1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №93 (16175) 22 қараша, сейсенбі 2016
22 қараша 2016
«Әлемдегi ең әдiлеттi сот» – Қазақстан соты жасасын!
Астанада өткен Қазақстан Республикасы судьяларының vii съезiнде президент Нұрсұлтан Назарбаев елде соттар­ға деген қоғамдық сенiмнiң төмен екенiн мәлiмдедi. “...Бұған соттар мен құ­қық қорғау органдарының шешiмдерiне қатысты жо­ғар­ғы мемлекеттiк сатыларға, президентке дейiн шағымданатын қазақстандықтардың хаттары дәлел, кейде тiптi сот корпусы мен құқық қорғаушылардың адалдығына, сатылмайтынына күмән келтiрiп жатады”, – дедi Н.Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев сот шешiмдерiне байланысты бiр ғана президент әкiмшi­лiгiне былтыр азаматтар мен ұйымдардан 10 мың шағым түскенiн, ал биылғы жылдың 10 айында 7 мың арыз жет­кенiн мысал еттi. Әрине, бұл жерде президент нақты жағдайды жұмсартып жеткiзгiсi келедi. Өйткенi халық президент айтқандай соттардың әдiлдiгiне күмән келтiретiн кезден әлдеқашан өтiп кеткен. Қазiр екiнiң бiрi соттарды парақор санайды. Соттардың съезi өткен күнi жарияланған халықаралық Trans­parency International құқықтық ұйымының “Транспаренси Интернэшнлдiң әлем­дiк жемқорлық баро­метрi” дейтiн зерттеуiнде са­уалнамаға қатысқан қазақстандықтардың ең жемқор мемлекеттiк құрылымдар ретiнде құқық қорғау органдары (35%) мен соттарды (28%) атағаны осыған дәлел. “Түйенi түгiмен, биенi бүгi­мен” асағандар әрi кетсе   айыппұлмен құтылып, iрiмшiк ұрлағандар екi жылға тұтылып жатқан елде әдiл судья бар дегеннен гөрi, қара қыл­ды қақ жарған Аяз би шынымен өмiр сүрiптi дегенге се­нетiн жанды табу оңайырақ.
“Бiр жағынан сот қателiк­терiне, әдiлетсiз шешiмдер­дiң қабылдануына жол бермеу, екiншi жағынан – әдiлет орнауы үшiн кез келген ла­уазым иелерiнiң сотқа араласуын тыю аса маңызды. Жекелеген лоббистiк топтардың мүддесi үшiн қоғамдық пiкiрдi сотқа қысым жасауға пайдалану жайттарының жолын кесу керек. Ондай әрекеттер жасалса, ал ондайлардың бар екенiн бiлемiн, ақшасын, тамыр-таныстарын, мүмкiндiктерiн пайдаланып сотқа араласатындарды бүкiл Қазақстанға әшкерелеу керек”, – дедi әрi қарай президент.
Бұл да жөн айтылған сөз. Бiрақ сотқа сөзiн өткiзетiн­дер, оған ықпал ететiндер бiрiншi кезекте билiктегi, оның жоғарғы сатысындағы тұлғалардың өздерi екенiн халық жақсы бiледi. Мейiр­баев, Үсенов секiлдiлердiң сотта мәселелерiн қалай ше­шетiнiн, қоғамдық пiкiрге пыс­қырып та қарамайтынын көрген соң халықта сотқа деген қандай сенiм қалады? Адам қағып өлтiргенiмен қоймай, оқиға орнынан қашып кеткен шендiлердiң балалары жазадан құтылып, тура сондай жағдайда адамгер­шiлiк пен әдiлет заңынан аттамаған құқық қорғаушы Евгений Жовтистi соттауға кiмдер ықпал еттi?   
Қайрат Жамалиев, Лилия Рах сияқты қалталы адамдардың соттағы iсi экономикалық баптарға жатпаса да, олардың мүлкiн тәркiлеуге кiмдер мүдделi болды?
Саяси оппозицияны, “өз­геше ойлайтындарды” сотқа сүйрейтiн, олардың үстiнен әдiлетсiз шешiм шығаруға ықпал ететiн мемлекеттiк органдарды, күштiк құрылымдарды қайтемiз? Оппозиция жетекшiлерiнiң бiрi Алтынбек Сәрсенбайұлы кезiн­де президенттiң күйеубаласы Рахат Әлиев пен қызы Дариға Назарбаевамен соттасқанда әдiлетсiз шешiмдерге билiктiң өзi лобби жасайтынын талай мәрте мәлiмде­генде президент неге үнсiз қалды?
Қуғындағы саясаткер Мұх­тар Әблязов, Ғалымжан Жақия­нов, “ҚазАтомӨнеркәсiп” ұлт­тық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкiшев, оппозициялық саясаткер Владимир Козловтарды судьялар билiктiң бұйрығымен соттамады дегенге кiм сенедi? Адал ақысын жемеудi талап етiп жетi ай бойы еңбек дауында тұрған Жаңаөзен мұнайшыларын алдымен атып, артынан соттаған билiктiң өзi емес пе?
Дәл қазiр Атырауда соты болып жатқан қоғам белсендi­лерi Макс Боқаев пен Талғат Аянның кiнәсi қылмыстық түгiлi әкiмшiлiк жазаға да татымайтынын елдiң бәрi бiледi. Тiптi халықаралық құқық қорғау ұйымдары, әлем жұртшылығы оларды “ар тұтқыны” ретiнде таныды. Бiрақ олар билiкке кедергi келтiргендiктен, өзгелерге сабақ ету үшiн соттау керек болып тұр. “Бiзге сен­бейдi, Еуропаға барып мәсе­лелерiн сонда шешедi. Яғни, бiздiң сот жүйемiздiң түкке тұрмағаны” деп күйiнген президент сотқа деген сенiмдi қайтарғысы келсе осындай әдiлетсiздiктердi тоқтатудан бастасын.
“Адамдар мәселелерiн ше­шу үшiн айлап-жылдап билiк­тiң дәлiздерiнде шапқылап жүгiрмеулерi керек. Оларды әрi-берi доп секiлдi қуалайды. Заң бұзылса адам сотқа барып сол жерде құқықтары мен бостандықтарына сенiмдi қорған табуы тиiс”, – дедi одан әрi Н.Назарбаев жиналған судьяларға.
Бұрынғы жұбайымен соттас­қан Гүлия Әлиханқызы да талайлар секiлдi сот шешiмiне шағым айтып прокуратураға да, “Нұр Отан” партиясына да барғанынан, құзырлы орган атаулының бәрiне шағым жазғанынан қайран болмаған соң “Жас Алашқа” жүгiнген едi. Ақырында оқырманына араша түскенi үшiн газет жөнсiз таяқ жедi. Мақаладан түйiрдей кiнә таппаса да, сот газеттен 400 млн теңге талап еткен Жасан Зекейұлының пайдасына алғаш­қыда 40 млн төлеудi мiндеттеп, кейiн 5 млн теңге өндiрiп бердi. Халыққа қалқан болады деген газеттiң өзi осындай әдiлетсiз соттардан жапа шегiп жатқанда қарапайым жұрттың күнi қандай екенiн өзiңiз бағамдай берiңiз.
Тәуелсiздiктiң 25 жылында елiмiзде бiр ғана адамға тә­­у­елдi, әдiлетсiздiкке көз жұматын, құлқынын арам ақшамен толтыратын сот жүйесi қалыптасып отыр. Оны президенттiң өзi де жартылай мойындайды. Бiрақ елге керегi құр мойындау, бәрi бiлетiн жағдайды баяндау емес. Жұрт президенттен өзi тағайындайтын сот жүйесiн парақорлардан, ар-ұяттан аттағандардан, бiлiксiз судьялардан тазартуды күтедi. Ол үшiн сот-құқықтық жүйесiне шынайы және түпкiлiктi реформа қажет. Съезд атан түйенiң жүгiндей осындай ауыр мәсе­ленi көтеруi тиiс. Әдiлетсiз шешiм шығарған, пара алған судьялар қатаң жазаланса, сот жүйесi шын мәнiнде тәуелсiз болса және президенттiң өзi осыны нақты қолға алса ғана қазiргi былық тыйылады, халық сотқа сене бастайды. Жыл сайын “құқық қорғау саласында әлемдiк талаптарға сай болуға ұмтылу”, “қоғамның сенiмiн қайтару” туралы ұрандатқаннан өзгерген сотты көрмейсiз. Соған бола 700 судьяны жинап, съезд өткiзгеннен халық ештеңе ұтпайды. Керiсiнше сотқа жү­гiнген талай адам ақ қар, көк мұзда Астанаға кеткен судьялардың жолын тосуға мәжбүр.  
Әдiл ҰЗАҚБАЙ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар