1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №80 (16266) 10 қазан, сейсенбі 2017
10 қазан 2017
Ел билеген ер Бабыр...

Бай мәдениеті мен озық өнері, көркем тілі бар ұлтымыздың тарихы V-ІІІ ғасырлардағы сақ, ғұн, үйсін тайпаларынан бастау алатыны мәлім. Жарты әлемді бағындырған Еділ (Атилла), Томирис пен Зарина, түркі әлемін аузына қаратқан Күлтегін мен Тоныкөк қағандар, Мысырды билеген Сұлтан Бейбарыс – рухани әлеміміздің айтулы тұлғалары. Cол сияқты Захир ад-Дин Мұхаммед Бабыр да осылардың қатарында. Моғол империясының негізін қалап, Үнді еліне әмірін жүргізген Бабыр жайлы не білеміз? Бүгінгі жастарымыз балаларына атын қойып жүрген батыр қолбасшы, мемлекет қайраткері һәм ойшыл, әдемілікке жаны құмар сәулетші бабамыздың тағдыры жөнінде тарих не дейді?
Халқымыздың рухани қазынасының бірі – ежелгі дәуір әдебиеті. Осы ежелгі дәуір әдебиетінің төрінде тұрған «Бабырнама» қазақ тіліне алғаш рет 1990 жылы аударылып, оқырманға ұсынылды. Сондай-ақ күні бүгінге дейін ағылшын, француз, жапон, түрік, өзбек, орыс тілдеріне де тәржімаланып, оқырманын тапты.
Захир ад-Дин Мұхаммед Бабырдың әкесі Ферғананың әмірі Омар Шайх – Ақсақ Темірдің шөбересі, ал анасы Құтлық Нигар ханым – Шыңғыс хан әулетінен тарайтын Жүністің қызы. Омар Шейх кенеттен қайтыс болғаннан кейін 11 жастағы Захир ад-Дин Мұхаммед Бабыр мұрагерлік заңымен Ферғананың тағына отырады. Бабыр үкімет басына Әмір Темірдің ұрпақтары өзара жауласып, империяны әбден құлдыратқан кезде келеді.
Осындай жағдайда билік тізгінін ұстаған бала Бабыр көп майданда күрес жүргізіп, сабақты тікелей өмірдің өзінен алады. Өзбектің ханы Шайбанимен хандық үшін талай тартысқа түсіп, жеңіліс тауып, Отаны Самарқанды тастап қашуға мәжбүр болған ол 1504 жылы Кабул бектерінің көмегімен үкімет билігін өз қолына алып, жақсы жарақтанған әскер құрады. Дегенмен елін, туған жерін аңсап жүрген Бабыр Шайбани ханның өлгенін естіп, Самарқанға қарай бет алады. Бабырдың қасында жүрген туған бөлесі, тарихшы ғалым Мұхаммед-Хайдар Дулатидің жазбасына сүйенсек, 1511 жылы өзбектерді жеңіп шыққан Бабырды Самарқан халқы салтанатпен қарсы алғанымен, Иран шахы Исмаилмен одақтас болғанын ұнатпайды. Осыны пайдаланған өзбектер соғыс ашып, Бабырды Хисарға қарай ығысуға мәжбүр етеді.
Кабулда билік құрған Бабыр Үндістанды жаулап алу жоспарын жасайды. Жастайынан соғыс алаңында жүріп шыңдалған Бабыр өзінің өмірлік тәжірибесін, өзбектермен ұрыста алған сабақтарын саралай отырып жорыққа әзірленеді. Үндістанға жиналған 14 жыл ішінде ол әскерін қайта жасақтап, зеңбіректер құйғызып, соғыс тактикасын жетілдіреді. Үндістанға қайта-қайта үлкен жорықтар жасап, ақыры оны өз иелігіне айналдырады. Сөйтіп, қазіргі Ауғанстан мен Үндістан жерінде Ұлы моғолдар империясы (Аспан адамдары) аталған үлкен мемлекет құрады және оны үлкен мәдени ортаға айналдырады. Ел ішіндегі ең таңдаулы ақын, шайыр, суретші, әнші, музыканттар мен тарихшы ғалымдарды өз маңына топтап, көркейіп келе жатқан мемлекеттің күйін жырлатады. Сол заманның шеберлерін жинап медреселер салдырып, көркіне көз тоймайтындай ғимараттар тұрғызады. Сәулетіне аса мән беріп салғызған қалаларының кейбірі осы күнге жеткен.
Агра қаласын жаңа империяның астанасы етіп, оны заманына сай көркейтеді. Онда су жүретін құбырлар, монша, ғибадатханалар мен кітапханалар жұмыс істеген. Сонымен қатар Бабыр дипломатиялық қарым-қатынастың маңыздылығын жете түсініп, Орта Азия елдерімен, Ресеймен өзара сауда-саттық қатынасын нығайтады.
Бабырды қаламгер ретінде қарастырар болсақ, ежелгі дәуір әдебиетінің көш басында тұрған Науаи, Салық, Бенаилердің қатарына қоямыз. Дегенмен кезінде түркітілдес тайпалардың бәріне түсінікті болған шағатай тілінде жазылған «Бабырнама» қазіргі қай халықтың мұрасы? Оны еншілеп алуға бола ма? «Бабырнаманың» қазақтың тарихына, әдебиетіне, тіліне, рухани өмірін қамтитын басқа салаларына қандай қатысы бар? Бұл сауалдар тарихшы, әдебиетші ғалымдардың әлі де жете зерттеуін қажет етеді. Жетісу мен Сырдария аймағының географиясы, қазақ хандары жайында аса құнды мағлұматтар жинақталған «Бабырнама» әр замандардағы ойшылдарымыздың талайының туындысына арқау болғаны рас. Мысалы, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи еңбегінде Абай Алаша хан жайлы деректерін осы «Бабырнамадан» алғанын айтады.
Өз дәуірінің ірі ойшылы, әрі қолбасшы, әрі ақын Захир ад-Дин Мұхаммед Бабыр «Бабырнаманы» жазғандағы мақсатын: «Үшбу сөзді шағым жазайын немесе қайырымдылығымды білдірейін деп емес, немесе мақтан үшін жазбадым, шындықты, болған оқиғаны ешбір қоспасыз баз қалпында қағазға түсіріп отырмын. Сондықтан тумаларымның, бауырларымның жақсы-жаман істерін, алыс-жақын адамдардың кемшілігін де, артықшылығын да бүкпесіз айтып отырмын. Оқырман да, оқырманды құлақ салып тыңдаушы да кешірім етер деймін» деп түсіндіреді.

Айкүміс НҰРТІЛЕУ
Астана

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар