1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №95 (16177) 28 қараша, дүйсенбі 2016
28 қараша 2016
Қос батырды не үшiн соттады?
Қазақ жерiн шетелдiктерге жалға беруге қарсылық танытып, алаңға шыққаны үшiн айыпты болған Макс Боқаев пен Талғат Аянды сот 5 жылға бас бостандығынан айырды. Демек митинг кезiнде бел­сен­дiлердi билiк орындарының қуғындамауына уәде еткен Нұрлан Ноғаевтың сөзi ғана емес, жердi қорғау үшiн алаңға шыққан азаматтарға Нұрсұлтан Назарбаевтың танытқан “разылығы” да терiске шықты деген сөз. Билiктiң түпкi ниетi қос батырды қайдағы бiр Төлешов iсiмен байланыс­тырғанда-ақ сезiлген. Қорытындысында белсендiлерге 5 жыл түрмеде отыру жазасы мен 250 АЕК айыппұл төлеу мiн­деттелдi.
Дегенмен соттың осы шешiмi Жер дауынан бастал­ған билiк пен халықтың текетiресiне қойылған соңғы нүкте деп қарауға болмайды. Керiсiнше, Макс пен Талғаттың бес жылға қамалуы жұрт наразылығын күшейтiп жi­беруi әбден мүмкiн. Се­бебi белсендiлерге тағылған айыптың көбi дәлелденген жоқ. Тоқтар Төле­шовтi Атырауға әкелмей, оны ға­ламтор арқылы сотқа қатыстырудың өзi жұрт көңiлiн­дегi күмәндi қалыңдатты. Куә ретiнде шақырылған адамның денi алаңға бел­сендiлердiң шақыруымен емес, өз ерiктерiмен кел­гендерiн мәлiмдедi.
Екiншiден, митинг кезiн­де қандай да бiр тәртiп бұзу оқиғалары тiркелмедi. Қираған, бүлiнген ештеңе жоқ. Қайта Атырауда басталып, елiмiздiң бiрнеше өңi­рiнде жалғасқан халық толқуы Жер комиссиясының құрылуына, соңынан прези­денттiң жердi шетелдiк­терге жалға беруге мораторий жариялауына түрткi болды.
Сонда митингiден кiм зардап шектi? Оның кiмге қандай зияны тидi? Алдымен пайдасын айтайық. Қазақ жерiнiң кiм көрiнгеннiң ие­лiгiнде кету қаупi сейiлдi. Көнбiс қазақ басқаға көнсе де, жердi саудалауға көне алмайтынын дәлелдедi. Жұ­дырықтай жұмылып, билiктi райынан қайтарды. Билiк тұңғыш рет халықпен санасуға мәжбүр болды. Бiрақ бұдан билiкке зиян келдi деуге болмайды. Керек десе­ңiз, митингiге шыққан еркiн ойлы азаматтар билiк басындағыларды халықтың қарғысынан сақтап қалды.
Ендеше, Макс пен Талғат не үшiн сотталуы керек? Олар елi мен жерiн шын сүйген нағыз патриоттар емес пе? Сол тұста “Ағайынға ризамын. Лайым жерге деген көңiл осындай болса, халқымыз қасық қаны қалғанша оны қорғайды деп сенемiн” деген президент­тiң сөзi қайда қалды? Қасық қаны қалғанша жерiн қор­ғауға әзiр батырларды абақтыға қамасаң, жас ұрпақ кiмнен үлгi алады? Патриоттық деген ұғымды қалай қабылдайды? Ел мен жердiң шынайы жанашырларына, ұлттың ұландарына тура Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы қарсаңында үкiм шығарып, түрмеге тоғытсаң, онда тәуелсiздiгiңнiң құны немен өлшенедi?
 Рас, Жердi саудалауға қатысты қауiптiң бетi қайтқанымен, күмән әлi сейiлген жоқ. Қытайға 49 жылға жер бере алмаған билiк 51 бiрiк­кен кәсiпорын құруға уағдаласып қойды. Оның алды құрылып та жатыр. Демек қытай басқыншылығынан қауiптенетiн жұрттың көңiлi әлi күптi. Мiне, қос батырды тұқыртудың себебiн осыдан iздейтiндер өте көп. Егер осы ойға тоқтасақ, Макс пен Талғатты түрмеге тоғыту сес көрсетуге ұқсайды. Бiрақ қорқақ билiктiң бұл ниетi орындала қоюы неғайбыл. Өйткенi халық қос азаматқа батыр деген бағаны баяғыда берiп қойған. Кеше олардың сотына Атырауды былай қойғанда, өзге облыстардан да жанашыр жұрт­тың жиналуы тегiн емес. Бүкiл қазақ елi олардың бостандыққа шыққанын қалайды. Ал көптiң мұндай ниетi мiндеттi түрде билiкке деген жеккөрiнiштi ұлғайтып, оған қарсылардың санын көбейтедi. Егер соттың келесi сатысы бүгiнгi шешiмдi өзгертпесе, қос батырды көп көрген Ақорда ертең топ батырмен кезiгуi ғажап емес.
 
Сансызбай НҰРБАБА
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар