1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №93 (16175) 22 қараша, сейсенбі 2016
22 қараша 2016
«Есiмовтiң жүрген жерiнде көпiр құлайды...»
16 қарашада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесiне арналып салынып жатқан екi ғимараттың арасындағы көпiр құ­лады. Келесi күнi президент Н.Назар­баев “Астана ЭКСПО-2017” ұлттық компаниясы” АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есiмовтi қабылдады. Бiр қызы­ғы, екеуара кездесуде құлаған көпiр жайлы әңгiме айтылмады. Анығында, “сыртқа шығарылмады”. Жайбарақат. Ештеңе болмағандай кейiп танытты. Көрме өте­тiн мезгiл таяп келедi, осыған орай дайындық барысының соңғы кезеңi туралы емен-жарқын әңгiме өрбiдi. Тiптi, миллиондаған салық төлеушiлердiң көңiлi үшiн елбасы Ахметжан Есiмовтi “сценарий бойынша” орнынан тұрғызған да, жекiген де жоқ. Аса сабырлық танытты. Ал егер ЭКСПО-2017 ұлттық компаниясының басында Ахметжан Смағұлұлы отырмағанда не болар едi? Бетi аулақ, темiр торға апарып, тоғыта салар едi... Өйткенi ол қиын шаруа емес.
 
Ал құрылысқа жауапты BI group басшысы Айдын Рақымбаев көпiр құлаған күнi “Фейсбук” әлеуметтiк желiсiндегi парақшасында түсiнiктеме бердi. Ол ең алдымен адам шығыны болмағанын айтты. (Кейбiр БАҚ құрылысқа “Жедел жәрдем” көлiгiнiң келгенiн, бiр-екi адамды ауруханаға алып кеткенi туралы ақпар бердi). Одан кейiн көпiрдiң конструкциясы сәулеттi-декоративтi екенiне тоқталды. “Әдемiлiк үшiн” жасалған секiлдi. Сөйтiп, құлаған көпiрге қапа болған қалың қауымды жұ­батқысы келдi. Әсiлiнде, құлаған көпiрден бұқараға келiп-кетiп жатқан дәнеңе жоқ. Елдiң абыройын ойлағаннан басқа олардың қолынан не келедi, тәйiрi.
Айдының да айбарлы екен, болған оқиғаға өкiнiш бiлдiргенi байқалмады. “Это не важно” дедi. Бәрiн iстеуге, қалпына келтiруге сақадай-сай. “Көпiрдiң пiшiнi металды фермаға келедi. Оны құрастырған әрi монтаж жасаған елiмiзге әйгiлi “Имстальком” компаниясы. Бiз кәсiби бiлiктi құрылысшылармыз. Бiлiктiлiгiмiзге күмән келтiрмеймiз. Сондықтан бар жауапкершiлiктi өз мойнымызға аламыз. Суреттерге анықтап қараңыздаршы, көпiрдiң құлаған бөлiгi дәнекерленген немесе бекiтiлген тұстан кетпегенiн көремiз. Оны бiреу-мiреу кескен сияқты. Құрылысқа пайдаланған шыны әйнектер сынбаған”, – дейдi. “Бiреу-мiреу кескен сияқты” дегеннен шығады. Осы оқиғадан кейiн Iшкi iстер министрi Қал­мұқам­бет Қасымов қылмыстық iс қозғалғанын мәлiмдедi. Әдет­тегiдей: “Кiнәлiлер жазаға тартылады. Мүмкiн, қастандық қылғандар бар шығар”, – дедi ол БАҚ өкiлдерiне берген сұхбатында. Жауапкершiлiктi iске қатысы жоқ, дөй даладағы бiреудiң мойнына iле салу – бiздiң құқық-сот органдарының тәжiрибесiнде бар үрдiс. Одан ешкiм қашып құтыла алмайды. Кездейсоқ “жабысқан” жаланы арқалап кете барасыз. Одан әрi құрылыс компаниясының басшысы: “Инженерлермен кез­де­сiп, ақылдасқаннан кейiнгi айтар уәжiмiз: 90 метрлiк ферманың металы құжатта көрсетiлген химиялық құрамға сәйкес кел­мегендiктен суыққа шыдамады. Бұл бiздiң алдын-ала жасаған болжамымыз. Нақты шешiмдi сараптама-талдау комиссиясы шығарады. Ең алдымен Қытайдан жеткiзiлген металдың құрамына талдау жасалады. Сол сараптама-талдау қорытындысын күте­мiз. Шыққан шығынды бiздiң компания мойнына алады. Бұған жобалаушылардың да кiнәсi болса, кеткен кемшiлiктердi бiздiң құрылысшылар мен инженерлер ретке келтiредi”, – деп жазған.
“Суыққа шыдамады” дейдi. Қашанғы әдетiмiз бойынша бә­рiне “ауа райы” кiнәлi. Айдын Рақымбаев өзiне, өзiнiң компаниясына бiлiктi, кәсiби деген баға бередi. Сөйте тұра, “суыққа шыдамады” дегендi айтады. Егер бiлiктi маман болса, Астананың 40-45 градус шыңылтыр аязына шыдас беретiн металл алдыртатын едi ғой. Әлде әдеттегiдей ақша үнемдеп қалды ма? Өйт­кенi БАҚ-қа берген бiр сұхбатында ол “шығынға жұмыс iстеп жатқанын” айтқан. Осы жерде қарызға белшеден батса, онда құрылысты неге тоқтатпаған? – деген заңды сұрақ туындайды. Iскер адам шығынға жұмыс iстеушi ме едi? Осы жерде де бiр гәп бар сияқты. Оның үстiне ЭКСПО құрылысына бiздiң зейнетақы қорындағы салымымыз да салынды емес пе? Мұны “Астана ЭКСПО-2017” ұлттық компаниясының баспасөз қызметi мойындағысы келмеген едi. “Зейнетақы қорындағы ақша ЭКСПО құрылысына емес, халықаралық көрме аумағында салынып жатқан құрылыс компанияларына тартылды”, – деп бетбақтырмаған едi. Ендi не болды? “Самарқанда бiр әпкем бар, менен де өткен сорақы” демекшi бiздiң елдiң тiрлiгi сол Самарқандағы әпкеме ұқсайды.
ЭКСПО құрылысы басталғалы бiр емес, бiрнеше рет “ЧП” болса да, басшылардың көңiлi жай. Әдетте, елдiң, президенттiң абырой-атағын ойлап, уайым-қайғы жейтiн шенеунiктер де, депутатар да тыныш жатыр.
Несiн айтасыз, ЭКСПО-2017-нiң “иесi” Ахметжан Есiмов те ой-хой, қаннен-қаперсiз. Елбасыға есеп бергенде айдарынан жел естi. Кiлең жалаң цифрлар... Бәрi керемет, бәрi күштi. “Алғашқы нысандар тыпсырылуға дайын, соның iшiнде жалпы көлемi 285 мың шаршы метр болатын халық­аралық павильондар бар. Франция, Германия, Қытай, Түркия, Венгрия елдерiнiң өкiлдерiне павильондар берiлiп те қойды. Алда тақырыптық павильондар құрылысын аяқтау мiндетi тұр. Бүгiнде ерiктiлердiң 3 мыңы дайындықтан өткен, қосымша тағы 1,5 мың ерiктiнi iске тарту көзделуде”, – дедi А.Есiмов. Елбасы болса, әлемдегi күрделi экономикалық жағдайға қарамастан халықаралық маңызды шара өткiзгелi отырғанымызды тағы бiр рет А.Есiмовтiң есiне салды.
Ал әлеуметтiк желi қолданушылардың бiрi: “А.Есiмовтiң жүрген жерiнде көпiр құлайды”, – деп жазды. Оның Алматы қаласында әкiм кезiнде айналма жол көпiрiнiң құлағанын еске салып. Несiн жасырайық, бұл бiзге “А.Есi­мовтiң жүрген жерiне шөп шықпайды” дегендей әсер қалдырды.
Г.Қапан
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар