1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 81-82 (16268-16269) 12 қазан, бейсенбі 2017
12 қазан 2017
«Ер төстік» пен «Алтын сақа» жас ұрпақ үшін қауіпті ме?

«Жас Алаш» газетінің 14 қыркүйек күнгі санында жарияланған белгілі ғалым Жақсыбек Құлекеевпен болған сұхбат мені үлкен ойға қалдырды. Ашық әңгімеде ғалым ұлттың мәселесін кеңінен қозғапты. Шынында, біздің ертегілеріміздегі негізгі кейіпкерлеріміздің бейнелері мен образдары әлі күнге қалыптаспаған. Ертегі түгіл, өмірде болған батырларымыздың түрін танымайтындар көп. Егер бір қазаққа Қабанбай батырдың портретін көрсетіп, «мынау қай батыр еді?» десең, бар қазақтың шатасатыны анық. Біреулері «Бөгенбай» деуі мүмкін, тағы біреулері «Наурызбай, Райымбек, Ағыбай, Қарасай...» деп өзі білетін батырлардың есімдерін тізіп шығады. Тіпті «Қабанбай ғой» деп тап басып айтып қалуы да мүмкін. Бірақ бәрібір «тошны, сол ма... жоқ, ол емес пе?» деп іштей күмәнданып, жыға тани алмайды. «Дәл өзі» деп ауыз толтырып айтуға да дәлелі жоқ. Өйткені біздің батырлар бір-біріне қатты ұқсас. Айыру қиын. Дәл сол сияқты қазақ суретшілерінің ішінен біздің ертегілеріміздегі кейіпкерлердің қандай екенін әлі ешкім шығарған жоқ. Алпамыс батырдың бейнесін көрсетсең, ел Қобыланды немесе Ер Тарғын деуі де мүмкін.
«Дәл осындай жағдай орыс халқында да болған, бірақ осыдан 100 жылдай бұрын орыс халқының атақты суретшісі Виктор Михайлович Васнецов орыс халқының ертегілеріндегі негізгі кейіпкерлердің образдарын суретке салып кеткен. Сол азаматтың арқасында орыстың киім үлгісі, ою-өрнегі, «Три богатыря», «Аленушка», «Иванушка дурачок», «Избушка на курьих ножках», «Иван Царьевич» секілді ертегілерінің кейіпкерлері халыққа кеңінен танымал болды. Одан кейін Ресейдің жоғары өнер оқу орындарында кітаптарды суретпен безендіруді оқытатын арнайы факультеттер ашылып, көптеген мамандар балаларға арналған кітаптарды безендіруге даярланған. Ал бізде бұл салада әлі де жақсы мамандар жетіспейді. Қазақ суретшілерінің ішінен біздің ертегілеріміздегі кейіпкерлердің образын шығарған әлі ешкім жоқ, сондықтан бұл жағдай көп нәрсеге тосқауыл болып отыр. Осы мәселені де мемлекеттік тапсырыспен іске асырса, онда жаңа үлгідегі көптеген кітаптар шығар еді», – дейді Жақсыбек Құлекеев сол сұхбатта.
... Шынында, ел мойындаған ертедегі ірі тұлғалардың бейнесін беруде бірізділік жоқ. Батырларымызға қойылған ескерткіштердің бәрі бір-біріне өте ұқсас. Бет-жүздері анық емес. Бір батырдың мүсіні бірнеше қалада қойылуы мүмкін. Бірақ әрқайсысының бейнесі әртүрлі. Содан болар, бір көне қаламызда Бейбарысқа қойылған ескерткіштің орнын ауыстырып, астына «әл-Фараби» деп жазып қойған сорақылықтар да кездескен екен. Өмір бойы білім-ғылыммен айналысқан Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың беліне ұзын қанжар байланған. Сондай-ақ ертегілердегі кейіпкерлеріміз де мың құбылмалы. Қожанасырды Алдаркөсемен, Ер Төстікті Ер Тарғынмен шатастыратындар көп.
Жамбылда Сәду Шәкіров деген батыр өткен. Таластың топырағында туып-өскен Сәду батыр 21 жасында Днепр өзенінің солтүстік жағалауына қызыл әскердің өтуінде ерекше ерлік көрсетеді. Сөйтіп, 1943 жылдың қазан айында «Кеңес Одағының Батыры» атанды. Сәду Шәкіров соғыс жылдарынан кейін Жамбыл облысының Шу ауданына келіп қоныстанып, сол жерде 1976 жылы дүние салған. Қазір Шу қаласының үлкен көшесінің бірі Сәду батырдың есімімен аталады. Сол көшенің бойына батырдың ескерткіші орнатылған екен. Көріп, аң-таң болдым. Шынын айту керек, өмірден бертінде ғана өткен батырдың орнында орыстың жап-жас солдатының мүсіні тұр. Құдай біледі, басқа жерде тұрған бөтен ескерткішті осы жерге әкеп орнатып, астына батырдың есімін жаза салған сияқты. Әйтеуір, бұл мүсіннен Сәду батырдың бет-жүзін, өр тұлғасын, рухын тану мүмкін емес. Әйтпесе мұрағатта да, соңында қалған ұрпақтарында да батырдың түр-тұлғасын айғақтайтын фотосуреттер көп емес пе еді? Кейінгі ұрпақтың батырды бірден тануы, білуі осындайдан басталады ғой. Осыдан кейін 40-50 жыл бұрын өмірден өткен ерлеріміздің түр-тұлғасын жүйелей алмай жатқанда сан ғасырлар бұрынғы батырларымыздың бейнесін бірізділікке түсіру туралы әңгіме қозғаудың өзі артық па деп қаласың кейде...
«Тағы бір мәселе – қазақтың кейбір ертегілерінің тәрбиелік мәні жоқтың қасы, – дейді Жақсыбек Құлекеев. – Сосын көп ертегілер кеңес заманында қайта өңделіп, таптық күреске бейімделіп жазылды. Соның салдарынан байларды ақымақ қылып, кедейлерді ақылды етіп көрсету кең жолға қойылды. Байларды алдап, дүниесін алған дұрыс, оларға қызмет етпеу керек деген ұғымды балалардың санасына сіңіруге тырыстық. Соның бірі – Алдаркөсе. Жыртық шапанымен айдалада кездескен байды «Жел шапанымның мына тесігінен кіріп, мына тесігінен шығып кетеді» деп алдап кетеді. Ал осы Алдаркөсе қазіргі заманның талабына сай келе ме? Келмейді. Қазір байларды алдай аласың ба? Байларды ақымақ, кедейлерді ақылды, байларға қызмет ету дұрыс емес деп жастарды тәрбиелей берсек, оның соңы жақсы болмасы анық. Сондықтан қазіргі заманда біздің балалар не оқиды, не оқу керек, қалай тәрбиелейміз деген мәселе ең басты назарда тұруы керек. Осы тұрғыда арнайы зерттеулер жүргізіліп, жаңа заман талабына сай кітаптар, мультфильмдер мемлекет тапсырысымен дайындалуы тиіс».
Шынында, кейбір ертегілеріміздің тәрбиелік мәні бар ма, жоқ па деген сұрақ мені де жиі мазалайды. Мысалға, алапат жұттан қауіптенген Ерназар бай сегіз ұлының алдына бар малын салып, алыстау жаққа бір түнде көшіріп жіберді («Ер Төстік» ертегісі). Артынша тұрмысы тұралап, өзі әбден қиналды. Қолда мал қалмады. Тұруға мұршасы келмей жатқан шал шаңыраққа қараса, шаңырақтың күлдіреуішінде керулі тұрған кер биенің төстігі көзіне түсіпті. Соны асып жегеннен кейін, көп ұзамай Төстік дүниеге келеді. Ержеткен соң Төстік ағаларын іздеудің қамына кірісті. Ай жүреді, жыл жүреді, талай елді, талай жерді аралайды. Ақыры ағаларымен үлкен астың үстінде кездеседі. Ерназардың сегізі елден адасқаннан кейін жұттан қалған жалғыз күрең биені бағып, содан көп жылқы өсірген екен. Бағанағы көп жылқы солардыкі екен. Төстіктен елінің жөнін білген соң, олар да қайтпақ болады. Сонда әке-шешесін аш қалдырып, жұтқа тастап кеткен бұл не қылған қаныпезер сегіз бала? Жағдайы түзеліп, әбден байып алған соң әке-шешесін неге іздемейді?
Немесе «Алтын сақаны» алайық. Өткен заманда бір бай болыпты, ол бір перзентке зар болыпты, зарыға жүріп перзентті болыпты. Бірақ кейін абайсызда жалмауыздың торына түсіп қалады. Ат басындай алтын, бүкіл дүниесін беремін дегенге көнбеген соң, бай жалмауызға жалғыз баласын беруге келіседі. Тағы «Ертең көшемін, сонда баламның алтын сақасын жұртқа тастап кетейін, сен жұртта сол сақаның жанында отырасың» деп кетеді. Шынында, ертеңінде көшеді, жалғыз баласының алтын сақасын ұмыттырып, жұртқа әдейі тастап кетеді. Сонда өз баласын өлімге итермелеп отырған бұл қандай имансыз әке?
Әрине, «Ер Төстік» пен «Алтын сақаны» қазақ ертегілерінің ішінен балталап алып тастай алмайтынымыз анық. Өйткені бұл ертегілер халықтың санасына сіңіп, мәңгілікке жатталып қалған. Және ертегідегі бұл жағдайлар қазіргі өмірімізде де орын алып жатқаны жасырын емес. Соған қарағанда бұл қанша уақыт, қанша заман өтсе де, өзектілігін жоғалтпаған, өмірдің өзін нақты бейнелеген шығарма болғаны ғой. Әлде, шынында, бұл ертегілерді бүгінгі жас ұрпаққа оқыту қауіпті ме? Сіз қалай ойлайсыз?
 

Жұмасейіт НҰРБАЕВ
Тараз қаласы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар