9 ақпан 2010
Қазақстандағы қазақтың санын сан құбылтып тұр

ҚР Статистика агенттiгiнiң төрағасы Ә.Смайлов ұлттық халық санағының қорытынды деректерiн жариялады.
Бiр жылда премьер оны – 67, президент – 65, төраға – 63 пайыз деп мәлiмдедi
«1 МИЛЛИОННАН АСТАМ АДАМНЫҢ ЖАСЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТТЫ ҚАЙТА ТҮЗЕТТIК»
Естерiңiзге сала кетейiк, 2009 жылдың сәуiр айында парламент мәжiлiсiнде премьер-министр К.Мәсiмов ұлттық халық санағының алғашқы деректерiн былай деп жариялап, дүйiм жұрттан сүйiншi алған-ды: «Халық санағының алдын ала мәлiметтерi бойынша, республика халқының саны – 16 миллион 402 мың 861 адам. Оның 67 пайыздан астамы – қазақтар». Сонда қазақтың қарасы молайып, саны артқанына ел болып қуанған едiк. Бiрақ, тақиямызды аспанға ерте атыппыз. Өйткенi, арадан көп уақыт өтпестен, бұған кереғар мәлiметтер пайда болды.
Мәселен, президент Н.Назарбаев: «қазақтар 53 пайыздан 65 пайызға жеттi», – деп мәлiмдедi. Барлап қарасақ, премьер мен президент сөзiнiң арасындағы қазақтың айырма саны – 216 мың адам. Ол ол ма, Статистика агенттiгiнiң 2009 жылғы ресми деректерiнде «қазақтың саны 60 пайыздан сәл-ақ асты» деп тұр. Бұл дегенiмiз, президенттiң есебiмен шаққанда – 800 мың, премьердiң есебiмен – 1 миллион қазақ. Бұлайша құбылту кiмге керек сонда? Шынтуайтына келгенде, Қазақстандағы қазақтың саны, екiге екiнi қоссаң төрт дегендей, анық болуы керек қой. Әлде бұл жерде де жұрт бiлмейтiн басқа бiр гәп бар ма? Қазақтың саны да саясаттың ойыншығына айналғаны ма сонда?
Сонымен бiрге жақында ғана К.Мәсiмов: «Халық санағының мәлiметтерiн жақсылап өңдеу керек. Өйткенi, халық санағы 10 жылда бiр-ақ рет өткiзiледi. Қазiр 2020 жылға дейiнгi үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын әзiрлеу аяқталып келедi, бюджет жоспарлануда. Экономикалық көрсеткiштердiң есеп-қисаптары жасалуда. Келешекте қабылданатын басқарушылық шешiмдер, экономиканы және өндiрушi күштердi қалай дамыту керектiгi, мектептер мен ауруханаларды және су құбырларын қай жерлерде салу қажеттiгi халық санағының қорытындысына, ондағы мәлiметтерге тәуелдi. Нақты мәлiметтер, бiрiншiден – қаржыны босқа шашпау үшiн, екiншiден – бюджет қаржысын дұрыс пайдалану үшiн маңызы зор», – дедi нақтылап. Ал үкiмет басшысының сөзiн қуаттаған Статистика агенттiгiнiң төрағасы Ә.Смайлов: «Мәлiметтердi өңдеп, халық санағының қорытындысы жөнiндегi қысқа ақпараттарды дайындауды аяқтап қалдық. Бұл таяу уақытта жарияланатын болады», – дедi.
Ә.Смайловтың айтуынша, санақ қорытынды деректерi дерлiк бiр жылдан берi жарыққа шықпай отыр. Оған бiрiншi себеп – аталған агенттiктiң бұрынғы төрайымы Анар Мешiмбаева мен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық iс қозғалды. Екiншiден, санақ мәлiметтерiн есептеп шығаратын компьютерлiк бағдарламалар сапасыз шықты. Агенттiктiң қызметкерлерi 1 миллионнан астам адамның жасы туралы ақпаратты қайта түзетуге мәжбүр болды. «Сондықтан да халық санағының ресми қорытындысы әлi дайын емес. Дегенмен, ақпан айынан қалдырмай жариялайтын боламыз», – дедi ол.
Сөйтiп, бiр жылдың iшiнде билiк те, агенттiк те осылайша сан құбылды. Нәтижесiнде, қоғамда әртүлi пiкiр пайда болды. Санақтың басы-қасында жүрген Статистика агенттiгiнiң бұрынғы төрайымы Анар Мешiмбаева мен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық iс қозғалғаны аздай, «1 миллионнан астам адамның жасы туралы ақпаратты қайта түзетуге мәжбүр болдық» дегендi естiдiк. Қазақстанда ұзын саны 16 миллионнан сәл-ақ астам адам өмiр сүредi. Оның 1 миллионы туралы деректерде қателiк кеткен. Бұл 1 миллион адам туралы ақпарат жалған болуы мүмкiн деген сөз. Оған өскенi мен кемiгенi белгiсiз 800 мың – 1 миллион аралығындағы қазақты қосыңыз.
Санақ бiр рет өттi, бiрақ қазақтың саны төрт рет өзгердi
Дегенмен, Ә.Смайлов мырза бұл жолы айтқанында тұрды. Бiр жылдан берi диiрменге түсiп, дайын болмай жатқан деректердi бiр аптада жарыққа шығарды.
Сонымен ҚР Статистика агенттiгiнiң ресми сайтында санақ қорытындысының мәтiнi сiресiп дәл былай деп жазылған: «2009 жыл ақпанның 24-iнен 25-iне қарағандағы түнгi 12 сағаттағы есептеу сәтiнде ҚР халқының саны – 16 004 800 адам. Ел халқының жалпы санындағы қазақтардың үлесi 63,1 пайызды, орыстар – 23,7, өзбектер – 2,8, украиндар – 2,1, ұйғырлар – 1,4, татарлар – 1,3, немiстер – 1,1 және басқа этностар – 4,5 пайызды құрады. Ал 2010 жыл 1 қаңтардағы жедел ақпарат бойынша, республика халқының саны – 16 196 800 адам. 2010 жылдың басында қазақ ұлтының үлесi 63,6 пайызды, орыстар – 23,3, өзбектер – 2,9, украиндер – 2, ұйғырлар – 1,4, татарлар – 1,2, немiстер – 1,1, басқа ұлыстар – 4,5 пайызды құрады».
Пайызбен көрсетiлген бiр ұлт пен алты этносты және басқа ұлыстардың 2010 жылғы сандық көрсеткiшiн жалпақ тiлмен түсiндiрсек. Қазақстанда қазақ ұлтының саны – 10 301 165, орыстар – 3 773 854, өзбектер – 469 707, украиндер – 323 936, ұйғырлар – 226 755, татарлар – 194 362, немiстер – 178 165, басқа ұлыстардың саны – 728 856.
Осы орайда, мына жайтқа көңiл бөлсек. 2009 жылғы ұлттық халық санағы бойынша, Қазақстандағы қазақ ұлтының үлесi – 63,1 пайыз. Ал соңғы дерек бойынша – 63,6 пайыз. Премьер-министр К.Мәсiмов дәл осы Статистика агенттiгiнiң ресми мәлiметтерiне жүгiнiп, қазақтың саны 67 пайыз деген-дi. Президенттiң есебiн ескерсек, 65 пайыз. Сонда қалай болғаны? 10 жылда бiр-ақ рет санақ өттi. Алайда, Қазақстандағы қазақтың саны бiр жылдың iшiнде төрт рет өзгердi. Себебi неде? Басқасын былай қойғанда, К.Мәсiмов мырза мен ең соңғы деректегi қазақтың айырма саны жер мен көктей. Яғни, премьер-министр тiлге тиек еткен 16 402 861 адамның 67 пайызы –10 989 917-сi қазақ. Ал аталған агенттiктiң төрағасы айтқан 16 196 800 адамның 63,6 пайызы –10 301 165-сi қазақ. Екi деректiң айырма саны – 688 752 қазақ. Бұл көп пе, аз ба?
«300 МЫҢДАЙ АДАМ ЕКI РЕТ ТIРКЕЛIПТI»
Ә.Смайловтың айтуынша, статистика агенттiгiнiң бұрынғы басшылары санақ қорытындысын беруге асыққан. Бiрақ, деректер базасы таза болмаған. «Тексере келе 300 мыңдай адам екi рет тiркелгенiн анықтадық», – дейдi ол. Қалайша? Ә.Смайлов мырзаның дәл өзi осы ақпаратты жарияламастан сәл-ақ бұрын арнайы мәлiмдеме жасады. Сонда санақ қорытынды деректерiнiң кешеуiлдеуiнiң бiр себебi – «1 миллионнан астам адамның жасы туралы ақпаратты қайта түзеп жатырмыз» демеп пе едi.
Қысқасы, санақ елдiң әлеуметтiк ахуалын, экономикалық жағдайын, демографиялық деңгейiн көрсететiн мемлекеттiк стратегиялық маңызы бар шара. К.Мәсiмов мырзаның тiлiмен айтқанда, қаржыны босқа шашпау, бюджет қаржысын дұрыс пайдалану үшiн де маңызы зор. Әйткенмен, қазақ билiгi небәрi бiр жылдың iшiнде ұлттық халық санағын сан құбылтты. Әсiресе, мемлекет құрушы ұлт – қазақ санын бiр өсiрiп, бiр кемiтiп саясаттың ойыншығына айналдырды. Премьер 67 пайыз көрсеткiштi қайдан алды? Президент 65 пайызды қайдан шығарды? Ә.Смайлов мырзаның айтқаны рас болса, К.Мәсiмов пен Н.Назарбаев дерлiк бiр жылдан берi дүйiм жұртқа өтiрiк сөйлегенi ме? Қазақстандағы қазақтың саны халықтың үштен екi бөлiгiне жетiп, артқаны кiмнiң, әйтпесе, кiмдердiң шамына тиiп тұр? Жалпы қазақтың санын бұлайша құбылтып, қалаған уақытта өсiрiп, кемiту дұрыс па, бұрыс па? Ә.Смайлов мырзаның сөзi рас болып, премьер мен президент «жаңылысып» кеттi делiк. Онда 67-65 пайыз көрсеткiштi ресми түрде мәлiмдегендей, К.Мәсiмов пен Н.Назарбаев төрағаның сөзiн құптап, «жаңылысып» кеткендерiн елдiң алдында ресми түрде мойындасын.
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
ҚР Статистика агенттiгiнiң ресми мәлiметтерiне жүгiнсек, 2009 жылғы ақпанның 24-iнен 25-iне қарағандағы түнгi 12 сағаттағы есептеу сәтiнде ҚР халқының саны – 16 004 800 адам. Санақаралық кезең iшiнде республика халқының саны 1 миллон 22000 900 адамға өсiптi. Қала халқының саны– 8 миллион 639 мың 100, ауыл халқы – 7 миллион 365 000 700 адам. Яғни, қала тұрғындарының саны – 2,3, ауыл халқының саны – 12,7 пайызға артқан.
Республикадағы қала халқының үлесi – 54, ауыл халқы – 46 пайызға жеттi. Ең шаһарланған өңiрлер – Қарағанды (қала тұрғындарының саны 77 пайыз), Павлодар (67,9 пайыз) және Ақтөбе облыстары (61,1 пайыз). Керiсiнше, ауыл халқы көп аймақтар – Алматы (76 пайыз), Солтүстiк Қазақстан (61,5 пайыз), Қызылорда (60,8 пайыз) және Жамбыл облыстары (60,5 пайыз).
Қазақстандағы ерлер саны – 7 772 800, әйелдер – 8 282 000. Әрбiр 1000 әйелге 932 ер адамнан келген.
1999 жылғы санақпен салыстырғанда, қазақтың саны – 26,1, өзбектiң саны – 23,3, ұйғырлар – 6 пайызға өстi. Керiсiнше, орыстар – 15,3, немiстер – 49,6, украиндер – 39,1, татарлар – 18,4, басқа этностар – 5,8 пайызға азайған екен.
Дилара ИСА





есіне түспей ербеңдеуді шығарып алды. Олар ойына келгендерін істегісі келеді.