1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Заңгерлердiң халықаралық одағының төрағасы Андрей Требков Н.Назарбаевқа «Фемида» сыйлығын не үшiн бердi?
Қола берiп, алтын алу үшiн
Ұялсын дегенi де...
Демократияның дамуыны үлес қосқаны үшiн
Адам құқығы көп тапталатын елдiң басшысы алатын сыйлық бұл...
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №11 (15469) 9 ақпан, сейсенбі 2010
9 ақпан 2010
Ақпараттық қауiпсiздiк алаңдатады

Қазiргi таңда Қазақстанда 2970 бұқаралық ақпарат құралдары тiркелген. Оның iшiндегi 2756 мерзiмдiк басылымның 453-i қазақ тiлiнде, 2303-i орыс тiлiнде. Көршiлес Ресейден келетiн 5248 газет-журнал тағы бар. Есептеп көрсеңiз, елiмiзде тарайтын жалпы саны сегiз мыңға жуық БАҚ-тың 7551-i орыс тiлiнде де, 453-i ғана қазақ тiлiнде. Сонда ел аумағында тарайтын қазақ тiлдi БАҚ-тың үлесi алты пайызға да жетпейдi екен. Мұндай жағдайда қандай ақпараттық қауiпсiздiк жөнiнде айтуға болады?!

ТӘУЕЛСIЗДIГIМIЗ КҮМӘНДI...
ХХІ ғасыр – ақпарат ға­сы­ры. «Ақпараттық майдан» ғасыры десек те болады. Нағыз «ақпарат кiмнiң қолында болса, әлемдiк билiк те соның қолында» заманының өзi. БАҚ-тың қоғамға ықпалы күштi идеологиялық құрал екенiн де ұмытпауымыз керек. Сондықтан, тә­уелсiз мемлекет үшiн ақпараттық қауiпсiздiктiң қаншалықты маңызды екенi айт­паса да түсi­нiктi. Мұны есiн жиып, етегiн жауып, орыстық мүддеден арылып, ұлттық мүддеге бет бұрған посткеңестiк елдердiң көбi түсiнiп те үлгердi. Мәселен, Белоруссия жақында ғана барлық шетелден келетiн БАҚ-ты қатаң бақылап, беларусь ұлтының мүддесiне титтей де болсын нұқсан келтiретiн БАҚ-қа тыйым салатын заң қа­былдады. Тәжiк президентi Эма­моли Рахмонов болса, тә­жiк тiлiнiң мемлекеттiк дәре­женi иеленуiнiң 20 жылдығына орай орыс тiлiнiң «ұлтаралық қатынас статусын» жоятын заң шығарды. Ал Ресей прези­дентi Медведев өткен жылдың желтоқсан айында өткен журна­лис­термен кездесуiнде Ресей аумағында тарайтын БАҚ-тың 80 пайызы орыс тiлiнде екенiн зор мақтанышпен айтып, бұл тәуелсiздiктiң алғашқы нысаны екенiн мәлiмдедi. Ол бұдан былай Ресей аумағындағы ғана емес, бүкiл ТМД аумағында тарайтын орыстiлдi баспасөзге қолынан келетiн көмегiн аямайтынын айтып ағынан жарылды. Мұнысы қазаққа, не қырғызға жаны ашығандықтан емес, әрине. ТМД аумағында орыс тiлiнiң, орыс ұлтының ықпалын сақтап қалу үшiн айтылған ұсыныс. Осы жиында В.Медведев Ресейдi толықтай тәуелсiз ел деп бағалайтынын жеткiздi. Оның айтуынша, ел аумағында тарайтын БАҚ-тың 80 пайызы мемлекеттiк тiлден асатын елдi ғана толықтай егемендi деп бағалауға болады. Ол межеге жетпеген елдiң тәуелсiздiгi күмәндi, бұлыңғыр, мойындалмайды да. Ал бiздiң президент Медведев сияқты, «80 пайыз БАҚ қазақ тiлiнде, сондықтан бiз тәуелсiз елмiз» деп ауыз толтыра мақтана алмасы анық. Әрине, олай iстей алмайды, алты пайыз қа­зақ­тiлдi баспасөзбен қалай мақтансын?! Баспасөздегi қазақ тiлiнiң үлес салмағы ең болмағанда 50 пайызға жетпей тұрып, қалай егемендi елмiз деп кеуде қағамыз?! Ақпараттық тәуел­сiздiк болмай – ұлттық мүдде қорғалмасы анық. Ресейден келетiн ақпарат құралдарының сол елдiң саясатын насихаттап, қазақтың қанына орысшылдықты сiңiрiп жатқаны айтпаса да түсiнiктi. Әр елдiң өзiнiң ұлттық, мемлекеттiк мүддесi бар. Ол бас­қа елдiң мүддесiмен үйлес­пей­дi. Сондықтан, ақпараттық қауiпсiздiк уақыттың, заманның талабы. Оны түсiнбеген билiк тәуелсiз­дiктi құрдымға жетелерi анық. Әлемнiң өрке­ниет­тi елдерiнiң барлығы да осы қағиданы берiк ұстанады. Ел аумағында тарайтын шетелдiк БАҚ-ты мемлекет тұрғысынан бақылап, оның үлес салмағын 20 пайыздан асырмайды. Әйт­песе, мемлекеттiң қорғаныш қасиетiне нұқсан келетiнiн олар жақсы түсiнедi. Оны түсiнбей, өзiмiздiң ақпараттық кеңiстiктi ресейлiк баспасөзге берiп қоюы­мыз мемлекеттiгiмiзге, тәуелсiз­дiгiмiзге үлкен қауiп. Осыдан кейiн неге Қазақстан Ресейдiң ықпалынан шыға алмай отыр, неге осы қазақ орысшыл деп таңдануымыздың да еш ретi жоқ. Осыған қарап, бiз осы тә­уелсiз Қазақ елiнде өмiр сүрiп жатырмыз ба, жоқ әлде әлi де Ре­сейдiң боданынан шыға алмай жүмiз бе деген ойда қаласыз.
 
ӨЗБЕК ТЕ ҚАПЫ ҚАЛЫП ЖАТҚАН ЖОҚ
Қазақ көрермендерi Ресейдiң ғана емес, Өзбекстанның да ақпарат құралдарының ықпалында. Елiмiздiң оңтүстiк өңi­рiнiң тұрғындары көршiлес Өзбекстанның ақпараттық ке­ңiс­тiктi кеңiнен жаулап алғандығынан үлкен қауiп көредi. Олардың айтуынша, Өзбекстанмен шекаралас Сарыағаш, Қазығұрт, Мақтаарал аудандарында отандық арналардың бiрде-бiрi көрсетпейдi. Есесiне, қызылды-жасылды өзбек мәде­ниетiн насихаттаушы Өзбекстан арналары күнi-түнi халық көңiлiн көтеруде. «Көк жә­шiк»арқылы қанына өзге ұлт мәдениетi сiңген қазақ баласынан ұлтқа деген жанашырлықты, патриоттықты қайдан күте­мiз?
Оны талап етуге қандай құқығымыз қалады?! Ал көршi ел қапы қалып жатқан жоқ. Оң­түстiктiң ақпараттық кеңiстiгiн толықтай жаулап алған десек те болады. Олардың бағдарламаларының бiздiң отандық өнiмдерден әлдеқайда тартымды әрi сапалы екенiн де мойындауға тиiспiз. Қазiргi таңда бұл өңiрде Өзбекстанның УзТВ-1, УзТВ-2, Марказ Тв, Яшлар, Спорт Узбекистон, Тошкент ТВ сынды арналары емiн-еркiн көрсетiледi. Жергiлiктi тұрғындардың айтуынша, күндiз-түнi өзбек арналарын тамашалайтын қазақ балаларының арасында президентiмiз Ислам Кәрiмов деп ойлайтындары да бар. Оған таң­ғалудың да ретi жоқ шығар.
 
ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗIНIҢ БАҒЫН БИЛIК БАЙЛАП ОТЫР
Қазақ тiлiн дамыту үшiн талай ақша бөлiндi. Бiрақ, нәтиже жоқ. Сондықтан, қазақ тiлiн, ұлттық мүдденi көксейтiн қазақ баспа­сөзiн дамыту үшiн ең әуелi билiк басындағыларды қазақыландыру қажет. Мемлекеттiк қызмет атқаратын адам мiндеттi түрде қазақ тiлiн бiлуге мiндеттi деген заң керек. Билiк басындағылар қазақша сөйлеп, қазақша ойламай қазақ тiлiнiң жағдайы өзгерiп, қазақ баспасөзiнiң бағы жанбайды. Мемлекеттiк тiлдi менсiнбейтiн шенеунiктер, қазақтiлдi баспасөздi оқымайды, қолына да алмайды. Ал шын мәнiнде қазақтың ұлттық мүддесiн, Алаш жұртының неден тарығып жүргенiн қазақ басылымдары ғана жазады. Қазақтың жоғын жоқтайтын да солар. Оны оқымаған шенеунiктер қазақтың жанын түсiнбейдi, сондықтан, ұлттық маңызы бар шешiмдердi де атүстi қабылдайды. Ал орыстiлдi басылымдар даурықпа шуды, бiр күндiк сенсацияны ғана ойлайды. Қазақтың мүддесiн қорғай бер­мейдi. Көп ретте қазақтiлдi басылым мен орыстiлдi басылымдардың қандай да бiр оқиғаға байланысты берген бағасы да екi түрлi болып шығады. Олардың көздеген мүд­делерi екi түрлi екенi де айқын байқалады. Ашып айтсақ, орыс­тiлдi басылымдар қазақтың «жоғын» жоқтамайды, елдiк, Отандық тақырыптарды көтеруге құлықсыз. Оларға таза орыстық мүдденi көксеген, көршi ел саясатын насихаттаушы алты мыңға жуық Ресей басылымдарын тағы қосыңыз. Ал, оларға шектеу қоятын тiрi пенде көрiнбейдi. Ақорда болса, керiсiнше шындықты айтып, қазақтың мүддесiн көксеп жүрген бiрдi-екiлi басылымның бағын өз қолымен байлап, олардың халық арасында таралуына бөгет жасауда. Қазақстанның шет аймақтарында президенттiң «сындарлы» саясатын насихаттаушы «Хабар» мен «Қазақстан» арналарынан өзге отандық телеарналар көрсетпейдi. Әкiм-қараға жоғарыдан тапсырма беру арқылы сол арналардың жазбаша нұсқасы – «Егемен Қазақстан» газетiнiң таралымын арттырып, өзге басылымдардың таралуына мүмкiндiк бермейдi. Шектеу қояды. Ал «Хабардың» жырынан шаршаған бұқара, «Егемен Қазақстанды» ашқысы да келмейдi. Оқымайды да. Осындай жағдайда, қазақ баспасөзiнiң бағы қайдан жансын?! Беделi қайдан артсын?! Мәселен, 2009 жылдың қаңтар айында Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша «Егемен Қазақстан» газетiнiң таралымы 5400-ге жеткен. Ал «Жас Алаш» – 60, «Жас Қазақ» – 32, «Түркiстан» –17 данамен ғана тараған. Ал бұл шенеунiктер тарапынан қолдан жасалып отырған көрсеткiш. Олар қазақтың оянуынан сескенедi. Қазақтың ұлттық мүдденi талап етуiнен қорқады. Сол үшiн де тәуелсiз қазақ тiлдi БАҚ-тың бағының жануына мүмкiндiк бермей отыр. Оған қолдау көрсеткiсi де келмейдi. Сол Солтүстiк өңiрдiң өзiнде таралатын 14 телеарнаның 12-сi орыс тiлiнде, 2-i ғана қазақ тiлiнде екен. Бұл нағыз масқара! Бұлай жалғаса беретiн болса, кiмнiң жетегiнде кеткенiмiздi бiлмей де қаламыз. Орыс пен өзбектi былай қойып, ендi елiмiздiң отандық ақпарат кеңiстiгiне Қытай ауыз салмасына кiм кепiл? Олардың пос­ткеңестiк елдер аумағында медихолдинг құру жоспарының астарында қандай саясаттың жатқаны айтпаса да түсiнiктi. Ал, Ресей мен Өзбекстанды талтаңдатып қойған қазақ билiгi, Қытайға шектеу қояды дегенге сену қиын.
Инга ИМАНБАЙ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (12)
Ақжол | 9 ақпан 2010 11:45
Инга дұрыс айтасың, билік қазақша сөйлемей, қазақ тілінің көсегесі көгермейді. Бұл орайда, қазіргі билікті күштеп мойындату керек, я биліктен біржола қуу керек. Одан басқа амал жоқ.
Алау | 9 ақпан 2010 12:52
жарайсың! Жақсы жазыпсың!
Атахан | 9 ақпан 2010 12:53
Мемлекетті қазақ басқармай Мемлекеттік тілдің бағы ашылмайды. Жат жұрттың тілеуін тілегендер қазақты ешуақыт көгертпек емес.
Астаналык | 9 ақпан 2010 14:59
Жаксы макала! Орынды проблема котерилген! Каламын уштала берсин, Инга!!! Казактын жогын жоктайтын карындастарымыз бен бауырларымыз коп болсын! Сонда аталган маселе тезирек шешилер еди!
Казах | 9 ақпан 2010 23:41
Кайсы жагынан алып карасакта болашагымызга кауип тонип тур.Бул казирги биликтин бизге жасаган сыйы!
Әсия Өміршеқызы | 10 ақпан 2010 02:08
АЛЛА разы болсын сізге, Инга. Қазақ баспасөзіне деген биліктің көзқарасы белгілі. Өткен ғасырдың 87-ші жылының шілдесінде (қателеспесем)сол кездегі "Лениншіл жас" газеті біздің Гурьев(Атырау) облысында өз күндерін өткізді. Бұл бір аптаға созылған шарада Алматыдан келген редакция өкілі бізбен бірге шопандарды, алыс ауыл-аймақтарды аралап, қарапайым еңбек адамының өмірімен етене танысып, кейіннен мақалалар тобын жариялаған болатын.
"Жас Алаш" бастап,"Ана тілі" қостап,осындай игі шараны жандандырса, алыстағы қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігімен танысып, ауылда қандай өзгерістер болғанын салыстыру үшін мұрағаттарыңыздан сол кездегі репортаж, мақалалармен бірге бассаңыздар - бұл сіздерге оқырман санын көбейтуге,"Жас Алаштың" таралу аймағын кеңейтуге де жол ашар еді. Ойларыңызда осындай жоспар болса, Атырау өңіріне қош келдіңіздер!-дейміз.
Асан Қайғы | 10 ақпан 2010 11:03
Қазақ баспасөзін бейкәсібиліктен құтқару керек. Ол үшін ең алдымен біліксіз мамандардың фабрикасы - журфактардың бәрін жауып, қайта құру керек. Оның өзінде Батыстағыдай экономикалық журналистика немесе заңгерлік журналистикаға қос мамандықпен басымдық берген жөн.
гаухар | 10 ақпан 2010 11:12
Инга, суретинизди озгертсениз. Сиздердин суреттериниз макалага сайкес келмей жатады. Барлык жерде кулип тусе беруге болмайды гой. Ол макаланызды жаксы жазыпсыз. озекти маселе
Бөкен | 10 ақпан 2010 12:11
Мен шетелде жүрген қазақпын. Кейде жұмыс бабымен үкімет орындарына хабарласқанда қазақша сөйлесу мүмкін емес. Қасымдағылар Қазақстанғой неге орысша сөйлесесесің дегенде ұялғаннан жерге кірердей боламын. Амалсыз орыстарғой қазақша білмес деймін күлкіге қалмау үшін. Ал бірақ жаңағылардың аттары талғат-малғат, анар-жанар, алмас-малмас.
Бөкен | 10 ақпан 2010 12:15
Еш болмағанда қазақ пен қазақ қазақша сөйлегенде бұл мәселе шешуін табар еді. Ұлттық намыс болмағаннан кейін басқа тілде сөйлесуді абырой көреміз. Жаратушымыз Жалғыз Аллах бізге жәрдем етсін.
V | 11 ақпан 2010 00:43
Қазақ мемлекетіндегі БАҚ - тың 453 - қазақ тілінде, 7551 - орыс тілінде биліктегілер қай мемлекетті басқарып отыр ? Ата -баба жерінде қалай жер басып, тірі жүр екен. "Қайнайды қаның, ашиды жаның." Биліктегілер қарын қамын ойлаушылар.
Bokky- Qetay Pekyn | 11 ақпан 2010 01:33
қатыссыз кетып қалдым тақырыптан, ренжымеңыздер, сіздердың көзқарастарыңызға қосылам.бір сұрайын деп жұргенім : мен қатар кеп қалса қалай жасасіздар ? ! мен іркес-тіркес жазсам, осылай тұсып ауре етеды екен
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті