1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №92 (16174) 16 қараша, сәрсенбі 2016
16 қараша 2016
«Нұртеңге» суретi бар он мыңдықты әзiрден осылай атай бастады

Ұлттық банк төрағасы Тәуелсiздiгiмiз­дiң 25 жылдығына президент Н.Назарбаев бейнеленген мерейтойлық 10 мың теңге шығатыны туралы хабарлаған күннiң ерте­ңiне ұлттық валюта долларға қатысты тағы 1 теңге 33 тиынға арзандап кеттi. Бей­нелi түрде айтқанда қазiргi ресми бағаммен бiр Бенджамин Франклиннiң су­ретiне үш жарым Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесiн беруге мәжбүрмiз. Қалыптасқан экономикалық қарым-қатынастар жүйесi “Теңгеге президенттiң суретiн басу бiздiң валютамыздың құндылығын одан әрi өсiредi. Бұл бiздiң ақшамыздың тұрақтылығының кепiлi болады” деп жоқ жерден экономикалық заңдылық ашып, айды аспанға шығарған академик Мұрат Жұрыновтың “теориясын” терiске шығарды. Бiрақ 1993 жылдан берi теңгенiң АҚШ долларына шаққанда 80 есеге дейiн құнсызданып кет­кенiн билiкке мадақ айтушылар еске­рушi ме едi? Керi­сiнше, тәуелсiздiктi президент Н.Назар­баев алып бердi деуден арланбайтындар мұндай әсiремақтаудан туған теорияларын аксиомаға айналдырудан тайынбайды. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев та бұл топтан қалыспай, “ел тағдырына ең елеулi үлес қосқан адамның бейнесiн салу мемлекеттiлiктiң идеясын танытудың түсiнiктi түрi” деп жар салды. 

Жағымпаздықтың жаңа түрi президент­ке де ұнаған секiлдi. Ал тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары туралы том-том кiтапта­рының бiрiнде Н.Назарбаев өзiнiң суретi бейнеленген 50 теңгелiк банкнотқа қарсы болғанын, өзiн тарихи тұлға деп атаған­дар­ға баға беру ұрпақтардың еншiсiндегi шаруа екенiн ұлағат қылып жазып едi. Автордың өз сөзiн келтiрейiк: “Мен суретiм­нiң ақшада бейнеленгенiн қаламайтынымды, өйткенi африкалық елдердiң басшыларынан өзге көзi тiрi ешбiр мемлекет басшысы ақшаға суреттерiн салғызбайтынын айтып, мұның бәрiн қалжыңға айналдырдым. Бәрiмiз ұсынысқа күлдiк те, бұл нұсқаны алып тастадық”. Президенттiң ертеректе айтқан сөзiнен айнуына не түрткi болды? Әлде сол кезде бейнесiнiң 50 теңгеде тұрғанын қомсынды ма?
Ұлттық банк төрағасы пре­зиденттiң суретiн теңгеге телудiң себебiн “Нельсон Мандела, Мұстафа Кемаль Ататүрiк, Ли Куан Ю, Уинстон Черчилль және әлемдiк деңгейдегi өзге де көшбасшылардың өз елдерiнiң ақшаларында бейнеленгенiмен” түсiндiредi. Ол рас. Бiрақ бiздiң бiлуiмiзше Д.Ақышев аттарын атаған тарихи тұлғалар тек өлгеннен кейiн ақшаның бетiне шыққан. Көзi тiрi ел басшысының бейнесiн ақшаға басу қазiргi заманда Бахрейн, Бруней, Ұлыбритания, Марокко, Оман, Сауд Арабиясы және Свазиленд секiлдi монархияларға тән. Ал билiк басын­да отырып өзiнiң суретi басылған ақша шығарған өзге саяси басшылардың денi – Сапармұрат Ниязов, Муаммар Каддафи, Саддам Хусейн, Ким Чен Ир сияқты әлем қауымдастығы “диктатор” таныған тұлғалар. Президенттерiн доллардың бетiнде бейнелейтiн АҚШ-тың тарихында бiрде-бiр президент көзi тiрiсiнде банкнот­қа басылмапты. Ақшаның бәрiне Лениннiң суретiн басқан коммунистер де көзi тiрi көсемдердi ақшаға шығарудан қаймыққан. Сондықтан Ұлттық банктiң мерейтойлық ақшасын қандай ырымға баларымызды бiлмей далмыз.
Мерейтойлық банкнотада бейнеленетiн тарихи тұлға таппаса, биыл туғанына 150 жыл тол­ғанын әлем тойлап жатқан Ұлт көсемi, Әлихан Бөкейханұлының суретiн салсын. Қазақтың азаттығы үшiн арпалысқан Алаштықтардың әрқайсысы теңгенiң абыройын асқақтататын таутұлға. Биыл 30 жыл болатын Желтоқсан көтерiлiсiнiң батыры Қайрат Рысқұлбеков теңгенiң бетiне бей­нелеу­ге лайық тұлға емес пе?   Егер Н.Назарбаевтың суретiмен ақша шығару өте қажет болса, онда президент Вудро Вильсон бейнеленген 100 мың долларлық ақша шығарған АҚШ-тың тә­жiрибесiн алсын. Бұл ақша тек федералды резерв жүйесiнiң iшкi есеп айырысуында қолданылып, еркiн айналымға жiберiлмеген. Астанадағы аға-көкелерге ғана арналған осындай шектеулi банкнота шығарылса, құда да тыныш, халық та ренжiмес пе едi?
Бiз осылай деп жатқанымызда қарапайым халық әлеуметтiк желiлерде жаңа онмыңдыққа түрлi ат қойып жатыр. Бiр пысық “10 елбасын бiр айфонға айырбастаймын” десе, екiншiсi “нұр­теңгелердi қалай параға беремiн” деп уайымдайды. Көршi Ресейдiң тарихында әр патшаның тұсында шығарылған ақшаның халық арасында атауы болған. Мысалы, Петр I-iншiнiң суретi басылған банкнота “петруша” делiнсе, Екатерина II-iншiнiң суретiмен көркемделген жүз сомдықтың, “катенька” деген бейресми атауы болыпты. Сондықтан президент­тiң суретi басылған он мыңдықтың халық арасында қалай аталып кетерiн бiр Құдай бiледi. 
Көршi демекшi, жаңа ақшаның да алғы бетiнде орысша “десять тысяч теңге”, ал қазақша тек артында “он мың теңге” деп жазылғанын айтуымыз керек. Яғни, елiмiзде мемлекеттiк тiлден гөрi ресми тiлдiң мәртебесiне басымдық берiлетiнiн тағы да есiмiзге салып қойыпты. Ал ең сорақысы, Тәуелсiздiгiмiздiң мерейтойына арнап шығарылған ақшаның шекесiнде “Қазақстан Республикасына 25 жыл” деп жазылған. Мұның астарында Қазақ мемле­кетiнiң тарихы Назарбаев билiк құрған тоқсаныншы жылдардан басталады деген ойды тықпалап, Тәуелсiздiктi Н.Назарбаевпен байланыстыруды көздейтiн жымыс­қы ой жатқан сияқты. Прези­дент­тiң өзi де бұған дейiн Тәуел­сiздiкке дейiн қазақта ешқашан мемлекет те, шекара да болмаған дегендi талай қайталағаны есi­мiзде.    
Баяғыда жарты әлемдi жаулаған Ескендiр Зұлқарнайын Құдайдың қаһарынан қорқып, өз бей­несi­мен ақша басуға тыйым салған екен. Ақшаның бетiнде қалуға тыраштанғанымен, тарихтың қалтарысында ұмыт қалған талай билеушi өттi одан берi. Елiнiң мұраты үшiн бар күшiн сарп еткен тұлғаларды халқы ешқашан ұмытпайды. Жағымпаз-жарамсақтарсыз-ақ ондай тұлғаны ұлттық валютасының бетiне шығарып құрметтейдi. Ал оған дейiн бә­рiмiздi тарихы әл-Фарабидан бас­талған теңгемiздiң, мемлекет­тiлiк пен елдiк туралы түсiнiгiмiз­дiң мүлдем құнсызданып кетпеуi толғандыруы керек.     
Әдiл ҰЗАҚБАЙ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар