1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №97 (16179) 5 желтоқсан, дүйсенбі 2016
5 желтоқсан 2016
«Қазiргi жастар дәл бiз қалағандай»
Тұңғыш президент күнi Н.Назарбаев Астанадағы Тәуелсiздiк сарайында жастармен кездестi. Екi жылда бiр рет ұйымдастырылатын республикалық жастар форумына жиналған 1000-ға тарта жасты президент алдымен “ел тарихына қазақстандықтардың бiрлiгiнiң ұлы белгiсiндей енген” тұңғыш президент күнiмен құттықтады. Және бiраз ақылын айтты. 
 
ПРЕЗИДЕНТ БОЛУДАН ДӘМЕТТIРМЕУ 
Н.Назарбаев алдымен жи­нал­ған жастың ата-аналарына қаратып, балаларын түрлi мақсатқа баулуға шақырды.
“Ата-аналар “Сен мiндеттi түрде оқуың керек, кейiн президент боласың” дейдi. Мен қарсы емеспiн, президент болсын. Бiрақ мұны баланың басына тықпалайды. Олай болмай қалса, сағы сынады. Бақытты болу үшiн президент болу мiндеттi емес... Мен бiр әзiл айтайын. Кезiнде бiз Ельцинге: “Борис Николаевич, немереңiз президент бол­ғысы келедi” деп әзiлдедiк. Ол бiзге: “Ресейге екi президент­тiң керегi қанша?” деген едi. Менiң айтқым келгенi «жастарға нақты болатын нәрсенi сiңiру керек», – дедi Нұрсұлтан Назарбаев.
 Мұнымен президент не айтқысы келдi? Жақында Bloom­berg агенттiгiнiң журналисiне 2020 жылы президенттiк өкi­леттiлiгi бiткенде тағы кездесуге уәде бергенiне қарағанда, “Мәңгiлiк елдiң” мәңгi прези­дентi болуды армандайтын болар? Ал ондай адамға жас, бiлiмдi, қайрат-күшi тасыған бәсекелестiң қажетi қанша? Ақыл-есi дұрыс жастың өзi де мұндай сөзден кейiн президент болсам деген арманын қиялының қиыр түкпiрiне тығып қоятыны сөзсiз.
 
ПАРЛАМЕНТТI НЕГЕ ТАРАТТЫМ? 
 Содан болар, президент жастарға ел басқарудың қиындығы, тәуелсiз Қазақстанды тоқыраудан алып шығуға орасан зор күш-жiгер жұмсағаны туралы айтып тебiрендi. Тоқсаныншы жылдары “тар жол тайғақ кешкенiмiздi” әңгiмелеп, гипер­инфляция, жаппай жұмыссыздық, өндiрiс ошақтарының тұралауы, жалақы мен зейнетақының төленбеуi сияқты қиындықтарды қалай еңсергенiн еске алды.    
“Көпұлтты ел, iшкi тұрақсыздық, әлсiз экономика, бiз мемлекет бола алмайтынымыз туралы сөздер. Бiз мұны жоққа шығардық, қолымыздан келетiнiн дәлелдедiк. Өмiр сүру деңгейi төмен әлемнiң бiр бұрышы – 90-жылдардың басындағы жағдай осындай едi», – дедi Назар­баев.
Елдi осындай жағдайдан алып шығу үшiн, реформаларға қарсы шыққан “ескiшiл парла­менттi” бiрнеше мәрте таратуына мәжбүр болғанын айтты. “Бүкiл жауапкершiлiктi мойныма алуға тура келдi, ал ескi жүйемен сайланған сол кездегi парламент жаңа реформаларға қарсы болды. Оларды кiнәлауға болмайды. Олар басқа формацияның адамдары едi. Жекеше­лендiру, нарық, еркiн экономика мен саясат оларға түсiнiксiз едi және олар қолдамады. Сондықтан сол жылдары билiктiң қатаң текетiресi жағдайында бiрнеше мәрте парламенттi таратуға және бар жауапкершiлiктi арқалауыма, бес айда 147 заң, бұй­рықтарды дайындап, қабылдауға тура келдi. Дәл осы қадам Қазақстанды басқа постке­ңестiк елдермен салыстырғанда бiрнеше қадам алға сүйреп шықты”, — деген президент сөзiне жастар сүйсiне қол соқ­ты. Ойпырмай, экономика, саясат дегеннен мақұрым, кер­тарт­па депутаттардан дер кезiнде құтылғанымыз қандай жақсы бол­ған, ескi көзқарастағылармен аянбай күрескен “жа­ңа фор­мацияның өкiлi” – президент Н.Назарбаев болмағанда не iстер едiк деп бiз де ойланып қалдық.    
 
БАҚЫТТЫ ЖАСТАР АУЫЛДА ТҰРУЫ КЕРЕК 
   Назарбаев жастарға неге бұлай дедi? Елдiң болашағы – жастарға болашақта қалай дамитынымыз туралы, елдiң алдағы жоспарлары жайлы айтуы керек емес пе? Дамыған елдер алға кеткен уақытта өзiмiз алыс­қа ұзап кете қоймаған өткендi еске алғаннан не пайда деген сауалдар тұрды көкейiмiзде. Тарихтың қайталанып отыратын жақсылы-жаманды әдетi бар. Мiне, 25 жылда елiмiз президент айтқан инфляцияны да, жаппай жұмыссыздық, өндiрiс­тiң тоқырауымен қайта қауышып отыр. Тек олар қазiр басқаша: ұлттық валюта бағамының ауыт­қуы, өзiн-өзi қамтушылар қатарының өсуi, өндiрiстiк шығындарды оңтайландыру деп аталады.Тәуелсiздiк таңында тегiн пәтер, балабақша беретiн, зорлап шипажайларға жiберетiн, Құдайға шүкiр, мұның бәрi артта қалды. Осылардың бiрiн көрмеген жастарды президент айт­қандай бақытты демеске лажыңыз жоқ. Сондықтан бақытты жастар Назарбаевтың ақылын тыңдап, көп жұмыс iстеуi керек екен.
 – Әлемге есiк ашылды. Мұны неге айтып отырмын? Бiздiң кезiмiзде, сiздердей кезiмде менiң құрдастарыма шетелге шығуға мүлдем тыйым салатын. Егер туристiк, жұмыс, кәсiподақ топтарымен шетелге шықсақ, арамызда арнайы орган қызмет­керлерi жүретiн. Бiздiң артымыздан бағып, бiрдеңе бүлдiрiп қоймауымызды қадағалайтын. Ал сендер үшiн бәрi ашық. Бақыттысыңдар сендер. Әлем қарыштап дамып жатыр және сендер оны көрiп отырсыңдар,дейдi президент.
Әлемнiң алға кеткенiн онсыз да байқаған жастар баспанасыз, тұрақты табыссыз, жарқын болашаққа деген сенiмсiз өз­дерiн бақытты сезiнер ме екен? Оның үстiне заманға сай бiлiм алуға шақырған президент, келесi сөзiнде жастарды кеңес заманындағыдай ауылға баруға үгiттедi. Және жастарды ауылға қуу бастамасының жүзеге асқанын мақтанышпен мәлiмдедi.
“Сондықтан “Дипломмен - ауылға” бағытында менiң ұраным бойынша 48 мың жас маман барды. Оларға көтерме ақы төлендi. Жобаның 20 мыңға жуық қатысушысы несие алып, баспаналы болды және қазiргi кезде ауылда қызметiн жалғастыруда”, – дедi Н.Назарбаев.
Президент үлгi еткен дамыған елдерде, мысалы Жапонияда еңбекке жарамды халықтың 5 пайыздайы ғана ауыл шаруашылығымен шұғылданады. Ал бiз бiлiмдi жастарды жаппай ауылға жолдағаннан не ұтамыз? Билiк жастарға “ауылға бар” деп жатса, ауылдағы ата-анасы “ойбай, ауылда не бар, қалаға кет” деп қуады. Сөйтiп, талай жас қала мен даланың ортасында теңсе­лiп жүр. Дегенмен президенттiң сөздерiне осындай уәж айтатын жас форумда төбе көрсетпедi. Әкiмдiктен бастап президент әкiмшiлiгiнiң қатаң iрiктеуiнен өтiп, сүзгiсiнен шыққандардың мұны айтпақ түгiлi, оны ойлаудан ат-тонын ала қашатыны түсiнiктi.    
 
СӘН ӘЛЕМIНЕН АБАРДАР
 Оның орнына жастар президентке сый-сияпат жасады. Бiрi өздерi құрастырған дронды тарту етсе, екiншiсi отандық қолсағат сыйлады. Сағатты тағып жатып, Назарбаев “Ендi швейцар сағатының орнына өзiмiздiң сағаттарды тағатын боламыз” дегенде бiлектерi асыл тастармен көмкерiлген Монблан, Бреге секiлдi бағалы, ауыр сағаттардан талған президент нөкерлерi ду күлiстi. Қожайынның қалжыңына қолдау бiлдiрдi ме, прези­денттiң аңғал үмiтiне езу тартты ма, ол жағын айыру, әрине, мүм­кiн емес. Н.Назарбаев та ол жағына ой жүгiрттi дей алмаймыз, бұл сәтте президент жас қыз­дар­ға қайдан киiну керектiгiн айтып жатқан едi.
“Мен киiм тiгетiн фабрикалар­ға әдейi барамын, костюмдерiн киемiн. Қазiр керемет аяқ-киiм, әйелдер киiмдерiн тiгедi. Олар сияқты өнiм дайындай алатын бiздiң жеңiл өнеркәсiптi қолдау керек. Бәрiмiз жүгiретiн брендтер соншалық керемет деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, олар ән­шейiн өз аттарын сатады... Бiздiң қыздар “менiң үстiмде Chanel немесе Gucci” деуге үйренген. Алып қарасаң, ешқандай сапасы жоқ”, – деп қойды.
Шанель мен Гуччидi прези­денттiң қыздары кимесе, қарапайым жұрттың қыздары Түркия мен Қытайдың шүберегiн сатып алатынын Н.Назарбаев бiлмесе керек. Өзбектiң мақтасынан тоқылған iш киiммен жүрген халық әлемдiк кутюрьелердi “шаң қаптыратын” отандық дизайнер­лердiң киiмдерiн қай базардан алатындарын бiлмей дал.
 
ИМПЕРАТОР АВРЕЛИЙДIҢ ӨСИЕТI
Ал Астананың сәнi мен салтанаты келiскен сарайына жинал­ған жастар президентке сүйiс­пен­шiлiктерiн бiлдiрiп, ел мүд­десi үшiн еңбек етуге уәде бердi және Қазақстанның өркен­деуi үшiн Н.Назарбаевқа алғыстарын жаудырып жатты. Бұған мерейтой иесi кiмге қаратып айт­қаны белгiсiз, мағынасы екi­ұшты пәлсафалық оймен жауап қатты.
“Уақыт өте жылдам өтедi. Бiз өте жылдам өзгеремiз. Римнiң ұлы императоры Аврелийдiң бiр сөзi есiмде қалыпты. Ол: “10 мың жыл ғұмырың бардай өмiр сүрме. Өмiр қысқа, тiрi кезiңде, мүмкiншiлiгiң барда жақсы болуға тырыс”, – дейдi. Жақсы сөз”, – дедi Н.Назарбаев.
 Форумдағы ойын осылай көне нақылмен түйiндеген пре­зиденттiң өзi жастарға жарытып жаңа ештеңе айтпады. Оған ренжiген жастар да жоқ. Өзiне дейiн мемлекеттiлiгi болмаған Қазақстанды ел еткен ерен еңбегi жайлы ескi әнiн қайталаған президентке жиын соңында бiр топ жас әншi жаңа мадақ ән арнады. Жаңа ән демесеңiз, мазмұны мен сарыны баяғыша. Осыдан кейiн Н.Назарбаевтың “Қазiргi жастар дәл бiз қалағандай” деген сөзiнiң астарын түсiн­гендей боласың.
Әдiл ҰЗАҚБАЙ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті