екен деп тілейміз. Ақылын сабырына билеткен ұрпақ қана өз елінің нағыз ұлы мен қызы болмақ.
Ал табиғат пен адам – егіз. Оның тылсым құпиялары бәрімізге тән.
Өткенді зерделеу, барды қастерлеп қадір тұту қанымызға сіңген қасиет екендігі ақиқат. Бүгінде Т.Рысқұлов ауданында Көкдөнен және Көгершін деген ауылдар бар. Екі елді мекеннің арасы жап-жақын. Осыдан кейін Құлан өңірі тұнған шежіре десек, сол мұраны, байлықты сақтау, дамыту – міндет.
 

Тұрсынхан ЖАМАНБАЕВ, Журналистер одағының мүшесі
Т.Рысқұлов ауданы
Жамбыл облысы
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар