4 ақпан 2010
Арыстарымызды ардақтай бiлейiк, ағайын!

Сынаптай сырғыған уақытты кiм тоқтата алған? Күнi кеше ғана арамызда жүрiп пәтуасыз билiктiң өз халқын алдап «Егемендiкке қол жеткiздiк, сан ғасырлар халқымыз армандаған асыл мұратын жүзеге асырдық. Елiмiзде қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған заман орнаттық» деген арсыз өтiрiгiн айдай әлемге ақмаңдай етiп әшкерелеген Алаштың ардақты азаматы Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екi серiгiнен қапияда айырылып қалғанымызға да мiне 4 жылдың жүзi болып отыр.
«Азған заман тап келсе,
Ер жiгiттен құн кетер,
Залым патша билесе
Қалың елдi жынды етер»
деген екен аузы дуалы аталарымыз. Өздерiнiң зымиян әрекеттерiн жүзеге асыруда қандай өтiрiктен де бас тартпайтын тоталитарлық билiк сан ғасырлар бойы «мың өлiп мың тiрiлген», сонда да басынан өткерген талай-талай нәубеттерден құрып кетпей, аттың жалы, атанның қомында көшпендi тiршiлiк кешiп жүрiп иеленген ұланғайыр жер мен суды ұрпағына аман жеткiзген халқымыздың өткен тарихын бүлк етпестен мансұқтап «1991 жылға дейiн қазiргi территориямызда бұрын ешқандай мемлекеттiк шекара деген болған емес» деп жариялады, сөйтiп бұдан бес жарым ғасырдай уақыт бұрын тiлi, дiлi, дiнi бiр рулардың бастарын қосып «ҚАЗАҚ» деген ұлтқа ұйыстырып, Қазақ мемлекетiн құрған Керей, Жәнiбек сұлтандардың, елiн жаудан қорғаған атақты батырларымыздың есiмдерiн айтқызбауға бар күш-жiгерiн жұмсады. Соның нәтижесi Астананың төрiнде ашылған «Қазақ елi» монумент-кешенiнде көрiнiс тапты. Қытай шеберлерiнiң коладан құйған мүсiндерi айдалаға тасталып, көзi тiрiсiнде Назарбаевқа ескерткiш орнатылды. Арсыз билiктiң бұл астамшылық әрекетi мемлекетқұрушы қазақ ұлтының ары мен намысын аяққа таптау едi. Соны түсiнген халық ашық наразылық бiлдiре алмаса да, астамшыл билiктiң бұл әрекетiне iштей қарсы болды. Ел тарихын жоққа шығарудың бұдан артық қандай қарекетi болуы мүмкiн?
Елiнiң еркiндiгi мен тәуелсiздiгiн жанын сала қорғаған еркiн ойлы азаматтарды халық ардақтап, озалдан «Алаштың азаматы» деп атаған. Ондай азаматтар қазақтың қанына сiңген жүзшiлдiк, рушылдық, пендешiлiктен оқ бойы жоғары тұрып, қазақ ұлтының бiрлiгiне қызмет еткен. Солардың бастауында әйгiлi Төле, Қазыбек, Әйтеке билер тұрса, қазақтың болмысын дәл тауып тани алған данышпан Абайды, арғы тарихқа бармай-ақ берiден айтсақ, кешегi кеңестiк Қазан төңкерiсiнен кейiн елiмiздiң егемендiгi мен тәуелсiздiгiн сақтап қалу үшiн Алаш автономиясын жариялаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Халел, Жанша Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышбаевтарды, тағы басқа да ардақтыларымызды халқымыз әлi ұмыта қойған жоқ. Бұлардың бәрi де халқының азаттығы үшiн құрбан болған арыстарымыз едi. Кеңес империясы аңғал да бейқам қазақты ақ пен қызылға бөлiп өзара қырқыстырып, елдi аштыққа ұрындырып, қырды. Қазақ ұлт ретiнде жойылып кету қаупiнде тұрды.
Құдай сақтап, алып империяның екi аяғы аспаннан келгеннен кейiн, қол жеткiзген тәуелсiздiгiмiзге де мiне 20 жылға жуық уақыт өтiп отыр. Бiрақ құлдық санадан құтыла алмаған аңғал халқымыздың бейқамдығын өз мақсатына ұтымды пайдаланған сол кездегi билiк мемлекет басына келiп отырып алды. «Егемендiкке қол жеткiздiк» деген 20 жылға таяу уақытта неден ұттық, неден ұтылдық?» деген сұраққа жауап iздеп көрсек, ұтқанымызды айтарға ештеңе таппаймыз. Ал ұтылған тұсымызды қарасақ: тәртiп күйредi, колхоз, совхоз, мекеме орындары жабылып, елдi жұмыссыздық жайлады, мемлекеттiк меншiк – халық байлығы ұстағанның қолында, тiстегеннiң ауызында кетiп, талауға түстi. Анамыздай қастерлейтiн жерiмiз базарға сатылымға шығарылды. Тегiн бiлiм алу, дәрiгерлiк жәрдем адырам қалды. Ешкiм ешнәрсеге жауап бермейтiн жүйе қалыптасты. Өтiрiк айту, ұрлық жасау, жең ұшынан жалғасқан парақорлық қалыпты жағдайға айналды. Бұл бүгiнгi билiктiң қол жеткiзген, қарапайым халықтың ұтылған тұсы екенiн ешкiм жоққа шығара алмайды. Елдегi ат төбелiндей ауқаттылар мен банктерде белшесiнен қарызға батқан қарапайым халықтың аражiгi алшақтай түстi.
Халықтың мұңы мен зарын түгендеп, билiктiң шын болмысын әшкерелеп, марғау халықтың санасын ояту үшiн күресiп жүрген ұлтжанды азаматтарды санамаламай-ақ қоялық. Егемендiк алғанымыздан бергi уақытта билiктi әшкерелеуге белсенiп күреске шығып, өзi де сол қызметi үшiн билiктiң ұйымдастыруымен өлтiрiлген арыстарымызды атар болсақ, ауызға Заманбек пен Алтынбек iлiнедi.
Кезiнде Назарбаевтың ең сенiмдi серiктерiнiң бiрi болған, халық сайлаған парламенттi таратып, мемлекеттiк төңкерiске пара-пар әрекет жасауға қатысқан бiрақ кейiннен президенттiң өз халқына қарсы жүргiзген әрекеттерiн көрiп, сезе келе оған деген сенiмiн жоғалтқан Алаштың арлы азаматы, «Билiктi жақтасам халық өледi, халықты жақтасам өзiм өлемiн. Халқым өлгенше өзiм өлейiн» деген тоқтамға келген Заманбек Нұркадiлов президентке: «Не күтiп отырсыз? Өз еркiңiзбен неге отставкаға кетпейсiз?» – деп сұрақты төтесiнен қойып, төбесiнен жай түсiргендей қылды. «Халқыңыздан кешiрiм сұрасаңыз, сонда халық кешiредi», – деп кеңес бердi. Өзi де халқыннан кешiрiм сұрады. Бiрақ Назарбаев Заманбектiң айтқанын жауапсыз қалдырды. Марқұм Заманбек өзiнiң Назарбаевқа қарсы бұл әрекеттерiн билiктiң шынайы бет-бейнесiн халыққа жария етiп жүрген оппозиция белсеңдiлерiмен тiзе қоса бiрiгiп жүргiзбей, негiзiнен жеке-дара жүргiздi. «Мен Назарбаевтың халыққа қарсы қылмыстық әрекеттерiн жайып салсам, халықтың өзi Назарбаевты тақтан кетiредi», – деп сендi, талай жерлерде мәлiмдеме жасап, билiктiң сұмдыққа толы әрекеттерiн жария қылды да. Бiрақ құлдық санадан арыла қоймаған бұқара халық оны қолдап кете алмады. Президент те, оппозициядағы азаматтар да Заманбектi өз араларына тарта алмады. Ал Заманбектiң әрекеттерiнен зәре-құты қалмай қорыққан билiк оның көзiн жойды, халықты «Ол өзiн-өзi (үш рет) атып өлтiрген» деген өтiрiкпен иландырды. «Саяқ жүрсең, таяқ жерсiң» деген халық даналығы осындайда айтылған шығар. Бұйығы халық Заманбек өлiмiнiң ақиқатын анықтап жариялатуда билiкке ашық талап қойып, жiгер көрсете алмады, бiрақ билiктiң өтiрiгiне сенбедi. Халық бұл қылмысты билiктiң өзi ұйымдастырғанын бiлдi, жiгерi құм болып, жасып, үнсiз қалды. Заманбектiң жазықсыз төгiлген қаны билiктiң мойынында қалса да, есiл ердiң құны сұраусыз кеттi.
Мақаламыздың басында атап өткен Алтынбек кiм едi? Айтатынын кемеңгердей кеңiнен толғап, алысты шолып, нық айтатын, саясаттағы салмақты да, өткiр сөзi тиген жерiн семсердей тiлiп түсер, мемлекеттiң, тұтас елдiң, қоғамның мүддесiн бүгiнгi халықтың, келер ұрпақтың болашағы үшiн қараға да, ханға да күлбiлтесiз тiке айтатын Алаштың терең ойлы, сындарлы пiкiрлi, асыл арыстарының бiрi едi. Парасат-пайымы терең ойшыл айбынымен, ақиқатты алға тартқан жөнiмен жеткiзген аузы дуалы кемеңгерлiгiмен президенттiң өзiн санасуға мәжбүрлегенiн көзi қарақты азаматтар танып бiлген едi. 44 жасында билiктiң, ұлттық қауiпсiздiк органы қарақшыларының қолынан шәhит кеткен қарымды қаламгер Алтынбек билiкте министр, қауiпсiздiк кеңесiнiң хатшысы, төтенше және өкiлеттi елшi қызметтерiн атқарды. 2003 жылы мемлекеттiк қызметтен өз еркiмен кетiп, саналы түрде оппозициялық қозғалысқа келдi. 2003 жылы Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының, кейiннен «Нағыз Ақжол» партиясының тең төрағаларының бiрi болып сайланды. Артына «Тәуелсiз елде тәумендi тұлғалар болмауы керек». « Таңдау жасар сәт туды» атты кiтаптары, сұхбаттары қалды. Саясаттану ғылымының докторы атанды. Алтынбектiң ғұлама ойшылдығын, iскерлiк қабiлетiн Назарбаетың өзi де мойындаған. 2004 жылғы парламент сайлауы өтер қарсаңда президент оппозициядағы Алтынбектi шақырып алып оған: «Сайлауды дұрыстап өткiзуге көмектес», – деп өтiндi. Алтынбек: «Егер сайлауды заң талабына сай таза өткiзуге мүмкiндiк болатын болса, мен қарсы емеспiн. Бiрақ сайлау өткен жылдардағыдай бұрмалаушылықтармен өтетiн болса, мен қызметте қалмаймын», – деген талап қойып, мемлекеттiк қызметке қайта келдi. Бiрақ сайлау өрескел бұрмалаушылықтармен өткеннен кейiн келесi күнi Алтынбек министрлiк қызметтi тастап, кететiнiн мәлiмдедi. Президентке берген уәдесiн орындамағанын бетiне басты.
Назарбаев Алтынбектiң халыққа деген ықыласын көрiп, одан қатты үрейлендi. Алтынбектiң келесi президенттiк сайлауларда өзiмен бәсекелес болу мүмкiндiгiнен қорықты. Ақыры 2006 жылдың ақпан айының 11-i күнi Алтынбек екi серiгiмен бiрге жоқ болып кетiп, 13 ақпанда үшеуiнiң өлi денелерi Алматы қаласының маңынан табылды. Алтынбек пен оның екi серiгiнiң өлiмiне байланысты тергеу мен Талдықорғанда өткен соттың шешiмiне халық сенбедi. Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң қарақшылары жүзеге асырған бұл айуандық iстiң «негiзгi тапсырыс берушiсi ҚР Парламентi Сенатының аппарат жетекшiсi Ержан Өтембаев, оны жүзеге асырған құқық қорғау органының бұрынғы қызметкерi Рүстем Ибрагимов, Алтынбектердi ұрлап әкеткендер ҰҚК-нiң «Арыстан» арнайы бөлiмiнiң 5 қызметкерi» деген қорытынды жасап, аталған қылмыскерлер әртүрлi жазаға кесiлдi. Сотты қадағаландар сот тергеуiнде заңсыздықтар мен күмәндi жағдайлардың көп болғанын жариялап жатты. Соттың шешiмiне Алтынбектiң туыстары, қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi, оппозициялық партия басшылары риза еместiгiн бiлдiрдi. Қазiргi билiк тұрған кезде бұл күмәндi қазалардың шындығы ашылмайтыны анық күйiнде қалып отыр.
Құрметтi қазақстандықтар!
«Халқының азаттығы мен тәуелсiздiгi жолында бастарын өлiмге тiгiп күрескен шәhиттердi еске алып отыру – барша мұсылмандардың парызы. Көзi ашық, көкiрегi ояу, ұлтының келешегiн ойлайтын азаматтар жергiлiктi мешiттерге барып халқының болашағы жолында жандарын қиған арыстардың азаматтық ерлiк iстерiн еске алып, олардың рухтарына бағыштап Құран-Қатым етсе абзал болар едi. Биылғы ақпан айының 12-сi күнi қасиеттi жұмада, мешiттерге барып, жұма намазынан кейiн Алаштың асыл перзенттерi Заманбек Нұрқадiловтiң және Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екi серiгi – Бауыржан Байбосын, Василий Журавлевтердiң рухтарына Құран бағыштасақ, сөйтiп өзiмiздiң мұсылмандық парызымызды өтесек, имандылық жолындағы бiр сауапты iс болар едi. Ал мешiттерi жоқ жерлердегi адамдар өз дұғаларында ел үшiн шәhит болғандардың есiмдерiн атап, еске алып өтсе» деген тiлегiмдi жеткiзгiм келедi.
Жетiбай ЖЫЛҚЫШЫҰЛЫ,
зейнеткер. «АЗАТ» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының ақсақалдар алқасының төрағасы.
Маңғыстау облысы.





Авторға көп рақмет! Керемет, кереңді де, соқырды да, мылқауды да селт етердей жазыпсыз.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер