1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №92 (16174) 16 қараша, сәрсенбі 2016
16 қараша 2016
Бiрыңғай

Күнi кеше ғана “Мемлекеттiк қызмет­керлердiң бiрыңғай форма киетiнi” туралы “жып-жылы” жаңалықты бұқаралық ақпарат құралдары бiрiнен-бiрi “ала қашып” жариялаған. Өкiнiштiсi сол, Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы iс-қимыл агент­тiгi мұны қауесетке телiдi. Бiрақ жұрт арасында “қап, әттеген-ай, жемқорлықпен күрестiң көкесi осы болар едi-ау” деп өкiнiп жатқандар көп. Қиялына ерiк берiп, шендi-шекпен­дi­лердi ойша киiндiрiп көр­ген­дер де жаппай “қамығып” жатыр. Сондықтан бұл мәселенi әлi де болса талдап-таразылап, бүкiл қо­ғам болып талқылаған жөн секiлдi.

Алдымен ақпараттың ау-жайымен таныстырайық. Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттi­гiнен шықты делiнген мәлiметте “мемқызметкерлерге ортақ киiм үлгiсiнiң пiшiнi нақтыланып” жатқаны айтылған. Мұндағы мақсат “мемлекеттiк қызметкерлер арасында күнде­лiктi киiмге жұмсалатын қаржыны қысқарту, сол арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу” болғанға ұқсайды. Жоғарыда айтқанымыздай, мұны кейiн Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi жоққа шығарды.
Ендi ойланып көрейiк, мемлекеттiк қызметкерлердiң бiрыңғай киiнуi керек пе, керек емес пе? Бiздiңше, керек. Өйткенi мұн­дай өзгерiс тек жемқорлықтың алдын алуға ғана сеп болмайды, шендi-шекпендi­лер­дiң әдеп кодексiн сақтауына да әсер етедi. Майда-шүйденi айтпай-ақ қояйық, Бурабайдағы әкiм мен орынбасарының төбелесiн ел әлi ұмыта қойған жоқ. Оңтүстiкте әкiм мен мердiгердiң ерегiсi әкiмнiң басына бөтелке жарумен аяқталды. Ендi осының бәрi неден деп ойлайсыз? Әрине, әртүрлi киiнгеннен. Кабинетiнде өзiнен жоғарылардан қыпылдап отыратын мемқызметкерлер былай шыққан соң бiлгенiн iстейдi. Бақылап жатқан ешкiм жоқ. Кафеде ащы суға тойып алып, төбелес шығаратындардың арасында лауазымды қызметкерлер­дiң кездесетiнiн жұрт бас жарылып, көз шыққанда бiр-ақ бiледi. Егер олардың арнайы киiмi болса ше? Онда халық бiрден аңғарар едi. Түсiнiп тұрсыз ба, артықшылығын? Сондықтан әр қызметкерге “үйде” және “түзде” киетiн екi форма, яғни парымен берiлгенi дұрыс секiлдi.
Ал форманың түсi қандай болғаны жөн? Бұл ендi өте келелi мәселе. Мемлекеттiк қызметкерлер мемлекеттiк тудың түсi секiлдi көк кәстөм кисе, жарасып-ақ кетер едi. Бiрақ жағына жылан жұмыртқалаған қулар шендiлердi көргенде “көгiлдiрлер келе жатыр” деп күлкiге айналдыруы мүмкiн. Қызыл мен жасыл... әрине болмайды. Рас, ақтың жөнi бөлек. Алайда сырттан келген қонақтар “аппақ” министрдi Алланың жолында жүрген имаммен шатастырып алса ше? Мiне, сондықтан ең дұрысы, бiздiңше – қара түс. Қара кастөм-шалбарды қара төплимен киген шенеунiк “Е, қара қазақтың қамы үшiн шап­қылап жүрмiз ғой” деп қойса, жұртқа иланымды естiлмей ме?! Оның үстiне қара – кiркө­терiмдi. Қаржы тұрмақ, сабынға да үнем.
Егер қара түс расымен де дұрыс екен деп келiссеңiздер, келесi мәселеге көшейiк. Мемлекеттiк қызметкерлердiң бiрыңғай киiнгенiнен кiм не ұтады? Ұтатын – мемлекет. Жемқорлыққа қарсы күрестегi бұған дейiнгi әдiстердiң ешбiрi нәтиже берген емес. Ал киiм өзгергеннен кейiн мемқызметкерлер бас­тығының қымбат етiк, оқалы шапанына көзiн сатуды қояды. Бәрi – бiрдей. Бәрi – қап-қара. Бұл – тепе-теңдiктi сақтай отырып, параға деген ынтазарлықты азайтудың баспалдағы.
Естерiңiзде болса, жыл басында Қаржы министрi Бақыт Сұлтанов “мемлекеттiк қызметкерлер өздерiне сыйға тартылған заттарды мемлекетке өткiзуi қажет” деген. Тiптi қытайлық әрiптестерi сыйға тартқан ұялы телефонды қалтасына салып алмай, мемлекетке өткiзген Асылжан Мамытбековтi мысалға келтiрген. Бiрақ содан берi қанша уақыт өттi, бюджетке сыйлық өткiзген бiрде-бiр шендiнi естiмеппiз. Демек аннан-мұннан келетiн сый-сия­пат қалтаға кетiп жатыр деген сөз. Мiне, бiрыңғай киiмнiң тағы бiр артықшылығы тап осы жерде! Дәлiрек айтқанда, бiрыңғай киiмде бiрде-бiр қалта болмауы керек. Матасы әрең бүгiлетiн қаттылау болса, тiптi жақсы, ышқыр­ға тыққан дүниенiң өзi балақтан түсiп қала бередi. Бiрыңғай киiм кепкен терiдей қаудырлап тұрса, оны киген адам да сергек. Ақтөбенiң шендiлерi құсап, ешкiм жиналыста қалғымайды.
Керек десеңiз, бiрыңғай киiм көлiк тығынын да азайтады. Өткен жылы Астананың әкiмi болып тұрғанда Әдiлбек Жақсыбеков қала мектептерiндегi сабақты 7.40-та бастау жөнiнде тапсырма берген. Неге? Өйткенi оқушылар көлiк қозғалысын қиындатады екен. Соның кесiрiнен мемлекеттiк қызметкерлер жұмыстан кешiккен. Ендiгi жерде қалай болады? Ешқандай қиындық тумайды. Оқушыларын ертiп бара жатқан ұстаз жол қиылысына келгенде “Қарақтарым, тұра тұрыңдар, қара кiсiлер өтiп кетсiн” дейдi. Сөйтiп, бiрде балалар, бiрде “қаралар” кезектесiп жөней бередi. Бастысы, ешқандай дау-шар жоқ.
Бiрыңғай киiмнiң жарамсақ шендiлерге де тиiмдi болатынын айтсақ, таңданбайтын шығарсыз. Мемлекеттiк қызметкерлердiң әдеп кодексiнде былай делiнген: “Мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiнде Қазақстан Республикасының тұңғыш президентi — елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жақтауға және оны дәйектi түрде жүзеге асыруға тиiс”. Демек, әдептiң төресi – президенттiң саясатын жақтау. Бiрақ оны қалай дәлелдеуге болады? Бұл жағы қиындау. Президенттi жер, көкке сыйғызбай, аспандата мақтауға әуес депутаттар мен шенеунiктердiң қылығынан да “жақтаудың” жоралғысы сезiледi. Ал киiм өзгерген жерде мұндай әуре-сарсаң қажет емес, күнi-түнi “қап-қара” бол да жүре бер. Бiрiңғай киiмге деген ынтызарлығың – президентке деген адалдығыңды әйгiлейдi.
Бiрыңғай киiмнiң президентке де зияны жоқ. Н.Назарбаев кәстөмiнiң астарына дейiн көрсетiп, отандық өнiмдi қанша рет жарнамалады? Бейбiт Атамқұлов, Әсет Исекешов секiлдi бiрдi-екiлi шонжар болмаса, президенттiң соңынан отандық кәстөмге көшкен шендiлер көп емес. Не одан отандық өндiрiс қарқын алып та кетпедi. Демек бiрыңғай киiм президенттi “жолы болмаған жарнамашы” атанудан құтқарады.
Ал халыққа қандай пайда бар? Қандай пайда болушы едi, егер шенеунiктер не пара ала алмай, не алдына келген сыйлықты сiңiре алмай, оны мемлекетке өткiзiп жатса, пайданың көкесi сол емес пе?! Оның үстiне, билiк өкiлдерiнiң инкубатордан шыққан балапандай болып жүргенi халық көңiлiне жағуы да мүмкiн. “О пәлi, жүрегi қарайғандардың ұсқыны ендi кiрген екен” деп бiр мәрте қарқ-қарқ күлсе де, қайда жатыр?!
Бiрыңғай киiм киетiн шенеунiктердiң саны қанша? Әр мың адамға шаққанда әлемдегi алдыңғы орынды бермейтiнiмiздi ескерсек, кемiнде миллионға жуықтайды. Ендi олардың бас киiмi, аяқ киiмi, жейдесi, шалбары, күр­тешесi, тоны, шұлығы т.б. бәрiн тек отандық кәсiпорындар тiгетiн болса, экономика өркендейдi! Қаншама жұмыс орны ашылады! Ол киiмдердi отандық шикiзаттан (мақта, жүн, былғары) әзiрлеу туралы заң шықса, тiптi керемет! Ауыл шаруашылығы өнiмдерi тауарға айналады. Мұның бәрiнен қыруар қаржы түседi. Бұл қаржы шенеунiктердi асырайтын жалақы, сыйақы болып оралады. Мұны жүзеге асыру үшiн тендер ұтқандарды қатаң бақылау керек. Қытай мен қырғыз елiнде арзанға тiктiрiп, жұртты алдамас үшiн. Мемқызмет­керлердiң бiрыңғай киiм үлгiсiне қарсыларды әлеуметтiк алауыздықты қоздырушылар ретiнде әкiмшiлiк сотқа тартып, айыппұл төлеттiрген абзал. Бiздiң елiмiзде айыппұл төлеттiрудiң саны мен салмағы мұнайдан түспей жатқан пайданың орнын басатынынан үмiттi үкiмет бұл ұсынысты қолдаса керек. Игiлiктi iске кiрiспей жатып жалт берген бастамашылар түбiнде бармағын тiстейдi. 
...ендi ойланып көрiңiз, бiрыңғай киiмге көшкен дұрыс па, әлде бұрыс па?
Сансызбай НҰРБАБА
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті