1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаев ғылыми жаратылыстану пәнiн шетелдiк ғалымдардың көмегiмен жазу туралы мәселе көтердi. Неге?
Оқулықты жазуға отандық ғалымдардың өресi жетпегендiктен
Тезiрек «қазақстандық» атануды көксегендiктен
Басқа айтары жоқ болған соң әншейiн «әу» дей салғаны да
Адамның қалай жаратылғанына күмәндi министр өзгеден ақыл сұрамақ
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №02 (15460) 7 қаңтар, бейсенбі 2010
7 қаңтар 2010
Қалмайды екен ұлылық мұра болып

Бiздiң билiк, әсi­ресе, соңғы кезде басқа амалы құрып қалғандай, жұртшылықтың жүйкесiне ши жүгiртудi әдетке айналдырып алды. Атасының сақалымен ойнаған оспадар баланың жұғымсыз қылығы. «Ойыннан от шығарын» ойлаудан қалған бiлем. Ана сайлау, мына сайлаумен бiр ойнады, ана тiлiмiздi тiрiлте алмай жүргенде «үш тiлдiлiкпен» бiр ойнады, «қазақстандық ұлтпен» ұнжырғамызды бiр түсiрдi, домбай-домбаз «доктринасымен» болашағымызды долбарлады, ол аз болғандай, ендi, мiне... «Ел құлағы елу» екенiн ескердi ме, iле-шала Мәсiмов мырза: «Жерi­мiз ешқашанда ешкiмге сатылмайды...» дедi. Аузына май, астына тай! Әйткенмен, «шөптiң басы жел тұрмаса қимылдамайды», билiгiңiз де бiр «бұлаң етiп бұлт еткен, сылаң етiп сылт еткен» сылқым бикештен аумай бара ма, қалай өзi...

Байқап-бажайлағанға, әсiре­се, соңғы кездерi қайдағы бiр қаңғыма сөздер тiлдiк лексиконымызды барынша байытып, жаңаша жарылқап жатқанға ұқсайды: «меморандум», «доктрина» және т.т. Ауылдас екi әкiм өзара кездесе қалады да, бiр-бiрiмен хаттама алмасып, әлде бiр құ­жат­қа құнжыңдасып қол қойысып жатады. Мұнысына «меморандум» деп дырдай ат қойып, айдар тағады. Күлкiң келедi! Ол шiркiнге (орындалсын, орындалмасын), «келiсiм» деп-ақ ат бере салуға болмай ма? Шамасы, Шығысқа кекiрiп, Батысқа секiрiп әдеттенген «әсiребiлiмдi» азаматтардың тiрлiгi бұл.
«Доктрина» демекшi, менiң әрiптесiм әрi қаламдасым Бек­сұлтан (Нұржекеевтi айтам) өз мақаласының тақырыбынан, неге екенi белгiсiз, «Ел бiрлiгiне» қойы­лар тырнақша қаусырманы («Ел бiрлiгiне қарсы шығуға бола ма?») алып тастапты. Дұрысы «Ел бiрлiгiне» емес пе? Ұмытып кеткен шығар дейiн десең, сарабдал жазушы, сауатты баспагер. Басқа басқа, тақырыптың өзiнен алып тастайтындай тырнақша байғұста не кiнә бар едi? Тырнақша iшiндегi «ел бiрлiгi» тек доктринаға қатысты, ал Бексұлтанның Ел бiрлiгi... Екеуiнiң мағынасы да, мәнi де жер мен көктей емес пе?! Сонда мақала иесiнiң көкейiнде не тұр, көксегенi не? Түсiне алмадық. Артық ақылдымсудың кейде жүрек айнытатыны бар...
Бiр рет аузы күйген билiк «қа­зақстандық ұлтты» адырайтып, бадырайтып екiншi, үшiншi рет қайдан айтушы едi. Доктринаның астарында «америкалық модель­дiң» момақансып тұрғанын бiлдей жазушы бiлмейдi дегенге, әй қайдам, сене қою қиын шығар...
Айттың не, айтпадың не, «Асыққан сайтанның iсiнiң» керi келдi. Әйтпегенде, арағайындық рәуiштегi осы мақаласын Бек­сұл­тан сәл-пәл ойлана отырып, Амангелдi ағасынан (Айталы) кейiн жазғанда бар ғой, бәлкiм, әлгi тырнақшаны «әбестiкпен» ұмыт қалдырып кетпес пе едi?! Кiм болғанда да, ел тағдырына қатысты он қатпарлы, жүз қыр­тыс­ты мәселеге келгенде ең әуе­лi алды-артына, оң-солына қарап алып қалам тартқаны жөн-ау дейсiң мұндайда. Бiр Бексұлтан болса мейлi едi, жақында Мырзатай ағамыз (Жолдасбеков) теледидардан: «...Мұхтар айналайын, сен үлкен ақынсың, бәрi­мiз де сенi жақсы көремiз, құр­мет­тей­мiз, бiзге керегi сенiң денсаулығың...» деп iнiсiне басу айтып отыр. Дұрыс қой, ақсақал бола бiлгенге не жетсiн, бiрақ бiр жаққа басу айтқан адам екiншi жаққа неге ашу айтпайды? Ретi ке­­­­­лiп тұр емес пе! Шын­дық iз­деп шыр-пыр етiп жүр­ген iнi­сiне ағасының неге шыр-пыры шықпайды, бас­қа басқа, тап осы арада? Ақсақалдықтың айбыны да, абыройы да, ақи­қаты да таразы басын тең ұстауда жатыр емес пе, тәйiрi? Шынымен-ақ, Бұқардан бұлақ, тұлпардан тұяқ қалмағаны ма? Қасиетi мен өсиетi өмiрлiк өнеге, қайран Ғабеңдер, Баукеңдер-ай!..
Үлкендердiң аузынан сөз аулап өскендiктен бе, нақ осы арада Ахмет Байтұрсыновтың мына бiр айтқаны ойға орала кетедi: «Қазақтың бас адамдары! Әуелi сiздер адаспаңыздар, адаспас үшiн ақылдасып, ойласып, ынтымақпен iс iстеңдер! Екiншi, Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдiктерiңдi адаспай, түзу iстеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан Алаш адасады».
Әулиелiк пе, көрегендiк пе, болжампаздық па, не бұл? Мұны аз десеңiз, Сарышолақ жыраудың мына бiр кестелi де кесiмдi сөзiн ауызға алайықшы:
Күнде жасып жүргенше,
Көздегi шерлi жас кепсiн.
Құлдықпен өмiр сүргенше,
Қанжығада бас кетсiн!
Мұның ар жағында «мың өлiп, мың тiрiлген» қазақтың қасiреттi де қасиеттi тағдыры жатқан жоқ па?! Кешегi Желтоқсан желектерiнiң көкейiне қона кеткен тастүйiн шешiм, нартәуекел байлам да осы емес пе едi?! Ал ендi Әулие Мөңкеден хабарыңыз болса, мынаған үңiлiңiз:
Бағымның неге қайтқаны,
Тәңiрдiң көңiлi қалды ма?..
Елiмдi билеп кете ме
Кешегi келген қаңғыма?
Жырау ерлiкке шақырса, Әулие елдiкке, есендiкке еңсесiн берiп отыр. Қасiрет-қайғымен, арман-аңсармен келген теңдiк пен азаттықтың алды-арты абат болса игi едi деген күдiк-күмән аралас қауiп-қатер де жоқ емес. Қай кезде де қалғып-мүлгуге мұрсат бермейтiн, адым сайын қаперге алатын қастерлi сөз ғой бұл!!!
Айта берсең, әңгiме бiтпейдi. «Қазақтың өзге жұрттан сөзi ұзын» екенiн еске алсақ, өртi мен дертi өзектес Өлең жұртына да бiрауық кезек бергенiмiз жөн болар:
 
«ҚУЫРШАҚ ҚҰДАЙЛАР»
Көкте тырна тыраулады,
Жерде желек қыраулады.
Жәми жалған тiршiлiктiң
Жамау, жасқау, құрау бәрi.
 
Бәрi алдамшы!
Бәрi өтпелi!
Өлараның тар өткелi.
Шетте қалды-ау шермендедей
Шекспирдiң сонеттерi...
 
Ұйқы ұйытып тұла бойды,
Тұмшалады тұман ойды.
Ұлықсыған кейбiреуге
Ұлы Абай да ұнамайды.
Бәрi өтiрiк!
Бәрi жалған!
Көздi арбайды сағым-арман.
Жезтырнақтың әлемiшiн
Жезөкшелер тағып алған.
 
Қазақы үйдiң қан қасабы
Жең ұшынан жалғасады.
Қарға қарқ-қарқ күлген сайын
Қара орманнан ән қашады.
 
Болсын деп ем Ай, Күн аман,
Ажал құшақ жайды маған.
Әр кеудеде бiр құдай жүр
Қуыршақтан айнымаған.
 
Жөргектегi, құндақтағы
Ей, «құдайлар», тiл, қат, кәнi?!
Қасиеттi қара жердi
Жебiр жайлап, жын қаптады.
Жер желiксе бүгiн егер,
Көк күрсiнiп, күңiренер!
«Құдайлардың» несi кетер?
Екi ортада шыбын өлер...
 
ЗАМАН
Жақсысы атылған заман,
Жаманы сатылған заман.
Еркегi қатыннан жаман,
Қатыны шатылған заман.
 
Iбiлiс ылыққан заман,
Бүлiнген, былыққан заман.
Құлқыны құныққан заман,
Құдайын ұмытқан заман!
 
Байлыққа бас ұрған заман,
Әптiңдi қашырған заман.
Араны ашылған заман,
Адамы ашынған заман!
 
 
Талабын тасқа ұрған заман,
Қамалын қапсырған заман.
Арамды ас қылған заман,
Адалды лас қылған заман.
 
Талағы тасырдан жаман,
Тарыдай шашылған заман.
Айласын асырған заман.
Абыройы ашылған заман.
 
Ұлдары ұрынған заман,
Қыздары қыдырған заман.
Түлкiдей құбылған заман,
Түгелдей жын ұрған заман...
 
ҚАРҒЫС
Өсiрiп айтсам, кеш, елiм:
Өршiп тұр өрттей кеселiң.
Өмiрем қапса болмай ма,
Өз әнiн «әңгi» десе кiм?!
 
«Өз үйiң өлең төсегiң»,
Өз елiң мерей, меселiң.
Өмiрем қапса болмай ма,
Өз тiлiн өгей десе кiм?!
 
Өзеуреп едi кеше кiм,
Өзiнiң ойлап есебiн?
Өмiрем қапса болмай ма
Өз етiн жұлып жесе кiм?!
 
Өзiңнен туған «бәтшаның»,
Өзгеден бұрын қақ шаңын!
Өмiрем қапса болмай ма
Өз жерiн жатқа сатса кiм?!
Өгiзше өксiп батса Күн,
Өлмейтiн күннiң жақ шамын!
Өмiрем қапса болмай ма
Өздi-өзiн иттей қапса кiм?!
 
***
Аттанып жүрсең алқасың,
Топтанып жүрсең торқасың.
Мүлгiп те жүрсең мiскiнсiң,
Қалғып та жүрсең қаңқасың.
 
Серiктiң бәрi серi емес,
Желiктiң бәрi жел емес.
Алқаның бәрi ағайын,
Тайпаның бәрi ел емес.
 
Жұмылып жүрсең жүрексiң,
Түңiлiп жүрсең түнексiң.
Сүрiнiп жүрсең – сүмелек,
Бiрiгiп жүрсең бiлексiң!
 
Жалғыздың жауы – көпшiлiк,
Жалмауыз жауы – тоқшылық.
Арлының жауы – арамдық,
Жарлының жауы – жоқшылық.
 
Тiрлiк пен бiрлiк тiзелес,
Қисықты қыңыр түземес.
Еркектiң бәрi ер емес,
Еркенiң бәрi қыз емес.
 
Орманның түбi бiр шыбық,
Арманның туы тiршiлiк.
Адамның досы адалдық,
Алланың досы құлшылық.
 
ҰСАҚТАР МЕН ҰЛЫЛАР
Уысында ұстайтын ұлы халық,
Ұсақтардың қашанда күнi ғарiп.
Көресiнi көрермiз әлi талай
Көкбөрiше аспанға ұлып алып...
 
Кеше бiз де ұлы едiк, Тұран едiк,
Қанаттының көктегi Қыраны едiк,
Санаттының жердегi
 сыңары едiк..,
Қалмайды екен ұлылық мұра
болып.
 
Түркi – ертегi,
Бүгiнде Тұран – аңыз,
Көрiнгеннiң аузында сыбағамыз.
Ұлы көштiң жұртында
қалып қойған
Қара бақыр құны жоқ құрамамыз.
 
Түркi – ертегi,
Бүгiнде Тұран – аңыз,
Болмашыға баладай жұбанамыз.
Ұлардайын шулаған ұл-қыздарын,
Уатпайды Ұмайдай ұлы анамыз.
 
Ұмай ана,
Ұл туса әппақ ана,
Таусылар ма ем таласып
таққа бола?
«Бас басына би болған
өңкей қиқым»
Ұсақтарды неғылсын
Хақ тағала?!
 
Күлдiбадам,
Күлбiлте
Күнi ғарiп
Ұсақтарды неғылсын ұлы халық,
...Көк етiмдi сөгемiн түн баласы
Көкбөрiше аспанға ұлып алып!
 
ӨҢ МЕН ТҮС
Қас-қабаққа қарағансып,
Айды аймалап, құшып Күндi,
Таңы айырылған Алақаншық
Тағы да бiр күшiк туды.
 
Күшiк өсiп итке айналды
Қожайынның қорасында.
Сiрке өсiп битке айналды
Бас пен балақ арасында.
Арман – ауру, қиял – ғарiп,
Қайран, қазақ, бала сынды.
Аңғалдығым жиi алданып,
Адалдығым аласұрды!
 
Ұйқы залал, қүлкi жалаң,
Тауды тұман тұмшалады.
Бұлаңдаса түлкi-заман,
Тазы болып кiм шалады?
 
Көңiлiмнiң хошы кәнi,
Бiр күн тiрi, бiр күн өлi?
Неден жаным шошынады?
Неден көңiл үркiнедi?
 
Төбе биiм төрiмдегi
Керiледi, кекiредi.
Әруағым көрiмдегi
Өкiредi, жекiредi!..
 
Кеше келген келiмсегiм
Бастан аттап басынады.
Қойнымдағы келiншегiм
Әлдекiммен ашыналы...
 
Қайтсем екен Түстi мына?
Қайда безiп кеткен Өңiм?
Қараймын да ұсқыныма,
Өзiмдi өзiм жек көремiн!!!
 
***
Ұры-қары iзiндей,
Ит құйрығы бiр тұтам.
Ұстараның жүзiндей
Ғадiлдiктi пiр тұтам!
 
Тер шығармай Салкүрең
Тегiн бәйгi алмақ па?
Айтарыңды алдымен
Сары алтындай салмақта.
 
Жантықтардың шырағы
Жалтаң қаққан жасық көз.
Көр көмейден шығады
Көңiрсiген сасық сөз.
 
Ащы түтiн абайсыз
Ағызады көзден жас.
Ақымаққа рабайсыз
Айтқаныңмен сөз қонбас.
 
Жазалыға, жазғанға
Қалай, қайтiп ем қонар?
Адам азып-тозғанда
Көрiнгенге жем болар.
 
Төгiп өттi жаңбырын
Төңiрекке ақсұр бұлт.
...Талайлардың тағдырын
Тәңiрсотқа тапсырдық...
 
***
Кiмге құлап, апыр-ай,
кiмге сенем?
Жерiп бiттiм желбуаз,
мiнбе, сенен!
Саясаттың сазайын беретiндей
Уақытпен жазайын үндес өлең!
 
«Өзiңе сен...» деушi едi
ұлы атамыз,
Құздан неге көңiлдi құлатамыз?
Еңсемiздi еземiз неге сонша?
Неге сонша жүректi жылатамыз?
 
Түсiн, мейлi,
Жайымды түсiнбе, елiм..,
Қан майданның мен
қазiр iшiндемiн:
Махамбеттей жортуыл
жырын жазып,
Исатайдай илiкпес пiшiндемiн!
 
Жалғыз шауып белгiлi
бәйгi алмасым,
Жайбарақат және аян
жайланбасым.
Қараңды бiр көрсетшi
 осындайда
Қайран, досым,
Бола алсаң майдандасым?!
 
Исраил САПАРБАЙ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (5)
Намысқой | 7 қаңтар 2010 22:43
Ысырайыл аға! Сіз жалғыз емессіз! Бұхар болып бастасаңыз, қоштайтын еліңіз бар! Астындағы тағы биіктеген сайын көздеріне шел қаптаған, халықты тобыр деп ойлайтын биліктегі мансапқорларды жөнге салатын уақыт жетті!
Күләш | 7 қаңтар 2010 23:36
Жаса! Жаса, Ысрайыл!!! Рухты оятатын сөздер! Бармыз! Сөзіңді оқыдық, енді қараңызды қатардан көргіміз келеді! Қайда Иран-Ғайып? Қайда Қадыр Мырза-Әли? Фариза қайда? Қайда Мұхтар Мағауин? Жыбыр-қыбырды қойып, бастарыңды біріктірмейсіңдер ме?!
Айдын | 8 қаңтар 2010 13:30
Бир кезде биликти сизде колдаганыныз есимде. Онер адамдары Бибигуль Толегенова баскарган то Нуротаншыл болып,сол уйымга кирип,халыфкты умытып единиздер гой. Кудай таубаныз енди тусейин дедиме? Казак хавлкынын корген бейнетине кинали зиялы кауым.
Айтуған | 10 қаңтар 2010 11:52
Күләшті қостаймын. Жаса, Исрайыл Аға! Біз біргеміз! Қазақ бірге! Қазақ "әкесін арбаға таңып қойып сабағанға көнбейді" билік осыны ұқсын!
Нұрсұлтан | 10 қаңтар 2010 13:33
Бекболат Тілеухан, Алдан Сымайыл, Уалихан Қалижан ағаларымыздың әліптің артын бағып, бұғып отырғаны ызалы ашуыңды шақырады екен. Еркектігін таныта алмаған азамат шалбарды шешіп, ұзын етек кигені жөн емес пе? Әт-те-ң!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар