8 желтоқсан 2009
Ұлтқа деген жанашырлығы үшiн жұмыстан қуылды

«Аллажар» фильмi арқылы қалың көпшiлiкке танымал белгiлi режиссер Қалдыбай Әбенов Темiрбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясын сотқа бермекшi. 1 желтоқсан күнi оны еш түсiнiктемесiз академия ректоры Арыстанбек Әлиевтiң бұйрығымен жұмыстан шығарыпты. Режиссердiң айтуынша, оны жұмыстан босатуға еш негiз жоқ. Сондықтан, ол өзiнiң қызметтен шеттетiлуiн 17 желтоқсан күнi ұлт жанашырларымен бiрге аштық жариялайтынын мәлiмдегенiмен байланыстырады. Оның пiкiрiнше, академия басшылығы оны жұмыстан босату арқылы басқаларға ескерту жасап отыр.
«Мен үшiн күтпеген жаңалық желтоқсан айының бiрiншi күнi болды. Академияға келсем студенттерiмнiң барлығы көздерiне жас алып, ренжiп отыр. «Ағай деканатқа кiрiңiзшi, сол жерде бiр сұмдық болып жатыр», – дейдi. Декан Айтқазы Байбековке келсем, маған қарай алмай жерге қарап отыр. «Қалеке сiздiң бетiңiзге қарауға бет жоқ. Сiздi қысқартты.» – дедi. «Несiн қысқартады, өзi төрттен бiр ставка, он мың теңгемнiң қай жерiн қысқартады?» – дедiм. Сөйтсем, менi мүлде жұмыстан шығарып тастапты. Содан, көп кешiктiрмей ректорға кiрiп, мәселенiң мән-жайын бiлейiн дедiм. Бiрақ, менi көрiп тұрып, ректор қабылдамады. Хатшы қыз «күте тұрыңызбен» уақытты әлi созып келедi. Бiрақ, мен ендi олардың алдына барып жалынбаймын. Тiкелей сотқа жүгiнемiн. Өзiм үшiн емес, студенттерiм үшiн. Олар мен кеткеннен кейiн жетiм баланың күйiн кешедi ғой. Жұмысты он мың теңге жалақы үшiн емес, жас таланттарды баулу үшiн, соларды қимайтын болғаннан кейiн iстейтiнмiн. Еш себепсiз, өзiме бiр ауыз түсiндiрместен бұлай жасауға болмайды ғой. Ректор Арыстанбек Әлиев маған айтар еш себебi болмағаннан кейiн де менi қабылдамай жүр. Менiңше, бар мәселе менiң «ел бiрлiгi» доктринасына қарсы ұлт жанашырларымен бiрге аштық жариялайтынымды мәлiмдегенiмде болып тұр. Бiрақ, ұлтқа деген жанашырлығы үшiн жұмыстан қуылды деген не сұмдық! Қазiрше мен үшiн басты мәселе – жақсы қорғаушы табу болып тұр. Оны жалдауға қаражатым жеткiлiксiз. Бiрақ, қолұшын беретiндер табылар деп сенемiн.» – дейдi режиссер Қалдыбай Әбенов.
Инга ИМАНБАЙ





Уәж айту